Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
UMK kazah_2012_arkhitektor_Vosstanovlen.doc
Скачиваний:
63
Добавлен:
23.03.2016
Размер:
1.42 Mб
Скачать

Тас қалау процесінің технологиясы

Дара материалдардан тас қалау – ғимараттар құрылысының ең бір ежелгі түрі болып табылады.

Тас материалдардың бағалы қасиеттеріне: беріктігі, ұзаққа шыдамдылығы, өртке төзімділігі, табиғатта кең таралуы және қолдан жасауға мүмкіншілігі жатады.

Тас жұмыстары ерітіндіге даралап тас төсеуден тұрады. Ерітінді жеке тастарды бір тұтасқа біріктіреді, олардың біркелкі берік болуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар жел өтуден және ылғал енуден қорғайды.

Қолданатын тас материалдарының түріне байланысты тас қалауды табиғи және жасанды тастардан қалау деп бөледі.

Тас жұмыстарында негізгі және қосалқы процестердің кешені болады. Негізгі процеске – жасанды немесе табиғи тастардан жасалған кірпішті ерітіндіге төсеу, ал қосалқы процеске – төсеніштер орнату, материалдар әзірлеу, арматура салу және т.б. жатады.

Тас қалау табиғи және жасанды тастардан орындалады. Табиғи тастарға: жырымдалған шой тас (әк тас, доломит, құмдақ және басқа жыныстардан); қаптау және сәндік қалау үшін шабылған тастар: туфтан, ұлутастан және басқа жеңіл тау жыныстарынан араланған уақ тастар.

Жасанды тастар ішінде ең кең таралғандары: кәдімгі балшық; кеуекті, қуыс және кеуекті-қуыс кірпіш; қуыс қыш (керамика) тастары; жеңіл бетоннан жасалған уақ тастар.

Қолданылатын тас түріне байланысты қалаудың келесі түрлері болады: шой тастан қалау, шой бетонды қалау, бірыңғай кірпіштен қалау, жеңілдетілген қалау, ұсақ блокты қалау, отқа төзімді қалау.

Сыртқы пішіндері дұрыс емес табиғи тастардан жасалған қалауды - шой (бут) тастан қалау деп атайды, ал дөрекі, жартылай таза және таза өңделген тастардан жасалған қалауды – шабылған тастан қалау деп атайды.

Жасанды тастардан жасалған қалаудың өзі тастан, тұтас немесе қуыс кірпіштен орындалады. Діңгектер, аркалар, күмбездер, қабырғалары және т.б. тұрғызу үшін кәдімгі толық денелі, кеуекті, қуыс, кеуекті-қуыс немесе силикат кірпіштен жасалған қалауды – бірыңғай кірпіштен қалау деп атайды. Балшықты күйдіріп жасағандықтан кірпіштердің күйдірілгені, ал байланыстырғыш заттар негізінде дайындалғандықтан кірпіштердің күйдірілмегені болады. Кірпіш қалау күрделі ерітінділерімен жүргізіледі.

Тас қалаудың әрқайсысы жеке тастардан тұратын қатарлармен жүргізіледі. Шектес тастардың аралығындағы бойлай және көлденең бағыттардағы ерітінділермен толтырылған саңылауларды жіктер деп атайды. Қалау жіктері көлденең және тік болады. Кірпіш қалау күрделі ерітінділерімен жүргізіледі. Кірпіш қалауында барлық жіктерді ерітіндімен толық толтыру керек.

Сонымен, дара тас материалдарын қолдану практикада қандай да бір кескін үйлесімі, әр түрлі сәулет формасы болса да, ғимараттарды тұрғызуға және оларға монументтік, сәулеттік айқындық енгізуге мүмкіндік береді.

Сөздік:

қыш тас – керамический камень шыдамды – крепкий

бойлық, көлденең – поперечный ерітінді – раствор

ылғал ену – влагопроницаемость төзімді – стойкий

қалау тас – кладочный камень қашау тас – руст

қамтамасыз ету – обеспечить саңылау – щель

тасты төсеу – укладка камня дөрекі – грубый

(тас) қалаушы – каменщик жік – шов

кладка кирпичная рядовая – қатарлы кірпіш қалау

бір тұтасқа біріктіру – соеденить в единое целое

жеңілдетілген қалау – кладка облегченная

қуыстар (қалауда) – пустоты «в кладке)

кеуектеп қалау – кладка пустотелая

тік қалау (қалаулар) – тычок (тычки)

37-тапсырма. Мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Ғимараттар құрылысының ежелгі түрі болып табылатын не? 2. Тас материалдардың бағалы қасиеттеріне не жатады? 3. Тас жұмыстар неден тұрады? 4. Ерітіндінің қызметі қандай? 5. Тас жұмыстарында қандай процестердің кешені болады? 6. Тас қалау қандай тастардан орындалады? 7. Қолданылатын материалына байланысты қалаудың қандай түрлері бар? 8. Кірпіштің жасалуына қарай түрлері қалай аталады? 9. Жіктер деп нені айтамыз?

38-тапсырма. Мәтіндегі тұйық етістіктердің астын сызыңыздар.

39-тапсырма. Сөйлемдердегі дара және күрделі етістіктерді тауып, оларды екі бағанға бөліп жазыңыздар.

Қазақ халқының сәулет өнерінде кездесетін тастан еден төсеу, таспен күмбездеу, тас діңгектерін қалау, сәкілер жасау әдістері ертеден келе жатқан тас шеберлерінің өнерін дәлелдейді. Халық мұндай шеберлерді тас қалаушылар деп атайды. Олар тас қалаудың, оны ұқсатып шабудың, өрнектеудің қарапайым болса да тәсілдерін шебер меңгерді. Тастың қырын келтіріп, берік қалаумен бірге оның сәнді, сәулетті болуын шеберлердің өздері орындады. Мәселен, тасты таңдайлап қалау, белдеулеп қалау, бағандап қалау, әр түріл тастарды шатыраштар ойыстырып (шахматша) қалау арқылы сәнді өрнектер жасалды.

40-тапсырма. Төмендегі сөздерге берілген түсініктеменің мағынасын түсініп, есте сақтаңыздар.

Сәкі саты, басқыш, орындық; төр алдында болатын отырғыш тақтай, яғни қалаған кірпіш, нар.

Оба тастан қалаған қарақшы, меже, белгі.

Баған (бағана) қораның төбесінің арқалығын астынан тіреп тұратын діңгек ағаш.

Белдеу киіз үйдің туырлығын айналдыра белінен орап байлайтьш арқан.

Сүтін тіреу, бағана, діңгек.

Ұрма (соқпа) – қалыпсыз кесек былжырдан соққан құрылыс.

Қойма тас – құмнан, цементтен құйып біріктерген тас; жасанды тас.

Шалдуар тастан, балшықтан қалаған ашық қора.

41-тапсырма. Термин сөздердің аудармасын жаттап алыңыздар.

қалаудың айқастыра байлауы – перекрестная перевязка кладки

қалаудың ретсіз байлауы – нерегулярная перевязка кладки

қалаудың бір қатарлы байлауы – однорядная перевязка кладки

қалаудың үшкір қыр байлауы – тычковая перевязка кладки

қалаудың көлденең байлауы – поперечная перевязка кладки

қалаудың көп қырлы байлауы – многорядная перевязка кладки

42-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, берілген сұрақтар негізінде тас қалау тәсілдері жайында әңгіме құрастырыңыздар.

1. Ғылым дүниесіне ХІХ ғасырдың ортасынан белгілі болған Ақыртас ескерткішін салғанда т.б. құрылыстарды тұрғызғанда ежелгі құрылысшылар тастардың арасын біріктіру үшін нені пайдаланған? 2. Сыртқы және ішкі қабырғалар қалай қаланған? 3. Тас қалаушылар тастың жігін қалай сетінеткен? 4. Сәндік қолданбалы өнерде қалаудың қандай тәсілдері болған?

43-тапсырма. Терминдерге берілген түсініктемелердің мағынасын меңгеріп, түсінгендеріңізді айтып беріңіздер.

Тас жұмыстары – оларды орындағанда құрылымдық элементке оның бөлігі түрінде аяқталған өнім – тас қалауын беретін операциялар жиынтығы – құрылыс процесі. «Тас қалау» терминінің екі мағынасы бар: 1. құрылымдық элемент; 2. құрылыс процесі, «тас жұмыстары» түсінігінің синонимі.

Тас қалау – белгілі тәртіппен құрылыс ерітіндісіне төселген тастардан тұратын құрылым. Қалау түрі құрылымның атқаратын міндетіне және оның пайдалану жағдайларына, салынып жатқан ғимараттың мықтылығына және материалдарды пайдаланудың экономика жағынан сәйкестігіне байланысты болады.

Қысқы тас қалау – сыртқы ауаның температурасы теріс кезде аязға қарсы қоспалары бар ерітінділер немесе қатыру тәсілін қолданып тас құрылымдарын тұрғызу.

Жіктерді әшекейлеу – берілген форманың біркелкісімен кірпішті қалаудың жік тығыздауы мен тегістеуі.

Әдістемелік ұсыныс: Тас материалдарының құнды қасиеттерімен, ерітіндінің қызметімен, қалаудың түрлерімен таныстыру. Қазақ халқының сәулет өнерінде кездесетін тас қалау әдістеріне назар аудару.

Әдебиет: Нег.: 1 [39-42]; Қос.: 19

Бақылау сұрақтары:

1. Тас материалдардың бағалы қасиеттеріне не жатады?

2. Тас қалау жұмыстар неден тұрады?

3. Қолданылатын материалына байланысты қалаудың қандай түрлері бар?

2-апта. 6-тәжірибелік сабақ

44-тапсырма. Жаңа ғимараттарды тұрғызу жұмыстарынан олардың жөндеу ерекшеліктерін түсініп, мәтінді мазмұндаңыздар.

Құрылыс-жөндеу жұмыстары

Қазіргі жағдайда өндірістік және өндірістік емес салада негізгі қорды сақтауға аса зор мән берілуде, былайша айтқанда, тұрғын, қоғамдық және өндірістік қорды сақтауда негізгі көңіл үймереттер мен ғимараттардың ағымды және күрделі жөндеуіне аударылып отыр. Күрделі жөндеу мен қайта құрастыру аса зор әлеуметтік және шаруашылық маңызға ие болып отыр.

Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды күрделі жөндеу - олардың мезгілінен бұрын істен шықпауына, ұзақ тұруына мүмкіндік туғызады, әрі оны қалпына келтіреді. Күрделі жөндеу тұрғын және қоғамдық ғимараттардың пайдалану сапасын жақсартып, жоғары деңгейдегі жайлылығын қамтамасыз етеді. Жөндеудің соңғы әлеуметтік нәтижесі жаңа құрылыс кезінде алынған нәтижеден кем түспейді.

Жөндеу барысында ғимараттар бөлмелеріне қазіргі заманға сай жаңа әрі ұзақ мерзімге жарайтын материалдар қолданылады, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасы бақыланады. Жөндеулерді жүргізу кезінде негізгі рөлді жөндеу жұмыстарының технологиясы атқарады, сондықтан оны ұйымдастырудың маңызы зор.

Құрылыс-жөндеу жұмыстары кешенді механикаландыру мен автоматтандыруды пайдалану негізінде үймереттер мен ғимараттарды жөндеу процестерімен және аса жетілген тәсілдермен айналысатын ғылымның саласы болып саналады.

Жөндеу жұмыстары өзінің жобалық шешімдерімен, технологиясымен және техникалық-экономикалық көрсеткіштерімен жаңа құрылыстан ерекшелетін құрылыс жұмыстарының ең қиын түрі болып саналады.

Жөндеу жұмыстары құрылыс өндірісінің өзіндік бөлек саласын құрайды. Жөндеу жұмыстарының технологиясы жаңа ғимараттарды тұрғызу кешенінен өзгеше болады. Онда жаңа құрылыс кезінде атқарылмайтын (мысалы инженерлік қондырғыларды және құрылымдарды бұзу, құрылымдарды жөндеу және күшейту сияқты т.б) жұмыстар жүргізіледі. Көлемдік-жобалау және құралымдық шешімдер бойынша объекттердің сипаттамаларының әртүрлілігі, құралымдарды және бөлшектерде қолданылатын типтік өлшемдердің көптілігі және кейбір жағдайларда орындалатын жұмыстардың аз ғана көлемі механикаландыруды қолдануды, сондай-ақ жұмыс өндірісінің жағдайларын қиындатады.

Жөндеу процестерінің мазмұны мен құрылымы. Жөндеу процестері технологиялық көрсеткіштері бойынша алдын-ала дайындау, тасымалдау, дайындық және құрылыс-жөндеу жұмыстары болып бөлінеді.

Құрылыс-жөндеу процестері жетекші, біріктірілген, жай және кешенді болып бөлінеді. Жетекші процестер жөндеудің жүргізілуін және ұзақтығын анықтайды. Жай процестер ғимараттар мен үймереттерді жөндеудегі жеке операциялардан тұрады. Кешенді процестер ұйымдастырылуы және технологиясы жағынан өзара байланысты жай процестердің жиынтығынан тұрады.

Сөздік:

ағымды және күрделі жөндеу – текущее и капительное строительство

тұрғын үйді жаңғырту – реконструкция жилого дома

негізгі қорды сақтау – сохранить основной фонд

негізгі көңіл – основное внимание

мән беру – обратить внимание

45-тапсырма. Мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды күрделі жөндеуге не жатады? 2. Жөндеу барысында қандай материалдар қолданылады? 3. Жаңа ғимараттарды тұрғызу кешенінен жөндеу жұмыстарының ерекшелігі қандай? 4. Құрылыс-жөндеу процестері қалай бөлінеді?

46-тапсырма. Сөз тіркестерін етістіктің болымсыз формасына қойып, олармен сөйлемдер құрастырыңыздар.

Мән берілу, қорды сақтау, күрделі жөндеу, көңіл аудару, істен шығу, ұзақ тұру, қалпына келтіру, дұрыс пайдалану, сапасын жақсарту, жайлылығын қамтамасыз ету, жұмысты бақылау, материалдарды қолдану, ғылыммен айналысу, дұрыс деп саналу, жұмысты ұйымдастыру.

47-тапсырма. Жаңылтпашты жатқа айтыңыздар.

Үйшік жаса күшік үшін,

Кең қып жаса үйшік ішін.

48-тапсырма. Мәтіннің негізінде көп нүктенің орнына қажетті көмекші сөздерді қойып жазыңыздар.

1. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың ........ ірі тастардан қаланған монументті құрылыстар пайда болды. 2. Дольмен – қатар қойылған екі тастың ........ үшінші таспен жабылып, біріне-бірі жалғасып келетін дәліз іспеттес. 3. 6-8-ғасырларда үйілген қабірдің ........ тастан немесе ағаштан жасалған мүсін орнату дәстүрі туды. 4. Жерді тайыздау қазып, оның ........ ұзын сырықтар тастаған. 5. Тұрғын үйлердің ........ дөңгелек ошақ қойылған. 6. Шаруашылық бөлмелердің бәрі ........ таспен қоршалып, топырақпен көмілді. 7. Қыстақтың ........ қарағанда киіз үйге ұқсайды. 8. Шағын қалалардың ........ соқпа балшықпен қоршалған.

49-тапсырма. Терминдерге берілген түсініктемелердің мағынасын меңгеріп, түсінгендеріңізді айтып беріңіздер.

Ғимараттардың деформациясы әр түрлі жүктемелер әсерінен ғимарат пішінінің және өлшемдерінің өзгеруі, сондай-ақ орнықтылығын (шөгу, жылжу, ауу және т.б.) жоғалтуы.

Құрылымның деформациясы жүктемелер және әсерлер әрекетінен құрылымның өзгеруі.

Ұзақ уақытқа жарамдылық ғимараттың және олардың элементтерінің қираусыз және деформациясыз пайдаланудың белгіленген тәртібімен арнайы жағдайларда берілген сапаларды ұзақ уақыт бойы сақтау қабілеті.

Күрделі құрылыс – өндірістік және өндірістік емес міндетке жүктелген негізгі қор құрайтын материалдық өндірістің тарауы.

Тұрғын үйді жаңғырту – тұрғын үйдің негізгі техника-экономикалық көрсеткіштерін құрылыс көлемі мен үйдің жалпы ауданын немесе оның атқаратын міндетін өзгертумен байланысты және тұру жағдайларын жақсарту мен тұрғын үйдің пайдалану көрсеткіштерін қазіргі талаптардың деңгейіне келтіру мақсатымен жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстары мен ұйымдастыру-техникалық шараларының кешені.

50-тапсырма. Ғибрат сөздердің мағынасын түсініп, есте сақтаңыздар.

Үй салам десең – көршіңді сайла. Адам болу – ең қиын мамандық.

* * * * * * * * * *

Шын беріле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады.

(әл-Фараби)

* * * * *

Әр адамның бойында құрылысшының құдіретті күші бар, сол күш жер бетін тағы да ғажайыптармен байыту үшін, оның дамуына, гүлденуіне ерік беру керек. (М.Горький)

Әдістемелік ұсыныс: Құрылыстағы күрделі жөндеу жұмыстарының ерекшелігі, жөндеу жұмыстарының технологиясы, жөндеу процестерінің мазмұны мен құрылымы жайында конспект жазып келу.

Әдебиет: Нег.: 7 [38-45]; Нег.: 6

Бақылау сұрақтары:

1. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды күрделі жөндеуге не жатады?

2. Жөндеу барысында қандай материалдар қолданылады?

3. Құрылыс-жөндеу процестері қалай бөлінеді?

3-апта. 7-тәжірибелік сабақ

51-тапсырма. Тұрғын үй салу қалай жобаланған, қандай ұсыныстар, пікірлер болған? Сұрақтар төңірегінде өзара пікір алмасып, мәтінді мазмұндаңыздар.

Тұрғын үй салудың жобасы

Қазақстан архитектурасы 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында прогрестік жолмен дамыды. Отырықшылық жүріп жатқан аймақтарда ауыл құрылысын ретке келтіру мәселесі көтерілді. Республикамыздағы Жоспарлау комитетінің арнаулы комиссиясы ауылға арналған тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың, басқа да шаруашылық-тұрмыс үйлердің бірсыпыра үлгілі кестесін, бас жоспарларын жасады. Бұл шаралар Қазақстанның ауыл-селосын қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. Құрылыс негізінен бос жатқан жерлерде жүргізілді. 30 жылдардың басынан бастап еңбекшілердің тұрғын үй жағдайы жақсарды. Санитарлық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген көп пәтерлі тұрғын үйлер салуға көшу жүзеге асырылды. Тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінде үйлесімді, көбінесе біраз геометриялық формалар – терең қоршалған көлденең терезелер, балкондар т.б. басты белгілерге айналды. Бұл архитектура көбінесе осы жылдары үйлердің қаңқалы негізге құрылғанына және «конструктивизм» идеялдарының үстемдік еткеніне байланысты болды.

Тұрғын үй құрылысындағы кемшіліктер сәулетшілер мен құрылысшылардың кеңестерінде сынға алынып отырды. Мысалы, көп бөлмелі пәтерлердің сол кездегі үлгілері үнемсіз екені айтылды, үлгілі тұрғын үйлер серияларын жасау жөнінде нақты ұсыныстар жасалды. 1937 жылы және одан кейінгі жылдары пәтерлердің неғұрлым қолайлы және қазіргі заманға лайық түрлерін жасау жөнінде қыруар жұмыс істелді. Республиканың жобалау ұйымдарында бір отбасын орналастыруға арналған көлемі кішірейтілген секциялардың жоспары жасалды.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде тұрғын үйлер, ең алдымен аз қабатты үйлер сериялық жоба бойынша салынды. Сонымен қатар үлгілі жобалар сериясы неғұрлым көп тарады. 40-жылдардың 2 жартысынан бастап тұрғын үйлер жеке жобалар бойынша да салына бастады. 1948-54 жылдары Алматыда неғұрлым ірі үш қабатты үйлер тұрғызылды.

Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты жаңа ауылдық елді мекендер жедел салына бастады. 1957-58 жылдары Қазақ қала құрылысын жобалау институты Қазақстанның жер сілкінетін аймақтарында салынуға арналған тұрғын үйлердің алғашқы үлгілі жобаларын жасады. 1968 жылы республикада ірі панельді үйлер салудың үлес салмағы 32,1 пайызға жеткен. Тұрғын үйлердің архитектуралық жоспарлануы және тұрмысқа қолайлы болу жағы жақсарды. 1970 жылдардың басынан бастап Қазақстанда 9-12 қабатты биік үйлер салына бастады. Біртұтас берік темірбетоннан 9 қабат тұрғын үй салу жобасы жасалды. Мұнда үйлердің қабырғаларын жылжымалы жедел әдіспен шегендеп салу көзделді. Осы жылдары 69 және 70 сериялы типтік жобалар жасалды, мұның өзі тұрғын үйлердің типтік жобаларына сапа жағынан алдын ала жаңаша қарауға мүмкіндік берді. Бұл ірі панельді және каркасты-кірпішті үйлерде пәтерлер жетілдірілген жобалармен салынды, қосалқы бөлмелердің көлемі көбейтілді, дыбыс өткізбеу және пайдалану сапасы жақсарды.

Қазір тұрғын үйлердің эстетикалық дәрежесінің сапасын жақсарту, оның ұлттық өзгешелігі және архитектуралық тартымдылығы мәселелеріне зор көңіл бөлініп отыр.

Сөздік:

таспен шегендеу – забутовка отырықшылық – оседлость

тұрғын үйлер –жилые дома сынға алу – критиковать

қаңқалы ғимарат – каркасное здание қаңқа – каркас

шегенделген топырақ – армированный грунт

52-тапсырма. Мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Республикамыздағы Жоспарлау комитетінің арнаулы комиссиясы ауылға арнап қандай шаралар жасады? 2. Құрылыстар қай жерлерде жүргізілді? 3. Тұрғын үйлердің сыртқы көріністерінде қандай өзгерістер пайда болды? 4. Республиканың жобалау ұйымдарында неге арналған жоспар жасалды? 5. Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде тұрғын үйлер қалай салына бастады? 6. Тұрғын үйлердің қабырғалары қалай салынды? 7. Қазақ қала құрылысын жобалау институты қандай жобалар жасады? 8. Қазіргі тұрғын үйлерді салу жобалары туралы не білесіз?

53-тапсырма. Мәтіндегі сан есімдерді сөзбен жазып, олардың түрлерін ажыратыңыздар.

54-тапсырма. Төменде берілген сөз тіркестерін пайдаланып, сөйлемдер құрастырыңыздар.

Тастардың арасы, үйдің сырты, іргетастың асты, бағанның басы, қабырғаның арасы, жердің асты, ғимараттың алды, қаланың іші, бөлменің ортасы, шұңқырдың қасы, ескерткішке қарама-қарсы, университеттің арты.

55-тапсырма. Терминдерге берілген түсініктемелердің мағынасын түсініп, мазмұндаңыздар.

Бас жоспар – жобаның құрылыс объектісін жоспарлау және абаттандыру, үймереттерді, ғимараттарды, көлік қатынас жолдарын, инженерлік жүйелерді орналастыру, шаруашылық және тұрмыс қызмет жүйелерін ұйымдастыру мәселелерінің кешенді шешімі бар бөлігі.

Тұрғын үймереттер адамдар тұрақты тұратын пәтерлі үйлер және жұмыс не оқу мерзімінде уақытша тұратын жатақханалар.

Бөлшек ғимараттың жоспарда шартты шектелген және көлемдік-жоспарлық, техникалық немесе құрылымдық жағынан бір бүтін болатын ғимараттың бөлігі.

Тұрғын үйдің бөлшегі – үймереттің барлық биіктігі бойынша басқыштармен жасалған және оған пәтерлер есіктері шығатын үймереттің көлемді-жоспарлы элементі.

56-тапсырма. Сөйлемдердегі сан есімдерді түрлеріне қарай әр бағанаға бөліп жазыңыздар.

1. Отырар ІХ ғасырда ірі қала болған. 2. Киіз үйдің артықшылығын біз 1988 жылы Армениядағы жер сілкінісінде байқадық. Сол қайғылы күндері үйсіз қалған адамдарға Қазақстаннан мыңдаған киіз үйлер жеткізілді. 3.Алтау ала болса, ауыздығы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. 4. Жер шарының 2/3 бөлігін су алып жатыр. 5. Дүние жүзінде 2 мыңға жуық үлкенді-кішілі халықтар тұрады. 6. Тоғыз құмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық ойыны. Ойынға екі адам қатысады. Әр ойыншыда 81 құмалақтан болады, барлығы – 162.

Әдістемелік ұсыныс: Республикамыздағы Жоспарлау комитетінің арнаулы комиссиясының, Қазақ қала құрылысын жобалау институтының т.б. жобалау ұйымдарының тұрғын үйлер салудағы атқарған іс-шараларымен, жалпы Қазақстан архитектурасы тарихымен таныстыру.

Әдебиет: Нег.: 7 [45-49]; Нег.: 6

Бақылау сұрақтары:

1. Республикамыздағы Жоспарлау комитетінің арнаулы комиссиясы

ауылға арнап қандай шаралар жасады?

2. Қазіргі тұрғын үйлерді салу жобалары туралы не білесіз?

3. Қазақ қала құрылысын жобалау институты қандай жобалар жасады?

3-апта. 8-тәжірибелік сабақ

57-тапсырма. Мәтіннің мазмұнымен мұқият танысып, мазмұндаңыздар.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]