Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

35

.pdf
Скачиваний:
6
Добавлен:
07.06.2023
Размер:
2.52 Mб
Скачать

Сонымен қатар, тағы бір танымдық мәні бар мәлметті еске салған жөн: Алла Тағаланың тоқсан тоғыз құрметті есімі бар. Соның бірі – ар-Рахман (Мейірімді); ар-Рахим (Рақымды); Мұсылман күнтізбесі: 2001, Алматы: Жылнама, 2000. – 368 б.

Абайдың өзі «Әбдірахманға» деген өлеңінде былай деп жазады:

«Алланың рахматын / Жар тұтып әр неге. / Әр рахман ол атын / Үйреткен жүмлеге». Сөйтіп, барша қауымға алланың ризалығын алатындай қайырымды, рахымды ісін арнаған баласына «зар хатын» жолдайды.

Көркем шығармаларда, оның ішінде Абай шығармаларында адам сөзінің мәні оған сөздіктерде берілген сипаттамалардан анағұрлым кең. Адам сөзінің мәні: ойлау, сөйлеу қабілеті бар,

еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білетін, саналы қоғам мүшесі (ҚТТТ, 15-б.)

Адамның пенделігі мен жасампаздығы, асқақтығы мен аласалығы, тереңдігі мен таяздығы – бәрі (қайғысы мен қуанышына дейін) сөз құдыреті арқылы лингвокогнитивті бірліктер түрінде көрініс береді.

Көркем ойлау кеңістігінде, Абай дискурсында «адам» концептісі автор қабылдауындағы пенде, толық адам категориясымен тығыз бірлікте алынған.

Зерттеуіміздің мақсатына орай, біз «адам» концептісін «тұлға» концептісімен бірлікте қарастырамыз. Адамның қоғамдағы орны («Сен де – бір кірпіш дүниеге»); өмірдегі мәні («атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын»); толысу, өсу жолдары («талап, еңбек, терең ой»); адамгершілік қасиеттері («ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек») – бәрі, Абай дискурсында өз жауабын тапқан. Осы мәселелерді пайымдай алсақ, мақсат биігіне шыққанымыз.

Біздің негізгі мақсатымыз: 1) қоғамдық ортадағы жалпы социумның қалыпты мінезіне айналып бара жатқан әлеуметтік «дерттің» Абай дискурсындағы бейнесін лингвомәдени тұрғыда сараптау.

2) «Бірі қан, бірі май боп енді екі ұрты / Жақсы менен жаманды айырмаған» елі үшін әділдік таразысы болуды мақсат тұтқан поэзия міндетін, өлең қуатын Абайдың тілдік тұлғасы арқылы таныту. Ол үшін «Толық адам» концептісін, Әбіш

81

(Әбдірахман) тұлғасы арқылы ашуды мақсат тұттық. Талдау барысында Әбдірахманға арналған барлық шығармалар алынды.

Есім денотаты – Әбдірахман. Тілдік тұлға дискурсында Әбдірахманға байланысты төмендегідей жеке аталым, перифра-

залар қолданылады. Олар: әділ; мырза; ер; айнымас жүрек; көздің нұры; өмірдің гүлі; боямасыз ақ көңіл; жасқа жас – ойға кәрі; жаңа жылдың басшысы; ағайынға бауырмал; құйрықты жұлдыз; турашыл; орынсызды айтпаған; түзу жолдан қайтпаған; Аплатон; Сократ(тай) ақылды; ғылым іздеп жатпаған; қызыл гүл; асыл жар; Қаһарман Ғали білекті; талайдың гүлі; қолдан ұшқан ақ сұңқар; тиянағ(ым); тұрлау(ым); Әбіш сынды асыл ер; құдай қосқан жар; сәулем; қалқам; көңілімнің күні; сүйеніш; құдай қосқан қоса т.б. (бұл тіркестің барлығы да Әбдірахман бейнесіне қатысты алынған эпитет, анықтамалар екенін еске саламыз).

Мәтін түзетін тілдік құралдар сол мәтіннің мазмұндық жағын ұйымдастырып қана қоймайды, тыңдаушыны оны қабылдай білуге де даярлайды. Абайдың тілдік тұлғасы мәтін түзетін мәнерлі бейнелегіш құралдар мен оны қолданудың көптеген әдіс-тәсілдерін дискурстың концептуалды мәнін ашу үшін пайдаланған. Абайдың тілдік тұлғасы Әбдірахманның ішкі әлемін, яғни моральдық-этикалық сапасын тура сипаттамай-ақ, оның сөйлеуіндегі (в речи) және сөйлеуден тыс қылығы мен ісәрекетін жанама сипаттау арқылы да танытады. Мысалы, Бі-

реудің қылған қарызын / Айтқызбай артық төлепті... деген мәнмәтінде Әбдірахман мінезінің екі жақсы қасиеті оның ісәрекеті арқылы астарлы түрде жеткізілген: біріншіден, ол – уәдеге берік, сенімді, тыңғылықты адам – алған қарызды да айтқызбай-ақ төлейді; екіншіден, ол жақсылыққа жақсылықпен жауап бере алатын, қайырымды адам немесе Дүниені кезіп көргенше, / Рахат іздеп жатпаған. Бұл жолдардан туатын субъектінің сипаты – білім құмар, ізденгіш, білмекке ынтық. Ол жан рахатын іздеп жатпайды, жан құмарын табуға ұмтылады. Бұл когнитивті семантика контекст өрісіндегі өзге бірліктер арқылы нақтылана түсінді, яғни «Ғылым оқып білгенше, Ты-

ным-тыныштық таппаған» әрекетімен де білмекке құмарлықты

бойына дарытқан, қасиет тұтқан Әбдірахманның поэтикалық образы сомдалған. Қимыл-әрекеті арқылы кейіпкердің жандүниесінің қосымша реңкі берілген.

82

1. Білмекке құмарлық – дана Абайдың әрбір жасқа қояр талабы, өмірлік кредосы. Ол – Абай өлеңдері идеясынан және жұмбақпен берілген мына шумақ мазмұнынан да аңғарылады: «Жұмбақ» деп айдар тағылған шығармасында:

«Сыналар, ей жігіттер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен – Соны білсең, әрнені білгендерің», – деген ой

тастайды да, оның шешуі: білмекке құмарлық деп түйін түйеді. Ал кейінгі талдауларда толық адам бейнесінің тура мінездемесі жасалып, нақты тілдік құралдар арқылы ашық білдіріліп, Абайдың тілдік тұлғасының сөз айқындығы, ой дәлдігі арқылы бейненің (кейіпкердің) семантикалық, семиотикалық мән-маз-

мұны ашылады.

2. Ол – «жылы жүрек» иесі, мейірімді.

«Туысы жаннан бөлек, елден ерек» қасиетке ие образдың болмысын Абайдың тілдік тұлғасы былайша екпін түсіре сипаттайды: «Кешегі өткен ер Әбіш, / Елден бір асқан ерек-ті, Жүрегі – жылы, бойы құрыш, / Туысы жаннан бөлек-ті». Толық адамның мейірім мен шапағатқа толы рухани әлемін танытатын тезаурустар мәтінде мынадай парадигмамен түзіліп, мәндес, синоним сөздер және фразалық тіркестер арқылы берілген:

а) ағайынға бауырмал, жүрегі жылы, ә) көмегін аямаған («Аямаған ғаріптен, қолдан келген көме-

гін»); бойын тартпаған («Жақсылық қылар орында, аянып бойын

тартпаған»; б) кең қолтық («Мұңлы, шерлі, жоқ-жітік, аңсап алдын бер-

мепті»).

3. Ол – білімге ынтық. Терең ой мен еңбекті, білімге ынтызарлықты өміріне серік етеді.

а) «Аз өмірін ұзайтқан, / Ғылымға бойы толған соң, Көрген жерін молайтқан, / Оқып, біліп болған соң» ә) «Көргені мен білгені жүзге келген шалдан көп»

б) «Өнері оның жұрт асқан, / Ғылымға көңлі зерек-ті».

в) «Басына құдай беріпті, / Өлшеусіз қылып ақылын»;

г) «Аплатон, Сократ ақылды, Қаһарман Ғали білекті»

83

Бұл мәтіндегі курсивпен синтагмалардың мәні ғылымға бойы толу; білгені жүзге келген шалдан көп; өнері жұрт асқан, ғылымға зерек, өлшеусіз ақыл. «Көп жасағаннан сұрама, Көпті көргеннен сұра», «Жасында байқары жоқтың, Жасы жеткенде айтары жоқ» деген паремияларды нұсқап, интертекстуалды прагматикалық қызмет атқарып тұр. Нәтижесінде, келте ғұмырын білім нұрына толтырып ұзартқан; алған білімін жүрген ортасына дарытқан; қысқа ғұмыры ұзақ жасаған қариядан да мәнді мазмұнға толған; өнері жұрт асқан, өлшеусіз ақыл (білім)

иесінің бейнесі сомдалған. Сөйтіп, білмекке ынтық адамның тағы бір қырын – бойына білім байлығын жия алған, баянсыз бақ емес, баянды білім дарыған кемел адам келбеті танылады.

Келесі мәнмәтіндерде адам кемелденуінің тағы бір қыры суреттеледі:

а) «Өмір бойы талпынып, / Ғылым іздеп жатпаған»; ә) «Бір ғылым еді іңкәрің, / Әр қиынға сермедің»;

б) «Ғылым оқып білгенше, / Тыным, тыныштық таппаған»; в) «Үйренуге тоймаған» г) «Ұзақ өмір не берер, / Көрген, білген болмаса»;

д) «Жатқан надан не білер, Көңілге сәуле толмаса».

Осы жолдарда білімге ынтық тұлғаның екінші бір қыры – ізденгіш, талапшылдығы барынша толық ашылады. Ол мағынаны айқындайтын тезаурустар: ғылым іздеп жатпау, өмір бойы талпыну, іңкәр болу, тыным таппау, үйренуге тоймау, яғни осы әрекеттер арқылы ғана «көңілге сәуле толады».

Адамның Жеке тұлғасы жақсы мәндегі жекеліктен, даралықтан өсіп-өнеді. Оған рухани мықты ішкі тегеуірін тән. Ол өзінің барлық іс-әрекетінде жоғары құндылықтар мен терең дүниетанымдық ұстаным – қағидаға табан тірейді. Тұлға өзінөзі әспеттеуді міндет етпейді. Оның әрбір қадамы ішкі, сыртқы жағдайлармен барынша уәжді үйлесім табады, сөйтіп тұлға қалыптасу мен жетілу барысында өзін-өзі жасайды. Оның дамуы мен толысуы тұтастай алғанда өзіндік жетілудің жемісі болып шығады.

Абайдың тілдік тұлғасындағы дүниетанымдық бағдары өзіндік сана толысуынан келіп шығады, яғни ол білімнің өзі үшін де, қоғам үшін де маңызын «ақыл көзімен» тани білді. Ішкі рухани жан әлемі арқылы білімді қабылдай отырып, өзгелер

84

үшін де жиғанына («Аз өмірін ұзайтқан, Ғылымға бойы толған соң, / Көрген жерін молайтқан, / Оқып, біліп болған соң») өлең мәтіндері арқылы концептуалды талдау барысында көз жеткіземіз.

4. Ол – «түзу жолдан қайтпаған» әділ.

Толық адам болмысына тән қасиеттің бірі – әділдік. Бұл бағалауыш коннотациялар жеке сөздермен қатар, тұтас синтагмалар көмегі арқылы ерекше көрінеді. Мысалы: ол «Әділ, мырза, ер болып, / Әлемге жайған өрнекті», яғни кемел адам өзінің әділдігімен өзгеге үлгі.

Абайдың «Әбдірахманға» деген өлеңі парасаты биік, пенделіктен жоғары нағыз Адамның образын береді. Өлеңнің поэтикалық контексі тұтастай дерлік әділдік жақтаушысының бейнесін беруге қызмет етеді.

Өлеңнің тезаурусы «әділ» деген прагматиконды анықтау үшін семалары біртектес мағыналық реңк иеленген сөздерден құрылған. Яғни бір тақырып аясында мәтін түзу үшін дербес сөздермен қатар, стильдік, контекстік синонимдер топтап берілген. Сөйтіп, әділ адам бейнесін таныту үшін экспрессияға толы тілдік бірліктерді бір шоғырға үйіре отырып, мәтін түзеді.

Сын-бейнеге бейім есімшенің өткен шақ формасы предикаттық, адвербиалды қатынаста тұрып, стильдік, поэтикалық құрал қызметін атқарады, ал кейіпкер портреті оның іс-қимылы, ойлау үдерісі, амал-әрекеті арқылы танылады: түзу жолдан қайтпаған (турашыл, әділ); тіпті асқа да адал – кәпірдің арамынан татпаған; тура сөзді жақтаған (әділ); бала айтса да хақ сөзге тоқтаған (адал); өтіріксіз турашыл; сыйласатын кісіге де барын беретін, «түк қалмайтын сақтаған».

Бір өлеңнің бойында келген осы тезаурусты қатардан, стилемалардан өзге, басқа өлеңдерінің микромәтінінде кездесетін фразеологиялық тіркестер де көріктеу амалының бірі ретінде стильдік қызмет атқарған: мысалы, біреуін ала көрмепті (ешкім-

ді алаламаған); түзу жолдан қайтпаған (турашыл); жалғандық-

қа ермеген (өтірік айтпаған, адал).

Халықтың қарапайым түсінігінде «әділдік» қалай қабылданатыны оның өмір тәжірибесіне суарылған паремиологиясынан көрінеді, себебі кез келген халықтың тілі мен мәдениет қорынан өмірден түйген түйіндер мен бояуы қанық сипаттамалар

85

табылады. Әділдік – өмірдің қай саласында болсын орын алар құндылық. Қазақ халқының тілдік санасында да оның өзіндік салмағы бар.

Әділ сөзінің этимологиясы (арабша «ғадел») «турашыл, шыншыл, дұрысын айтатын» деген мағынаны танытып, адал (хәлал) сөзінің «ақ ниет, турашыл, әділ» деген ауыспалы мағынасымен бір семантикалық топ құрайды. Шығармаларда осы екі мағынасы да Тұлғаның өзіндік қырларын ашу үшін экспрессия құралы қызметінде жұмсалған. Абайдың тілдік тұлғасында Толық адамның толысу жолдарын, оның белгілерін айқындайтын тезаурустық қатарлар өлең идеясына сай түзіліп, Тілдік тұлғаның шығармашылық дискурсын құраған.

5. Ол – тұрақты мінез, байлаулы пікір иесі: Айнымас жүрек; Орынсызды айтпаған; Есерленіп шатпаған. Бұл мәнмә-

тінде пайымды адам портреті айнымас, орынсыз сын есімімен және есерлену, шату сияқты етістіктерге логикалық екпін түсіре айту арқылы ашылады.

«Жүз мың теңге келсе де, Махаббатын сатпаған» кейіпкердің бейнесі Абайдың тілдік тұлғасы арқылы келесі мәтінде одан әрі тұлғалана түседі: «Тиянағым, тұрлауым, енді кімге асылдым»; «Ол қуатым еді рас»; «Жалтыр құздан құладым, / Қолымнан кетіп сүйеніш».

Абай идиостиліне тән поэтикалық тәсілдің бірі – мәнмәтіндік синонимдерді қатар қолдана отырып, айтпақ идеясына бағындыру. Бұл стилемалар дискурстың логикалық уәжіне байланысты мағыналық бірлікке ұйысқан. Микромәтіндегі сөздер тура мағынасында тұрып мәндес семантикалық компонент бола алса, қуат сөзі ауыспалы мағынасында келіп, кейіпкердің ішкі портретін «көрсету» үшін алдыңғылармен бірлесе, стильдік бояуын ажарландырып тұр.

Тұрлау сөзі баян, тұрақ-тиянақ семантикасын, тиянақ

тірек, тіреуіш, сүйеніш семантикасын білдіреді, ал қуат – ауыспалы мәндегі медеу, тірек, сүйеніш мағынасында келіп, Абай дискурсындағы кейіпкердің өзгеге тірек бола білген, сонымен бірге өзгелер арқа сүйер, күш-қуат та болғандығын жеткізу үшін алынған күрделі, синтезді образ. Тиянақ, тұрлау семаларының коннотациялық реңкіне назар аударсақ:

«Көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек»; «Пайдасыз тақыл – байлаусыз ақыл»; «Тез жалығып айнимын

86

тұрлауым кем»; «Жас баладай жеңсік қой, Байлаулы емес ақылой»; «Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың, / Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың»; «Көрсе қызар келеді байлауы жоқ, / Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың». Бұл мән-мәтіндердегі портреттік бейне иелері – Әбішке қарама-қарсы контраст жасап тұрған субъектілер: Құр күлкіге мас болған, байлауы жоқ әсіреқызылдар мен «тиянағым, тұрлауым жоқ, енді кімге асылдым» дегізетін, Абайдың өзегін өртеп, өкіндіріп кеткен Әбішке антитезалық қатыста суреттеледі. Осы курсивпен берілген сын есімдердің (тиянақсыз, байлаусыз) жағымсыз коннотациядағы адам портретін сомдайтын тілдік таңбалар ретінде мәнмәтіндегі қызметі арнайы талдауды қажет етеді. Абайдың тілдік тұлғасы аса көңіл аударған «тұрлаусыздық» концептісі қоғамдық, әлеуметтік мән иеленген құбылысқа айналды.

Әр Жеке тұлға – жан-жақты толысқан парасатты адам ғана емес, өзгеге рухани демеу бола алатын қуатты күш. Ол –

құйрықты жұлдыз секілді туды да, көп тұрмады; Көңілімнің күні өшкен соң, / Қайғылы қара болар түн дейтіндей, тұла бойы тұнған ұят-ар, жасқа-жас, ойға-кәрі, көңілге сәуле толтырған тұлға образы, «толық адам» концептісіне талдау жасау барысында жан-жақты айқындалады.

Сөздік қордағы бірліктер стильдік бояуы анық айқындалып тұрмаса да тақырып ауқымына сай нақты бір этикалық, философиялық мән иеленеді. Субстантивтенген сөздер – негізгі ойдың субъектісі мен объектісіне айналған. Бұл сөздердің этикалық мәні – адам мінезінің тұрлаусыздығын, мінездің кемшілігін танытса, философиялық сыры – өмір мәнін тұрақтылық шешеді, ал байқамасаң, байлаусыздық жолыңды кеседі. Абай 14-Қарасөзінде осы негізгі идеяны одан әрі тереңдетіп, бірбірімен салаласа келген сөйлемдермен өз ойын былайша түйеді: «көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулы жоқтығынан азады», – деп пайымдайды.

Осы байлауы жоқ тұрақсыздықтың қазақ бойына кесел болып жабысуының тағы бір себебін ғалым М. Мырзахметов былайша түсіндіреді: 1868 жылғы «Жаңа низам» деп аталған ел билеу реформасынан кейінгі қазақ атқамінерлер тобының психологиясы мен мінез-құлқындағы өзгерістің, мінез-құлық

87

жағынан бұзылудың себебін нақтылы бейне арқылы реалистік дәлдікпен суреттеген» [52, 134].

Қоғамдық ортадағы «бейілі шикі, ақылы күйкілерге» «ем таба алмай» күйінген Абайдың қолданысындағы сөз – қару – келеңсіздікпен күресудің бір құралы. Мысалы, «Тоқтаулылық,

талапты, шыдамдылық, / Бұл қайраттан шығады, білсең ке-

рек». Бағалауыштық мәндегі субстантивтенген есімдер (тоқтамды, талапты, шыдамды адамның қасиеті) жағымды, субъективті пікірдің модальдық реңкін танытып тұр.

Абай өз замандастарының өмірге көзқарасымен келісе бермейтіні, тіпті олардың рухани құндылықтарды бағалауына сыни тұрғыда қарағаны белгілі. Ұлы ойшылдың көптеген іргелі түсініктерді, этикалық мәселелерді жаңа пайыммен сараптағаны жайлы айттық. Соның бірі: адами құндылықтарға релятивті тұрғыда келіп, жақсы мен жаманды айыра алмаған замандастарын өткір сынауымен байланысты. Адам мәселесін зерттеу барысында Абай сананың іргелі бейнесін, яғни сананың екі ұдай күй кешуі және өзін-өзі жатсынуы мен масылдыққа салыну

құбылыстарының қазақ топырағындағы көріністерін ашты. Белгілі философ-ғалым Ж.Әбділдин: «Абай қазақ қоғамындағы екі ұдай сана феноменін ашып берді әрі оны талдап таразылады» [53, 359], – деп дәл көрсеткен болатын. Еуропаның философиялық ой жүйесінен де орын алған екі ұдай сана құбылысы алғаш рет француз философы Д.Дидроның «Племянник Рамо» еңбегінде терең бейнеленеді. Д.Дидро жақсылық пен жамандықтың ара салмағын мүлде релятивті (кереғар) түсінетін, құлқы бұзылған жастардың мінездерін көркемдік тұрғыда суреттеп береді. Мұнда әңгіме «табанының бүрі» жоқ, мінезі сынаптай сырғыған, ұстамсыз (Абай қолданысында «байлаусыз») адам туралы болады. Ол адамдар үшін дүниенің бәрі құндылықтан ада және ол қандай жағдайда да ойына келгенін іске асыра береді. Гегельдің «Феноменология духа» еңбегінде екі ұдай сана бейнесі жан-жақты ашылған [54, 359]. Ал әдебиетшіғалым А.Шәріп бұл құбылыстың қазақ поэзиясында Абайға дейін өрістемегенін дұрыс көрсете отырып, «Адамның «іші» мен «сыртының» екіге жарылуын кісінің өзін-өзі жатсынуын пернелеу» [33, 142] Абайдан басталғанын пайымдайды. Зерттеу еңбектерінің нысанына алынған сол құбылыстардың біз

88

қарастырып отырған тақырыппен ұштасатын тұстары бар. Абай шындықты көркем-эстетикалық игеру барысында екі ұдай сана, оның қазақ қоғамындағы бейнесін ашып берді. Сананың екіге жарылуын, оның қазақ қоғамындағы алғашқы көрінісін «зар заман» сипатын танытқан Жанақ ақыннан да кездестіреміз.

Жуан қамшы – той бастар көсем болды / Елірмелі екі есті шешен болды

Мәнмәтіндегі екі есті, екі жүзділігімен әккіленіп алған, шешенсіген болыс елді де байлаусыздыққа тәрбиеледі. Отаршыл, жікшіл билікке тәуелді етеді. Ол Абай дискурсында:

Ел де – жаман, Ер де – жаман / Аңдығаны өзі елі... Кетті бірлік, – деп қоғамдық ахуалды танытатын образ бейнесіне ұласады.

«Отаршыл жікшілдікке құрылған билік құрылымы нәтижесін берді. Іштен ірітті, жаны мен арын өлтіріп, жанығуды қалдырды» [55, 103], – дейді қоғамдағы осы нәубет туралы абайтанушы ғалым Т.Жұртбай.

Абай ойшылдың «Ішім өлген, сыртым сау» деген наласы салыстырмалы түрде жағымды мән иеленген. Оны екі ұдай күйге түсіріп тұрған – екі ұдай күй кешкен қоғамы, екіге жарылған мінез-құлықтың иелері. «Бүгінгі дос – ертең жау болғанында» ет жүрегі, сана-сезімі қорланудан семіп қалған лирикалық кейіпкер сол әлемге іштей қарсылық білдіріп «іші өлген, сыртым сау» күй кешіп, сырттай көндіккендей болады, өйткені өз елінен өзгені таба алмасы анық еді. Осы ойын тоғызыншы Қарасөзінде нақтылай түседі: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын, Күлсем қуана алмаймын. Сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі».

Мәнмәтіндегі оппозициялық қатынастағы қарама-қарсы ұғымдар арқылы монолог түріндегі авторлық баяндаудан

кейіпкердің индивидуалды әлемінің тілдік бейнесіне қанығамыз.

Психологиялық терең тебіреніс сыртқы әлеуметтік фактордың ықпалынан болғандығы әрі қарай мәтін мазмұны арқылы ашыла түседі.

Отаршыл билеп-төстеу барысында болыстың қолында ешқандай билік жоқ болатын. Өз еркі өзіне тимеген болыс бәтуалы байлам айта алмай, біресе сайлаушыларына, біресе жоғарыдағы

89

орыс ұлығына жалтақтаумен екіұдай күй кешті. Әккі саясат оларды әдейі осындай күйге түсірді [53; 103]. Абайды ашындырған «екі ұрт» психологиясы осылай қалыптасқаны тарихтан белгілі. Бұның тарихи бастауы әріде болатын. Әрине, Абай алдындағы мектепте де қоғам мен адам, адамгершілік пен надандық мәселелері көтерілген. Ұлы Абай екіжүзділік психологияны тұрмыстық деңгейде (адам мінезінің бір көрінісі ғана деп) қалдырмай, қоғамдық категория деңгейіне көтереді. Жанақ ақын үшін ол (екіұдайылық) адам мінезінің жағымсыз қыры. Жанақ ақынның Рүстем төремен арадағы сөз шарпысуында «төре мінезінен тіксіну» реңкі ғана аңғарылып, кәдімгі адам баласында бола беретін аумалы-төкпелі көңіл-күй әуені ыңғайында сипатталғандай. Мысалы,

...Алғанымды жүрермін қайта құсып, Төренің қытығына алсам тиіп...

Бір ұрты май болғанда, бір ұрты қан, Екі мінез адам ғой түрі суық деп берілген Жанақ ақында.

Абай дискурсында «бір ұрты май, бір ұрты қан» мен қоғамдық кесел, типтік деңгейдегі образ дәрежесіне жетеді.

Абайдың әдеби танымға енгізген жаңалығының бірі – жаңа сана бейнесін, адамның өзін-өзі жатсыну құбылысын негіз-

деуімен байланысты. Ақын өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік орта мен рухани үдерісті байыптауда зор маңызы бар өзін-өзі жатсыну ұғымының мәнін көркем мәтінді лингвокогнитивті талдау барысында терең бойлауға мүмкіндік аламыз. Адам ісәрекетінің қорытындысы белгілі бір жағдайға сәйкес оның еркінен тыс, адамның өзіне байланысты емес реңк иеленуі мүмкін: құбылыстар нағыз мәнінен өзге мәнге айналады, олардың шынайы мағынасы адам санасында өңі айналдырылып беріледі. «Абайдың ақыл-ойының тереңдігі мына жағдайдан да көрінеді. Ол қазақ даласы шындығын танытуда алғашқылардың бірі болып өзін-өзі жатсыну құбылысына назар аударады» [53, 354].

Абай өзі қастерлеген және әр адамның, «кейінгі толқын інілердің де», бойында болуға тиісті қасиеттерге өз дискурсында қайта-қайта ой екпінін түсіріп отырады. Соның біріне мына өлеңі дәлел:

90

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]