Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

35

.pdf
Скачиваний:
6
Добавлен:
07.06.2023
Размер:
2.52 Mб
Скачать

Сөздің елге тарары қай кезде? Әрине, ықылас салып тыңдағанда. Ал оны кім, қалай таратады? Біреуден біреу алып, елге таратады (Абай); қайсысы болса да тыңдаса, елге жеткізеді, елге таратады (Ахмет).

Абай: «шамданбай-ақ ұғуға» шақырса, Ахмет: «Жаратпай, теріс қарауың мүмкін» дейді. Сөйтіп шамдану мен жаратпау етістіктерінің стильдік белгісі мен көріктегіш қызметі бір идеяға бағынып тұр.

Абай: сәулесі бар жігіттерге ой салғысы келеді, Ахмет: Аз да болса белгі қалдырмақ болады. (ой салу ↔ белгі қалдыру, бұл мәнмәтінде контекстік синоним қызметін атқарып, екі ақынның ой ортақтығын білдіріп тұр).

А.Байтұрсынұлының келесі бір туындысы «Ақын ініме» өлеңінің стилі, мазмұны бірден аңғарыла қоймайды. Бірақ Абайдың ой жүйесінен, яғни бірнеше түйіннен құрылған, синтезді ойларының тоғысынан туғандығы байқалады. Бұдан Абай ой дүниесінің құндылығы жоғары бағаланады деп білеміз. Абайдың 1) «Аузымен орақ орған өңкей қыртың», 2) «Осы қымыз қазаққа / мақтаның ба, асың ба? Қымызды басар артынан / Ет даяр ма қасыңда? деген ащы сынында айтылған ойларды А.Байтұрсынұлы өз шығармасында Аплатондай ақылы барлар, еті мен қымызы болмаған соң, «ақылы кедей, байларға» теңесе алмайтындығына байланысты айтқан. Абайдың ел билеу үстінде би болғансып, бас болғансып көлгірсудің «маңыздылығын» білдірген өлеңдеріндегі жеке-жеке ойларды бір өлеңнің бойына сыйыстырып берген, сөйтіп шеберлік пен ой тереңдігін байқатқан. (Бұл шығарма кейінгі тарауда да тағы да талдауға түседі). Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы тақырып таңдауда (яғни идея танытуда) және тілдік амалдарды пайдалануда Абай әдісіне жүгінеді, дәстүрін жалғастырады.

А.Байтұрсынұлы дәстүр жалғастығын осылайша ұтымды ұластыра алған. Абайдың ойын қайталады дей алмаймыз. Осы екі қоғам қайраткері өмір сүрген кезең, сол уақыт талабы екі ақынға да бірдей ой айтқызып тұр. Қоғамдық сананың саяси әлеуметтік жағдайларға қатысты ой қорытуы да мәндес, мазмұндас болып келгенін аңғарамыз.

АБАЙ ТІЛДІК ТҰЛҒАСЫ Қ. ЖҰБАНОВ ТАНЫМЫНДА.

Қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ұлттың рухани

31

өміріндегі жарқын тұлға Қ. Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген еңбегі – абайтану ғылымының бастау көзінде тұрған құнды зерттеме – пайымдау. Бұл еңбек Абай мұрасы төңірегінде тартыс (тарөрісті ойлар қаулап) шарықтап тұрған кезеңде туып, сәулелі ойға жетеледі. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «Абайдың орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар орын алып тұрған шақта» жазылады [36, 581]. Абай мұ-

расын тану мен бағалауға (саралай білуге) бағдар сілтеп, осы жолдағы алда атқарылуға тиісті істерді, маңызды міндеттерді объективті түрде негіздеп береді. Мән-мазмұны терең, талай құнды ойларды ашық та, (кейде әдейі бүркемелей) батыл айта алған рухы биік туынды болып табылады. Қ. Жұбановтың 30жылдар басында-ақ айтқан Абай поэзиясының көркемдік қуаты жөніндегі өзіндік ой-танымы – бүгінгі күнге дейін құндылығы кемімей келе жатқан бағалы дүние. Ғалым Абай поэзиясының өзіне дейінгі қазақ поэзиясында байқалмаған биік сапаға көтерілуін; Абай поэзиясының күн шуақты биігіне нұсқап, ұлттық сөз өнерінің – ұлы ақыннның қалыптасуына өлшеусіз үлес, өнегелі бағдар болғанын көрсетеді, яғни қазіргі тілмен айтсақ, Абай тілдік тұлғасының қалыптасуын, оның дүниенің тілдік бейнесін көркемдеудегі суреткерлігін, ұлт өкілі ретіндегі когнитивтік деңгейін өзінің ішкі түйсігі, ғалымдық байқағыштығы арқылы зерделей білген. Осы зерттеулер, сондай-ақ, Қ. Жұбановтың өз тұлғасының да биіктігін танытатын еңбек, өйткені оның жазылу уақытының өзі де аса жауапты кезең еді.

Нақты айтқанда, ол «Абай бізге қажет пе, жоқ па?» деген сындарлы шақта жазылады. Сөйтіп Абай әлемін ашу, жас ұрпақты Абай биігіне жетелеу сияқты ұлы міндетін атқаруға ат салысады. Біз жұмысымызда, осы аталған еңбекті басшылыққа алып отырдық, яғни ол – бүгінгі күннің зерттеу талабына да жауап бере алады деген сөз [36, 581].

Қ. ЖҰМАЛИЕВ ЖӘНЕ АБАЙТАНУ МӘСЕЛЕСІ

Ғасырдан астам уақыт бұрын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов еңбектерінен бастау алып, М.Әуезов негізін қалаған Абайтану ғылымы арнасын кеңейтіп, сан-салалы әрі сапалы зерттеулермен толыға берді. Абайтануға жол ашқан, тілдік тұлғасын зерттеген еңбектердің ішінде, әрине, абайтанушы ғалым Қ. Жұмалиев зерттеулерінің орны бөлек.

32

Ғалымның өз сөзімен айтқанда: «Абай поэзиясының тілі» 1944-1946 жылдары айырықша зерттеліп, соның негізінде 1948 жылы «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Абайды терең танығысы келгендер үшін... Абай поэзиясының тілі жайлы терең зерттеудің қажеттігі сөзсіз. Сонымен қатар, бұл еңбекте Абай поэзиясының тілі оған шейінгі әдебиет нұсқаларының тілімен салыстырыла зерттелініп, ұлы ақынымыз әдебиетімізге идеялық мазмұн, тіл көркемдіктері жағынан қандай жаңалықтар енгізгендігі айқындалады, сол арқылы қазақтың әдеби тілін дамытудағы оның тарихи рөлі мен әдебиеттегі орны белгіленеді. Бұл тілшілерімізге де, әдебиетшілерімізге де бірдей керекті ортақ мәселе» [37, 82 б.].

Абай шығармаларының танымдық, көркемдік қырларына, ақынның қоғамдық, эстетикалық көзқарастарына қатысты пайымдау мен зерттеулер ғалым еңбегінде осылайша өзінің заңды жалғасын табады. Ғалым Қ. Жұмалиев Абай поэзиясының айшығы мен ажарын 1) көркемдік бояу; 2) стильдік сипаты; 3) өлең құрылысы арқылы саралап бере білді. Абайдың тілдік тұлғасын зерделеген тұңғыш лингвист-ғалым А. Байтұрсынұлы еңбектеріндегі тұжырымдар одан әрі дамытылып, жетіле түсті.

Зерттеуші ғалым Қ. Жұмалиев өз еңбегінде Абай шығармалары тіліндегі ұлттық мәдениеттің бейнеленуіне де назар аударады. Бүгінгі ғылыми терминдермен айшықталмаса да, ғалым көтерген теориялық мәселелер этнолингвистика, этномәдени семантикаға қатысты екенін аңғару қиын емес. Этнографиялық танымын көріктеу құралдарының қызметін саралау барысында байқатады. Мысалы, «Адам баласы мәдениет сатысына көтеріліп, ой-сана ілгерілеген сайын терең түсініп, бір нәрсенің қасиетін, ерекшелігін әр түрлі жақтарынан тани бастайтыны мәлім десек, бұл жалпы көркем тілдің тәсілдерін, әсіресе, эпитеттерді талдағанда айрықша көзге түседі» [37, 201]. Осы пікірлеріне орай, «Шоқпардай кекілі бар», «Қансонарда»... өлеңдерін талдауға алады. Сонымен қатар, Саятшылық жайынан хабар беретін «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» өлеңіндегі символ (бейнелеу) мен аллегория (пернелеу) ретінде алынып отырған қыран, күйкентайлар арқылы өз кезеңінің әралуан адамдарының іс-амалдарын астарлап айтады. «Қайран елдің босқа

33

далақтаған», «басқа сая, жанға олжа жоқ» қылығына күйінеді. Абай «Өмірдің барлық саласынан, жұрттың бүгінгісіне де, келешектегісіне де сабақ беруді адамдық борышы деп ұққандығын нұсқайды ғалым Қ.Жұмалиев.

1.4 Абай тілдік тұлғасындағы Дүниенің тілдік бейнесі және ұлттық тілдік бейне

Адамтанудағы антропоөзекті бағыт адам табиғатының мәнін кешенді, жан-жақты зерделеуге міндеттейді. «Тілдегі – адам немесе адамдағы – тіл» туралы сөз ету дегеніміз – мәдениет, халық, социум тіпті бүкіл әлем туралы пайымдау дегенге саяды.

Адам шындық дүниесін (қоршаған әлемді) қалай қабылдайды, қалай ұғынады? Қандай обьективті және субъективті факторлар белгілі бір этностың дүние танымын, ғалам бейнесін қалыптастыруда шешуші маңызға ие болады? Бұнда тілдік факторлар табиғатына терең бойлау міндеті алдыңғы орынға шығады. Қоғамдық феномен – Тіл – бүкіл адамзаттың рухани әлемін құрайды, ол – жекелеген халықтар мен жеке тұлғалардың мәдениетін, дәстүрін, психологиясын игеру мен танудың ең сенімді құралдарының бірі.

«Дүниенің тілдік бейнесі» ұғымы ХІХ ғасырдың басында В.фон. Гумбольдт еңбегінен бастау алып, Дж. Лаккоф, Я. Вайсбергер, Э. Сепир, Б. Уорфтың ғылыми еңбектері арқылы бұл мәселе одан әрі өзінің заңды жалғасын табады. Орыс тіл білімінде В.Н. Телия [38], Е.С. Кубрякова [22], Ю.М. Караулов [16], А. Вежбицкая [39], Н.Ф. Алефиренко [40], Н.Д. Арутюнова [41] зерттеулерімен арнасын кеңейтіп, әр қырынан толыға түсті.

Ғылыми ұстанымдар дүниенің концептілік және тілдік бейнесін айырып тануды қажет етеді. Дүние туралы білімдер жиынтығы әр түрлі тілдік формада ұсыныла отырып, әр қилы терминдермен аталады «дүниенің тілдік моделі», «дүниенің тілдік бейнесі», «ғаламның сөздік бейнесі» т.б. Бұл теорияны алғаш рет неміс ғалымы Л. Вайсбергер В.фон Гумбольдтың тілдің ішкі формасы ілімін негізге ала отырып, қалыптастырады.

Адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуі нәтижесінде оның санасында сәулеленген әлем бейнесі дүниенің

34

тілдік бейнесі деп аталады. «Дүниенің тілдік бейнесі – тілде көрініс тапқан, жалпы ұлт өкілдеріне ортақ, ұжымдық, ұлттық мәдени тәжірибе негізінде жинақталған білім жүйесі. Дүниенің тілдік суреті феномені тіл мен ойлаудың өзара қатынасын танымдық (когнитивтік) ғылым шеңберінде қарастыру қажеттігінен туындайды» [24, 13].

Шынайы дүниенің тілдік бейнесі адам санасында логикалық әр түрлі сипатта бейнеленуі мүмкін дедік. Оның себебі, жалпы алғанда, тіл иесі халықтың рухани деңгейіне байланысты болса, жеке алғанда, адамның ой-өрісі, таным-тәжірибесінен келіп шығатындығы және ақиқат.

Белгілі ғалым Н. Уәли дүниенің концептуалды бейнесі логи- калық-прагматикалық, позитивтік танымға, әлеуметтік тәжірибеге негізделеді деген сараптама жасайды [25, 15], шындығында, таным нәтижесі әр түрлі бейнелермен астасып, өз табиғатын барынша айқын, әрі дәлелді етіп ұсыну мүмкіндігіне ие болады.

Тілдік тұлға сыртқы әлемді танып біліп, санада таңбалайды. Барша адамзатқа ортақ әлемнің әр этностың өмір тәжірибесі мен мәдениетіне сәйкес айқындалған және ұжымдық санасынан берік орын алған өзінің танымдық кешені болады. Дүниенің тілдік бейнесі өзінің қоғамдық функцияларын толық атқара алатын, нормаланған, әдеби көркем тіл арқылы кескінделгенде ғана толымды шығады. Дүниенің тілдік бейнесінің «суретін салатын» құрал – лексемалар этно-мәдени ақпаратқа «толы» болу керек. Тіл тұтынушы мен тіл жеткізуші қоршаған әлем туралы пайымын өз ұлттық ұғым-түсінігі шеңберінде жеткізгендіктен, дүниенің тілдік бейнесінен ұлт ерекшелігі айқын аңғарылып тұрады. Ол дүние – ғалам туралы көзқарасын ұлт тілінің құралдары арқылы танытады, ал осы сабақтастықтың нәтижесінде ұлт мәдениетінің қалыптасатынын белгілі. Концептілік талдау арқылы нақты бір социумның лингвомәдениеттанымдық жүйесінде жинақталған дүниенің ұлттық сипат иеленген, ұлттық ерекшелік иеленген бейнесімен «жүздесуге» мүмкіндік алуға болады. «Ұлттық өзіндік бейне» дейтін себебіміз әрбір этнос өзін қоршаған әлемді тек «өз көзімен» көріп, өзінің түсінігіне жақын мазмұнмен толтырады. Дүниені бағалаудығы өз ұлттық ерекшелігін белгілейді. А. Ислам «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті» зерттеуінде

35

дүние суреті – «концептуалды (логикалық) және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние ту-ра- лы білімдер жиынтығы» [24, 12] – дей отырып, адамның танымдық іс-әрекеті, ұлттық мәдениеті негізінде түзілетінін талдайды.

Тілдік сана иесі өз тілінің семантикалық өзегі арқылы ойын нәрлендіріп отырады. Ол ой ұлттық мінез, бітім-болмыстың көрінісі ретінде сөз формасы – «ойдың жамылғышы» арқылы – бейнелі, сөз-суретке айналады, басқаша айтқанда, ұлттық өмір тәжірибесін бойына сіңірген, эмпирикалық тәжіриебелер – сөздер – дүние туралы «сөйлеп кетеді». Танымдық қызметін көрсетеді. Тіл – дүниені игеріп, тану, сол танылған бейнені және ұлттық дүниетанымды анықтау міндетін атқарады.

Жаңа ұғымның пайда болуы – оны қалыптастырушы тіркестердің метафоралана қолданылу нәтижесі болып табылады. Жаңа, тың мазмұн сөздің ішкі формасын басшылыққа ала пайда болып, сол ішкі форманың әрі қарай мағыналық дамуына қозғау салады. Жаңа тіркес, тың ой, сөздің ішкі мағыналық құрылымындағы ой-сәуле, бейне-образ арқылы уәжделеді.

Субъект пен атаудың арасындағы байланыс сипатын ашу арқылы жаңа окказионалды таңбаның уәждемесін анықтауға мүмкіндік аламыз. Ал анықталған сол уәждеме жаңа бейнені бұрынғы мазмұннан ерекшелеп, ажыратушы дифференциялаушы сема рөлін атқарады. Әрине, уәждеме мен сөздің ішкі мәні тығыз бірлікте қаралады. Зерттеуші И.С. Торопцевтің жіктемесін басшылыққа ала отырып: 1) мазмұн арқылы уәжделу, 2) қасиетбелгі арқылы уәжделу; 3) ұқсату арқылы уәжделу түріне сүйенеміз [42, 129] . Әдетте, бұлайша жіктеу сөздің ішкі мүмкіндігіне жүгініп, интралингвистикалық факторлармен шектелгендікті көрсетеді. Дүниенің тілдік бейнесі қоршаған әлемдегі сан алуан құбылыстар ықпалын толық игергенде ғана толымды болатыны белгілі. Олай болса, тілдің ішкі заңдылықтарымен қатар, экстралингвистикалық факторлар әсері де ескерілуі тиіс.

Белгілі тілші-ғалым Н. Уәлидің бейнелі – аялық негіз деп белгілеген бағытын жоғарыда аталған уәждемелермен бірлікте қарастыру қисынды болмақ, өйткені аялық білім ұлттық болмыстан, әлеуметтікортажағдайынан мәліметжеткізеді [25, 11-12].

36

Таным нәтижелері таңба (сөз) арқылы белгіленеді. Әр тілде сөйлеуші дүниені әрқалай қабылдайтыны (Э. Сепир, Б. Уорф) өз алдына, әр тілде сөйлеуші нақты бір дүниені әрқалай суреттейді. Адам қоршаған ортаны ой-санасы арқылы зерттеп зерделей алады, ал оның нәтижесін тиісті модельге, нақты бейнеге түсіреді, яғни концептуализациялайды [43; 70].

Дүние туралы ақпаратты тілдік таңбаларға түсіру – дүниенің бейнесін сөз арқылы белгілеу болып табылады, яғни дүние бейнесін «рәсімдеу» деп ұғу керек. «Рәсімделген» ақпарат

– дүниенің тілдік бейнесі деп аталады. Тіл тұтынушы дүниенің тілдік бейнесі арқылы және оның тілдік жүйеде таңбалануы арқылы өлшеусіз құнды ақпарат ала алады. Тілдік таңбалар – ақиқат дүние мен одан туатын бейненің арасын дәнекерлеуші. Біздіңше, дүниенің тілдік бейнесі – адамның әлем туралы жинақтаған ой жүйесінің, танымының сөздегі суреті.

Тіл – адамның уақыт пен кеңістіктегі өмір тәжірибесінен алынған реалды шындықты қабылдаушы.

Тілдік семаның тілдік бірліктер арқылы берілетін рухани және материалдық құндылықтары тілдің барлық деңгейлерінде көрінеді. Бұл құндылықтар халық тарихы мен тұрмысына терең орнығып, оның паремиологиясы мен фразеологиясы, сөздік қоры мен ондағы сөздердің бояу-реңктері арқылы көрініс беріп жатады. Сондықтан да, Абайдың тілдік тұлғасындағы халықтың мәдениетімен, оның бір көрінісі тұрмыс-салтымен тығыз байланысты когнитивтік құрылымдарды талдаудың маңыздылығы даусыз. Абай шығармашылығының мәтіні арқылы лингвомәдени тілдік бірліктердің ұлттық мәдени сипатын ашу – басты мақсаттың бірі. Бұл мәселелер «Абай шығармаларындағы ұлттық дүниетанымның берілу жолдарына» байланысты жан-жақты сөз етіледі. Сонымен бірге, Абай дискурсының лингвокогнитивтік, прагматикалық деңгейіне дискурстық талдау жүргізуге байланысты зерттеу барысында тілдік бірліктердің прагматикалық әлеуетіне, авторлық интенцияға т.б. қатысты сөз етіледі.

Абайдың тілдік тұлғасында әлемнің ұлттық тілдік бейнесі ұлттың өз дүниетанымына сәйкес қабылдауымен тікелей байланысты алынған, басқаша айтқанда, ұлттың өзіне тән дүниетанымы мен қабылдауында оның өз әлемінің тілдік бейнесі сомдалған. Автор өз қабылдауының эстетикалық-этикалық ереже-

37

қағидаларын түзген. Ойлау тілде көрініс тапса, керісінше, тіл де ұлттың ой жүйесіне өз таңбасын салады, яғни концептуализа-

циялаудың өзіндік (ұлттық) тәсілін көрсетеді. Тіл иесі қай тіл-

де ойланса, сол тілдің мүмкіндігін дүниені тану мен танытуға ұтымды пайдаланады. Мысалы, Ұлы суреткердің «Қыс» өлеңі – ұлттық болмысты барынша жеткілікті дәрежеде көрсете алған туынды. Біріншіден, Қыс – қазақтың кінәмшіл, мазаң, қартаң құдасы образында келіп, өзінің мінез ерекшелігін және көрсетеді. Дүниенің тілдегі бейнесі ауыспалы мәнде метафоралы қолданыс арқылы танылады («Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды». Екіншіден, ол өзінің сыртқы бейнесімен, киім киісімен-

ақ қазақтың болмысына енген: Ұшпадай бөркін киген оқшырай-

тып... Бөрік этномәдени лексемасы арқылы ұлттық бояу қоюлана түседі. Нағыз «қазақтың қысы», қазақ даласының аязы деген ақпарат жеткізілген. Белгілі бір лингвомәдени қауымдастықтың дүниені тануы осы лингвобірліктер арқылы кумулятивтік функцияға ие болған. Абайдың табиғатқа жан бітіріп, кейіптеу арқылы суреттеуі өзіне дейінгі әдебиетке етене таныс болмаса да, Абайдан бастау алған дәстүр сабақтастығы өзге ақындарда белсенді сипат иеленген. Мысалы, М. Мұқатаевта:

«Қырсық шал қиғылықты салды-ау дейсің, Бала жігіт қызарып қалды-ау дейсің. Ақ таяғын тоңға ұрып, аппақ бөркін Ашулы шал бір сілкіп алды-ау дейсің»,

– болып берілген.

Қаһарлы қыс – «қиғылық салған қария – қыс» образы ортақ. Айырмашылық: көктем бейнесіндегі бала жігіттің араласуы ғана. Кәрі қыс – шал, оның басындағы бөркі, басын сіліксе мазаңды алуы – бәрі қысты нағыз «қазақ етіп» типтендірген. Бұны ақындардағы рухани үндесім деп бағалаймыз.

Зерттеушілердің анықтағанындай, түрлі нысандарда (оның ішінде, көркем мәтінде) ұлттық мәдениеттен ақпарат жеткізетін вербалды, бейвербал таңбалар сақталады және ол дереккөздердің кейбірі ұлттық болмысты тасада, «жасырын» ұстаса, кейбірі ашық-айқын көрсетеді. Мысалы, көркем мәтіндегі дом-

быра, күйлі, күйсіз бәйге, асық ұтыс, ат шапан т.б. концептілік

38

конструкциялардың ұлттық мәдени сема ретіндегі мәдени мәні (әлеуметтік деуге де болады) айрықша өзектене түскен.

Осы тәрізді мәдени-әлеуметтік құндылықтарды түсіну үшін тілдік бейне түріндегі заттық, мәдени лексиканы немесе олардың ұлттық семантикасын анықтаймыз. Ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылды деген «Домбыраға қол соқпа» өлеңі – мұң мен сырға толы тағы бір жан сыры. Кәдімгі қарапайым пенде жабырқау көңіліне, қайғыдан қажыған жанына аяулы жарынан демеу күтеді. «Жарым көңілін жағымды қылығымен жамауын өтінгендей» болады: «Сөйлесші жақсы, жағымды, /

Мендей көңілі сынықпен; / Сынық көңілім көп кешер, / Майда қолмен ұстасаң», – деп ішіндегі қайғы-дертіне дауа іздейді,

өйткені ақын көңілі «Күйлі, күйсіз бәйгеге / Қажыды көңілім көп шауып, / Көп қиналмай әр неге, / Енді семірт, жем тауып!».

Бәйге лексемасының мәні «өмірдегі талас-тартыс, жеңу-ұту немесе үлессіз қалу» деген контекстік мағынаны білдіреді, оның «Қазақ халқының дәстүрлі ат жарысы» деген мағыналық өрісі кеңейіп, «еңбекте, өнерде іріктейтін жарыс, сайыс» (еңбек бәйгесі, өнер бәйгесі) семасы да одан әрі толыға түскен. Бұл – тілдік ұжымның когнитивтік санасында орын алған түсінік. Н.Уәли нұсқағандай, «дүние туралы тілде бекітілген дәстүрлі білімдер типі» деп бағалану керек. Дүниенің концептуалды бейнесі қосымша мәліметтермен толыға түседі.

Қазақ дүниетанымының ұлттық ерекшелігін көрсететін келесі бір ақпарат «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» шығармасы мәтінінің когнитивті құрылымында сақталған. Әрқайсысы 4 тармақтан тұратын, 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған 25 шумақ ішінен біз бір шумағын ерекшелеп аламыз. Онда дүниенің тілдік көркем бейнесі асық ойнау фреймімен менталды берілген. Фреймдік қатынастағы тілдік белгілер ортақ лексикасемантикалық топ құрап, «өмір» концептісінің когнитивтік моделін құрайды. Фреймнің философиялық астары басым бағыт ұстанғанына көз жеткізе аламыз.

«Асық ұтыс сықылды алыс-беріс, Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс. Бірі көйтке таласып, бірі арам қып, Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс»

39

Бұл – еркін, әңгіме-сұхбат түрінде құрылған тағылымы терең шығарма. Өмірден тәжірибесі мол, дүние сырына қаныққан ағаның ақыл-кеңесі риясыз көңілмен жеткізіледі. Өлеңде дос табу, үй болу, елдікті бағалауға байланысты лингвомәдени бірліктердің мәнін ашу үшін ұлттың өзіне тән ділі мен психологиясы ескерілген. Талдауға түскен мәселелерге орай, 25 шумақтан тұратын өлеңнің кейбір шумағын немесе жолдарын еске салуға болады.

«...Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс, Оның қадірін жетесіз адам білмес.

Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,

Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес...

...Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

...Жаман тату қазады өзіңе ор,

Оған сенсең бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор».

Байлаулылық пен тұрлаусыздықтың ит жығысында, құндылықтар күнде өзгеріп жатқан заманның құбылмалы мінезі бірде жеңіп, бірде жеңіліс табатын асық ойнына ұқсастырыла беріледі. Автор дүниенің ұлттық бейнесін шынайы образбен беруде этнолексемалардың (асық, көйт, ұтыс) семантикасына сүйенеді. Асық, ұтыс, көйтке таласу, арам қылу, дауласу

сияқты сөз, сөз тіркестері формасында, яғни тілдік бейнеде асық ойнына тән әрекеттер – адамдар арасындағы қоғамдық қарымқатынасты суреттеу мақсатында бейнелі әрі ұтымды қолданылған. Тіл жеткізуші осы лингвомәдени код арқылы өмір шындығын дәл беру мүмкіндігін иеленеді. Тіл әрдайым ұжымдық стереотипті, тұрақты түсінікті белгілеуші қызметін таныта алса, Абайдың тілдік тұлғасы – соның бір дәлелін ұсынады. Мәтін лингвистикасының прагматикалық мақсатына сәйкес, тілдік тұлға белгілі бір дәуір шындығын сол кезеңге сәйкестендіре көрсету үшін өз көркемдік әлемінің идиоэтникалық сипатын таныта алатыны – стильдік талап. Сөйтіп, осы қолданыстар арқылы «өмір» концептісінің семантикалық өрісі кеңейіп, мазмұны байи түскен. Мәтін семантикасында жақсылық пен жамандықтың, күн мен түннің алмасуындай жеңіс пен жеңіліс,

40

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]