Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

35

.pdf
Скачиваний:
6
Добавлен:
07.06.2023
Размер:
2.52 Mб
Скачать

Абай афоризмдері арқылы зор адамгершілік пен имандылық жолына шақыра отырып, «өз заманындағы барлық сорақылықты жақсы өлең-өсиетпен түгел жайып, жоғалтуға болады деп иланады» (М. Әуезов). Патша әкімшілігі мен қоғамдық құрылыс бұзықтық пен «айықпас азғындық» тудырады. Әлеуметтік дерт иелерін Абай өткір сатирамен әйгілеп әшкерелейді [2, 128].

Абай «Интернатта оқып жүр»... өлеңінде «талай қазақ баласының» ұлыққа қызмет етуге тырысуы және «оқалы киім кию үшін военный қызмет іздеуі» тікелей орыс ұлығының түпкі мақсатынан, яғни өзгені өзіне тәуелді ету саясатынан туғандығына «здравомыслящий ретінде ақыл айтады». Гумилевше айтқанда,

қоғамдық болмыстың адам әрекетіне себепкер болуы осы өлең идеясының негізгі бағытын құрайды. Сыртқы әлемнің адамға үстемдік етуі жоғарыда айтылған этногенез теориясының бір көрінісі.

Қоғамдық ахуал мен сол қоғамның саяси-экономикалық жағдайы да индивидтің адами сапа-белгілерінің айқындалуына өзінше «таңба» салады. Мысалы, Абай заманындағы қоғамдықсаяси өзгерістер: ел билеу тәртібі, соған байланысты адамдар арасындағы қарым-қатынас, ұлықтардың ұлтқа өктемдігі (соған бейімделгісі келгендер де болуы ықтимал) – бәрі қоғамдағы өзге адамның болмыс-бітіміне, рухани әлеміне қалай әсер еткенін Абай шығармаларының мазмұны арқылы да білеміз. (Әдебиет – өмір айнасы ғой). Бұдан адам әлеуметтік жағдайлар мен шарттарға тәуелді болатынын аңғару қиын емес.

Абай отаршыл империяға бүкіл жан дүниесімен қарсылық білдіреді. Рухани еркіндікті аңсады. «Басыңды дауға, малыңды жауға қор қылма, қорға», – дейді.

Ғалым этногенез теориясын қалыптастыруда бірнеше ғылым салаларының жетістіктерін бірлікте алып, талдады. Бірнеше ғылым салаларының түйісіндегі мәселелерден ортақ ой тауып, оны ғылыми түрде дәлелдей алды. Ол тарих, география, жаратылыстану, психология, этнография, археология, герменевтика, мәдениеттану сияқты ғылымдардың тоғысынан құнды ойлар, жан азығын алды, жаңалық тапты.

Л.Н. Гумилев «Этногенез және Жер биосферасы» деген еңбегінің сегізінші бөлімінде «Этностың жасын», яғни этностың даму дәуірін былайша жіктейді: 1. Өрлеу («Сен кім болуға тиісті едің, сол бол!»).

231

Әр адам қоғамда нақты бір орын иеленеді және жалпыға ортақ іс жеке бастың мүддесінен жоғары тұратындай жағдайда әрекет етеді.

2. Акматикалық кезең («Өзіңмен өзің бол»).

Бұл кезеңде адамдар жалпыға ортақ іс үшін қызмет етуді доғарады және әркім өзі үшін күресе бастайды. Ішкі бәсекелестік күшейе түседі.

3. Күйреу («Тек бұрынғыдай болмасын!»).

Құштар сезімдегі адамдар азая түседі. Олар қайтыс болады немесе үстемдік еткен биігінен ығыстырыла бастайды. Қоғамда әлеуметтік сілкіністерден қажып-шаршау күшейе түседі.

4.Инерциялық фаза, яғни селқостық кезең («Мен қандаймын, сен сондай бол»).

Этностар бұрынғы жинақталған құндылықтар ықпалымен өмір сүре береді. Адамдар заңға бағынады, еңбексүйгіш. Бұл – этностардың «алтын күзі». Қоғамда барлығына ортақ идеал пайда болады: Англия – джентельмен, Византия – әулие, Орталық Азия – батыр ұғымдарымен бірлікте қаралады.

Жалпыға ортақ қағидадан ауытқушылық қатаң айыпталады.

5.Обскурация фазасы – көлеңкелі кезең («Біз қандаймыз,

сондай бол»). Қоғамдағы негізгі орынды субпассионар адамдар, құштарлығы бәсең адамдар, иеленеді. Ез, өзімшіл, тоғышар пиғылдағы адамдар көбейе түседі.

6.Мемориаль фазасы – естелік кезеңі («Тамаша кезеңді еске алайық»). Өткеннен тек естелік қана қалады.

Адамдардың көпшілігіне тойым мен тыныштықтан басқа ештеңе қажет емес. Олар өмір үшін күресе де алмайды, күрескісі де келмейді.

Жаңа кезең кезекті пассионарлық – құштарлық – дүмпуі әсерінен тууы мүмкін. Бұрынғы этнос қайта өзгермейді, жаңармайды, жаңасы пайда болады. Орта есеппен этнос 1500 жыл «өмір сүреді».

Әрине, өркениет дамуы осы кезеңдердің біреуінің басымдылығымен ерекшеленіп отырады. Яғни даму кезеңдері тек бір ғана сипатпен айқындалмай, сол сипаттардың араласа қабысып, біреуінің артық басымдылыққа ие болатындығымен нақтылана түседі. Ал сол қоғамның өсу – құлдырау, күйреу сатылары сияқ-

ты ондағы өмір сүретін жекелеген индивидтің өсу – жетілу

232

жолдары бола ма? Қоғам мен адам қаншалықты үйлесімде дамиды? Жеке тұлға қоғамға қандай дәрежеде ықпал ете алады?

Биосфераның жалпы заңдылықтарын адамзат қоғамы дамуына сәйкестендіре қараған В.И. Вернадский – Л.Н. Гумилев ілімін қоғам жемісі – адамның рухани толысу немесе «құлдырауымен» қаншалықты сабақтастыруға болады?

Біз «Өрлеу» кезеңіндегі адамдарға тән қасиетті Абай шығармасындағы «толық адам» (гармоничная личность) Әбдірахман бейнесімен ұштастыра қарауды мақсат еттік.

Түйіндей келгенде, «Абай – бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көркем ойының мүмкіндігін танытқан, сол арқылы адамзат санасының дамуына үлес қосқан дара дана. Дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай», [55] – деген ғалым Т. Жұртбай. Біз, дәл осы мінездемені Абайдың пассионарлыққа тән сипатын ашуға пайдаландық және соған әбден лайық баға деп есептейміз. Ол: 1) «түзетпек едім заманды», өзімді тым-ақ зор тұтып – деген ізгі ниетін; 2) «тіл ұстартып,

өнер шашпақ»; 3) «наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» бол-

ған ұлы мақсатпен ұштастырады. Ұлтжанды, халықшыл Абай

4) «біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп ұлтты ұйытатын ұлы идеяға шақырды. Міне, осының бәрі және ақын, ағартушы Абайдың шығармашылық жолы мен қоғамдық іс-әрекеті серпіліс пен сілкініске жаны құштар пассионар мұратын айғақтаса керек. Біз солай ұғамыз, өйткені Абай – рухани сілкініс әкелетін күшке ие болған Тұлға. Ол – ұлттың рухани санасын оятуға күш салды.

5.3Абай шығармаларындағы прецедентті есімдердің прагматикалық сипаты

Прецедентті мәтін – бір сөзден мәтінге дейінгі аралықта болатын реминсценция. Бұл туралы Ю.Н. Караулов: «Белгілі бір тілдік тұлға үшін

1) танымдық және эмоционалдық тұрғыда мәнді болып саналатын; 2) сол тұлғаның қоғамдық ортасында бүгіні мен өткенінде танымал; және 3) тілдік тұлға дискурсында қайта

233

жаңғыртылып, айтыла берілуі мүмкін сөз, сөз тіркесі, мәтінді прецедентті мәтін», – деп анықтайды. Бұндай жағдайда – әлеу- меттік-психологиялық сипаттағы немесе қоғамдық-саяси, тарихи мәні бар оқиғалар тыңдаушының санасында қайта жаңғырып, прецедент «әрекеті» басталады [16, 217].

Прецедентті мәтіндер санатына көркем әдебиеттен алынған үзінділер, мифтер, аңыз, ертегілер де жатады. Барлық прецедентті мәтіндерге тән қасиет – таңбаланудың (белгілеудің) біртұтас бірлігі немесе өзіне негіз болған қайнар-көздің (толық мәтіннің бүтіннің) бөлшегі болу. Ғалымның пікірін саралай келгенде, біз оған қоса мынадай түйін түйеміз: Жалғыз атау, бір жалқы есімнің өзі-ақ прецедентті мәтін бола алады, себебі бір есім арқылы өте мол мағлұмат берілу мүмкіндігі бар. Бір есім – бүтін бір мәтіннің рөлін атқарады, әрі тілдік тұлғаның жеткізбек идеясының өзегіне, негізгі ойдың бір тініне айнала алады.

Абай шығармаларында прецедентті есімдердің қолданылу уәжі, мақсаты мен мәні неде? Олардың функционалдық қызметтері әр алуан, олар тек номинативті функцияда емес, әр түрлі когнитивтік факторларға байланысты қолданылғаны анықталды. Бұл атаулардағы когнитивтік, семиотикалық, лингвомәдени аспектілерге талдау жасау нәтижесінде, олардың қолданылу мотивін анықтап, экстралингвистикалық сипатын айқындау мақсатын қойдық.

Абай шығармаларында прецедентті есімдердің қолданылу уәжіне назар аударсақ, олар негізінен, мәтін ішіндегі, яғни шығарма мәтінінің мазмұнына қатысты кездесетін есімдер болып анықталады. Зерттеу еңбектерінде бұндай атауларды: 1) ұлттық прецедентті және 2) универсалды прецеденттік, 3) нақты бір әлеуметтік топ үшін мәні зор прецедентті есім-

дерге жіктейді.

Тіл иесіне (тілді жеткізушіге немесе тілді қабылдаушыға)

кеңінен танымал тарихи, саяси, мәдени тұлға есімі мен белгілі бір оқиға кейіпкерінің көпке танымал жалқы есімі – прецедентті атау қатарында қарастырылады.

Прецедентті атаулардың когнитивтік ерекшелігін қарастыру

– оларды зерттеудегі мәдениеттанымдық, этномәдени бағыт-

пен де тығыз бірлікте болады. (Тіпті қазақ халқының нанымсенімдеріне байланысты алып қарағанда, есімі ел ішіне тараған

234

көпке белгілі құрметті адамдарды, батырларды, би, мырзаларды, ардақты аналарды ел-жұрты құрмет тұтқан. Солардың жолын берсін деп, баланың аузына түкірткен. Олардың отырған жеріне сәбилерін аунатып алған, сарқытын ішкізген немесе батасын алған. Ал біздің айтпағымыз көркем әдебиет тіліндегі лингвостильдік көркемдік амал қызметіндегі құбылыстар).

Абайдың тілдік тұлғасындағы ұлттық дүниетаным, әлеуметтік құбылыстар мәні аялық (фоновое) семантика шеңберінде барынша айқын көрінеді. Сол атаулар бойындағы тілден тыс білімдерді Абай шығармалары дискурсы негізінде ашу мақсаты көзделеді. Осы тұста «Тіл – ойды білдіру құралы ғана емес, мәдениет білімдерін жинақтау құралы, ақпарат беру, сақтау құралы», – деген пікірлер прецедентті есімдер мәніне қатысты бекітіле түседі. Көркем шығарма мәтініндегі әрбір прецедентті есім – өзінің «шығу-тегіне» қатысты алғанда сол тілдік ұжым туралы мол тарихи-мәдени ақпарат беретін дереккөз қызметін де атқарады. Абай дискурсындағы әр есім – лингвомәдени семантикаға ие.

Сонымен қатар, прецедентті мәтін теориясына қатысты алғанда, шығармада қолданылатын әр атау тілді қабылдаушыға түсінікті болуы тиіс. Бұл талапқа Абай дискурсы толық жауап бере алады. Осы тұста Абай адресат факторын әрине, ескерген. Сөздің тілдік құрылымына енетін таңбаларды адресат факторын ескере отырып таңдау – адресанттың алға қойған мотивациялық мақсатына жетудегі маңызды интенция болып табылады. Ғалым Н. Уәли: «Адресат факторының ескерілмей қалуы – сөздің коммуникативтік сапасын төмендетіп, тілдік қарым-қатынасқа кедергі келтіруі мүмкін... Ол үшін автормен адресаттың білім қорында біршама ортақтық болуға тиіс. Тілдік таңбалардың мағынасы адресант сана мен адресат санада бірдей ұғынылуға тиіс. Бұл коммуникацияның ойдағыдай өтуінің алғы шартының бірі» [25, 12]. Абай өзі өмір сүрген кезеңдегі социумның когнитивті танымына толық таныс емес есімдерді (Аплатон, Сократ, Аристодем, Ескендір, Низами, Фердоуси, Ғұламаһи Дауани, Толстой, Салтыков-Щедрин) оқырман, тыңдарманның аялық білімін ескермей, олардың пресуппозициялық даярлығын «тексермейақ» өз шығармашылығында қолдана салды деуге болмайды. Осыған байланысты келтірер уәжіміз:

235

1.Абай тәлімін алған орта мен соңына ерген шәкірттері әлгі тұлғалар жайлы Абайдың өзінен талай естігені анық.

2.Олармен әзірге таныс еместері кейін білімін толықтыру барысында жетік білеріне сенеді, өйткені Абай шәкірттерінің арасында «ғылым оқып білгенше, тыным-тыныштық таппайтын», «ғылымға көңілі зерек» шәкірттері де бар еді.

3.Семей кітапханаларында «күпі киген қазақтың» талайы жүргені, Петерборда оқуда жүрген талай жастың да Сократ пен Аристотельді – білуі әбден мүмкін екендігіне Абай ұстаз шәк келтірмейді және «біреу ұқпас, бұл сөзді, біреу ұғар», – деп өзі жазғанындай, өлеңін, шығармаларын «жалпақ жұртқа арнаған ғой». «Жазған соң, жерде қалмас тесік моншақ,

Біреуден біреу алып елге тарар», – деген ақын ұстанымын дәл осы тұста еске салған орынды. Осы шығармасында Абай әрі қарай тереңдеп:

«Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ шырақтар, ұқсаң жарар. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар», –

деген сенім артады. Бұл ойды өзіміз сөз етіп отырған мәселеге қарай икемдегіміз келеді. Теңіз түбінен сүзіп алар маржан (біз айтып отырған прецедентті атаулар – соның бірі) түріндегі семиотикалық таңбалардың мәні, олардың семантикасы – прецедентті есімдер қолданылуының уәжін ақтап тұрғандай. Бүгінде «прецедентті атау» деген термин иеленіп отырған семиотикалық таңбалар Абай шығармашылығында белгілі бір социум үшін таным құралы, тәрбие көзі ретінде алынып, білім-білік дарыту мақсатында жұмсалған. Біздіңше, прецедентті мәтін (атау) – мәдени таным коды.

Прецедентті есімдер қызметі – көп аспектілі, тіпті күрделі. Оның маңыздылығының бір себебі лингвомәдени таныммен тығыз байланысты екендігі. Тіл мен мәдениет арақатынасы және басқа да мәдениетаралық қарым-қатынастар лингвоелтану, әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвистика т.б. сияқты ғылым салаларымен бірлікте алынғанда ғана оның лингвопрагматикалық мәні анық ашылары сөзсіз.

Мәдени ақпарат коды қатарында қабылданып отырған прецедентті есімдерді біз де мәдениетаралық қарым-қатынас (ком-

236

муникация) үрдісінде қарағанды жөн деп санаймыз. Өйткені өзге мәдениеттегі ақпарат (көне грек, шығыс, батыс т.б.) жалпы адамзаттық құндылықтар деп бағаланса да, оны екінші бір мәдениет өкілі қабылдай алмауы мүмкін.

Өзара әрекеттесуші екі мәдениеттің таным деңгейі үй-лес- пеуі, білім-білігі алшақ болу себепті, мәдени ақпарат коды ашылмауы мүмкін. Біздіңше, ондай жағдайдан шығу жолы тіл жеткізуші мен тіл тұтынушы арасындағы байланыстың мәні мен сол кодтың қолданылу уәжіне бағынышты. Басқаша айтқанда, бір мәдени құндылықты екінші бір мәдениеттің лингвомәдениеттанымдық нысанына айналдыру мақсатына, себебіне көңіл бөлгенде ғана сол мәдени кодтың атқарар рөліне тиісті бағасы беріледі.

Мәдениетаралық қарым-қатынас факторларын анықтағанда мына уәжділікті басшылыққа алу – бізге қажетті мәдени код мазмұнын ашуға септігі тиеді деп есептейміз:

1)мәдениетаралық алмасулардың мақсатын білу керек: ол өз кезегінде бір лингвомәдени социумға тән өзіндік ұлттық құндылықтарды басқаларына барынша танытуға байланысты;

2)мәдениетаралық қарым-қатынастың өзегіне айналып отырған танымдық ақпарат (мәдени код) мән-мағынасының аса маңыздылығына байланысты болуы мүмкін [111, 59-65].

Соның бір көрінісін Абай дискурсындағы есімдер мәнінен байқай аламыз. Ұлы ақын елінің көшін мәдениет сүрлеуіне бұрғанда, өзге мәдени мұралардың озығын бойға сіңіруді, «ойлы жастар ой көзімен» қарасын деген мақсатты, кейде «наданның көзін қойып, көңілін ашпақты» ниет етеді. «Қабыл көрсе сөзімді, / Кім таныса, сол алсын...», – дегендей ойға мегзейді.

Бұл зерттеу барысында тілдік тұлғаның аялық білімі өрісіндегі, оның таным аймағындағы (когнитивті базасындағы) прецедентті есімдердің берілуіне концептуалды талдау жасау міндетін алға қоямыз. Бұл – тілдік тұлғаның мәдени таным құндылықтарын саралау үшін де үлкен мән иеленетін мәселе. Прецедентті есімдердің қолданысы тілді жеткізуші мен қабылдаушының

білім көкжиегін анықтауда рөлі үлкен, сонымен қатар тілдік тұлға құзіретін түсіну үшін де маңызы зор.

Абай дискурсындағы прецедентті есімдер – қоғамдықәлеуметтік ортаның семиотикалық таңбасы.

237

Оның бір тобы ақын өмір сүрген әлеуметтік ортаның бойындағы жағымсыз мінез-құлқын терең танып, ақкөз надандықтан туындаған жат қылықтарды өткір сынауына қатысты алынған. Ол туралы Абайтанушы ғалым Р.Сыздықова «Абайдың сөз өрнегі» монографиясында мынадай пікір білдіреді: «Өзге жұрттан ұялып, жұртым деуге арлымын» деген Абай кейбір замандастарын адресін көрсетіп те (Күлембайға, Көжекбайға, Көкбайға, Әсетке, Масақбайға, Дүтбайға...) «улы сия, ащы тілдің» ұшына алады [4, 76]. Ғалымның осы ойын прецедентті есімдермәніменсабақтастырғандамәселеарнасыкеңейетүспек.

Біз бұл атауларды («Күлембайға,... Дүтбайға...») «жалпыдан жалқының бөлініп шығу қызметін атқаратын «тілдік таңба» ретінде қабылдаймыз. Олар қоғамның бір мүшесі бола отырып, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қозғауға «көмектеседі». Ол атауларды тек жалқы есім ретінде, бір ғана тілдік категория ретінде қарау, әрине, когнитивтік талдау мақсаты аясын тарылтып тастар еді.

Олар Абай дәуірінде өмір сүрген, Абайды қоршаған адамдар есімі немесе шығарма кейіпкерінің бірі ретінде ғана қарастырылмау керек. Бұл есімдер – тілдік тұлға тезаурусындағы жай ғана тілдік бірліктер емес, «дискурстағы тағдыры» экстралингвистикалық факторлармен анықталатын, яғни мәдени, әлеуметтік маңыз иеленген лингвомәдени таңбалар. Прецедентті есімдер мен мәтін қатарында қарастырылатын деректерге, Абралыға, Көкбайға, Көжекбайға, Көжекбайға, Күлембайға, Көкбайға, Күлембайға, Әсетке, Оспанға, Оспанға, Әбдірахман науқастанып жатқанда, Әбдірахманға, Әбдірахманға Кәкітай атынан хат, Әбдірахман өлгенде, Әбдірахман өліміне, Әбдірахманға, Оспанға, Дүтбайға өлеңдері және «Ескендір» поэмасы; «Масғұт» дастаны шығармаларын жатқызуға болады.

«Өмірдің өрін тауысып, / Білімсізбен алысқан» ойшыл Абай аты аталған замандастарының кейбіріне сүйінеді, кейбірін қырына алып, сынына нысан ете отырып, «мұндай елден бойың тарт»,– деп кейінгі жасты безіндіреді: «Татулықты, тыныштықты қоңыр көрер, кем көрер, ұрлық пен қулықты қызық көрер», сөйткенде барып «өңі енер» ауылдастарын заманымен қоса (жаманын да) түзетпек болады. Олар: «өсек тасып безектеген» Көжекбай; «әсемсіген» Көкбай; «намаз білмес пақыр» Абралы;

238

«бар малын шығындап» болыс болған Күлембай және тағы басқалары. (Ал Әбдірахман туралы «толық адам» категориясына байланыста жеке сөз болады).

Біз Абай дискурсында прецедентті есім (мәтін) ретінде қызмет етіп отырған кісі аттарына берілген түсінікті қоса ұсынуды жөн көрдік:

Абралы (1839-1920) – Абайдың замандасы, өзі шешен, қалжың айтқыш адам болған. Жұрт сол үшін оны «Сары жорға» атап кеткен.

Әсет Найманбайұлы (1867-1923) – белгілі ақын, әнші болған. Абай төңірегінде болған талантты ақындардың бірі.

Дүтбай Уандықұлы – Тобықтының Көкше деген руынан, Абайдың құдасы. Мінезі тұрақсыз болғандықтан, Абай оны сынап өлең жазған.

Көкбай Жанатайұлы (1863-1927) – Абайдың досы, һәм шәкірті ретінде 1880 жылдан бастап ғұмырының ширек ғасырын ақымен бірге өткізген. Абай өлеңдері әуелі Көкбай атынан айтылып келеді де, 1886 жылдан бастап қана Абайдың өз атымен таратыла бастайды. (Көкбай өз қаржысына мектеп ашып, бала оқытумен айналысқан. «Абылай», «Құлынды» дастандарын жазған).

Көжекбай Жанатайұлы (1847-1916) – Абайдың достас адамы, оның кейбір мінездерін ұнатпай Абай оған арнап өлең жазған.

Күлембай Бозамбайұлы – Абайдың құдасы, Мұқыр еліне болыс болып сайланған.

Ұлы ақын өзекті ойларын өлең арқылы ортаға салады: Тілдік тұлға дискурсында адамның амал-әрекетіне, қоғамдық құбылыстарға баға берілгенде, автордың өмір тәжірибесіне, дүниетанымы мен біліміне сүйене отырып, түйін жасалатыны белгілі. Өз замандастарына Абайдың берген бағасы көп жағдайда қоғамдық сипат иеленді, сол себепті де прецедент есімге жатқызамыз, олар көпке танымал, өз ортасында белгілі бір орны бар адамдар.

«Көжекбайға» деген бір шумақ өлеңі, яғни прецедентті мәтін тұтастай аксиологиялық (бағалауыштық) мәнде беріліп, кейіпкердің адами, сапалық белгілерін айқындауға фон болып тұр. Мысалы, «Жамантайдың баласы Көжек деген, / Әркімге

239

өсек тасып безектеген, / Досын келіп, досына жамандайды, / Шіркінде ес болсайшы сезед», – деген.

Мәтіндегі өсек тасу, безектеу, жамандау, ес болсайшы

деген стилемалар әлеуметтік қайшылық туғызатын қылықтар ретінде қатаң сыналады. Мәтінді негізгі поэтикалық хабарламаны қабылдаудың алдын ала жоспарланған коды дейтін болсақ, «әлеуметтік таңба» иеленген сол семиотикалық белгі, яғни «досының» (Көжекбайдың) оғаш әрекеті – қоғамдық-әлеуметтік ортаның жай-күйін сипаттаушы кодтық мән иеленген.

Абай замандастарын сынай отырып, тәрбиелейді де. Осы тұста назар аудартқымыз келетін бір мәселе: ұлы ақын туындыларын көркем шығарма деп қана қарамай, сол заман ахуалынан хабардар етер құжаттық дүние деп қабылдаса да қисынды. Абай өлеңінің кейіпкерлері – нақты өмірде болған өз тұстасы, замандастары. Олардың іс-әрекеті, тыныс-тірлігі тура сол ақын сипаттағандай дәрежеде. Тіптен, автор (ақын Абай) сол кейіпкерлерін қазіргі әдебиеттану тілімен айтсақ, «типтендіріп» немесе көркемдік деталь іздеп «әуре болмаған». Сол болған күйінде өлеңмен өріп, айтып берген. Аты аталған, прецедентті мәтін иелерінің ой-әлемі, әдет-әдебі, қам-қарекеті – бәрі сол қоғамдық ортаның өлеңмен өрнектелген шындығы. Абайдың философиялық ой-түйіні«жақсы-жаман көргенінен» туған, «өлең шіркін өсекші жұртқа жайған» сыры, немесе, «ішіп терең бойлаған өткен күннің улары» (тырнақшада– Абай сөздері).

Әйтсе де, бұл – көркем шындық, ал көркем шындықтың негізінде қашанда өмірлік шындық жататыны белгілі. «Көркем шындық – жазушы қиялы арқылы екшелген, сұрыпталған, идеологиялық мақсат тұрғысынан бейнеленген шындық. Бұл – өмірлік шындықтың көшірмесі емес... Жазушы үшін шығармашылықтағы ең керекті нәрсе, басты шарт – көзбен көріп, құлақпен есту, қолмен ұстау, факті жетегінде кету емес, материалды эстетикалық тұрғыдан игеру, құбылыстардың жігін ажырату».

...Сөйтіп Абайдың тілдік тұлғасы өмір құбылысын көркем бейнелер арқылы реалистікпен бейнелей алған. Мысалы:

Өзінің досы, шәкірті Көкбай ақынның ұнамаған кей мінезіне – «әсемсіп, сәнсіп, білгенсіп, бәлсіп» тұрғанына налыған Абай: «Керенау, кердең, бір керім, / Жақпайды маған сол жерің» деп ащы достық сынын айтады; (Көкбайға).

240

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]