Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

87

.pdf
Скачиваний:
12
Добавлен:
07.06.2023
Размер:
8.65 Mб
Скачать

Рас, есімі елге елеулі Берікбай Сағындықұлы 2005 жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихаты шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын иеленді. «Қызылорда облысына -70 жыл», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға -70 жыл» құрмет белгісі және «ҚазҰУ-ға -80 жыл» төсбелгісінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері болып табылады.2011 жылы ҚР БжҒМ Инновациялық Еуразия университетінің құрметті профессоры академиялық атағын иеленді.

Бүгінде қос ілімді қос қанатындай аялаған абыз ғалым, абзал ұстаз, ұстаздардың ұстазы атанған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты дінитанымдық зерттеу еңбегін сақи кемелдіктің, бекзат ұстаздықтың, діни ілімпаздықтың ғана көрінісі ғана емес, жалпы халыққа қасиетті Құран сөздерін, ислам ілімдерінің інжу-маржан, жауһарларын түсіндіретін, осы арқылы бүгінгі дүбірлі дүниеде өмір сүріп жатқан еліміздің тыныштығын, қауіпсіздігін сақтауға, жоғарыда айтқанымыздай мемлекеттің дін саласындағы саясатын қолдауға, оны нығарлай түсуге қызмет ететін рухани құндылықтарға толы, бағалы, қозғаушы күші зор ғылыми-публицистикалық стильде жазылған энциклопедиялық сипаты мол, өркениет ісіне үлес қоса алатын маңызды еңбек санатында бағалауға тиіспіз.

Бүгінде абыз ғалым, ұстаздардың ұстазы атанған Берікбай Сағындықұлын мерейтойымен құттықтап, алдағы уақытта да толайым шығармашылық табысқа жетуіне, өзі аялаған отбасының бақытына бөленуіне зор тілектестік білдіреміз.

Баялиева Гүлмира Жарылқасынқызы,

ф. ғ. к., доцент. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қызылорда қ.

ҒАЛАМНЫҢ ҒАЖАБЫ – ҰСТАЗЫМ

Адамзатқа ортақ ұстаз әл-Фараби «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деп теңеу жасаған ұстаздар есімі, олардың жүрген жолы – шәкіртке қашан да ыстық, қашан да аяулы. Ұстазға деген адамның ықылас-пейілі, жан жүрегінен шыққан ұшан-теңіз алғысы – бір күннің жұмысы емес. Ол – талай ғасырлардан келе жатқан құрмет. Ол – айтып жасатпайтын, қолдан істелмейтін мәртебе. Өз ұстазын бағаламаған, білімді құрметтеп, оған әл-қадірінше ілтипат білдіре алмаған пенденің ғылымда нәтижеге жете алмайтыны, жетсе де, оны кәдесіне асыра алмайтындығын қасиетті Құран да айғақтайды. Жердің бар байлығы мен иелігі өзінде болуды армандаған кешегі Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазы – Аристотельді жанынан артық бағалағанын, хан Абылайдың үлкен биіміз – Төлені ардақ еткенін, Шәкәрім атамыздың – біртуар Абайды қалай сыйлағанын, Жамбыл бабамыздың – Сүйінбайды пірі тұтқанын еске алсақ, ұстаздың қандайлық құрмет пен атақ-даңққа лайықты екендігіне бірден-ақ көз жеткіземіз.

Ескі аңыздар бойынша «басында мүйізінің бар екендігін ел біліп қоймасын» деп, талай шаштаразды әп-сәтте мерт қып отырған, алдына да, артына да ешкімді келтірмеген сол Ескендір ұстаз алдында ғана бас иген. Сондықтан да оның: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деуі – тарихи шындық. Міне, ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ақын Абай ұстаздың адам, нақтырақ айтқанда, бүкіл адамзат білімі мен тәрбиесіндегі нық орнын шегелеп берді. Ал қазақтың арда ұлы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мүғалімдікі» деп айтып кеткен сөзінің мәні де, мағынасы да мәңгілікке құнын жоғалтпақ емес.

Ұстаз. Аяулы да, ардақты есім. Бұл – жәй айтыла салған сөз емес. Себебі, сенің өмір жолыңды таңдауға септігі тиген, сенің бар болмысың мен біліміңді, өміріңе қажеттіні үйреткен жанға сөз жәй ғана айтыла салмайды. Ол сенің жан жүрегіңнен, көңіл түкпірінен шығады, ол туралы ойлағанда бойыңды әсем күй билеп, бүкіл өне бойың ән салғысы келеді...

«Ұстазым менің, ұстазым, Өзіңмен өткен қыс-жазым...». Сен ғана емес, бар әлем саған қосылып ән айтып, билегісі кеп

тұрғандай...

41

Иә, бүгінгі күні қалай ағымыздан жарылып сөйлесек те, қалай ақтарыла тілек айтсақ та жарасады. Оған үлкен себеп бар. Бүгін – тек «ұстазым» деп үлгі тұтып, мақтанатын шәкірттерінің ғана емес, исі қазақтың оның осылай аман-есен сексеннің салтанатын көруді Алла нәсіп еткен ағайымыз Берікбай Сағындықұлының мерейтойы.

Мен де – миллион шәкірттің бірімін. Сонау 1985 жылы арман қала – Алматыға бар ынтажігерімізді арнап, оқуға деген жастық құлшыныспен келгенімізде, алдымыздан әкеміз бен анамыздай боп, қарсы алған ұстаздар бейнесі мен тәлімді тәрбиесі, өнегесі көкіректе әлі сайрап тұр.

Сол кездегі С.М.Киров атындағы қара шаңырақ – Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, ұлттың мен деген тұлғалары, ұстаздарымыз З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Т.Сайранбаев, Х.Кәрімов, С.Мырзабеков, Б.Сағындықұлы, Ж.Дәдебаевтардан білім алғандығын кім айтып, мақтанбас? Әрине, сол кісілердің алдын көріп, қазір өзіміз де соларға ұқсап бағуға тырысып жүргенімізді Хақтың берген бұйрық-сыйындай көреміз.

Берікбай ағай Сағындықұлының алғаш сабақтарына қатысқан кезімізді еске алсам, балалығымыз ойыма келіп, еріксіз езу тартам. Ол кісі бізге «Лексикология» пәнінен дәріс оқыды. Ағайымыз аудиторияға кірген кезде шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнайтын. Демімізді ішімізден алып, ұстаздың әр айтқан сөзін сілтідей тынып, тыңдайтынбыз. Бақсақ, ағай тек білім беруге келгенде ғана ұстанымы жоғары, талабы биік екен де, былайша өмірде балажан, ақкөңіл кісі болып шықты. Талай баланың шамшырағын жағып, қолымен білім мен ғылымның шыңына жетелеген ұстаз еңбегінің өтеуі ешқашан да ештеңемен өлшенбейтіндігін қазір сезініп, біліп-қанығып жүрміз.

Берікбай Сағындықұлының түркітанудағы еңбегі ерекше екендігін күллі қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен тарихын жете білетін, зерттеп жүрген көзі қарақты ғалымдар ғана емес, былайша оқырман да жақсы біледі. Ағайдың ғылым саласындағы ең бірінші бағыты – түркология, екінші бағыты – көне түркі, ескі түркі, орта түркі жазба ескеркіштерін халық игілігіне айналдыру болса, үшінші ғылыми бағыты – қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы, ал төртінші бағыты – теология. Осы сан қырлы сан саланы зерттеп, адами биік сана-сезіммен кейінгіге мұра етіп қалдырудан жалыққан емес. Тынығуды білмейтін не өз еңбегіне төлем сұрамайтын нағыз ғылым иесі екендігін дәлелдеп келеді.

«Түркітану» деп айдар тағылып, қаншама жылдар бедерінде талай ғалымның бағын ашып, әйгілі еткен, оның есесіне талайдың жастық шағы мен көз майын тауысып, ұрлаған осы бір қиын ғылыми жолда өз шәкірттеріне тек адалдық, ғылымға деген өлермендік үлгісін көрсетіп келе жатқан Берікбай Сағындықұлының ерен еңбегі ештеңемен де өлшенбейді. Сол ғылымға шын берілген ұстаз Берікбай Сағындықұлының жетекшілігімен қаншама шәкірт ғылым жолындағы өз таңдауын жасап, «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» кредосын дәлелдеп жүр.

Көп шәкірттің қатарында маған да түркі дүниесінің көне жазба ескерткіштерінің тілін зерттеу бағытының бақыты бұйырды. Көне жазба ескерткіштердің ұлт руханияты үшін құндылығы мен баға жетпес рөлін анықтауға сәл де болса септігім тисе деген адамдық арман қанатында диплом жұмысын қорғап, содан соң кандидаттық жұмыс жазу бұйырғандығына өзімді бақыттылардың қатарынан санадым. Сол студенттік кезден бастап, біздің әрбіріміздің алған тақырыбымызға ерекше ынтамен жіті қарап, өз білгенін айтудан, үйретуден жалықпаған ағайымыздың еңбегінің қандай адал екендігін ойласам, жүрегім елжіреп кетеді. Шәкірттеріне жігер оты мен бойларына салмақты да сабырлы мінез ұялата отырып, ғылым жолының қаншалықты ауыр да қызықты, таптырмас мәңгілік қазына екендігін де ағайымыз үнемі көкейімізге құятын.

Ғалым «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегінде: «Ғылым – Алла тағаланың ұлық аттарының бірі» деген еді. Сонымен бірге ол тағы да: «Құдайдан қорқып, адамдардан ұялатын дәрежеге жету – оңай іс емес» деген болатын. Міне, өз сөзінің үдесінен шығып, ұстаз Тәңірі алдындағы адалдықтан аттамай, Құдайдан қорқып, адамдардан ұялып қана қоймай, әр қазақ үшін ұялатындай ұяты күшті шәкірттерді тәрбиеледі. Өз өмір жолында ешкімнің намысын таптамай, кәсібіне адал, жүрген ортасына сыйлы болды. Сол сыйымен сексенге келді. Ағай айтқан адалдық, ағай айтқан қазақ тілі мен тарихы мәңгі ұмытылмастай есімізде қалды. Алла берген денсаулық пен сол тағылымды ұстаздардан алған білім мен терең ғылымның арқасында қазір өзіміз де шәкірт тәрбиелеп, сол сара жолмен жүріп келеміз.

Бала оқытқанның бәрі ұстаз емес. «Ұстазым» деп шәкірті жан жүрегінен шығарып айтса ғана, сол ұстаз болмақ. Бар болмыс-бітімімізбен сол кісіге ұқсағымыз келіп, содан бар көргеніміз бен білгенімізді, естігеніміз бен үйренгенімізді өзіміз де шәкірттерге айтқымыз кеп тұратындықтан, ол

42

кісіні шынайы құрмет тұтып, жақсы көретіндіктен Берікбай Сағындықұлын «ұстазым» деп мақтан тұтамыз. Осындайда мына бір әңгіме есіме түседі: «Өзіне қайта-қайта сәлемдесе берген оқушысына ұстазы: «Кездескен сайын сәлемдесесің, жаңа ғана сәлемдесіп едік» депті ұстаз. Сонда шәкірті: «Жақсы адамға кездескен сайын сәлем бергім келеді» депті».

Кездескен сайын амандығын тілеп, көрген сайын сәлемдесе бергің келетін жақсы адам – ұстазымыз Берікбай ағайдың бүгінгідей мерейтойында оған бар жақсылық пен сәттілікті, ғибратты ғұмырының ұзақ, денінің сау болуын, қайрат-қуатының кемімей, шәкірт тәрбиелеудегі, ғылымдағы даңғыл жолының мәңгі болуын тілейміз! Тіл білімінің телегей-теңізін тебіренте беріңіз!

Оданова Сағира Амангелдіқызы,

ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

Абдуманапова Жұлдызай,

Магистр-оқытушы

АДАМЗАТ ПЕН ҒАЛАМЗАТТАНУШЫ ҒАЛЫМ

Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады.

Абай Құнанбайұлы. Отыз сегізінші қара сөз.

Адам мәселесі сонау орта ғасыр философиясынан бері шешімін таппай келе жатқан, сыртқы қалыбы қаланса да, ішкі күйі белгілілік пен белгісіздіктің бел ортасында тұрған аксиома іспетті. Антропологиялық философия өкілдері – М.Шелер, Х.Плесснер, Э.Ротхаккер, А.Гелен және М.Ландман сияқтылар аталған мәселенің шешілуіне өз бетінше зерттеулер мен тұжырымдар жасап, айтарлықтай үлес қосты. Бұл кезеңнің ең ірі әрі беделді өкілі М.Шелер философия айналасындағы күллі мәселелерді бір ғана «адам» дейтін сұраққа сыйғызды. Ал негізгі зерттеу объектісі «адам» болып, ой-толғаныстары мен философиялық пайымдауларына адамды арқау етіп, өз болмысы мен шығармашылық бағытын адам бойынан тапқан қазақ философтарының бірегейі Абайдың да (Ибраһим) көздегені адамды барынша жоғары деңгейге жеткізу болды. Халқына «Адам бол!» деп үндеу тастаған ұлы ойшылдың ұят, иман мен ар мәселесін қозғау жолындағы ізденістері философтың инсани қасиеттерді бірінші орынға қойып, халық тағдырын, ұлттың рухани күйі мен құндылықтар бастауын адамға тірегені даусыз. Қазақ философиясы мен ұлттық дүниетанымның басында тұрған философиялық лириканың ұстасы Шаһкәрім Кұдайбердіұлының да бұл тұрғыда айтары мол болды. Оның «Қазақ айнасы», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шешіресі» сияқты еңбектерінде адамның дүниетанымдық тұстары мен қоғамдық сана, әлеуметтік және адамзаттық даму мәселелерін алға тартты. Ол өзінің «Үш анық» еңбегінде: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ», - деген.

Алла әуелі Адам ата мен Хауа ананы жаратқаны аян. Содан кейін ғана адамзат тарихы бастау алып, ғаламдық, қоғамдық дамудың негізі болған адамның өзін-өзі, әлемді танып, білу үдерісі жүре бастады. Дәл осы үдерістерді әлі күнге жалғастырып, әлемді, адамды танып қана қоймай, жұртшылыққа танытып жүрген жандардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, түрколог, теолог, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Берікбай Сағындықұлы. Ғылымның сан саласында ерен еңбек етіп, әр салада да айтары көп ұлт ұлының бүгінгі мақаламызға елтанымдық, дінтанымдық, адамтанымдық бағытын бағдар етпекпіз.

Сексеннің сеңгірі ғана емес, ғылым мен адами сеңгірдің ұшар басына шыққан Берікбай Сағындықұлы қаршадайынан-ақ ауыл ақсақалдарынан дінтанымдық әңгімелер мен қиссаларды қызыға тыңдап, бала шақтан болашақтың негізін қалады. «Көкалташ» медресесін бітірген бірқатар

43

ірі ғұламалардан сабақ алып, тіл білімінде ғана емес, дін білімінің айдынында да еркін қалықтап, сусындауға машықтанды.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек». Ұлт философы Абай бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) қашық, бес асыл іске (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) асық болуды насихаттаса, Берікбай Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» атты қиссалар жинағында адамзатқа уақыттан адаспай, көксегеніне жетудің 5 түрлі логикасын меңгеруді ұсынады. Олар: адами логика; ғалами логика; ислами логика; рухи логика; Ладуни логика. Мұндағы Ладуни логика деп отырғанымыз Алла тағаланың өз логикасы, яғни мүлде қателеспеудің жолын ұстану, - деп түсінік береді ғалым. Әрине Ұлы Жаратушының логикасын меңгеру пенделерінің қолынан келмес, десе де, Хақ тағаланың қасиетті кітаптарын меңгергендер үшін бұл логиканың ауылы алыс емес.

Антропология философиясында адам туралы ғылым екі үлкен топқа жіктеледі: фәнилік дүние ғылымы және бақилық дүние ғылымы. Фәнилік деп отырғанымыз – дәл қазіргі біз өмір сүріп жатқан әлем де, бақилық дегеніміз – бұл дүниеден өткеннен кейінгі әлем, мағынасы «мәңгілік» дегенге саяды. Ал мәңгілік әлемнің қайнар көзі рухта. Ғалым адамның денесі үш бөліктен: жан – дене – рухтан тұратынын атап, оның ішінде негізгі қызмет рухқа тиесілі екендігін түсіндіреді. Батыстың ортағасырлық философиясында да адам денесінің дәл осы аталған үш бөліктен құралғандығы айтылады. Ғалымның айтуына сүйенсек, Алла адамзатқа 999 қасиет берген. Адам бойында 999 түрлі жақсы қасиетпен қатар, 999 жаман қасиеті бірге дамып отырады екен. Олардың 900-і дене қасиеттері болса, 99-ы рух қасиеттері. Рух қасиеттерінің саны аз болғанымен, арқалаған жүгі ауыр, атқарар қызметі орасан. Рационализмнің негізін салушы философ Рене Декарт: – Жаңа уақытта адам ерекшелігі зердеде, ойлауда, рационалдылықта. Жанның айқын мазмұны – сана, – деп өзінің қоғам мен адамның байланысы туралы қорытындысын жасады, – жаңа уақыт философиясының бастапқы нүктесі – ойлаушы субъект, зерделі адам. Санаға артылатын салмақтың маңыздылығы сол, адамды қоршаған ортадан, табиғаттан, тіпті адамды адамнан ерекшелеп тұратын дүние – оның рух дейтін құндылығы арқылы берілетін сана.

Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев екі жыл бұрын өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялай отырып, халық өміріне маңызды бетбұрыс енгізіп, қараша халық қазіргі таңда қайта түлеудің бастапқы сатыларынан өтіп, жаңғырудың үлкен алаңына қадам басты. Мақалаға адам санасының, қоғамдық сананың қайта жаңғыруы, ескінің құндылығын сақтай отырып жаңаруы, жаңаның бүгінгі күн ағымындағы өзгерістер һәм өзгешеліктермен үндесу мәселесі тірек болған-ды. Бағдарламаның «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабына» Джон Локктың «Азаматтық басқару туралы трактат», Готфрид В.Лейбництің «Адам ақыл-ойы жөніндегі жаңа тәжірибелер», Жан-Жак Руссоның «Адамдар арасындағы теңсіздіктің шығу тегі мен негіздері туралы толғам», Огюст Конттың «Позитивті рух жөніндегі пайымдау» сияқты адамзаттық тақырыптағы еңбектер енген. Еңбектердің атауларынан-ақ белгілі, адам ой-санасының даму барысында өткеретін кезеңдері мен ондағы тәжірибелер жайлы сөз болған. Айтпағымыз – Берікбай Сағындықұлы Еуропаның ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген философ, ғұламаларының айтқандарына барабар келетін, солардан кем түспейтін ой-толғамдар мен субъективті көзқарас, пікір білдіріп, қазақ қоғамының, жалпы адамзат қоғамының пайда болуынан бастап, қалыптасу кезеңдерін нақтылап, даму сатыларын жік-жікке бөліп берді. Қазақстанның қазіргі, ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру мәселелерін ғалым өз зерттеуерінде ертеректе-ақ сөз етіп үлгерген болатын.

Әлқисса, ғалымның Адам атаның кемеліне келіп, толысқан мүсіні жайлы айтқан мына бір әңгімесінде былай делінген: «Бір күні Әзәзіл қасындағы бір топ періштелерімен бірге бұл суретті көру үшін келді. Шаһарстан денені көрді. Жер жүзінде, барлық аспанда, пейіш пен тозақта, Ғарыш пен Күрсіде, Лаух пен Қаламда не көрсе, бұл денеден соларды көрді. Тіпті ұмытып қалған ғажайыптар мен тамашаларды қайта көріп қайран қалды. Алла тағаланың Адам ата денесі арқылы Әзәзілге көрсеткен ғажаптары адамның ішкі жан дүниесі еді». Кемелденудің көгіне өрлеп, бүгінде адамдық пен ғалымдық қасиеттерін ұштастыра отырып, кемеңгерліктің көк байрағын нық қадап, ғаламдық құпияға толы жаңалықтардың жаршысы сексеннің сеңгіріне дейін ой түлетіп, халқына мәңгілік мұра жасау ісімен айналысты. Адам атаның болмысында көрінген адамның ішкі жан дүниесін ғалымның ішкі әлемі деп айтсақ артықтық етпес. Себебі күллі пенденің ішкі дүниесі болары сөзсіз. Алайда бәрі бірдей ғажапқа тола бермейді.

44

Ғалым қиссаларының бірінде «батин көз» тіркесіне анықтама береді. «Батин» араб тілінде «ішкі» деген мағына береді. Керемет, құдіретті адамдардың батин көзі ашылады екен. Біз жиі қолданатын «көкірек көзі» тіркесімен мәндес, мағыналас. Батин көз бен жай көздің айырмашылығы жер мен көктей, - дейді ғалым. Батин көзге ғарыш, жер жүзі, жерасты толық көрінеді екен. Берікбай ағамыздың бұған дейін жасаған еңбегі мен зерттеулерінен оған «батин көзі» / «көкірек көзі» ашылған ғұлама деп айтуға айғақ жетерлік. Яғни ғалымның өзі сөз еткен тіркестен өз бейнесін көре аламыз.

Ғалым-ақсақалдың ғибратлы 80 жылдық ғұмырында шықпаған шыңы, бағындырмаған биігі, жетпеген жетістігі жоқ шығар, сірә. Гуманитарияның қай саласында да қалам тербеп, қаламының қарымды, санасының сан қырлы екенін дәлелдеген ұлт ұлығы өмірін ғылыммен өріп, дүнияуи мәселелердің, ғылыми пайымдаулар мен қорытындылар жасау барысында жолыққан қандай да бір күрмеуі қиын түйткілдің түйінін математикалық формулалармен шешіп отырды.

Отбасында алып бәйтеректің діңін ата-анаға теңесек, ата-анадан тараған үрім-бұтақ сол бәйтеректің жапырақтары мен бұтақтары іспетті. Ал ғылымдағы бәйтеректің діңгегі ұстаз да, ұстаздан тараған шәкірттер бәйтеректі мәңгі жасартып, көркіне көрік, салтанатына сән беретін бұтағы һәм жапырағы тәрізді. Берікбай Сағындықұлы – бұл екі түрлі миссияның екеуін де сәтті орындаған, әлі де орындап келе жатқан алып бәйтерек. Оның перзенттері мен шәкірттері күні бүгін бір-бір ғалым, ұлтын сүйген, ұлты сүйген бір-бір абзал азамат. Қазақтың маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдызы, Жаратушы хақтың сүйікті пендесі, ғалымның өзі айтқан Алланың мұғжизалары мен құдірет, кереметтерінің бірі – Берікбай Сағындықұлы ғаламның ғаламат сырларын халыққа мағлұм ете келе, өзінің де ғажайып қырларына қанық қылды.

Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады. Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны, –

демекші, тектілігін сақтай отырып, «Шын асылды тот баспайды» дегенді тағы да дәледей түсті. Оның адамзат пен ғаламзат жайлы толғаныстары мен тұжырымдарынан «ХХІ ғасыр философы» деп атауымызға әбден болады. Бүгінде мерейлі жасты еншілеген еңселі тұлғаға асқақ абырой, ғылымның машақаты мол, ауыр жолында зерделі зерттеулермен өрнектелген өнегелі өмір тілейміз.

Әлем мифологиясында бәйтерек ағашы мифтік үш қабатты: әлемді, жерді, жерастын тік бағытта жалғастырып тұрады деп айтылады. Ендеше бұл зәулім бәйтерек теолог Берікбай Сағындықұлына арналған метафора деп айта аламыз. Алып бәйтерек биіктей берсін.

Қолданылған әдебиеттер:

1.Б. Сағындықұлы. Бір адам – бір мемлекет. «Өзіндік таным», №2, 2004.

2.Б. Сағындықұлы. Ғаламның ғажайып сырлары. – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1997. -296 б.

3.Реми Хесс. Философияның таңдаулы 25 кітабы. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018

жыл. -360 б.

4.Н.Ә. Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. «Егемен Қазақстан», 12 сәуір 2017.

45

Куркебаев Кенжетай К.,

ф.ғ.к., Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

БЕРІКБАЙ САҒЫНДЫҚҰЛЫ - «ҺИБАТ-УЛ ХАҚАИЙЫҚ» ДАСТАНЫНЫҢ

КӨРНЕКТІ ЗЕРТТЕУШІСІ

Қазақ тіл білімінің аса көрнекті ғалымдарының бірі, профессор, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлы ағамыз бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр.

Берікбай Сағындықұлы - танымы терең, тағылымы мол, өз ұлтына, өз тарихына, Ұлы Дала жұртының тамырын ғасырлар қойнауынан тартар асыл қазынасы ана тілінің болмыс-бітіміне күллі ғұмырын арнаған көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз.

Профессор Б. Сағындықұлының тіл біліміндегі ғылыми зерттеу бағыты сан-салалы және көп қырлы. Соның ішіндегі құнарлы да ауқымды саласы тіл тарихы.

Профессор Б. Сағындықұлы тіл тарихы бағытында дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың түпкітектеріне (архетиптерін) түркі жазба ескерткіштері мен бүгінгі түркі тілдері жүйесімен сабақтастыра отырып негізін айқындап берді. Сонымен қатар сіңісу, жылысу, ығысу құбылыстарын, сингармониялық варианттар мен параллельдерді ғылыми айналымға алғаш түсірген түркітанудағы танымал ғалымдардың бірі.

Әсіресе ғалымның ерекше ден қойып жаңа және тың ғылыми теория ретінде ұсынып жүрген мәселесі түбіртек теориясы. Түркологияда алғаш рет тілдік бөлшек – түбіртек (силлабофонема) бар екендігін ғылыми негізде саралап көрсетті. Бір ғана дауысты мен бір ғана дауыстының тіркесінен тұратын бұл тілдік бөлшек міндетті түрде я лексикалық, я грамматикалық мағынаға ие екенін әлемдік тілдердің мысалдары негізінде тұжырымдап көрсетті.

Профессор Берікбай Сағындықұлының ғылыми кредосындағы үлкен бір айтулы ғылыми бағыт орта ғасыр жазба ескерткіштерінің тілін зерттеуі.

Жазба ескерткіштердің түпнұсқасы мен көшірме үлгілерін салыстырып ерекшеліктерін айқындау, лингвотекстологиялық тұрғыдан сөзбе-сөз және мағыналық аударма жасау, толық лексикалық мағынаға ие жеке сөзбен грамматикалық тұлғалардың арақатынасын саралау сияқты тіл тарихындағы күрделі мәселерді кәсіби тұрғыдан игеру ғалымның шынайы ғылыми кредосын айғақтайды. Орта ғасыр түркі жазба ескерткіштерінің тіліне арналған «Һибат-ул хақаийық», «Мухаббат-наме», «Алтын Орда ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» сияқты іргелі еңбектердегі кешенді ғылыми талдаулар осының айқын дәлелі бола алады.

Енді осы бағыттағы сүбелі еңбек Ахмед Иүгінекидің «Һибат-ул хақаийық» шығармасын зерттеуі туралы тоқталатын болсақ.

Қарахандар дәуірінде жазылған Ахмед Иүгінекидің «Һибат-ул хақаийық» (Ақиқат сыйы) дастаны - өз дәуірінде көркем тілмен жазылған адамгершілік пен парасттылық, этика мен мораль, сараңдық пен жомарттық сияқты мәселелерді сөз ететін ортағасырлық жазба ескерткіш.

Бұл ортағасырлық жазба ескерткіштің ғылыми кеңістікте алты түрлі нұсқасы сақталған. Түркітану ғылымында Ахмед Иүгінекидің «Һибат-ул хақаийық» дастанын біршама ғалымдар ғылыми айналымға түсірген. Түрік ғалымы Неджип Алым, отандық түркітанушы ғалымдардан В.Радлов, Т.Ковальский, И.Дени, Қ.Махмудов ескерткіштің жалпы сипаты мен өзіндік ерекшеліктеріне арналған ғылыми сараптамалар жүргізген.

«Һибат-ул хақаийық» дастанын ғылыми тұрғыдан жан-жақты саралап көрсеткен көрнекті түрік ғалымы Рашит Рахмати Арат болды. Ол ескерткіштің бірнеше нұсқасының мәтіндеріне текстологиялық зерттеу жүргізіп транскрипциясын жүйелі жасаған ғалым.

Қазақ тіл білімі ғылымында Ахмед Иүгінекидің «Һибат-ул хақаийық» (Ақиқат сыйы) дастанының жан-жақты, әрі кешенді зерттелуі - филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы тіл тарихының аса көрнекті ғалымы Берікбай Сағындықұлы есімімен тікелей байланысты.

Орта ғасырлық жазба ескерткіштердің білгір ғалымы «Һибат-ул хақаийықтың» 1444 жылы ұйғыр жазуымен көшірілген бірінші (А) нұсқасын, 1480 жылы Шейхзада Абдур-Раззақ көшірген екінші (Ә) нұсқасын, қашан, қай жерде, кім көшіргені белгісіз, араб жазумен сақталған үшінші (Б) нұсқасын өзара салыстыра отырып кешенді лингвистикалық және текстологиялық талдау жасаған.

46

Мәселен зерделі де зерек кәсіби түркітанушы Берікбай Сағындықұлы бұл жазба ескерткіш мәтініндегі (А) және (Ә) нұсқаларындағы 512 өлең жолдарына сөзбе-сөз аударма жасайды. Ал (Б) нұсқасындағы 494 бәйіттің сөзбе-сөз аудармасы мен мағыналық аудармасын саралап көрсетеді. Осы (Б) нұсқасының басқа нұсқалардан текстологиялық ерекшеліктері ғылыми негізде дәйектейді.

Лингвотекстологиялық ұстаным тұрғысына бұлай саралау мәтіннің мазмұндық-құрылымдық жүйесіндегі жекелеген сөздер мен грамматикалық тұлғалардың салыстырылып отырған нұсқадағы сөздердің түбірі мен қосымшасын, фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ұқсастықтары мен айырмашылықтарын өз дәрежесінде айқындауға мол мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жазба ескерткіш мәтініне жүргізілген мұндай талдаулар бүгінгі туыстас түркі

тілдеріндегі осы типтес сөз құрамындағы

түбір мен туынды түбірге, жұрнақ пен жалғауға,

қаншалықты дәрежеде сәйкес келетіндігін

ажыратуға өз кезегінде көмегін тигізетіні сөзсіз.

Яғни бұл дегеніміз - ортағасырлық жазба ескерткіштер мәтіні мен қазіргі заманауи түркі тілдер жүйесіндегі тарихи сабақтастықты байланыстырудың әрі ұтымды, әрі пайдалы тәсілі.

Кәсіби түркітанушы Берікбай Сағындықұлының бұл ескертікшті зерттеудегі қомақты табыстарының бірі автордың ежелгі түпнұсқа вариантын қалпына келтіруді мақсат тұтуы. Бұл мақсатты жүзеге асыруда жазба ескерткіш мәтініне төмендегідей зерттеулер жасаған.

Көне ұйғыр жазумен көшірілген екі нұсқаның көне және жаңа жазу дағдысымен жазылғандығын айқындай отырып, басы артық таңбалар қолданылғанын жүйелі түрде көрсетеді. Қолжазба нұсқалардағы қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздардың өзара орын алмастырып жүйесіз көшірілген тұстарын да айырықша нақтылап береді.

Жазба ескерткіш тілінің лексикалық құрамына да зер салып, ежелгі түркі сөздерінің семантикалық сипатын айқындауды нысан еткен. Көшірмешілер тарапынан өзгертуге көп ұшыраған қыпшақ сөздерінің түпнұсқа тұлғасына назар аударып, олар әрі көне, әрі түсініксіз болғандықтан олардың орнына сол дәуірдің актив лексикасы ретінде қолданылған оғыз сөздері мен араб-парсы кірме сөздерінің енгізілгенін лингвотекстологиялық сараптаулар нәтижесінде айқындап көрсетеді. Тіпті көшірмешілер кейбір бәйіттердегі сөздер мен сөз тіркестерін түсіне алмағандықтан, сол бәйітті тыңнан өздері құрастырып енгізіп жіберген тұстары да кездесетінін нақты мысалдар негізінде айққындап береді.

Профессор зерттеуші тарапынан «Һибат-ул хақаийық» ескерткішінің толық нұсқадағы сөздігі жасалды. Мәтіндегі сөздердің түрікше-қазақша сөздігін бір бөлек, араб және парсы элементтерінің қазақша аудармасын бір бөлек лексикографиялық заңдылықтар мен ұстанымдар негізінде құрастыра отырып жіліктеп көрсетті.

Берікбай Сағындықұлының тың тұжырымының бірі ортағасырлық «Һибат-ул хақаийық» дастанының тілі түркітану ғылымында қарлұқ-ұйғыр тілінде жазылған ескерткіш ретінде тұрақталған еді. Алайда үш нұсқасына жасалған лингвотекстологиялық ғылыми сараптама нәтижесіне сүйене отырып, автор бұл ескерткіштің тілі оғыз-қыпшақ тілінде жазылған деген тың ғылыми тұжырым жасайды.

Профессордың бұл ескерткішті зерттеудегі тағы бір құнды жетістігі – дастан авторының төл туындысының ежелгі қалпын орнына қайта келтіру бағытындағы өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде түпнұсқаға барынша жақындайтын сыни мәтін (критический текст)құрастыруы.

Сөзімізді түйіндей айтқанда, профессор Берікбай ағайымыз ұзақ жылдардағы үздіксіз ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында ғылым әлемінің биік белестеріне көтерілді.

Құрметті Берікбай ағай, осы шыққан биігіңіз аласармасын, қажырлы еңбегіңіздің жемісін жеп, шығармашылық шабытыңыз шарықтай берсін, жүз жасаңыз қазақ тіл білімінің қабырғалы қайраткері !

Әдебиеттер

1.Сағындықұлы Б. «Һибат-ул хақаийық» нұсқаларының (ХІІ) қолданбалы мәтіні. І том. – Астана, 2018. -332 б.

2.Сағындықұлы Б. «Һибат-ул хақаийық» нұсқаларының (ХІІ) қолданбалы мәтіні. ІІ том. – Астана, 2018. -312 б.

47

Сүйерқұл Ботагөз,

ф.ғ.д., А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, доцент

Раева Гүлзат,

ф.ғ.к., Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық университетінің доценті;

.

ТҮРКІТАНУ САЛАСЫНЫҢ АБЫЗЫ БЕРІКБАЙ САҒЫНДЫҚҰЛЫ 80 ЖАСТА

Қай ғылымның да пайда болу, өсу, жетілу тарихы бар. Ғылымның даму жолдарын анық білу үшін, оның өркендеу кезеңдеріндегі ғалымдардың еңбектерін, қосқан үлестерін, сала тарихында алатын орнын білу маңызды. Бұл ғылымдағы қол жеткізілген табыстарды анықтау үшін ғана емес, оның келешегіне дұрыс бағыт сілтеу үшін де қажет. Сондықтан да дамыған елдерде ғылым тарихын зерттеуге ерекше мән беріледі. Ал ғылым тарихы ғалымдардың еңбегімен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, тіл тарихы мен теология салаларының білгірі, көрнекті ғалым Берікбай Сағындықұлының еңбектері түркітанудағы соны жаңалықтардың бастамасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қазақ және түркі тілдерінің тарихын зерттеудің негізгі перспективалық бағыттарын да айқындап берді. Бұған профессор Б. Сағындықұлының ғалым ретінде ұстанған ғылыми бағыттары айқын дәлел бола алады. Ғалым бар күшін сарп етіп, гүл шырынын жинаған бал арасындай көп ізденді, жарты ғасырдан астам уақыт бойы тіл тарихымен арнайы шұғылданды, сондай табандылықпен, ыждаһаттылықпен қол жеткізген жемісті еңбектері бүгінде түркітану ғылымының төрінен лайықты орнын алып отыр. Тіл тарихына қатысты соны жаңалықтарды ғылыми қауымға ұсыну, ғылыми тұжырымдарымен бөлісу, оны дәлелдеуді өмірлік ұстанымына айналдырған Берікбай Сағындықұлы өзіндік қорытындыларын, ғылыми негізделген тың идеяларын зерттеушілерге, ізденушілерге де дарыта білді. Нәтижесінде түркі тілдерінің тарихына ден қойған, тілдің тылсым сырларына аса қызығушылық танытқан қазақ зерттеушілерінің қатары да толықты. Ғалымның ақыл-кеңесімен үлкен ғылымға жол тартқан шәкірттері А. Салқынбай, С. Мұрат, Р. Досжан, Ғ. Хасанов сынды ғылым докторлары, көптеген ғылым кандидаттары бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүр. Түркітануда өзіндік мектебін қалыптастырған, шәкірттерін жүгі ауыр, қиын да қызықты салаға бейімдей білген ұлағатты ғалым Б. Сағындықұлы бүгінде PhD докторларды, магистранттарды даярлау арқылы, тілдің көне тарихын зерделеуге, сөйтіп руханиятымыздың өркендеуіне де үлесін қосып, қажырлы еңбек етіп келе жатыр.

Ғалым Б. Сағындықұлының қалам тартқан салалары сан қырлы. Тілдік категориялардың бірі «сөз» және «мағына», сөз мағынасының кеңеюі, сөз семантикасының тарылуы тәрізді күрделі тілдік үдерістердің себептерін, сипаттарын терең түсінгісі келетін зерттеуші үшін Берікбай Сағындықұлының “Қазіргі қазақ тілі. Лексикология” (2008) атты оқу құралы – үлкен ықыласпен қабылданатын еңбек. Онда Б. Сағындықұлы лексиколог ғалым ретінде лексикалық мағынаның түрлену жолдарын, логикалық категориялар мен тілдік категориялардың арақатынасын ғылыми тұрғыдан негіздеп берсе, ұзақ ізденіс, терең ой мен ұшқыр логиканың ұтымды шегінде туындаған «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты монографиясы түркі тілдерінің тарихи фонетикасы, лексикологиясы мен грамматикасында түрлі көзқарастар мен талас тудырған көптеген теориялық мәселелердің шешіміне жауап беретін, ғылыми тұжырымдары бұлтартпайтын нақты тілдік деректермен дәйектелген шын мәніндегі маңызды да күрделі еңбек болды. Аталған еңбек «Сөз құрамындағы тарихи фонетикалық өзгерістер», «Байырғы түбірлер мен қосымшалардың дамуы» деп аталатын үлкен екі бөлімнен, төрт тараудан тұрады. Монографияның «Сөз құрамындағы тарихи фонетикалық өзгерістер» атты бөлімінде бір ғана мағына беретін, бірақ сөз басында әртүрлі дауыссыз дыбыстармен айтылатын түркі тілдеріндегі вариантты сөздердің тарихи даму, қалыптасу жолдары қандай деген сұрақтарға жауап қайтарылады. Шынында да, мысалы, бір ғана «жол» деген сөздің оғыз, қарлұқ тілдерінде йол, қыпшақ тілдерінде джол/жол, алтай тілдерінде тйол/дйол, тува, хакас, шор тілдерінде «чол», якут тілінде «суол» түрінде дыбысталуы бүткіл түркітанушы ғалымдардың назарын аударды, бірде сөз басында «й», бірде «дж/ж», енді бірде тй/дй, с/ч дыбыстарының қолданылу себебін ширек ғасырдай зерттесе де ғалымдар шешімін таба алмаған-ды. Өзге сәйкестіктерге қарағанда түркі тілдерінде көп сөздерді қамтитын й~дж~ж~т~д~ч~ш~с~з ... сәйкестіктерінің шығу төркінін анықтауда ғалымдар бірнеше бағыт ұстанған болатын. Мысалы, В.Радлов, В.А. Богородицкий, Н.З. Гаджиева, Э.Р. Тенишев

48

сынды көрнекті ғалымдар бұл сәйкестіктердің бастапқысы й десе, Г.И. Рамстедт пікірін жақтаушылар Н. Поппе, Й. Маркварт, Г. Дерфер дж/д аффрикатына негіздеді, ал Ш.Қ.Ақбаев, Ф.А. Абдуллаев сияқты ғалымдар аталған басқы позицияда қатаң ч аффрикаты болды деген ойды айтса, А.М. Щербак бастапқы деп тапқан *з дыбысының түркі тілдерінде ауысып, сәйкесе даму жолын көрсетті. Зерттеу бағыттарынан аңғарылатындай, түркітанушы ғалымдар аталған сәйкестіктің түпкі тегі жөнінде біржақты, қорытынды пікірге келе алмады. Түркі тілдеріндегі сөз басындағы й~дж~ж~т~д~ч~ш~с~з ... сәйкестіктерінің бір емес, бірнеше аффрикаттардан пайда болғандығын алғаш дәлелдеген қазақ білімпазы Б. Сағындықұлы болды. Ғалымның болжауынша, ерте дәуірде алтай тілдерінде ц мен ч аффрикаттарының қосындысы гипотезалық т[с/ш] күрделі аффрикаты өмір сүрген. Т[с/ш] күрделі аффрикаты өз дамуының үлкен-үлкен төрт кезеңін басынан өткерген. Бірінші кезеңде күрделі аффрикат құрамынан тс [ц], тш [ч] аффрикаттары бөлінген. Екінші кезеңде тс [ц], тш [ч] аффрикаттарының құрамындағы с, ш элементтері әлсіреп, бірте-бірте жойылады да, олардың орнына эпентезалық һ, й дыбыстары пайда болады. Сонда тс [ц] аффрикаты тһ дыбыс тіркесін берсе, тш [ч] аффрикаты тй дыбыс тіркесін береді. Үшінші кезеңде қатаң аффрикаттар ұяңданып, тс [ц] аффрикаты жіңішкергенде, дз, дж, дһ, дй, т', с', д', з' аффрикаттары мен дыбыс тіркестері түзілген. Төртінші кезеңде алтай тілдеріндегі барлық аффрикаттар түркі тілдерінде екіге жарылып, бірінші жапсар элемент т және оның аллофондары т', д, д' мүлдем түсіріліп айтылуына байланысты сөз басындағы й~ж~т~д~р~ш~с~з ... сәйкестіктері пайда болған. Сонымен, профессор Б.Сағындықұлы түркітануда талай уақыт бойы тартыс тудырып келген сөз басындағы й~ж сәйкестігінің негізін осылай анықтады. Бұл елеулі жаңалық біріншіден, аталған дыбыстар сәйкестігінің түпнегізін нақтылап берді, яғни сөз басындағы дауыссыздардың себепсіз алмасуы аффрикаттар мен дыбыс тіркестерінің екіге ажырауының нәтижесінде пайда болған құбылыс екендігін дәлелдеді, екіншіден, көне түркі тілінде сөз басы қатаң дауыссыздан басталды ма, ұяң дауыссыздардан басталды ма, әлде, қатаңдар мен ұяңдар қатар қолданылды ма деген түркітанудағы тағы бір даулы мәселенің басын ашып, түркі тілдері атам заманнан сөз басында тек қатаң дыбыстарды қолданған деген теорияның орнығуына түбегейлі ықпал етті. Сондай-ақ, кез келген сөз формасын қалпына келтіру, реконструкциялау барысында, сөздің этимологиясын ашу, тарихын болжауда дыбыстар сәйкестігінің Б. Сағындықұлы жасап берген ғылыми дәйектелген, логикалық, математикалық қалыпты жүйесіне түсіре отырып, салыстыра зерттеу діттеп отырған тарихи өзгерістің сенімді дәлелдеріне әкелетіндігі практикалық тұрғыдан зерттеушілер тарапынан да мойындалды.

Ғалымның ғылым жолындағы ізденістерінің қомақты нәтижелеріне көз жүгірте отырып, осыншалықты жемісті еңбектің сыры неде екен деген сауалдарға да жауап іздейсіз. Дегенмен, тіл тарихын зерттеуде Берікбай Сағындықұлының қолданатын әдіс, тәсілдері, ғылыми ұстанымдарын зерделей отырып, гипотезалық деңгейден ғылыми негізделген тұжырымдарға дейін әкелетін ыждаһатты зерттеулердің сырына да тәнті боласыз. Бұл ғалымның тіл тарихына қатысты қандай да бір зерттеулерінің бәрінде жүйелілікті сақтап, тіл заңдылықтарының себебін дөп басып, анықтап, дұрыс қолдана білуінде екендігіне көз жеткізесіз. Ғалым өзі ашқан тың заңдылықтарға әрқашанда берік болды және оларды өз зерттеулерінде үнемі басшылыққа алып, нақты деректер арқылы дәйектеп отырды. Тіл тарихына қатысты зерттеулеріндегі ғалымның «ежелде сөз басында тек қатаң дауыссыздар айтылған», «ал қатаңдар жуан дауыстылармен үндесіп айтылған», демек, «түркі тілдерінде (соның бірі – қазақ тілінде) жіңішке дауыстылармен айтылатын барлық сөздерді түгелге жуық атам заманғы жуан қалпына келтіруге әбден болады» деген тұжырымдары дауыссыз дыбыстардың ғана емес, сонымен қатар, дауысты дыбыстардың да арғы, түпкі тегін анықтауға негіз болды. Егер «бір де зат себепсіз пайда болмағандығын, бар құбылыс өмірде белгілі бір қажеттілікке қарай қандай да бір негізге сай туындайтындығын» ескерсек, бірде жуан, бірде жіңішке дыбысталып, тепе-тең мағына беретін сингармониялық варианттардың да шығу көзі, бастау алар бұлағы бар екендігіне назар аударған ғалым Б. Сағындықұлы болды. Тіл арты және тіл алды дауыстыларының жуан және жіңшке қолданылуына қарай жарыспалы түбірдің қолданысын сингармониялық варианттар мен паралельдерді салыстыра талдаған ғалым «тілдердің қисапсыз ұзақ уақыт бойы дамуы нәтижесінде тіл арты, тіл ортасынан айтылатын дауыстылар да, дауыссыздар да тіл алдына қарай ығысқан. Сөз жоқ, бұған табиғат жағдайлары, адам организімінің өзгеруі (аласаруы, кішіреюі т.б.) әсер еткен. Қиыннан оңайға қарай ұмтылу заңы да бұл ретте бейтарап қала алмайды» деген қорытындыға келеді және өз тұжырымдарын нақты тіл деректері арқылы дәйектейді. Осы негізде қазақ тіліндегі жіңішке дыбысталатын көп, кәрі, күн сөздерінің тарихи жазба ескерткіштерде қоп, қары, құйаш/күнәш нұсқаларында сақталғанын,

49

тілімізде, диалектілерде қолданыста жүрген қауақ/кеуек, ажа/әже, қақса/кексе, бабаула/бебеуле

тәрізді сөздердің тарихи түбірлестігі және олардың жуан дыбысталатын нұсқасының алғашқылығын ұтымды дәлелдейді. Өткен ғасырдың өзінде-ақ шетелдік ғалым И.Грунцель алтай тілдеріндегі тір арты а, у , і дыбыстары ең ертедегі дауыстылар, ал у, ә, и тіл алды дауыстылары

кейінгі дәуірлердің жемісі екендігін айтады. Зерттеуші

А.М. Черкасский Орхон кезеңіне дейінгі

түркі вокализмі үшбұрышты болған деген тұжырым

жасаған. Бұл кезең а, і, у дауыстыларынан

тұрған, сондықтан орхон вокализмінің төрт мүшесі і, ý, а, у кейінгі дәуірлерде әрқайсысы екіге

жіктелген. Ертедегі дауыстылар жүйесі тіл арты дауыстыларымен ерекшеленетіндігін

қалтықсыз

қуаттайтын

ғалымдардың бірі Ж.Аралбаев көне түркі кезеңінде а, у, ы дауысты фонемаларының,

ал

«орта

түркі» дәуірі

мен «жаңа түркі» дәуірлерінде басқа дауыстылардың

біртіндеп

орныққандығы жөнінде пікірін айтқан еді. Ежелгі түркі дәуірінде түбірлердің дыбыстық құрамы қандай болған деген сұраққа Б. Сағындықұлы жоғарыдағы пікірлерге өзгеріс енгізіп «көне түркі тілінде а, у, и дауыстылар жүйесі өмір сүрген. Бірақ у мен и қазіргі тілдердегідей ұү (үу), ый (ій) дыбыстарының комплексінен тұрмаған, таза қоспасыз айтылатын болған» деген қорытынды жасайды. Тіл тарихында болған бүкіл заңдылықтарды терең меңгерген ғалым, осы ойын кейінгі зерттеулерінде де жалғастырып, а, у, и дыбыстарының барлық түркі тілдеріндегі дауысты дыбыстардың түпкі тегі ретінде дәлелдеп береді. Жуанды-жіңшкелі А, Е, Ә дауыстыларының түпкі тегі А дауыстысы, О, Ұ, Ы дауыстыларының түпкітегі таза қоспасыз айталатын У дыбысы, жіңішке Ө,Ү, І дауыстыларының түпкі тегі таза қоспасыз И дыбысы екендігін дәлелдеу үшін ғалым тарихи жазба ескерткіштердің деректерін, жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі сөз тұлғаларын, сонымен қатар, түркі тілдері мен диалектілерінің деректерін, жер-су атаулары мен кісі есімдерінде сақталған көне қалдықтарды салыстыра зерттейді. Тарихи салыстырмалы зерттеу барысында ежелгі түркі тілдері дәуірінде болған, қазіргі тіліміздегі көне сөз тұлғаларында сақталып қалған, тек арнайы шұғылданып, зерделегенде ғана белгілі болатын тарихи өзгерістерді ұтымды анықтап отыратын ғалым бүкіл зерттеу жұмысында мынадай қағидаттарды ұстанып отырады, олар: «ежелгі қатаң дауыссыздардың ұяңдануы жуан дауыстылардың жіңішкеруіне ықпал еткен», «түркі тілдері дамуының бастау кезеңдерінде бір де бір жіңішке дауысты болмаған», «жуандар – аса ежелгі (диахрониялық) дәуірдің белгісі болса, жіңішкелер – (синхрониялық) жаңа дәуірдің жемісі». Міне, бұл ғылыми негізделген пікірдің ақиқаттығы ғалым зерттеген сөз құрамындағы тарихи фонетикалық өзгерістер, дауысты, дауыссыздар сәйкестігі, протезалық, эпентезалық дыбыстар, үнемдеу заңы, ішкі флексия қалдықтары, байырғы түбір мен қосымшалардың дамуы, жұрнаққа немесе жалғауға айналып кеткен дербес сөздер, көне түбірлер мен жаңа түбірлердің генетикалық ішкі байланысын ашу, түбіртек теориясын дәлелдеу т.б. өте маңызды теориялық мәселелерді шешуде, олардың тылсым сырларын ашуда үнемі қолданылады және ғалым ұстанған теорияның әмбебаптығы аталған тақырыптар бойынша жарық көрген табысты еңбектерінен де анық көрінеді.

Профессор Б.Сағындықұлы – орта ғасырларда жарық көрген түркі қыпшақ жазба мұраларын түпнұсқасынан оқып, ғылыми талдау жасайтын теңдессіз маман. ХХ ғасырда түркітану саласында көш бастаған көрнекті түрколог, профессор Әмір Нәжіп ақсақалдан тікелей дәріс алған талантты шәкірт бүгінде өз ғылыми мектебін қалыптастырған көшбасшы ғалым ретінде белгілі. Ізін басып келе жатқан зерттеушілердің (филология ғылымдарының докторлары М.Ескеева, Р.Досжан, М.Сабыр, Ғ.Хасанов, Б.Сүйерқұл) басын қосып, ғылыми-шығармашылық топ құрып, іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде «Алдоңғар» мәдениетті дамыту қорының қолдауымен «Қазақ тілінің шығу тарихы: Фонетика. 1 том» атты ұжымдық монографияның бірінші және екінші кітаптары бірден (2013) жарық көрді. Профессор Б.Сағындықұлының тікелей ғылыми жетекшілігімен жүргізілген, бірыңғай жазба ескерткіштерден жиналған нақты тілдік фактілерге негізделген бұл бірегей зерттеудің «Қазақ тілінің шығу тарихы: Морфология» атты 2-ші томы да дайындалып, баспаға тапсырылған. Халқымыздың рухани өмірінде өзіндік орнын алар игілікті іс жалғасын табады деп күтілуде.

Қазіргі түркітанудың белді өкілі профессор Б.Сағындықұлының көне тарих қойнауынан жеткен жазба мұраларды зерттеу және насихаттау ісіне қосқан үлесі мұнымен шектелмейді. Ғалым қазіргі қазақ даласында орта ғасырларда ғұмыр кешкен ғұламалар – Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы», Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», Рабғұзидің «Атам ата мен Хауа ана» қиссасы (Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары. – Алматы: Ғылым, 1997. –296 б.) сынды құнды жәдігерлерді қазақ тіліне аударып, транскрипциясын жасап, жас зерттеушілерге баға жетпес дереккөз ретінде тарту етті. Тіл тарихы саласының білгір маманы Б.Сағындықұлының ересен

50

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]