Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Tarikh_1

.docx
Скачиваний:
113
Добавлен:
23.03.2016
Размер:
369.68 Кб
Скачать

Хақназар ханның тұсындағы Қазақ хандығы 16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд- Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Хақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Хақназарды у беріп өлтірді. Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді. Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едәуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт және Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады. Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлегі Қазақ хандығына келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі – алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХҮІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-батыс және солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлегінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауераннахрдағы шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті. Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған».

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығы Ақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді. 1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады. Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады. 1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтар- дың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шайбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.

25-Сұрақ ХYIІ ғ. Қазақ хандығы.Есім,Жәңгір,Тәуке хандар Есім ханның тұсында Қазақ хандығы Есім хан (1598-1628 (1645) ж.ж. билік құрған) Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды. Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты. Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады. Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды. Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді. Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды. Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді. Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды.\ Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты. Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты. «Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, Есім хан 1628-жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645-жылы қайтыс болған делінеді.Қазақтардың өзара саяси қарым-қатынасы 16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталығы Түмен) шектесті. 1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті. Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді. 17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашар болды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді.

Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығы 1680 ж. Жәңгірдің баласы Тәуке (1680-1718) хан болды. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біревдің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға 1000 қой, әйелге 500); ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ 100 қой, шынашақ 20 қой); егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса жазадан босатылады); төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді; егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді. Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік шағы Феодалдық қанау көптеген салық түрін енгізді. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушы хандар болды. Олар тек Шыңғыс тұқымынан шықты. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі негізге алынды. Жоғары аристократтық топ ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері хандар, сұлтандар, оғландар төрелер, қожалар жатты. Ал басқа халық әл-ауқатына қарамастан қара сүйеккке жатқызылды.

26- сұрақ ХYI – ХYII ғғ қазақтардың шаруашылығы; қоғамдық құрылысы мен мәдениеті. ХV-ХVII ғғ. Қазақтар шаруашылығының жетекші саласы – көшпелі мал шаруашылығы. Әр рудың 800-1000 шақырымға дейін жететін көш жолдары жазда жайлауға, қыс түсе қыстақтарға оралуға мүмкіндік беретін. Олардың қыстықтары малға суықта пана болатын өзен, көл бойларында орналасатын. Малдың негізгі түліктері қой , жылқы және түйе еді. Бұлар халықтың тұрмыс-тіршілігін бірден-бір қолайлы түліктер. Мұндай мал халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, ет, сүт, қымыз, шұбат пен киімге керек материалдармен қамтамасыз етіп отырды.Қазақ халқының өмірі ілгері барған сайын мал шаруашылығын жүргізудің формасы мен оның өнімділігі жақсара түсті. Қолайлы жылдары мал басы үдемелі қарқынмен өсіп отырды. Мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдіріп отырған. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен қатар халықта тұрақты егіншілік маңызды рөл атқарды. Қазақстанның Оңтүстік аудандары мен Жетісуда суармалы егіншілік дамыды. Археологиялық зерттеулер ХV-ХVIII ғасырларда Отырар, Түркістан, Сауран маңында егістік жерлерге құбырлар арқылы су жіберіліп отырғанын дәлелдейді. Басқа жерлерде егіншілік мәдениетінің дәстүрлі ошақтары өзен алқаптары мен көл жағалауларында, шөл және шөлейт далалардың көгалды жерлерінде дамыды. Егіншілікпен көбіне көшіп қонуға мүмкіншілігі жоқ кедей жатақтар шұғылданды. Негізгі дақылдары – тары, бидай, арпа, жүгері. Егіншілік Қаратау, Ұлытау қңірлерінде, Ертіс өзені алқабында, Зайсан көлінің жағасында да едәуір дамыды. Егіншілік саймандары тесе, кетпен, қарапайым соқа, тіс ағаш, тырма қол орақ болды. Дән түю, ұн тарту үшін келі, қол диірмен пайдаланылды. Астық ұраға көміліп сақталды. Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында қолөнер кәсібі үлкен маңыз алды. Өйткені мал шаруашылығы немесе егіншіліктің дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты болды. Мал шаруашылығы үшін ер-тұрман, ат әбзелдері, малды ұстайтын, байлайтын жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар, т.б қолөнершілердің еңбегімен дайындалды. Сондықтан Қазақстанның қалалары мен қыстақтарында қолөнер басым дамыды. Қазақ халқы өте ауыр кезеңді бастан кешірсе де, өзінің ата-бабаларының ертеден қалыптасқан мәдени қазыналарын сақтап қалды. Мәдениеттің дамуы Қазақстанның барлық жерінде біркелкі жүрген жоқ. Мәдени даму отырықшылық-қалалық жерлерде көшпелі және жартылай көшпелі аудандармене салыстырғанда күштірек жүрді. Сығанақ пен Сауранның, Ясы мен Отырардың архитектуралық комплекстері, Жәнібек пен Қасымның Сарайшықтағы, Қазаңғаптың Ұлытау жеріндегі кесенелері,Маңғыстаудағы, Сырдария алқаптарындағы және Қаратау қойнауларындағы мазарлар өзіндік сәулет-сипатымен, архитектуралық формаларының жинақылық әрі айқындығымен ерекшеленеді. Қазақтар көктемде 22-ші наурызды, күн мен тұннің теңелетін кезін "наурыз тойы" деп атап өтуді ертеден ідетке айналдырған. Бұл тойда қазақтар ағаййын-тума, ауыл-аймағын аралап, жаңа жылмен құттықтап, молшылық пен егіндіктің түсімді болуына тілектестік білдіріп, бата берді. зерттеулер ХV-ХVII ғасырларда қазақтар арасында ислам діні терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп дүркін-дүркін жүргізіліп отырған қақтығыстар, соғыстар мен саяси қарама-қайшылықтар еді. Сондықтан халықтың әсіресе көшпелі бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге, күнге, аспанға, жерге, суға табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды. ХV-ХVII ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақтың ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын жасаған да, оны ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген де халық арасынан шыққан дарынды адамдар – ақындар, сал, серілер, жыраулар еді. Ақындар халықтың поэтикалық мұраларын сақтап, айтып берушілер, лирикалық жырларды жасаушылар болды. Сал, серілердің арасынан көптеген атақты сазгерлер мен жезтаңдай әншілер шықты. Әншілер, күйшілер, ұлттық ат спорты ойындарының шеберлері, алуан түрлі сауыққойлар, күш иелері балуандар, құсбегілер жалпы халықтық тойларда өздерінің даңқын шығарып жүрді. Қазақ халқының поэзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, т.б. жыраулар. Олар Әбілқайыр хан мен Жәнібек хан заманында өмір сүріп, сол кездегі шиеленіскен саяси күрестің қиын-қыстау кезеңдерін жырға қосып көрсете білген адамдар. Халықтың ауыз әдебиетітуындыларында көшпелі малшы халықтың көзқарастары, ұғымдары мен еңбегі, олардың ғасырлар бойы жинақтаған еңбек тәжірибесі жан-жақты бейнеленді. Әсіресе соның ішінде салт-сана өлеңдерінің көптеген үлгілері өздерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерімен құнды. Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың бәрі дерлік тарихи оқиғалар,а құрылған. Мысалы, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. ХV-ХVIII ғасырларда би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек Келдібекұлы (1682-1766) ерекше орын алды. Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған.

27-сұрақ Жеті Жарғы – Қазақ халқының әдет-ғұрпы заңдар жинағы Жеті жарғы – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. 17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. (Мысалы, бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі.) Жеті жарғы, қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолына” негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой-пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген.

"Жеті жарғы" көшпелі қазақтардың ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны:

- Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға – 1000 қой, әйелге – 500);

- Ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесілді;

- Денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ – 100 қой, шынашақ – 20 қой);

- Егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі;

- Төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді;

- Егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді;

- Өз-өзіне қол жұмсағандар бөлек жерленеді;

- Қан араластыру өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады;

- Құдайға тіл тигізген адам таспен атып өлтіріледі.

- Кәпір болған адам мал-мүлкінен айырылады;

- Құл өмірі құнсыз, ол қожайынның билігінде;

- Ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс;

- Дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі;

- Куәлікке екі немесе үш адам жүреді;

- Егер әкесінен бөлек тұратын ұлдың өлгенде баласы болмаса, оның мал-мүлкі әкесіне тиесілі.

Бізге белгілі, «Қысам ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «жеті жарғысы» осы хан кеңсінің шешімі арқылы жарыққа шығып, елге таралған. Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелеродің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді.

28-Сұрақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі.— қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезең (1723 – 25).[1] Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретті. Құба қалмақтар 18 ғасырдың басында өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін жарақтады. Орыс елімен қатынасын жақсартып, көрші мемлекеттерден қару, оқ-дәріні көптеп сатып алды. 1715 ж. орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технологиясын меңгерді. 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Тарихшы Алексей Левшиннің жазуынша және қазақ жырауларының куәлігіне қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып (қолбасшысы Қалдан Серен), Алтай асып, Көктал өзені бойымен өрледі (қонтайшы Құлан Батур), Нұра өңірін қанға батырып (Әмірсана), Шелек өзені (Доржы), Есік көлі (Лама Доржы), Шу өңірін таптап (Дода Доржы), тоқтаусыз Іледен өтіп (Севан Рабдан) қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді. Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алды. Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлде қайда көп болды. Абылай ханның айтуынша, сол кезде әрбір он адамның төртеуі қаза тапты. Бұл деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы да қостайды. Қорғануға мұршасы келмеген ел әсіресе Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандар ата мекенін тастап шықты. Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс – қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Тоз-тоз болған Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Сырға Шыршық құятын тұстан сәл жоғары өткелден өтіп Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, («Сайран айналған») Бұқараға ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келді. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ бойы қалмақтары (торғауыттар), Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды.«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]