Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әлеуметтану - 1 бөлік.doc
Скачиваний:
34
Добавлен:
05.11.2018
Размер:
606.72 Кб
Скачать

Әлихан Бөкейханның әлеуметтанулық көзқарастары

1. Отарлық саясаттың әлеуметтік зардаптары туралы.

2. Білім мен мәдениет - қазақ халқының бірден-бір өркениет жолы.

3. Қазақ халқының әлеуметтік бірлігі жайлы.

4. Қазақтың әлеуметтік мәселесінің өзегі - жер туралы.

1. ХХ ғасырдың басында халқымыздың ұлттық санасының оянуына айрықша әсер еткен аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан қазақтың тарихы, ұлттық ерекшеліктері мен тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін зерттеп, мол мұра қалдырған. Бұл бағытта "Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері" атты монографиясы және "Қазақтар" деген еңбегінің орны бөлек.

Бұл еңбектерде Дала өлкесінің сан ғасырлық тарихы, қазақ халқының этногенезі, жүздік, рулық құрылымы көрсетіліп, оның Ресейге қарағаннан кейінгі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани жағдайлары егжей-тегжейлі зерттеліп, экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени жағдайларының себептері талданып, отарлау саясатының тууы, дамуы мен әлеуметтік зардаптары, патша үкіметінің соңғы кезде күшейе түскен отаршылдық саясатына қарсы жергілікті халықтың көзқарасы, оның мақсат-мүддесі, тілі, діні, сөз бостандығы сияқты өзекті мәселелерді көтеріп, ұлт-азаттық қозғалыстың бағытын айқындалып берілді. Орыс өкіметінің түпкі мақсаты – қазақ даласына біртіндеп кіріп, билік жүргізу реформасын сатылап жүргізе отырып, бұған халықтың санасын үйретіп, ел ішінде рушылдыққа дем беру арқылы қазақ мемлекеттілігін біржолата жою, тіл, дін, басқару жүйесін, әділ сот ісін орыстандыруға ұмтылу болатыны жан-жақты көрсетілді.

Орыстандыру саясатына тән нәрсе - әдепсіздік, озбырлық, жергілікті халықтың құндылықтарын құрайтынның баршасын дөрекілікпен кемсіту болды. Орыс басқарушылары жергілікті халықтың тілін білмеді, білгісі де келмеді. Олар тек шала сауатты тілмаштар арқылы ғана жұмыс істеді. Далалық облыстарда, тіпті болыс кеңсесінде барлық хат алмасу, іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Барлық болыс пен болыстық басқарушы шала сауатты хатшы-пысықайдың қолында болды.

Отарлау саясаты мұнымен шектелген жоқ. Қазақтардың мәдени-саяси жағдайында да кері өзгерістер пайда болды. Бұрын қазақтар арасында туысқандық байланыс күшті болатын, олардың барлығына ортақ ұран – аңызға айналған тұлға Алаш еді. Алайда, бір жағынан, патшалық үкіметтің орыстандыру саясатына, екінші жағынан, қазақ халқының бұрынғы рулық бірігуі діни-саяси сипатқа ие болуына байланысты орыс әкімшілігі ислам насихатына тосқауыл қойды. Әкімшілік қазақтың бастауыш мектептеріндегі мұғалімдерден орыс тілін білуді талап етті. Мектеп ашу мен медресе салу үшін айрықша рұқсат қажет еді, сол себепті қазақ өз жерінде, өз елінде отырып, мектеп пен мешітті жасырып салып, жасырып ұстады. Бұл қазақ балаларының еркін білім алуына қиындық келтірді.

Отарлау саясатының ең жиіркенішті көрінісі – 1907-ші жылғы маусымда екінші Мемлекеттік Дума қуылғанан кейін шыққан «3-ші июнь Законы» еді. Осы заңға байланысты халқы надан, депутаттық олардың қолы емес деген желеумен бүкіл қазақ депутатсыз қалады. Сөйтіп, қазаққа қатысты мәселелер басқа депутаттардың үлесіне көшті.

2. Әлихан Бөкейхан күшті патшалық Ресей империясына ашықтан-ашық қарсы шығудың әзір ерте екенін түсініп, саяси ұстамдылық пен парасатты пайымдылыққа барып, халықты қараңғылықтан шығарудың жолын іздеді. Ол жол – қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, қазақ қоғамын Ресей мен Еуропаның озық мәдениетіне жеткізу, ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын батыстың буржуазиялық қатынас жолы еді. Ә. Бөкейханның 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен жергілікті және қала қайраткерлерінің съезінде қазақ халқына таяудағы басты қажеттілік – ана тіліне, діни, сайлауға бостандық туралы мәселелерді көтеруі жайдан‑жай емес еді. Сондай-ақ қазаққа өнер-білім басқа жұртпен бірге теңдікке жету үшін керек екендігін жақсы білген Ә. Бөкейхан Г.Н. Потанинге арнаған мақаласында атақты этнограф ғалымның мына ойын тегіннен-тегін қайталаған жоқ болатын: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел - Алаштың ортасы, сонда университет салып қазақ ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау. ...Қазақ жұрты келешекте кіммен болса да қатар отыруға ұялмайды».

Ә. Бөкейхан «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу» деп жазды. Ол шын білімнің тәжірибеден туатынын, білім жолының негізі тәжірибе болатындығын жақсы білген. «Ақыл зерек тексеріп тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен, қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады. Бұл неше сыннан өтіп, таспадай сыдырылып, таяқтай жанылып, білім негізі болып шығады» - дейді ол [2, 256]. Ол «Білім күші» атты мақала да білім құдіретіне, оның адам өміріндегі мәніне ерекше көңіл бөлді. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ мақалын айта отырып, білімнің бәрінен жүйріктігін атап көрсетеді.

Ол кездері газет шығару мәселесінде Европа көш ілгері кетіп, онда газетке ерекше мән беріліп, газет – ғұмыр айнасы, ұлы патшалықтың бірі деп саналатын. Осыларды жаза отырып, Ә. Бөкейхан «Ашық хат» атты мақаласында қазақ қоғамындағы газеттің орны, оны шығарудың қиындықтары мен проблемаларын арнайы сөз етеді. Ол қазақта газет шығарудың шарты – оқушының барлығын атап көрсетеді. Маңызды, ғұмыр тілегіне тұратын, кестелі сөзді мақалалар газет деңгейін көтеріп қана қоймай, оның қазынасын да молайтатыны, газеттің оқушысы көп болса, оның қазынасы да бай болатыны, газеттің жаны – мақала екендігін баса айтады. «Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек... Газетаға басшы болу кім болса, соның қолынан келмейді. Газета ісі үй ағаш болса, басқарма мұның тезі болады... Тілші, хабаршы – газетаның отыны» - дейді автор.

3. Қазақ тарихын терең біліп, оның өткен жолын сарапқа салған Ә.Бөкейхан қоғамдық мешеуліктің себеп-салдарын халықты билеушілердің надандығы және ел бірлігінің жоқтығымен түсіндірді. Ол «қазақтың бұрынғы басшыларында әділдік-береке болса, бұ күнде қазақ бұл күйде болар ма еді? Жұрттың берекесі кетуге түпкі себеп болған нәрсе – қазақта бірліктің жоқтығында» деп күйінеді. Бірліктің жоқтығын «байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалардан» көрді. Оның үстіне, Қазақстанның Ресейге қосылғаннан кейінгі «бөл де, билей бер» отарлау саясатын қазақ қоғамының әлсіреуіне, қазақтардың руына, жүзіне қарсы бағытталды. Өйткені дәстүрлі қазақ қоғамының бірлігі рулық, жүздік факторларды да есепке алатын еді.

Әлихан Бөкейхан қазақ халқының бірлігімен қатар оның басқа халықтармен достығын да жете ойлаған. Отарлық жағдайда жергілікті халық пен Ресейдің ішкі аймағынан келгендердің арасында келіспес жағдайлар аз болмады. Оған көбіне-көп билеушілер кінәлі еді. Ал 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ел ішінде біршама оң өзгерістер болып, бұрынғы патшалық әкімшіліктің жергілікті құрылымдары жойылып, отаршылдық саясат әлсіреп, байырғы тұрғын қазақ пен кейін қоныстанған орыс арасында жаңаша қатынастың кейбір көріністері байқала бастаған болатын. Осыны жақсы байқаған, жалпы халықтардың достығын ұстанған Ә.Бөкейхан Торғай облысының мұжық-қазағының съезі жер туралы қаулысында «жер қазақ пен мұжықтікі, егін салған, мал баққан адамдікі, жер мәселесін Учредительное собрание шешсін, жер сатып пайдалану болмасын, барлық жер мемлекеттікі болсын» деген шешім шығарғанын атап көрсетеді. Съезде отырған «мұжық пен қазақ қол алысып, бауыр болып құшақтасып», жер мәселесіндегі таласты мәмлелесіп бітіруге келіседі. Бұрын үкіметтің саяси әдісінің салдарынан қазақ пен мұжық біріне-бірі жау болса, енді жұрттың өзі бас қосып, әділ жолды тауып отырғанын байқаған Ә. Бөкейхан: «Қазақ-ау! Оян! Мұжық көші жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме! Мұжық көрші отырып, бостандық, құрдастық, туысқандық шарапатын пайдаланғанда, ілгері басқанда, мүйізге ұрған сиырдай шыр айналып, кейін қайтып, көрші жұртқа балаңды жалшы, малшы құл қылып беріп, жұрағаттың обалына, Алаштың баласы қалып жүрме!» деп, қазаққа қатардан қалмауды өсиет етеді.

Отарлық езгідегі қазақ халқына әлеуметтік жіктелуден гөрі ортақ мүдде жолында бірігу әлдеқайда тиімді еді. Алаш басшылары большевиктердің таптық жіктеу саясатына ұлттық тұтастық, бірлік саясатын қарсы қойды. 1917 жылғы ел ішіндегі саяси және әлеуметтік жағдайды жақсы байқаған Ә. Бөкейхан «Қазақ» газетінде: «Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» деп жазып, халықты бірлікке шақырды. Бостандыққа апаратын жалғыз жол - ұлттық ынтымақ қана деп түсіндірді.

4. Әлихан Бөкейхан ерекше ынтамен қарастырғаны жер мәселесі болды. Өзінің шәкірттеріне «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп, үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» - деп кеңес берген еді. Осы кеңестен кейін жастар жағы ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсіне бастаған болатын.

Шынында да Ә. Бөкейхан патшалық Ресейдің жер жөніндегі министрлігінің 1896-1901 жылдары Ақмола, Семей және Торғай облыстарына қарасты 12 уезін қамтыған Ф.А. Щербина бастаған экспедициясы жұмысына қатысып, көшпелі шаруашылықтың жер пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізіп, аймақты этникалық жағынан, жағрапиялық ерекшеліктері мен тарихи даму тұрғысынан зерттеген болатын. Бұл қазақ даласының шаруашылығын (отбасын, қора-қопсысын, жайлауы мен қыстауын, егіндік-шабындық жерлерін, орман-тоғай, жер-суын, т.б. есепке алу) жан-жақты зерттеуге, тиісті жерлерді картаға түсіріп, орыс шаруаларының қоныс аударуына байланысты ғылыми негіздемелер дайындап, практикалық ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.

Экспедиция қорытындылары белгілі бір ұстанымның қалыптасуына ықпал етті. Ә. Бөкейхан алдымен жер үлесін жергілікті халыққа беруді жақтады. Сонан соң ол жерді сатуға тыйым салуға, меншік есебінде үлестіріп беруге қарсы шықты, өйткені егіншілік мәдениетін толық меңгермеген қазақ шаруасы көрші қоныстанушыларға үлесін сатып, жерсіз қалуы мүмкін еді. Сол себепті жердің қауымға кесілуін, соның ішінде үлес белгілегенде жердің топырағын, жергілікті табиғатты ескеріп, әділдікпен пайдалану қажеттігін атап көрсетті.

1909 жылғы 9 маусымда Ресей Министрлер Кеңесі Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарындағы мемлекеттік жер қорын анықтау туралы нұсқау мен Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің 270-бабына қосымша заң қабылдаған болатын. Бұл құжаттар бекітілісімен Қоныс аудару және жерге орналастыру басқармалары қазақ жерін тезірек әрі кең көлемде өз қарамағына алу мақсатында қазақ шаруаларына орыс қоныстанушылары сияқты 15 десятина жер үлесін беріп, кей жерлерде оны қорқытып-үркіту арқылы жүзеге асыруға тырысты. Отаршыл аппараттың мұндай зорлығын, жасап жатқан айла-шарғысын жан-жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, бұл көкейкесті мәселені өз дәрежесінде түсінуге көмектесу Ресей империясының жер қатынастары мәселесін терең меңгерген Ә. Бөкейханның ғана қолынан келетін еді. Ол «Қазақ» газеті бетінде қазақ оқырманына патшалық Ресейдің жер туралы заңдарының отарлық сипатын, реакцияшыл мазмұнын, әлеуметтік салдарын барынша нақты деректермен ашып берді. Қоныс аудару мекемелері басшылыққа алған, 1909 жылғы 9 маусымдағы Министрлер Кеңесі бекіткен құжаттың заң еместігін, оған сүйеніп, патша шенеуніктерінің жергілікті халықты өз жерінен ығыстыруы заңсыздық, ал қоныс аудару мекемелері айтты деп, халықтың ығыса беруі жігерсіздік екендігін айтты. Газеттің 1913 жылғы 24, 28, 29, 36, 51-сандарында жарық көрген «Ашық хат», «Жауап хат», «Айналма» атты мақалаларға қазаққа тиесілі жер мөлшері өзек болады. Егіншілікке көшудің қазақтар үшін жағымды жақтары атап көрсетілді, бұл үдерістің көп жылдарға созылатына байланысты ол күштеу арқылы емес, эволюциялық жолмен шешілуі дұрыс делін-ді.

Шынында да, патша айтты деп, қазақ дереу 15 десятинадан жер алып, мал бағып, кәсіп етіп кете алмайтын. Бұл арада патшалық әкімшілік тарабынан болып отырған әділетсіздікті көріп-біліп отырған Ә. Бөкейхан: «Өстіп жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің патшалық конституциялы емес пе, біздің патша қол астындағы адамның бәріне бірдей әділ емес пе? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретіндей не жазып еді?» деп ашына жазады. Екінші жағынан, қазақтың өзінің де заң-жобаны біле бермеуі көп кедергі келтіріп отыр еді.

Әлихан Бөкейхан қазақ жерін бөлудің мөлшері туралы жазған «Жауап хат» мақаласында көрші Оренбург және Уфа губернияларында ер басына 30 десятинадан қара топырақты жері бар халық қала болғанымен, мал бағу және егін егу шаруасын жөндей алмай отырғанын айта отырып, былай дейді: «Үкімет біздің қазақ халқының пайдасын ойласа, сен, қазақ, бір күнде мал шаруасын тастап, егінші бол демейді. Шаруа қиындықпен, зор шабындықпен өзгертіледі. Орыс мұжығының біздің қазақтың даласына қашып жатқаны мың жылдан бері ұстап келе жатқан жерді үшке бөліп егін салатын, мұнысы «трехполье» атанады, шаруаны өзгерте алмағанының азабы. Мемлекет қазақты өзінің баласының бірі қылса, қазақты осы тұрған шаруасын бұзбай орналастырар еді. Сонда қазақ неше жылда эволюция жолымен бірте-бірте отырықшы болар еді. Шаруасы мал бағу болса, 15-тен жер алғанмен, отырықшы мәдениетке жете алмайды».

Әлихан Бөкейхан – ірі ғалым, көреген саясаткер ғана емес, қылышынан қан тамған большевиктік өктем саясатқа қасқиып қарсы тұрған, кеңестік шындыққа бетпе-бет келген бірден-бір қайсар тұлға. Ол «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметті» қабылдай алған жоқ. Оның: «1905 жылы 9 январьда астанадағы (Сакт-Петербург-автор) неше мың жұмысшылар бостандық бер деп Николайға барған. Николай бұларға пулемет бостандығын көрсеткен еді. Большевик Николайдың аяғын құшты. Николайдың да, мұның емшектес інісі большевиктің де пулеметтеп жатқаны, жалпы жұрт, екеуінің де сүйенгені қараңғы солдат» деп жазуы осы қайсарлықтың жарқын көрінісі еді.

Халқының бостандығы мен азаттығы, болашағы мен бақыты жолында жан сала күрескен, сол жолда құрбан да болған Әлихан Бөкейханның сан салалы саяси қызметі мен рухани асыл мұралары қазақ өз елінің иесі болып тұрғанда мәңгі жасай бермек.

Бақылау сұрақтары

1. Отарлық саясаттың әлеуметтік зардаптары туралы.

2. Білім мен мәдениет - қазақ халқының бірден-бір өркениет жолы.

3. Қазақ халқының әлеуметтік бірлігі жайлы.

4. Қазақтың әлеуметтік мәселесінің өзегі - жер туралы

5. Ә.Бөкейханның: «Автономия болу - өз алдына мемлекет болу» дегенін қалай түсінесің?

6. Ә.Бөкейхан ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру идеясын немен байланыста қарастырды?

7. Ә.Бөкейханның: «газеттің жаны – мақала» дегенін түсіндірші?

8. Ә.Бөкейхан қоғамдық мешеуліктің себеп-салдарын немен түсіндірді?

9. Ә.Бөкейханның кеңес өкіметін «Найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған» дегенін қалай түсінесің?