Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әлеуметтану - 1 бөлік.doc
Скачиваний:
34
Добавлен:
05.11.2018
Размер:
606.72 Кб
Скачать

Ы.Алтынсариннің әлеуметтік ойлары

1. Мектеп, оқытушы туралы.

2. Қоғамдағы ғылым мен білімнің әлеуметтік рөлі туралы.

3. Жас ұрпақтың тәрбиесі жайында.

1. Қазақтың тұңғыш кәсіби ағартушысы, ақын және ойшыл Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) бүкіл өмірін халықты ағарту идеясына арнады, қазақ қоғамындағы ғылым мен білімнің жарқын жаршысы болды. Оның қоғамдық-саяси көзқарасының оянуына, демократиялық бағытта қалыптасуына, ағартушылық қызметіне орыстың алдыңғы қатарлы педагогтарының ортасы, олардың бостандық жолындағы ой-пікірлері мен іс-әрекеттері әсер етті.

Торғай облысының халық училищелерінің инспекторы болып оншақты жыл қызмет істеген, өз халқының даму бағытын да, шығар асуын да мұрат еткен өз ұлтының адал перзенті Ы.Алтынсариннің өзінің ана тілінде жазған тұңғыш "Қырғыз хрестоматиясының «Сөз басында» «...қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды: ой‑пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана‑сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деп жазуын толық түсінуге болады. Ол қазақ халқының экономикалық және рухани дамуын тездетудің негізгі құралы ретінде барлық қазақ ауылдарында орыс-қырғыз мектептерін ашу міндетін қойды. Мұны қазақтарға білім беруді маңызды шаралардың біріне, дамудың негізгі құралына балады. Мектептерді халық арасында білім таратушы мәдениет ордалары деп санаған өзінің идеясын іске асыру үшін ол 1883-ші жылы Торғай қаласыңда қолөнер мектебін (ремесленная школа) ашты. Бұл мектептің ашылуын ағартушының өзі қазақ халқы өміріндегі "айрықша мәнді оқиға" деп атап, оны "қырғыздардың нақты білімінің бастамасы" деп санады.

Ыбрайдың Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша: мектеп ең алдымен халықтық мектеп болуы керек, ол халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек. Мектептер халықтың қалың бұқарасын қамтуы үшін ауылдарда, болыстарда, уездерде ашылуы керек. Ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп — болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекі, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы, «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс. Мектеп ішкі мазмұнымен ғана үлгілі болып қоймасын, сонымен бірге сыртқы формасымен де ауылға үлгі берсін. Қазақ шаруалары балаларын мектепке алып келгенде, балам білім алады деп қана қуанбасын, өзі де сол мектепті көріп, «өмірді осылай құру керек екен» деп, үлгі алып қайтатын болсын деп есептеді.

Ыбрай өзінің практикалық ісінде өзі ұйымдастырып, ашқан мектептерін мейлінше үлгілі етіп құрды, мектеп жастарын білімге, өнерге, тазалыққа, адалдыққа, халықты сүюге, оған қызмет етуге, шаруашылыққа болысып, ата-анасына жәрдем беруге, еңбекке баулыды. Мектепте арнаулы программалық сабақтармен қатар, қосымша сабақ ретінде, балаларды қол өнеріне баулыды. Балаларды еңбекке баулу үшін мектеп айналасында бақша, жеміс ағаштарын отырғызды, гүл ектірді, оны күтіп-баптаудың жолдарын үйретті.

Ы. Алтынсарин шығармаларымен де тарихи дамудың феодалдық-рулық сатысын сақтаған өз халқының болашағы, оның қандай жолмен алға басатыны туралы аса құнды, терең ой-пікірлер айтып, ісімен де дәлелдеген. Ол орыстың озық мәдениеті мен білімі қазақ халқының рухани дамуының жолы деп қараумен бірге жергілікті жерде орыс-қырғыз мектептерін ашу ісімен айналысты. Бұл мектептерде білім алудың өте пайдалылығын және қажеттілігін көпшілік бұқараға ұғындыру және жас балаларды білімге қызықтыруды Ы.Алтынсарин өзінің негізгі міндеттерінің бірінен санады. Қазақ балаларына арнап оқулықтар, оқу құралдарын және әдістемелік кітаптар жазды. Ол, әсіресе мұғалімдерге ерекше көңіл бөлді: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да жақсы оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін» - деген болатын [1, ]. (Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы, «Ғылым», 1955, 217‑бет). Ал өзінің мұрағатында сақталған 1882 жылдың 29 шілдесіндегі хатында: «дүниедегі ең қымбатты адам ‑ халық мұғалімі, окытушы ‑ мектептің шешуші күші» деп жазды.

Ы.Алтынсарин өз сөзімен айтқанда, «пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар» қазақ халқының тарихында тұңғыш оқытушы-педагог болып құрметті орын алады. Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет дүние тану мектебін ұйымдастырды. Мектептің оқыту, оқу жүйесін орыстың алдыңғы қатарлы педагогтерінің іліміне, халық тәжрибесінің негізіне сүйене отырып жасады. Ол ағартушылық жолға түскен күннен бастап казақ балаларын ана тілінде окыта алатын да кадрлар даярлау ісіне белсене кірісті. Патша үкіметі Ыбрайдың бұл тілегін қабылдамады. Керісінше, Ыбрайды қудалай бастады. Ыбрай өзінің тағы бір хатында оқытушылар даярлайтын училище ашуға талпынамын деп, басыма пәле іздеп алдым, өкімет орындары маған теріс қарай бастады, «жер аударылуға аз-ақ қалдым» деп күйініп жазды.

2. Ы.Алтынсарин жастарды білім‑ғылымға шақырды. Өйткені оқу‑білім бар жақсылықтың, материалдық және рухани игіліктердің бастауы, онсыз байлық та, бақыт та, мұрат та жоқ. Сол себепті ол: «Сауатсыз, білімсіз адамдар — қараңғылықта адасушы, көзі жоқ соқыр, ақылы жоқ надан», - деп жазды. Оның ойынша, нағыз адамдар — ғылымды игерген, біліммен қаруланған, дүниенің игілігін өздерінің рухани өсулеріне пайдалана білетін кісілер. Ғылым мен білім адамды сол кездегі қазақ қоғамының жауы надаңдықтың бұғауынан босатып, оның ойын өрелі өріске жетелейді. Қазіргі мектеп көрген қауымға етене таныс «Кел, балалар, оқылық» деп басталатын өлеңнің мына жолдары ғылым мен білімнің бар құдыретін ашып тұрған сияқты:

Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Болмаса

Мал дәулеттің байлығы

Бір жұтасаң жоқ болар,

Оқымыстының байлығы

Күннен‑күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар.

Осылай жастарды ғылымды, техниканы білуді үгіттей отырып, Ы.Алтынсарин «Біз болмасақ сіз барсыз, Үміт еткен достарым...» деп, жас ұрпаққа зор сенім білдіреді. Ол:

«Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызған,

Айшылық алыс жерлерден

Жылдам хабар алғызған.

Мың шакырым жерлерге

Күн жарымда барғызған.

Адамды құстай ұшырған

Мал істейтін жүмысты

От пен суға түсірді.

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді,

Теңізде жүзді балыктай,

Дүниені кезген жалықпай,

Білгендерге осылар,

Бәрі дағы қанықтай,

Білмегенге танықтай.

Біздер бекер жатпалық,

Осыларға таныспай,

Ат өнері білінбес,

Бәйгеге түсіп жарыспай...‑ деп баланы ғылым мен техника дүниесіне тереңдеп кіруге, техниканы игеруге ұмтылдырады.

Бұлардан қалай қарапайым әлі дәл айтуға болады! Осы жерде Ы.Алтынсариннің ақыл мен білімнің ара қатысына орай айтылған ойын да келтіре кеткен артық етпес. Ол былай деп атап көрсетті: «Табиғи ақыл айналадағы бізді қоршағанды ғана қамтуға қабілетті, ал, оны дамытып, біздің көрмегенімізді де білуге қабілетті ететін дүниелік (светский) білім ғана».

3. Ы. Алтынсарин демократиялық бағыттағы педагогикалық ғылымның негізіне сүйеніп, қазақ оқушылардың бойына ізгілік өрнегін егу үшін ана тілінде тұңғыш "Қырғыз хрестоматиясы" оқулығын дайындады. Ондағы көздеген мақсаты, қазақ оқушыларын орыс тіліндегі кітаптарды пайдалана білуге баулу, орыс мәдениетін түсінуге үйрету болатын. Өйткені ол оқушылардың көпшілігі өздерінің кейін болыс, ауылнай, сот болатынын жақсы білді. Келешекте қазақ ауылдарында демократиялық идеялардың таратушысы болу үшін, оларды әділдік, тазалық, шындық рухында тәрбиелеуге тырысты. Сондықтан ол хрестоматияға балаларға таныс, олардың өмірлеріне жақын, демократия және гуманизм рухында жазылған, халықтық идеяларды тарататын әңгімелер, мысалдар, өлендер мен жырлар тандап алынды. Бұлардың негізгі идеялары жастарды тазалыққа, адалдыққа, еңбек сүюге, мейірбандыққа, қайырымдылыққа, достықка карай баулу еді. Олар балалардың ой-өрісін кеңейтуге, жаратылыс ғылымдарынан мәлімет беруге арналған. Ыбрай оқушының ойын аздан ‑ көпке, аласадан ‑ биікке, төменнен ‑ жоғарыға қарай дұрыс өрлетеді. Мысалы, жастарды әуелі өздерінің туған жерімен таныстырған, сонан соң алыстата-алыстата келе дүниежүзілік географиялық жағдайларды баяндаған.

Ислам дінін жетік меңгерген Ы. Алтынсарин бұл діннің көшпелі қазақ елінің рухани тәрбиесіндегі рөліне ерекше көңіл бөлген. Осы бағытта оның артына қалдырған мұрасының ең маңыздысының бірі «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты оқу құралын болып саналады. Автор осы еңбегінің жазылуы жайында былай дейді: «...біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегітүсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатына үйрене бастап... осы оқу құралын құрастыруға кірістім». Еңбекте ол ислам туралы объективтік түсінік беруге ұмтылыс жасады, мұсылмандық құқық пен өсиеттің, діни жарлықтар мен салт-жораларының ережелерін объективті түрде баяндап берді. Сонан соң бұл кітапты жазудағы тағы бір мақсат – ислам дінін шала сауатты татар молдаларынын қорғау еді. Өйткені Ыбырай Алтынсарин ойынша, олар «бүгінгі таңда жағымсыз ықпал етіп отыр, ал келешекте одан да бетер әсер етуі мүмкін». Бұл ойлар Шоқан Уәлихановтың «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр деген ойларымен сабақтас болып жатыр.

Ы. Алтынсарин қазақ қоғамындағы ертеден келе жатқан әдет-ғұрып, дәстүр нормаларының адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды нығайтудағы рөлін ашып көрсетеді. Ол, әсіресе, қазақтардың құда болу салтына ерекше мән беріп, одан қоғамды нығайтудың бірден-бір маңызды факторын байқады. Бұл бағытта Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру және құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлеріне арнаған очерктерінде кеңінен сөз болған. Бұл очерктер қазақ халқының әртүрлі кезеңдегі өзінің әлеуметтік сезім‑күйлерін танытуымен құнды.

Халқымыздың ұлы ағартушысы, жазушы, ақын, қоғам қайраткері Ыбрай Алтынсарин халқына қызмет етуді «азаматтық борыш» санаған. Ол дүниенің кілті ғылымда деп түсінді, өз халқын, әсіресе жастарды оқытуды, оларға білім‑ғылым нұрын шашуды арман етті. Осы үшін сәулетті мектеп, оның шешуші күші – оқытушы, жақсы оқу құралы керек екенін терең түсінді, соны жүзеге асыру үшін күресті. Сол себепті де қараңғы қазақ жеріне білім мен ғылымның шам шырағын жаққан ұлы ұстаздың аты өзінің шексіз сүйген халқының жадында мәңгі қала бермек.

Бақылау сұрақтары

1. Ы.Алтынсарин халықтың дамуының негізгі құралын неге балады?

2. Ы.Алтынсаринше, мектеп үшін ең керекті не?

3. Ы. Алтынсарин «сауатсыз, білімсіз адамдар» туралы не айтты?

4. Ы. Алтынсарин «нағыз адамдар» деп кімдерді атады?

5. Ы.Алтынсарин: мектеп ең алдымен қандай болуы керек деді?

6. Ы. Алтынсарин халық мұғалімін қалай бағалады?

7. Ы. Алтынсарин казақ балаларын неге ана тілінде окытуды ұсынды?

8. Мектеп, оқытушы туралы.

9. Қоғамдағы ғылым мен білімнің әлеуметтік рөлі туралы.