Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
498
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Әлемдік қауымдастықтағы Қазақстан

2001жылы АҚШ-та бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, адамзаттың тағдырына тікелей әсер еткен оқиға болды. 11 қыркүйекте АҚШ-тың шығыс жағалауларының уақыт өлшемі бойынша 08 сағат 45 минутта жолаушылар ұшағы Нью-Йорктағы Дүниежүзілік сауда орталығының 110 қабаты екі ғимаратының біріне барып соғылды («егіз ғимараттар» деп аталған). 09 сағат 03 минутта жолаушылары бар екінші ұшақ келесі ғимаратқа барып соғылды. Ал 09сағат 45 минутта Вашингтон қаласында Пентагон ғимаратының маңына тағы бір ұшақ құлады. Вашингтон қаласындағы үкімет мекемелерінен, Ақ үй мен Конгресстен қызметкерлерді эвакуациялау басталды. Міне, дүниені дүр сілкіндірген лаңкестік әрекет осылай жасалды. Бұл халықаралық лаңкестік пен өркениетті адамзат қоғамы арасындағы күрестің бастамасы болды.

11 қыркүйек оқиғасынан кейін Қазақстан Президентіне Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы мен өз атынан АҚШ Президентіне осы ел халқының басына түскен қайғылы оқиғаға байланысты қайғырып,көңіл айтты.

12 қыркүйекте таңертен Президент Н.Ә.Назарбаев Премьер-министрмен және басқа мекеме басшыларымен кездесу өткізіп, қауіпсіздікті нығайту шаралары жөніндегі есептерін тыңдады.

2001 жылы 7қазанда АҚШ лаңкестік әрекетке жауап ретінде Ауғанстанда лаңкестікке қарсы соғыс қимылдарын бастады. Сол күні кешкісін Дж.Буштың тапсырмасымен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Пауэлл телефонмен бұл әрекет жөнінде Президент Н.Ә.Назарбаевті хабардар етті. Мемлекеттік хатшының айтуы бойынша, акцияның мақсаты «Аль-Кайеда» ұйымының лаңкестік ошағын және оның басшылары мен әскери базаларын жою болған. Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге қатысты өзінің көзқарасы мен ұстанымын: «Біз лаңкестікке қарсы коалицияның мүшесіміз»,- деп,айқындап берді.

2001 жылы қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметіне қарсы оппазициялық бағыттағы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық саяси бірлестік құрылды. Бұл бірлестіктің басында үкімет мүшелері болған М.Аблязов, Ә.Бәйменов, О.Жандосов сияқты т.б жас саясаткерлер тұрды. Олар мемлекетте түбегейлі саяси реформалар жасау туралы мәселе көтерді. Бірақ көп ұзамай жетекшілерінің саяси көзқарастарындағы қайшылықтарға байланысты бұл ұйым ыдырай бастады.

2001 жылы ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығы еді.Мерекелік шараларды атқару барысында елімізде көптеген маңызды оқиғалар болды.Мысалы, 22 қыркүйекте Рим Папасы Иоан Павел ІІ Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл бүкіл Орталық Азия үшін ерекше оқиға еді, өйткені католик шіркеуінің басшысы - дүниежүзілік елші атағына ие болған адам болатын.

2001 жылы 16 желтоқсанда Астанада тәуелсіздігіміздің 10 жылдық мерекесіне байланысты салтанатты жиын болды. Онда Президент Н.Ә.Назарбаев «Жүз жылға татитын он жыл» деген баяндамасында: «Бұл жылдары ешқандайда күмәнсіз бірнеше ондаған жылдарға татитын жолды жүріп өтті. Біз көпұлтты мемлекетте өмір сүріп келеміз. Онда Қазақстандықтардың көптеген ұрпақтарының еңбегі, еліміздің барлық халықтарының тағдыры бар. Біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Біз жаңа мемлекет құрдық»,-деді.

2002 жылы «Денсаулық жылы» болып жарияланды. Осыған байланысты азаматтардың көп бөлігі дәрігерлік-профилактикалық тексеруден өтті,темекі тарту мен арақ ішуге, нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, денсаулық сақтау саласының құқықтық негізін қалыптастыру мәселелерін жүзеге асыру міндеттері қойылды.

2002 жылы наурызда Қазақстанда Демократиялық «Ақ жол» партиясы құрылды.

2003 жылы Президент Н.Ә.Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты кітабын ашты.

«Біздің күнделікті қолдануымыз бен мемлекетаралық тілімізге серпінді екпінмен еніп отырған халықаралық террор пайда болды. Бұл саяси әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктен туып отырған әлемдік қоғамдастықтың созылмалы ауруы. Терроризм - бұл соғыс. Демек кез-келген соғыстағы сияқты біз антиреррорлық коалиция мүшелеріміз»,-деп жазды Елбасы кітабында.

2001 жылы дүниені «ассимметриялық» соғыс дүр сілкіндірді. Тұрақты әскері жоқ эксаумақтық ұйымдар мен әлемдік деңгейдегі державалар арасындағы соғыс. Жаңа геосаяси күш - халықаралық терроризм өзін жан түршіктірер тас жүректік тұрғыда танытты. Тұңғыш рет ғаламдық ауқымда планета адамдары өлім әкелетін дұшпанның қасына табылатын, оның зұлымдық істеріне шек болмайтынын сезінді. Ол халықаралық құқықты мойындамайды, мемлекеттік шекаралар оны тоқтата алмайды немесе одан сақтана алмайды, «бейбітшілік кепілі» қаншалықты қуатты болсада, одан айылын жимайды.

Терроризм және онымен күресу мәселесі туралы толық талдауды «Қауіп империясы» және «Террор жалыны» деген кітаптан оқуға болады.

Қазіргі кезде жекелеген саясатшылар: «Дәлелдеудің неше түрлі жүйесі мен теориясының салмақты базасы бар»,- деп уағыздайды. Олар «өркениеттер қақтығысы», «әлем соғыстары», негізгі діндер, мысалы, християн мен ислам діндері арасында агрессивті қарама-қайшылықтар бар екендігін айтады.

Н.Ә.Назарбаев «Сындарлы он жылда» атты кітабында: «Бейнелеп айтқанда, дүние дидары мен реңінің тез құбылатыны соншалық, оның суретшілері мен сарапшы-бағалаушылары саясаттанушылық және әлеуметтанушылық бояуларын араластырып үлгере алмай жатады. Осыдан кейін мұндай палитраны үлкейту үшін көбінесе жаңа түсініктерді енгізуге тура келеді. Осылардың ішіндеге ең мәндісі де, кең тарағаны да – жаһандану мен халықаралық терроризм»,- дейді.

Осы құбылыстарға сараптама жасап, тез өзгерістер болып отырған жағдайларда әлемнің даму мәселесіне және еліміздегі жағдайларға бұл кітап толық жауап береді.

Ғаламдық үдерістерді талқылай отырып, Н.Ә.Назарбаев мынаны атап көрсетті: «Біреулер үшін жаһандану – халықтарды одан әрі алшақтата түсетін Жаңа Вавилон. Енді біреулерге – барлық күштердің мүддесін ескеретін және біріктіретін алаң теориясы». Баскаша айтқанда: «Жаһанданудың қарсыластары үшін – бұл бар болғаны баяғы неоколониализм, неовестернизация, неомодернизация сияқты ескі құбылыстардың жаңғырған атауы ғана».

Жаһанданудың жақтаушылары артта қалған өңірлердің ғылыми-техникалық және әлеуметтік прогресіне тек қана жаһандану ықпал ететіндігі туралы елеулі қисындар мен дәлелдерін көлденең тартады. Елбасының бұл құбылыс жөніндегі ұстанымы қандай? Ол туралы: «Шындық әдеттегідей ортада»,- деп жазды. Шынында да, жаһандану біреулерді қайтадан «тас ғасырына» қуып тықса, келесілеріне өмірлік қуат және жайнаған жасампаздық әкеледі.

Біздің өмірімізге енетін жаһанданудың жағымды немесе жағымсыз болуы ғана, жарасым мен жақсылыққа ұмтылған біздің сезінуіміз бен түйсігімізге ғана байланысты. Мәдени мүмкіндіктер, тарихи дәстүрлер, экономикалық ахуал, ресурстық негіздер, сонымен бірге логика мен конструктивті негізге көне бермейтін төл немесе ұлттық дүниетүйсінулер мен дүниетаным факторларына байланысты. «Алайда соңғы кезде белгілі бір мән-мағынасын анықтау барысында жасалатын ұғым мүлде өзгеріп, түбегейлі басқа реңкке енетін болды. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында, тіптен кейбір саясаткерлердің жұртшылық алдындағы мәлімдеулерінде жаңа мағына жамылған «исламдық қауіп – қатер» деп аталатын жаңа сөз жиі-жиі және үздіге қайталанатын болып жүр». «Барлық халықтар үшін дін жаулаудың тәсілі мен тәпсірі емес, жан сақтаудың тәсілі мен тәпсірі болғанын еске салудың зияны жоқ». Бұған Н.Ә.Назарбаев өзінің кітабының «Дінде экстремизм жоқ» деген екінші тарауын арнаған.

«Ерекше көңіл аударатын мәселе» деген тарау ХХ ғасырда дәуірлеп тұрған бизнесіне басында, әлемнің 142 миллион тұрғыны үздіксіз және белсенді түрде марихуана пайдаланады, 30,5 миллион адам амфетаминдерге және синтетикалық есірткіге бой алдырған, 13,4 миллион адам кокаин қолданады, ал героин мен апиынның торына түскен 8 миллион азамат өзінің адамдық бет бейнесінен мүлде айырылған». Бұл цифрларға «есірткі ұйқысында» тұрғандарды немесе есірткілік дәрі-дәрмектің жеңіл түрі – экстазиды тұтынатындарды, тағы басқаларын қоссақ ше? Ал енді осы тізімге қазірдің өзінде көпке мәлім психотроптық дәрі – дәрмектерді тасқындатып шығарып жатқан жалған ғалымдар мен квазиғылыми жасырын зертханалардың ең жаңа немесе жетілдірілген есірткі апиындарын қоссақ не болады? Есірткінің бізге мәлім 130 түріне, психотроптық заттардың 120 түріне, прекурсорлардың 18 түріне тағы да жаңалары келіп қосылса, қаншама адам азапты өлім құшағына енеді.

Әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғалардың бірі 2003 жылы ақпанда Алматыда өткен бірінші Бейбітшілік және келісім жөніндегі халақаралық конференция болды. Ол Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен шақырылады. Өркениеттер мен халықтар арасындағы әлемдік диалогтың алға басуы туралы оның бастамасының шынайы іске асуының көрінісі еді. Онда Елбасы төрағалық етуге сайланды. Бұл форумның жұмысына Қырғыстан мен Тжікстанның президенттері, Түркия, Әзірбайжан, Ауғаныстанның жоғары лауазымды өкілдері, дипломаттар, діни ұйым басшылары, көрнекті саяси қайраткерлер қатысты. Конференцияға және Н.Ә.Назарбаевтың атына АҚШ президентінің, Түркия, Украина, Израиль министрлерінің, АҚШ – тың бірқатар сенаторларының атынан жолдаулар келіп түсті.

Н.Ә.Назарбаев өзінің сөзінде конференцияның мақсаты «көптеген мемлекеттердің өкілдері дін, мәдениет және өркениеттер арасында ашық диалог қалыптастырып, осындай қиын-қыстау кезеңде әлемді әлдеқайда қауіпсіздендіру» екендігін атап көрсетті. Конференция қорытындысында «Бейбітшілік пен тұрақтылық жөнінде» Біріккен декларация қабылданды.

Бірақ 2003 жылдың наурыз айы халықаралық дипломатияда жаңа дағдарыстың айқын көрінісі болды. 20 наурыз Бағдатта дабыл қағылып, алғашқы жарылыс басталды. Сөйтіп, Ирак соғысы басталды. Ирак соғысының басталуына байланысты Президент тапсырмасымен Үкімет басшысы мен министрлер, агенттіктердің басшылары Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алды. Энергетикалық ресурстарды басқа елдерге экспорттаудың ерекше маңызын есептей отырып, дүниежүзілік шикізат рыногында бағаның күрт құбыла қалған жағдайында экономика қорғау механизмін құру жөніндегі шараларды қолдануға тапсырма берілді. Елдегі жағдайдың нашарлап кетпеуін болдырмау үшін барлық мүмкіншілік пен нақтылы шаралардың қажеттілігі көрсетілді.

Қазақстан басшысы өзінің ұстанып отырған позициясының дұрыс екенін дәлелдей отырып, қауіпсіздік, лаңкестік әрекетке қарсы күрес мәселесі бойынша антитеррорлық одақпен қарым-қатынас жасауға және Иракты қалпына келтіруге қатысуға дайын екендігін білдірді.

ҚР басшылығының басты жұмыс бағыттарының бірі негізгі қаланған құқықтық мемлекеттің іргетасын берік орнату болып табылады. Біздің еліміз - Конституция бойынша құқықтық мемлекет. Бұл бағытта өте маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекетте жүргізілген құқықтық реформалардың нәтижесіне сапалық тұрғыда үлкен өзгерістер өмірге енгізілді, яғни екі палаталы заң шығару органы мен жаңа сот жүйесі қалыптасты. Сот билігі заң шығарушы және атқарушы биліктің шешімдерінің күшін жоя алатын уәкілеттілікпен күшейтілді. Қоғамда көпартиялық жүйе мен саяси оппазициясы биліктің ішкі және сыртқы саясатын сынауға ерікті. 2002 жылы 20 қыркүйекте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің ҚР құқықтық саясатының тұжырымдамасын бекітуімен елімізде құқықтық реформаның жаңа кезеңі басталды.Бұл тұжырымдамада азаматтық және қылмыстық құқықтың қорғалуға тиіс әлеуметтік құндылықтардың жаңа сипаты негізделген. Ол мемлекеттің құқықтық жүйесін халықаралық құқықтың негізінде одан әрі жетілдіре беруді көздейді.

Қазақстандағы құқықтық реформаны жүзеге асыру бағытындағы маңызды қадамдар – омбуцмен институтының енгізілуі мен сот жүйесіндегі алқа билер сотының тәжірибеге енгізілуі болды. Сондай-ақ Қарулы күштер мен ішкі істер министрліктерінің басшылығына азаматтық министрлерідің тағайындалуы да құқықтық реформадағы маңызды тәжірибелердің бірі болып табылады.

Елімізде әрі әлемде тұрақтылық пен келісім диалогын қамтамасыз ету бағытының жалғасы ретінде 2003жылы және 2006 жылы қыркүйек айында Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші және екінші съезі болып өтті. Оның жұмысына Азия, Америка, Таяу Шығыс және Еуропадағы барлық әлемдік діндердің өкілдері қатысты. Съезді БҰҰ Бас хатшысы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Египет және т.б мемлекеттер басшылары және әлемнің көптеген белгілі қоғам және саяси қайраткерлері құттықтады.

Съездің Декларациясы мен шешімдерінде форумға қатысушылардың пікірі бойынша толеранттық, шындық, әділеттілік пен сүйіспеншілік сияқты мәңгілік құндылықтарды қолдайтыны айтылады. Форумды алдағы уақытта әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі деп атап, үш жылда бір рет шақыруға және келесі екінші съезді тағы да Астана қаласында өткізуге келісті.

2003 жылы 9 қаңтарда Ресей президенті В.В.Путин ресми сапармен Астанаға келді. ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесу кезінде Қазақстандағы Ресей жылын жариялады, оның мақсаты екі жақты келісім бойынша оң бағыттарды бекіту, қалыптасқан достық қарым-қатынасты тереңдету болды. 2003 жылғы Ресейдегі Қазақстан жылында екі елдің өлкелері кәсіпкерлік құрылымдар, мәдени, ғылым және білім мекемелері арасындағы іскерлік байланыстарды кеңіте түскен болатын. Осының барлығы Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы достық және серіктестік қатынастарды нығайту үшін қызмет етті.

2004 жыл ҚР мәдени саладағы саясатын дамыту үшін ерекше маңызды болды. 13 қаңтарда Президент Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын бекітті. Оның мақсаты – рухани және білім салаларын дамыту, елдің мәдени мұрасын тиімді пайдалану мен сақтауды қамтамасыз ету. Онда археологиялық ескерткіштер мен тарихи маңызды жәдігерлерді қайта қалпына келтіру, мәдени мұраны, соның ішінде қазіргі ұлттық мәдениет, фольклор, дәстүрлі зерттеудің бүтін жүйесін жасау, ұлттық әдебиет пен жазудың көп ғасырлық тәжірибесін жинақтау, көркем және ғылыми сериялар жасау, әлемдік ғылым, ой, мәдениет және әдебиет жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің құнды қорын мемлекеттік тілде жасау белгіленді. «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде қыруар жұмыстар атқарылды. Ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздың аса құнды мұралары ғылыми айналымға енгізіліп, көпшілік оқырманның игілігіне айналды. Бұл жерде ерекше тоқтала кететін жайт, тарихи дерек қорымыздың Ресей мен Қытайдың мемлекеттік мұрағаттарынан алынған Қазақ тарихына қатысты жаңа тарихи құжаттармен толығуы еді. 2007 жылы ақпанда 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысын шығаруға арналған жиын өткізіліп, онда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекет үшін аса қажет бұл бағдарламаның алдағы уақытта да жалғасын табатыны туралы мәлімдеді.

2004 жылы 6 ақпанда Астана қаласында тың және тыңайған жерді игерудің 50 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев «Көтерілген тың – достық пен жасампаздықтың символы» деген баяндама жасады. Тың игерудің тарихи маңызына тоқтала отырып, ол оның «ХХ ғасырдағы теңдесі жоқ әлемдік тарихтағы ең ауқымды әлеуметтік – экономикалық жоба» болды деген баға берді. Тың игеру арқасында Қазақстан экономикасы, білім беру, денсаулық, мәдениет салалары қайта құрылып, білікті мамандар мен ғылым негізі қаланды. Оның басты қорытындысы «Ұлы Отан соғысынан кейінгі ең өткір мәселелердің бірі – нан мәселесінің алғашқы тың игерушілер еңбегінің арқасында түпкілікті шешілуі» болды.

Н.Ә.Назарбаев баяндамасының соңында: «Қазіргі күнде ешқандай айғайсыз, салтанатсыз-ақ біздің диқаншыларымыз тыңайған жерден жылына 12-15 миллион тонна астық жинайды. Миллиард пұт астық ешқандай дүрмексіз-ақ дәстүрге айналды. Жылына 4-5 миллион тонна деңгейінде астықты экспортқа шығару тұрақталды. Астық өндіру күшіміз 117 млн. га жерге астық сеуіп және оның түсімін 20 млн.тоннаға жеткізуге мүмкіндік беріп отыр»,-деді.

2004 жылы 19 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын арнап,онда 2005 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізі бағыттарын көрсетіп береді. Ол «Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт» деп аталды. Елбасы қазіргі жағдайда сипаттама бере отырып, экономикада алға басушылықтың бар екендігін атап өтті. Кейінгі төрт жылдағы жалпы ішкі өнімнің өсуі 50% болды. 2003 жылы алғаш рет өңдеу өнеркәсіптерінің өсу қарқыны өндірушілерге қарағанда асып түсті.Тек машина жасау саласының өзінде ғана 20% өсті.

Мал шаруашылығында да жақсы жетістіктерге қол жетті,мал басының өсу қарқыны тұрақтады.Ет,сүт өндіру 17% өсті.Қазақстан нанға деген ішкі қажеттілікті ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ,ол экспортқа 5 млн.тоннадан астам астық шығарады. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу көлемі 2003 жылы 9,5% -ға артты.

Қазақстан Республикасының бүрынғы Кеңес Одағы елдері арасында беделі өсіп,Каспий және Орталық Азия аймақтарында саяси және экономикалық маңызы ұлғая түсті.

Алдағы уақыттарда Жолдауда көрсетілген үш міндетті орындау мақсатында: бәсекеге қабілетті экономика үшін ырықтандыру және бюрократтық орталықтан ажырату; жариялықты күшейту; индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру; ауылды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру; инфрақұрылымдық дамыту қажет.

Ұлттық бәсекеге қабілеттілікке жету үшін, Президенттің ойынша, қазақстандықтарды да ойландыратын мәселелер – тұрғын үй, білім және денсаулық мәселелері шешілуі керек. Жаңа тұрғын үй құрылысы саясатын жүзеге асыруда, денсаулық саласында үлкен өзгерістерге енгізіліп жатыр, білім беру жүйесі халықаралық дәрежеге бейімделуде. Ал, әлеуметтік жағдай ең негізгі мәселелердің бірі болмақ.

Бәсекеге қабілетті мемлекет деп халықаралық деңгейде беделі мен рөлі жоғары, өз азаматтарының маңызды мәселелерін шешуге қабілетті, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жақсы мемлекетті айтады.

2005 жылы 18 ақпанда Астана қаласында Парламенттің біріккен мәжілісінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы кезекті «Қазақстан экономикалық,әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» деген Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Бұл жолдаудың мәні – Президент 2010жылға дейінгі еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, ары қарай дамуды жеделдетудің нақтылы бағдарламасын ұсынды. Еліміздің экономикалық және саяси дамуында радикалды жаңа кезеңнін туғаны туралы негізгі ой осы құжаттың өзегі болып табылады.

Алдағы уақыттың міндеттерін айтпастан бұрын Н.Ә.Назарбаев өткен уақытты саралай отырып: Он жыл бұрын өзіміздің ұлттық айналымға жұмыс істей бастады, яғни экономикалық тәуелсіздік шындыққа айналды. 10жыл – бұл сондай-ақ Конституциямыздың торқалы тойы, соның арқасында еліміз тұрақты әрі экономикалық гүлденуде,- деді. Елбасы тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың өмірінің түбірімен өзгергендігін атап көрсетті. Себебі нарықтық экономиканың табысты жұмыс істеуіне жағдай жасалынды, халықтың сапалы өмір сүру көрсеткіші, негізінен, біршама өсті және қазір Қазақстан дүниежүзілік банктің есебі бойынша орта дәрежедегі табысты елдердің тобына жатады.