Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
498
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

19 Ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан

  1. 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы»

  2. 1824 жылғы «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы»

1. Қазақ өлкесінің мемлекеттік тәуелсіздігін жоюға бағытталған отарлау саясатының барысында Қазақстанды басқарудың бірқатар реформалары жасалды. 18 ғасырдың 80 жылдарының өзінде Орынбор губерниясының губернаторы О.Игельстром Кіші жүзде хандық билікті жоюға әрекеттенген, тарихта «Игельстром реформалары» деп аталған реформалар жасауға ұмтылды. 19 ғасырда бұл саясат тізбектеле жүргізіліп, нақты нәтижелерге алып келді. Осылайша, өлкені атап айтқанда Орта жүзді басқару жүйесін реформалау мақсатында сібір генерал-губернаторы М.М.Сперанский 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздары туралы Жарғыны» дайындады. «Сперанский реформалары» бойынша Сібір екі бөлікке – орталығы Иркутскідегі Шығыс Сібір болып және орталығы Омбыдағы Батыс Сібір болып бөлінді. Батыс Сібірге Тобыл, Томск, Омбы облыстары және Орта және Ұлы жүздер территориялары енді. Бұл бөлік «Сібір қырғыздарының облысы» деп аталды және осы облыс үшін 1822 жылғы Жарғы дайындалды.

Жарғы бойынша «Сібір қырғыздарының облысы» аймақтарға, аймақтар болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Аймаққа 15-20 болыстар, болысқа 10-12 ауылдар, ауылдарға 50-70 шаңырақтар енді. Аймақ басында аймақтық приказдар тұрды. Оларды қазақтар дуан деп атаған. Болыс басында болыс сұлтандары тұрды, олар приказдарға бағынды. Ауыл басында ағамандар тағайындалды. Хандық билік жойылды.

Реформалар сотты да қамтыды. Оның мақсаты – империя заңдарын Қазақстанға тарату. Дәстүрлі билер соты рулық, ауылдық шағымдар деңгейінде сақталды. Қылмыстық істер – мемлекеттік сатқындық, кісі өлтіру, тонау, билікке бағынбау және тағы басқалары империя заңдарының негізінде қаралды.

«Сібір қырғыздары туралы Жарғының» қабылдануы Орта жүзде хандық биліктің жойылуын және оның толығымен Ресей империясының құрамына енуін білдірді. 1824 жылы 8 ақпанда патша үкіметімен алғашқы Қарқаралы приказы құрылып, оның басына аға сұлтан подполковник Тұрсын Шыңғысов тағайындалды. Сол жылы Көкшетау приказы құрылды. 1832 жылы Ақмола аймақтық приказы құрылды. Подполковник Шубиннің экспедициясы Ақмола приказын құру үшін Ертіс өзенінің оң жағалауындағы Қараөткел шатқалынан төрт шақырым жерде орналасқан елді мекенді таңдады. Бұл Орта жүздің ірі руларының қоныстарының, жалпы қазақ жерінің орталығы ретінде өте ұтымды стратегиялық орын еді.

Ақмола округтық приказы Қазақ жеріне ілгерілей енудің мүмкіндіктерін кеңейтті. 1851 жылы мұнда Қазақ жеріндегі Ресейдің 1200 солдаты мен офицерлері орналастырылып, ең ірі әскери орталыққа айналды.

2. 1824 жылы Ресей үкіметі Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссен дайындаған «Орынбор қырғыздары туралы Жарғыны» қабылдады. Орта жүзде секілді Кіші жүзде де хандық билік жойылды. Кіші жүз Шекаралық линиялар арқылы басқарылды. Жарғы бойынша Кіші жүз үш бөлікке бөлінді. Бұл бөліктерді Орынбор губернаторы тағайындайтын сұлтандар басқаратын болды. Бұл бөліктер дистанцияларға бөлінді. Дистанция ретінде бекіністер арасында территория аталды. Дистанциялар өз ішінде ауылдарға бөлінді. Дистанцияны дистанция басшысы, ауылдарды ағамандар басқарды. Олардың барлығы Шекаралық комиссиямен тағайындалды, сайламалы жүйе жойылды. Сонымен қатар Кіші жүзде әскери бекіністер бойындағы қазақтар үшін арнайы қамқоршы қызметі тағайындалды. Сот жүйесі «Сібір қырғыздары туралы Жарғыдағы» ережелер сияқты жүргізілді. Ауыр қылмыстық істер әскери соттар мен шекаралық комиссияның құзырында болды. Ал маңызы төмен істерді жергілікті билер соты қарайтын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хандық билік те жойылды.

Кіші жүзде Әбілхайырдың ұлы Айшуақ ханнан кейін, 1809 жылы Әбілхайырдың ұлы Шерғазы хан болды. Жүз билеушілерінің келіспеген бөлігі өз ханы етіп Арынғазыны хан етіп сайлады. 1821 жылы Арынғазы Петербургке шақырылып, сонда тұтқындалып, Калугаға айдалды. «Орынбор қырғыздары туралы Жарғы» қабылданған соң Шерғазы Орынборға шақырылып, сонда тұрақты мекендеуге қалдырылды.