Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Диплом Олжас.doc
Скачиваний:
67
Добавлен:
13.03.2015
Размер:
930.3 Кб
Скачать

100 Дербес атқыштар ұлттық бригадасы

Атты әскер дивизияларымен қатар қазақстанда дербес атқыштар бригадалары да құрылды. Бұлар 100 және 107- дербес атқыштар бригадалары еді. Енді осы бригадалардың жауынгерлік жолына тоқталайық.

100-ұлттық дербес атқыштар бригадасын құру ісі 1941 ж. желтоқсанында басталды да, оның қалыптасуы 1942ж. наурызында аяқталды. Бригада Алматы қаласында жаcaқ­талды, оның қатарына келіп сапқа тұрғандар, негізінен, қазақстанның Алматы, Шымкент, Семей, Шығыс қазақстан, Талдықорған, Жамбыл облыстарынан келгендер еді.

Аткыштар бригадасының командирлігіне полковник В.Е.Шевцов, комиссарлығына «Социалистік Қазақстан» газе­тінің сол кездегі редакторы Сақтаған Бәйішов және саяси бөлім меңгерушілігіне Әбдірахман Досанов тағайындалды.

100-ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрамында 1942 ж. желтоқсанында мынадай бөлімдер: 1,2,З-атқыштар батальоны, миномет батальоны, артиллерия дивизионы, барлаушылар, автоматшылар, саперлер, автомабиль, сани­тарлық роталар болды. Кейіннен 1942 ж. 5 мамырда бригада құрамына тағы бір батальон, яғни 4-дербес атқыштар батальоны қосылды. Бригаданың құрамында 1942 ж. орта­сында бес мыңдай адам болды.

Қаһарлы 1942 жылдың желтоқсаны. Бригада жаңа құры­лып, жасақталып жатқан кез. қызыл Армия неміс-фашист әскерлерін Мәскеу түбінде талқандап, қарсы шабуылға шыққан болатын. қазан-қараша айлары кезінде Мәскеу ба­ғытын қорғасып, ауыр ұрыстарға қатысқан қазақстандық 8- гвардиялық дивизияның қатарын толықтыру қажет болды. Осы жағдайға байланысты 1941 ж. 24 желтоқсанда 100-дер­бес атқыштар бригадасының құрамынан 1700 жауынгер мен кіші командир майданға жөнелтілді.

Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.ВЛанфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамын толықтыруға 1942 ж. 18 сәуірінде 100-бригададан тағы да 594 жауынгер мен кіші командир аттанды.

Сөйтіп, 100-ұлттық дербес бригада соғысқа аттанғанға дейін өз құрамынан екі рет 8-гвардиялық дивизияның құ­рамын толықтыруға адам жіберді. Бригада құрамынан бар­лығы 1194 қазақ жауынгері майданға жөнелтіліп, даңқты панфиловшы-гвардияшылардың қатарын толықтырды. Бұл барғандардың алдыңғы тобының ішінде Панфилов ди­визиясының атын шығарған даңқты ерлердің бірі Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров бар еді. Ол Өскемен (қазіргі Шығыс қазақстан) облысындағы Лениногор түсті металл комбинатында жұмыс істеп жүрген жерінен 1941 ж. желтоқсанында жаңа құрыла бастаған қазақтың 100-дербес атқыштар бригадасаның жауынгерлік сабына өз еркімен сұранып келіп қосылған еді.

1942 ж. 12 қаңтарда бригада жауынгерлері салтанатты түрде қызыл Армияның әскери антын қабылдап, өздерінің Отанға, Коммунистік партияға деген шексіз сенімдерін білдірді.

Сәуір айының 12-сі күні болған бригаданың бөлімдері жазғы лагерьге шығып, Үлкен Алматы өзенінің бойына, «Екінші бес жылдық» колхозының маңына орналасты. Жауынгерлер әскер өнерін үйреніп, жаттығулар жасап, майданға аттануға даярланумен болды. Бригада құрамы майданға жіберілгендердің орнына жаңа адамдармен қайта толықтырылып болды. Мамырдың 5-і күні тағы бір дербес атқыштар батальоны құрылды. Енді бригадада төрт дербес атқыштар батальоны болды.

Шілде айының 7-сі күні салтанатты жағдайда бригадаға КСР Үкімегінін жауынгерлік қызыл Туы тапсырылды. Бригада жауынгерлері Үлкен Алматы шатқалындағы жазғы лагерьге жайғасып, төрт ай бойы әскери даярлық жасады.

КСРО қорғаныс Халық Комиссариатының 1942 ж. 9 тамызда-ғы бұйрығы бойынша, 100-ұлттық дербес атқыштар бригадасы Алматыдан Мәскеу облысының Бабушкин қаласына жеткізілуге тиіс болды. Бригада жауынгерлері отырған алғашқы эшалон І Алматы станциясынан 9 тамызда жолға шықты. Ал 27 тамызда бригаданьщ соңғы бөлімдері Бабушкин қаласына келіп жетті, сөйтіп, бригада бұйрық бойынша белгіленген жаңа орынға жайғасты.

Жана жерге жайғасқаннан кейін құрама бөлімдері жоспарлы әскери және саяси әзірлікті жалғастыра берді. қазанның 1-і күні құрамаға салтанатты жағдайда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жауынгерлік қызыл Туы тапсырылды. Арада бірер күн өткеннен кейін бригада жорық жолымен 78 километр жүріп, Мәскеу облысының Наро­Фоминск ауданындағы Алабино лагеріне келіп жайғасты да, келесі бұйрықты күтті. Бұл бұйрық та көп күттірген жоқ. Мәскеу Әскери округінің 1942 ж. 9 қазандағы бұйрығы бойынша 100-бригада Калинин майданына беріліп, келесі күні-ақ құрама майдан шебіне қарай бет түзеді. Ол Калинин майданының 39-армиясыньщ құрамына кіріп, 25 қарашада Молодой Туд өзені мен деревнясы маңында басталған ал­ғашқы ұрысқа қатынасты. 25 қарашадан 2 желтоқсанға дейінгі аралықта Волга өзенінің жоғарғы, оң жақ сағасы.

Болып табылатын Молодой Туд өзенінен бастап, Оленино селосына қарай шабуыл жүргізді. Бұл село жаудың негізгі бекінісі еді.

Бірнеше күнге созылған шайқастарда бригаданың жауын­герлері көптеген елді мекендерді, атап айтқанда, Тройня, Медвежевка, Большое Приволье, Березка, Толкачева, Вош­льевское деревняларын және басқа да селоларды жаудан тазартты.

Бригада жауынгерлері арасында жеңіске деген сенім, жауға деген өшпенділік, әскери антқа адалдық, қайсарлық пен табандьmық жоғары болды.

1942 ж. 2 желтоқсанға дейінгі ауыр шайқастарда бригада 9 село мен деревняны босатып, жаудың Сталинградқа жібермекші болған ірі күштерін тежеп тұрды.

39-армия құрамында соғыса отырып, 100-дербес ат­қыштар бригадасы жаудың ірі күштерін ұстап тұру, олардың оңтүстікке - Сталинград майданына, Кавказға барып шо­ғырлануына мүмкіндік бермеу сияқты маңызды страте­гиялық міндеттердің шешілуіне өз үлесін қосты. Алайда ауыр ұрыстардың алғашқы күндерінде бригада әр алуан тактикалық қиындықтарға кездесіп, көп шығынға ұшырады. Осы шайқастарда батальон комиссары Хатжан Әлжан ов пен Сақипов сияқты қаһарман командирлеріміз, қарабек Бұрышбаев, Төребек Тоқмағамбетов, Ақай Әлин, Дінмұхам­бет Шыңғаев тәрізді көптеген батыр сержант, қатардағы ер жүрек жауынгерлеріміз ерлік көрсетті, Отанымызды зұлым жаудан азат ету жолында қаза тапты.

1942 ж. желтоқсан айында 100-дербес атқыштар бригадасы боран жамылып, қар кешіп, тығыз түрде Великие Луки қаласына жетті. Калинин майданының жоғарыда аталған қараша шабуылы басталғанда 3- Екпінді армия жау қолындағы Великие Луки қаласын қоршап алып, қала гарнизонында қалған тоғыз мыңдай фашист әскерін талқандауға кірісті. Өйткені қала ортасындағы қамалға бекінген гарнизонның бастығы подполковник Фон Засс тізе бүгуден бас тартты. Осыдан кейін неміс командованиесі Гитлердің бұйрығы бойынша, қоршауда қалған гарнизонды құтқарып алуға бес ірі әскери құрамасын бағыттап (үш жаяу әскер дивизиясы мен екі механикаландырылған танк дивизиясы), жанталасып жатқан кезі еді. Бұл шақта Великие Луки ауданында біздің әскерлер қиян-кескі ұрыс жүргізді. Осы қиын-қыстау кезеңде 250 километрлік марш жасап, 100-бригада Великие Лукиге жетті. Енді бригада З-Екпінді армияның құрамына кірді.

Великие Лукиге жетісімен, бригада бірден ұрысқа кірді.

Бірақ сыртқы шенберіиө, Ширипино-Макарово ауданына жіберілді. Бұл бағытта фашистер танктер мен жаяу әскерлерін шоғырландырып жатқан еді. Новосокольникиден шыққан жау колонналары осы бағытқа қарай үсті-үстіне ағылумен болды. З-Екпінді армияның қолбасшысы генерал-лейтенант К.Н.Галицкий біздің әскерлер қоршауға алған Великие Лукиге төніп келе жатқан осы қара күштің алдына тосқауыл етіп 100-атқыштар бригадасы мен 45-механикаландырылған бригада ны шығарды.

Жау бомбасы тынымсыз жарылып жатқан аса қиын жағдайда бригада бөлімдері қорғаныс шебіне жайғасты. 194З ж. 5 қаңтарда таңертең гитлершілер аз ғана артиллериялық дайындықтан кейін майдан шебін тар көлемде бұзып өтіп, қалаға кіру үшін шабуылға шықты. Бұл аядай жерге дұшпан 205-жаяу әскер дивизиясын, 20-моторлы дивизиясын және 30 танк пен өздігінен жүретін зеңбіректерін шоғырландырды. Гитлершілер Великие Лукиге ұрымтал жерден кіріп, қаланы қайта басып алуды ойлады, тым болмаса қоршаудағы гарни­зопын құтқарып әкетуге Тырысты. Новосокольникиден келіп, Великие Лукиге кіретін тас жол бойына жағалай жайғасқан бригада бөлімдері артиллеристер, жаяу әскер күші болып жаумен жағаласып, оның дүркін-дүркін шабуылын бірінен соң бірін тойтарып отрды.

Шабуылын бірінен соң бірін тойтарып отырды. Кіші лейтенант Мағзұм Көшеков жараланса да, ұрыс даласынан кетпеді.

Өз жігіттеріне басшылық етіп, танкiгe қарсы ататын мылтықпен, өңмеңдеп келе жатқан екі танкі­ні істен шығарды. Артиллерия дивизионының үшінші бата­реясындағы бұрынғы взвод командирі, қаҺарман лейтенант Хажым Көшековтің көмекшісі сержант Рымбек Байсейітов басқарған взводтың екі расчеті ерекше ерлік көрсетті: сержант Әбдірахман Баймурзин мен қызыл әс-кер Мұқан Омарбаев және Байсейітов үшеуі бес танк, ал екінші расчеттағы саяси жетекшінің орынбасары Мырзаби Ерназов пен кіші сержант Халел Айбасов үш танкті өртеді. Батареяның қалған екі зеңбірек расчеті да ерлік көрсетті. Үшінші батареяның төрт расчеті қасықтай қаны қалғанша жаумен арпалысып, мерт болды. Олардан Рымбек Байсейітов пен Мұқан Омарбаев қана тірі қалды.

Бригада 1943 ж. 5-12 қаңтар аралығында ауыр ұрыстар жүргізді. Құрама шабуылға көтерілген сәтте-ақ жаудың жаяу әскерлері мен танктері қарсы шабуылға шығып, қиян­кескі шай қас бастады. Какаған қыс кезінде әрі жазық далада жүргізілген ұрыс бригаданы едәуір шығынға ұшыратты.

Бұл күні қазақстандықтар жауды бір адым да ілгері бастырмады. Капитан Жұмаділ Әубәкіров, лейтенант Әнуар Сейітахметов, кіші лейтенант Шәкен Зеленкин сияқты командирлер, көптеген қатардағы қаҺарман жауынгерлер ер­лікпен қаза тапты.

6 қаңтарда армия қолбасшысы, генерал Галицкийдің бұй­рығы бойынша күшті артиллериялық дайындықтан кейін 100- дербес атқыштар бригадасы мен 360-аткыштар дивизиясы шабуылға шықты. Бірақ дұшпан біздің құрамаларға қарсы оқ, снаряд, бомбаны қардай боратып, бет қаратпады. Бірінші батальонның ер жүрек командирі капитан Уклов оққа ұшты.

Сағат ІІ-де біразға созылған артиллериялық дайындықтан кейін, фашистер қарсы шабуылға шықты. Бірақ біздің жігіттер кайыспады. 7-9 қаңтар күндері де қиян-кескі ұрыстармен өтті. Осы сұрапыл шайқас 16 қаңтарға дейін созылды. Жау аздап ішке қарай сұғына түскенмен, қалаға кіре алмады. Подполковник Фон Засс басқарған фашист гарнизоны талқандалды. қаңтардың екінші жартысында 3-екпінді армия шабуыл жасап, Ловать өзенінің шығыс жағындағы Великие Луки – Невель тас жолының бойындағы Ступино биігінің етегіне орналасты.

Бригада бөлімдері қызыл Армияның басқа да құрама­ларымен, яғни 32, 257-атқыштар және 19-гвардиялық ат­қыштар дивизияларымен бірлесе қимыл жасай отырып, жауды Великие Лукиге жібермеу жөніндегі армия штабының бұйрығын орындады. Оның батальондары қаратай және Большой Иван көлдерінің аралығында, Изоча станциясы түбінде шайқасып, Невельдің солтүстік-шығысында қорға­ныста болды. Тек қазанның ішінде ғана бригада жауынгерлері 1,5 мыңдай басқыншыны, 16 танкі және басқа да көптеген техниканы қатардан шығарды.

Қаңтар айындағы ауыр ұрыстардан . кейін бригада қайта жасақталып, оның қатары тың күштерімен толықтырылды. 1943 ж. 28 ақпанда бригада құрамында 3599 адам болды. Қайта жасақталғаннан кейін ол қысқартлған штат бойынша үш батальондық құрамада қалды. Жаз айларында бригада бөлімдері қорғаныс шептерін нығайтып, әскери даярлықтарын шындай түсті.

1943 ж. қазанда Невель үшін болған ұрыстарға 3-екпінді армияның қарамағында бес атқыштар дивизиясы, үш атқыш­тар бригадасы қатысты. Осы күшпен және 4-екпінді армия­ның кейбір бөлімдерінің көмегімен тұтқиялдан шабуыл жасаған 3-екпінді армия 1943 ж. 6 қазанда Невель қаласын жаудан азат етті. Бұл Ұлы Отан Соғысындағы ең тез аяқталған операциялардың бірі болды. Жаудан азат етілген қаланың әскери коменданты болып 100-дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары подполковник Баймолдин таға­йындалды. 1943 ж. 7 қазанда Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен бұл операцияға қатысқан құрамалар мен бө­лімдерге «Невель» атағы берілді. 3-Епінді армияның 3945 адамы ордендермен, медальдармен марапатталды. Жаудан жаңа ғана азат етілген Невельді фашистерден қорғау үшін 15 қазанда қиян-кескі ұрыстар болды. 3-Екпінді армияның оң қанатындағы 100-бригада Үлкен Иван көлі мен қаратай көлінің аралығында орналасқан еді.

Осы ұрыстарда Алматы медицина институтының студенті Мәншүк Мәметова ерекше көзге түсті. Ол бригада штабы­ның писары қызыметінен өзін атқыштар батальондарының біріне ауыстыруды өтініп, пулеметті шебер меңгеріп алды. 1943 ж. 16 қазандағы ұрыста ол жалғыз өзі қалып, үш «Мак­симнен» алма-кезек оқ жаудырып, фашистердің қарсы шабуылын тойтаруға үлкен үлес қосты.

Халқымыздың ару қызы Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы қызыл Армияның Бас Саяси Басқармасы 1944 ж. арнаулы листовка шығарып, майдандағы жауынгерлер ара­сында таратты.

«1943 ж. қазан айында біздің әскерлер немістің күшті қорғанысын бұзып, Невель қаласын алды. Мәншүк Невель қаласы үшін болған ұрыстарда пулеметпен дұшпанды бау­дай түсіріп, өз бөлімшесінің ілгері ЖЫлжуына мүмкіндік жасады, - деп жазылды онда. - қазақ халқының даңқты қы­зы Мәншүк Мәметова осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Оның пулеметтен атқан оғы фашиспң 70-тен астам солдаты мен офицерін жойды, жаудың бірнеше қайтара жасаған шабуылын тойтарды, сөйтіп біздің жауынгерлерге жол ашты ... »

1944 ж. 1 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиу­ мының Жарлығы жарияланып, Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы берлді. 15 қазандағы ұрыста 239 фашисті жер жастандырған, қазақтың сұр мергені атанған Ыбырайым Сүлейменов тағы да ел дұшпанының көзін жойып, оққа ұшты.

Мәметова мен Сүлейменов Невель қаласына жерленді. 100-дербес атқыштар бригадасының Отан алдындағы еңбегін 3- Екпінді армияның қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Кузьма Никитович Галицкий өзінің «Сұрапыл сын жолдары, 1941-1945» кітабында ерекше ілтипатпен атап көрсетті. Ол былай деп жазды: «Невельдің оң жағын ала жасаған жаудың күшті шабуылына 100-атқыштар бригадасы ойдағыдай тойтарыс берді. Оның құрамында ерлікпен, жанқиярлықпен шайқасқан жауынгер қазақтар, тіпті көп болды. Бригада қорғаныста тұрғанда да дұшпанның барлық шабуылын тойтарып, асқан табандылық көрсетті.

Невель ауданындағы болған ұрыстарда қазақ халқының батыр қызы, пулеметші Мәншүк Мәметова өзінің өшпес ерлігін жасады» [17].

1943 ж. 14 қарашада бригада 6-гвардиялық армияға қарай­тын 23-гвардиялық атқыштар корпусының қарамағына көш­ті. Ал 12 желтоқсанда 6-гвардиялық армия штабының 1- атқыштар дивизиясын құру жөніндегі бұйрығы бойынша, 31 және 100-дербес атқыштар бригадалары бірігіп, І-дивизияға айналды. Бригаданың барлық қатардағы жауынгерлері мен офицерлері, негізінен, 1-атқыштар дивизиясының құрамына енді. Бригада командирі полковник Марецки, бригада комиссары, подполковник С.Бәйішов, штаб бастығы, под­полковник Мостовой, т.б. кейбір офицерлер 6-гвардиялық армияның резервіне ауысты. Жаңа құрылған 1-атқыштар дивизиясының командирі болып бұрынғы 31-бригаданың командирі, полковник А.И.Бакуев, комиссарлығына полковник А.Г.Путихин тағайындады. 1-атқыштар дивизиясы Кеңес Одағының Маршалы К.К.Рокоссовский басқарған l-Белорусь майданының қармағына берілді. Мұнда ол Украинаның Волынск облы-сын, Белоруссияның Брест облысын неміс фашистерінен та­зартуға қатысты. Брест қаласын гитлершілерден босатуға ат салысқаны ушін 1-атқыштар дивизиясына «Брестік диви­зия» деген құрметті атақ берілді. Көптеген жауынгерлер командирлер марапатталды.

Бұдан соң Польша жерін жаудан азат етуге қатысқан дивизияның барлық жауынгерлері «Варшаваны азат еткені үшін» медальмен марапатталды. Дивизия жорық жолын Германияның солтүстік-батысындағы Висмар қаласында аяқталды.

8-атқыштар дивизиясы

1941 ж. аяғында республикада жасақталған құрамалардың бірі - 8-атқыштар дивизиясы. Құрама 1941 ж. 11 желтоқсан­нан бастап құрыла бастады да, 1942 ж. І қан,тарына қарай, негізінен, жасақталып бітті. Дивизия штабы мен оның негізгі құрамы Семей қаласына орналасты, тек бір атқыштар полкі мен дербес миномет батальоны ғана қала сыртында болды.

Дивизия, негізінен Семей, Шығыс қазақстан, Павлодар облыстарының еңбекшілерінен құрылды. Құрама командир­лігіне полковник Г.А.Зверев (1942 ж. 2 ақпаннан бастап полковник И.И.Иванов) тағайындалды, комиссарлығына- И.А.Кохновский, штаб бастығына - Л.Н.Лозанович бекітілді.

Жасақталған атқыштар дивизиясында: үш атқыштар полкі, бір артиллерия полкі, бір танк жойғыш дивизион, сондай-ақ миномет, байланыс, медициналық, санитарлық батальондары, артиллерия батареясы, барлаушылар ротасы, авторота, жеке химиялық қорғану ротасы, т.б. болды.

8-атқыштар дивизиясын жасақтауға жергілікті партия, кеңес органдары қамқорлық жасады. Дивизияның орта ко­мандалық құрамы, басқа құрамалардағы сияқты әскери оқу орындарында дайндықтан өткен, жаяу әскер және артилле­рия училищелерін бітірген жас офицерлерден жасақталды. Құраманың партия және комсомол ұйымдарын нығайту мақсатымен Семей облыстық партия комитеті дивизия бө­лімдеріне 300 коммунист пен комсомол мүшесін жіберді'.

Дивизия құрылып болғаннан кейін жауынгерлер арасында әскери дайындық жұмыстары жүргізілді. Семей өңірінің қатал қысына қарамастан, дивизия бөлімдері қаңтар-наурыз айлары ішінде, яғни үш ай бойына тыңғылықты жауынгерлік даярлық жасады.

«Дивизия қатарына келгендердің дені бұрын әскери дайындықтан өтпеген, орыс тілін нашар білетін адамдар болды» 2,-деп жазады В.Лупшев.

Дивизияға алынған әскер жасындағылардың көбі алыста­ғы ауылдардан келгендер, көбінің білім дәрежелері төмен, орыс тілін де нашар білетіндер еді. Міне, сондықтан да олар­мен әскери дайындық ісі және саяси-тәрбие жұмысы ана ті­лінде жүргізілді, ал бұл олардың жауынгерлік даярлығын шыңдай түсті.

Наурыз айында дивизия бөлімдерінің әскери дайындығын тексерген қызыл Армияның әскери құрамаларды жасақтау жөніндегі бас басқармасының өкілі полковник Якушев баста­ған комиссия жақсы бағамен қабылдады.

Әскери даярлықтан өтіп жатқан 8-атқыштар дивизиясы­ның бөлімдеріне облыстық партия, кеңес және комсомол үй-ымдары ерекше қамқорлық жасап, олардың материалдық­техникалық жағынан дұрыс жабдықталуына назар аударып отырды.

Дивизия майданға аттанардың алдында 1942 ж. 21 нау­рызда Семей облыстық партия комитеті мен еңбекшілері депутаттарының облыстық кеңесі әскери және саяси дайын­дықтың озаттарына сыйлық тапсырды.

1942 ж. 1 сәуірде дивизияның бөлімдері майданға аттанды.

Құрама эшалондары Алматы - Орал - Саратов арқылы өтіп, сәуірдің 24-і күні Сталиногорск (қазіргі Новомосковск) қаласы маңына жетті. Құрама осы маңға шоғырландырылып, Брянск майданындағы 24-армияның қарамағына берілді. Бұл майдан резервіндегі армия еді. Ал енді бірер күннен кейін 8-атқыштар дивизиясы 3-армияның, іле-шала 48-армияның құрамына қосылды. Жау әскерлерінің Воронеж бағытында шабуыл жасауына байланысты, 1942 ж. 8 шілдесінен бастап, дивизия 13-армияның қарамағына өтіп, алғашқы шайқастарға қатысты. Сөйтіп, дивизия бөлімдері майданның басқада құра­маларымен бірге, бес ай бойы қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Бұл шайқастарда дивизия жауынгерлері жаудың 5 мыңдай адамын, 22 артиллерия батареясын, 12 танкісін жойды [19].

1942 ж. 4 желтоқсаннан бастап, дивизия майдан қолбасшы­сының резервінде болды.

1943 ж. басында кеңес әскерлері үшін қолайлы стратегия­лық жағдай туды. Сталинград тубіндегі жау әскерлері талқан­далды. Сталингард маңынан басталған шабуылдар Солтүстік Кавказды, Донның төменгі сағасын, тағы басқа аудандарды жаудан азат етумен жалғасты. Міне осы кезде, немістердің Воронеж - Касторное әскери тобы талқандалды. Оны талқан­дауға Воронеж майданының 40-армиясы қатысты. Генерал Н.Е.Пухов басқарған. l3.-армияның құрамында 8-атқыштар дивизиясы ұрыс жүргізді.

1943 ж. 26-28 қаңтар аралығында дивизия бөлімдері те­мір жолдың торабы Касторное қаласы бағытында шабуыл жасай отырып, 60 километрдей алға жылжыды. Жаудан 48 елді мекенді азат етті, бұлардың ішінде Урицкое селосы, Набережные темір жол станциясы, Касторное қаласы бар. Жаудың 5320 адамы жойылып, 3522 адамы тұтқынға алынды. Көптеген қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек қоймалары, бір мыңнан аса ат, 2700 автомашина, т.б. қолға тусірілді. Үрыс кезіндегі ерліктері үшін дивизияның 2071 адамы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

Үздіксіз ұрыстардың нәтижесінде дивизия қатары да сиреді. Дивизия резервте болған кезде батальондардьщ құ­рамы тыл бөлімшелерінің және госпитальдардан сауығып қайтқандардың есебінен толықтырылды. Алда курск шайқасы тұрды. Бұл 1943 ж. шілдесінде болды.

Курск шайқасының аяғына дейін ауыр ұрыстар жүргізген құрамалардың бірі - 8-атқыштар дивизиясы. Ол Орталық майданға қарайтын 13-армияның құрамында Курск шайқасы басталған күннен жау шабуылының бел ортасында болды.

Курск шайқасы басталардан бірнеше күн бұрын 8-ди­визияға командир болып гвардия полковнигі Профирий Мартынович Гудзь келді. Ол 194З ж. 16 қазанда Кеңес Одағы­ның Батыры атанды. Бұл дивизияның оған дейінгі командирі генерал-майор И.И.Иванов З маусымда басқа бөлімге ауыс­қан еді. Жаңа командир келгенде дивизияның бөлімдері ұлы шайқастын қарсаңындағы барлық инженерлік жүйемен әзірленген өздерінің қорғаныс шебінде тұрды. Полковник Гудзь өзінің естелігінде былай деп көрсетеді: «8-дивизияға мен 194З ж. 25 маусымында таң ата келдім ... Дивизияның алдында қорғаныста немістердің 78-Врютемберг-Бадендік жаяу әскер дивизиясы тұрды, онын командирі генерал­лейтенант Фолькерс болды. Бізге күшті жаумен шайқасуға тура келді».

Бұл гитлерлік дивизия 1941 ж. 7 қарашада Мәскеуде қызыл алаңда өткізілмекші болған әскери шеруге қатыспақ екен, бірақ Мәскеу түбіндегі шайқастың барысында оньщ өзінің талқаны шықты. Мәскеуде шеру жасамақ болған «сабаздар» кеңес әскерлерінің берген соқкысының нәтижесінде, Мәскеудің қар жамылған даласында қырғынға ұшырады. Ал бұл Курск маңына келіп, 8-дивизиямен бетпе­бет шабуылға шыққалы тұрған фашистердің 78-жаяу әскер дивизиясыньщ қайта жасақталып келген беті екен.

Курск шайқасы 5 шілде күні басталды. қаптаған неміс танктері мен автоматшылары алға ұмтылды, оларды неміс авиациясы қолдап, біздің әскерлер бекінген шептерді көктен де, жерден де атқылады.

Осы жойқын шайқас кезінде, жау шабуылына қасқая қар­сы тұрған 8-дивизияның ер жүрек жауынгерлері өз қорғаныс шептерінен бір адым да кейін шегінген жоқ. Жаудың броньды күшіне ойсырата соққы беріп, оларды алға жылжытпай қой­ды. Дивизия жауынгерлерінің ерлігіне сүйсінген дивизия командирі. Гудзь: «1941 ж. желтоқсанында 8-дивизияны жасақтаған қазақ КСРО-і неміс фашистерінің тісі батпайтын мықты жаңғақ дайындаған ... Курск доғасында қызыл Ар­мияның басқа да құрамаларымен бірге 8-дивизия, оның адамдары жауынгерлік міндетті абыроймен орындады және өз позицияларынан тапжылған жоқ. 8-дивизияның 400-ден астам жауынгері мен офицері үкімет наградасына ұсыныл­ды»', - деп еске алды.

Қарсы шабуылға шыққан қазақстандық құрама жауын­герлері жаудың Орел тобына аяусыз соққы берді. Ол Неручь өзені жағалауындағы қорғаныс шебінен Кромы қаласына дейін жүріп өтті, осы қаланы, сондай-ақ Глазуновка стан­циясын және басқа да 70 елді мекенді фашистерден босатып, 2400-ден астам гитпершінің көзін жойды.

Қыркүйектің соңғы күндерінде кеңес әскерлері шайқаса отырып, Днепрге таяп келді. Орталық Воронеж және Оңтүстік-Батыс майдандарының әскерлері өзенді бір мезгілде төрт жерінен: Гомельдің оңтүстігінен, Киевтің, Крсменчугтің және Днепропетровскінің маңынан өтті. Днепр үшін болған шайқасқа мыңдаған қазақстандықтар қатысты. Днепрді бі­рінші болып өткен құрамалардың арасында 8-атқыштар дивизиясы да болды.

Курск шайқасы кезінде қорғаныс ұрыстарын жүргізген 8-атқыштар дивизиясыньщ тәжірибесіне «Ұлы Отан соғысы жылдарында Кенес Армиясы тактикасының дамуы» атты еңбекте де ерекше мән берілді. Бұл еңбекті м.в.Фрунзе атындағы әскери академияның авторлар ұжымы жоғарғы әскери оқу орындарының тыңдаушылары үшін оқу құралы ретінде дайындаған болатын". Жау Десна, Днепр және Припять өзендері бойында қорғаныс шептерін құрып, осы су тосқауылдары арқылы қызыл Армияның батысқа қарай жылжуын бөгемек ниетте еді. Бірақ кеңес құрамаларының тегеурінді шабуылына еш нәрсе кедергі бола алған жоқ.

Дивизия бөлімдері 194З ж. қыркүйектің 22-сінен 2З-іне қараған түні Днепрден өте бастады. Олар бір тәуліктің ішінде өзеннен өтіп болып, белгіленген бағытпен ұрыс жүргізе берді.

Днепр өзенінен өту ұрыстары кезінде көптеген қазақстан­дық жауынгерлер ерлік көрсетті. Олардың есімдері Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылды. Олардың арасында 8-атқыштар дивизиясының батальоны командирі, капитан Н.Н.Силин, рота командирі, аға лейтенант Әбу Досмұхамбетов, т.б. бар еді.

Дивизия 194З ж. күзінде оң жағалаудағы Украинаны азат етуге байланысты 1-Украина майданы жүргізген ша­буылдарға да қатысты. Оның жауынгерлері кейін Чехословакияны да азат етісті. 1944 ж. наурызда Каменец-Подльск облысының Ямполь қаласын азат етудегі көрсеткен ерлігі үшін дивизия «ямпольдық дивизия» деген құрметті атақ алды. Чехословакияның көптеген қалаларын азат ету жолындағы ұрыстарға қатысқаны үшін дивизияның туына қызыл Ту және ІІ дәрежелі Суворов ордендері тағылды. Дивизия жауынгерлерінің арасынан 64-сы Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ие болды [20].