Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оу-дістемелік кешен, макро, 2013-2014.doc
Скачиваний:
268
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.49 Mб
Скачать

Банк жүйесі. Ақша-несие саясаты

Мақсаты: макроэкономикалық тұрақсыздықтың негізгі белгілерін болдырмауға байланысты экономикадағы мемлекеттің ақша-несие саясатының жүргізілуінің қажеттілігін түсініп, оның мемлекеттік реттеудегі рөлін, түрлерін, жалпы механизмдері мен ерекшеліктерін жан-жақты талдау және олардың тиім-діліктерін анықтау. Осы тақырыпқа мына сұрақтар талқылауға шығарылады.

Дәріс жоспары:

  1. Банк жүйесі: Орталық банк және коммерциялық банктер.

  2. Ақша-несие саясатының мақсаттары мен құралдары.

  3. Ақша-несие саясатының түрлері мен типтері.

Негізгі түсініктер: банк; банк жүйесі; орталық банк; коммерциялық банктер; ақша-несие (монетарлық) саясаты; міндетті резервтер нормасы; ашық нарықтағы операциялар; есептік мөлшерлемені белгілеу; арзан ақша саясаты; қымбат ақша саясаты; ақша-несие саясатының беріліс механизмі, т.б.

Тақырыптың мазмұны.

Банк жүйесі – бұл қандай да бір елдің территориясында бір-бірімен өзара байланысқан түрде әрекет жасайтын банктік мекемелердің жиынтығы.

Банктік жүйе әдетте, екі деңгейлі болып табылады, бірінші деңгейде әрқа-шанда Орталық банк (эмиссиялық) тұрады және екінші деңгейге коммерциялық банктер (депозиттік) мен арнайы мамандандырылған қаржы-несие мекемелері (инвестициялық, жинақтаушы, ипотекалық, сыртқы саудалық және т.б.) жайға-сады.

Банк жүйесі мынадай негізгі қызметтерді атқарады:

а) уақытша бос ақша қаражаттарын шоғырландыру;

ә) бос ақша қаражаттарын уақытша пайдалану үшін ұсыну;

б) несиелік ақшаларды жасау;

в) несиелік реттеу;

г) ақша эмисиялау;

д) бағалы қағаздарды шығару.

Банк жүйесінің маңызды буыны болып Орталық банк табылады.

Орталық банк – бұл үкіметтің қарыздық және несиелік операцияларын ұйымдастырудың делдалы, ақша нарығының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін банк жүйесінің басты буыны.

Орталық банк ұлттық валютаны айналымға енгізеді, елдің алтын валюта-лық резервтерін сақтайды, банкаралық есептесу орталығы ретінде жұмыс істейді. Орталық банк Үкіметтің қаржылық агенті рөлін атқарады және коммер-циялық банктер үшін кредитор болып табылады. Сонымен қатар, Орталық банк халықаралық ақша нарықтарында сатушы және сатып алушы қызметін атқарады және жеке банктердің шетелдік қызметтерін реттеп отырады.

Әлемнің барлық елдерінде Орталық банктер ақша-несие саясатын қалып-тастырады және жүзеге асырады, коммерциялық банктердің қызметтерін бақы-лайды және реттейді.

Орталық банктің, коммерциялық банктердің операциялары және банктік емес сектордың шешімдері нәтижесінде экономикада ақша ұсынысы өзгеріп отырады. Біз білетініміздей, Орталық банк ақша ұсынысын ақша базасы мен ақша мультипликаторына әсер ету жолымен бақылайды. Ал ақша ұсынысының нақты көлемі коммерциялық банктердің салымдарды қабылдау және несиелерді беру бойынша операцияларының нәтижесінде қалыптасады.

Коммерциялық банктер – әртүрлі операцияларды орындау мен қызмет-терді көрсету арқылы заңды және физикалық тұлғаларға келісім-шарттар негізінде несиелік-есеп-айырысушылық және басқа да банктік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын әмбебап тұрпаттағы несиелік мекемелер.

Коммерциялық банктердің негізгі қызметтері болып салымдарды (депо-зиттерді) тарту және несиелерді ұсыну саналады. Осы операциялар арқылы коммерциялық банктер ақша ұсынысын кеңейтіп қосымша ақшалар жасай алады және олар басқа қаржылық мекемелерден осындай қызметтерімен ерекшеленеді. Банктер сонымен қатар, бағалы қағаздарды сату және сатып алу-мен де айналысады.

Коммерциялық банктердің пайдасын маржа деп атайды, ол несиелер бойынша тағайындалған пайыздар (бұл пайыздарды қарыз алушылар төлейді) мен депозиттер бойынша тағайындалған пайыздар (бұл пайыздарды банктер өз салымшыларына төлейді) арасындағы айырма болып табылады.

Арнайы мамандандырылған қаржы-несиелік мекемелер – бұл эконо-миканың нақты салалары мен аяларын несиелеумен айналысатын банктік емес ұйымдар.

Мұндай ұйымдар келесідей формаларда жұмыс істейді:

1) инвестициялық банктер – бағалы қағаздарды шығару мен орналас-тыру бойынша операцияларды жүргізетін, капиталдарды тартатын, салаларды инвестициялауға өз капиталдарын пайдаланатын ұйымдар;

2) жинақтаушы мекемелер – халықтың жинақтарын жинайтын және тұрғын-үй құрылысына инвестиция салу үшін ақша капиталын пайдаланатын ұйымдар;

3) сақтандыру компаниялары – сақтандыру полистерін сату жолымен ақша қаражаттарын тартатын, өнеркәсіп, сауда және көлік салаларының ірі корпорацияларын қаржыландырумен айналысатын ұйымдар;

4) зейнетақы қорлары – ұзақ мерзімдік міндеттемелерді эмиссиялау жолымен қаржыларды тартатын ұйымдар;

5) инвестициялық компаниялар – акциялары бар ұсақ компаниялардың арасына өз акцияларын орналастыратын және қаржыларды экономиканың әртүрлі салаларындағы бағалы қағаздарды сатып алу үшін пайдаланатын ұйымдар.

Кез-келген елдің Орталық банкі макрокономикалық саясаттың негізгі құралы – ақша-несие саясатын жүргізуге жауапты.

Ақша-несие саясаты – бұл ақша айналымы мен несие жүйесі саласын-дағы мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асырумен байланысты бірқатар жалпы экономикалық міндеттерді орындауға бағытталған макроэкономикалық саясат-тың аса маңызды құрамдас бөлігі. Ақша-несие саясаты нақты мақсаттарды көздейді және арнайы құралдар арқылы жүзеге асырылады.

Ақша-несие саясатының мақсаттары соңғы және аралық мақсаттар болып бөлінеді.

Соңғы мақсаттар:

1) экономикалық өсу;

2) толық жұмысбастылық;

3) бағалардың тұрақтылығы;

4) тұрақты төлем балансы.

Соңғы мақсаттар ақша-несие саясатының фискалдық, валюталық, сыртқы сауда саясаттарымен бірге жүзеге асыратын мемлекеттің маңызды бағыттарына жатады.

Аралық мақсаттар:

1) ақша массасы;

2) пайыздық қойылым;

3) айырбас бағамы.

Ақша-несие саясатының мақсаттарына тікелей және жанама деп бөлінетін нақты құралдар арқылы қол жеткізіледі.

Ақша-несие саясатының тікелей құралдары:

1) несиелеу лимиттері;

2) пайыз мөлшерлемесін тікелей реттеу.

Ақша-несие саясатының жанама құралдары:

1) міндетті резервтер нормасын өзгерту;

2) есептік мөлшерлемені өзгерту;

3) ашық нарықтағы операциялар.

Міндетті резервтер нормасын өзгерту – бұл ақша-несие жүйесін реттеуде қолданылатын қатаң құрал ретінде саналатын банктік резервтердің шамасына әсер ету әдісі.

Міндетті резервтер нормасын Орталық банк депозиттердің шамасына қарай пайыздық түрде бекітеді. Оның шамасы біріншіден, салымдардың түрлеріне және екіншіден, банктердің көлеміне (шағын банктерге қарағанда ірі банктер үшін оның шамасы жоғары) байланысты болады.

Міндетті резервтер нормасын өзгерту екі негізгі нысанда жүргізіледі: жоғарылату формасында және төмендету формасында.

Міндетті резервтер нормасын жоғарылатудың нәтижесінде міндетті резервтердің шамасы артады, коммерциялық банктердің несиелік белсенділігі қысқарады және соңында ақша ұсынысы төмендейді.

Міндетті резервтер нормасын төмендетудің нәтижесінде керісінше, несие беру құралдары кеңейеді, коммерциялық банктердің несиелік белсенділігі артады және соңында ақша ұсынысы ұлғаяды.

Міндетті резервтер – бұл коммерциялық банктердің Орталық банкте пайызсыз салымдар түрінде сақтайтын депозиттерінің бір бөлігі. Сонымен қатар, коммерциялық банктер өз қарамағында артық резервтерді де ұстай алады. Артық резервтер – бұл күтпеген жағдайлардан сақтану үшін және өтімділігі бар құралдарға қажеттіліктерін өсіру үшін сақтайтын міндетті резервтерден артылып қалған сомалар.

Есептік мөлшерлемені өзгерту (қайта қаржыландыру ставкасы) – бұл Орталық банктің коммерциялық банктерге қарызға беретін өз резервтеріне тағайындайтын пайыз мөлшерлемесін өзгертуі. Орталық банк осы құралды пайдалану арқылы дисконттық саясатты іске асырады. Жоғарыдағы сияқты, бұл құрал да жоғарылату немесе төмендету нысанында жүзеге асырылады.

Есептік мөлшерлемені жоғарылату нәтижесінде пайыз мөлшерлемесі өседі, орталық банктен қарыз алу шектеледі, соның салдарынан коммерциялық банктердің несиелерді ұсыну бойынша белсенді операциялары қысқарады. Коммерциялық банктер қымбат несиені ала отырып, несие бойынша өздерінің пайыздық мөлшерлемелерін көтереді, соңында жалпы несие қымбаттайды.

Есептік мөлшерлемені төмендету керісінше, банктік несиелерді алуды жеңілдетеді, пайыздық қойылым төмендейді, несиелік операциялар кеңейеді, ақша ұсынысы артады.

Есептік мөлшерлеме, ереже бойынша, банкаралық нарықтың тағайындай-тын пайыздық мөлшерлемелерінен төмен болып келеді.

Ашық нарықтағы операциялар – бұл Орталық банктің мемлекеттік бағалы қағаздарды (облигацияларды) сатып алуы мен сатуы. Орталық банк ашық нарықтағы операциялар арқылы экономикадағы ақша массасының шамасын реттеп отырады. Бағалы қағаздарды сатып ала отырып, коммерциялық банктердің резервтерін арттырады, олардың несиелік мүмкіндіктерін ұлғайтады, ақша ұсынысын кеңейтеді. Және керісінше, бағалы қағаздарды сата отырып, Орталық банк коммерциялық банктердің резервтері мен несиелік мүмкіндіктерін қысқартады, ақша ұсынысын төмендетеді.

Ашық нарықтағы операциялар көп жағдайларда, қайта сатып алу келісімі (РЕПО) нысанында жүргізіледі. Оның жүргізілуінің мәні, яғни Орталық банк бағалы қағаздарды белгіленген уақыты біткеннен кейін аса жоғары бағамен міндетті түрде қайтара сатып алу жағдайында сатады.

Ақша-несие саясатының негізгі екі типі ажыратылады: ынталандырушы және шектеуші.

Ынталандырушы ақша-несие саясаты (несиелік экспансия) – бұл ақша ұсынысын арттыру және ақшаның бағасын (пайыз мөлшерлемесін) төмендету жолымен елдегі экономикалық белсенділікті көтеру мақсатында жүргізілетін саясат.

Шектеуші ақша-несие саясаты (несиелік рестрикция) – экономиканың инфляциялық өсуін тежеуге, ақша ұсынысының көлемін қысқартуға және ақшаның бағасын өсіруге бағытталған саясат.

Экономиканың циклдік ауытқулары мен толқуларын жұмсарту және қалпына келтіру мақсатында Орталық банк ынталандырушы немесе шектеуші ақша-несие саясатын жүргізу барысында өз қарамағында жоғарыда аталып өткен құралдар кешенін қолданады.

Өндірістің құлдыруы мен жұмыссыздықтың өсуі жағдайында Орталық банк «жұмсақ» ынталандырушы саясатты жүргізеді, мұны басқаша, «арзан ақшалар» саясаты деп атайды. Бұл саясат мынадай іс-шаралар арқылы жүргізіледі:

• есептік мөлшерлемені (қайта қаржыландыру мөлшерлемесін) төмен-дету;

• міндетті резервтер нормасын төмендету;

• халықтан және коммерциялық банктерден бағалы қағаздарды (қысқа мерзімдік мемлекеттік облигацияларды) сатып алу.

Осындай шараларды атқарудың нәтижесінде коммерциялық банктердің артық резервтері көбейеді, олардың несиелік мүмкіндіктері кеңейеді, жалпы алғанда елде ақша ұсынысы өседі. Ақша ұсынысының өсуі пайыз мөлшерлемесін төмендетеді, ал соңында инвестициялардың өсуі орын алып, ұлттық өндірістің көлемі артады.

Экономиканың қызып кетуі жағдайында, яғни экономика артық шығындар мен инфляцияға тап болғанда Орталық банк «қатаң» ақша-несие саясатын іске асырады, мұны басқаша, «қымбат ақшалар» саясаты деп атайды. Бұл саясат мынадай іс-шаралар арқылы жүргізіледі:

• есептік мөлшерлемені (қайта қаржыландыру мөлшерлемесін) жоғары-лату;

• міндетті резервтер нормасын арттыру;

• халықтан және коммерциялық банктерден бағалы қағаздарды (қысқа мерзімдік мемлекеттік облигацияларды) сату.

Осындай саясатты жүргізудің нәтижесінде коммерциялық банктердің қарыз берулері шектеледі, ақша ұсынысы қысқарады, пайыз қойылымы өседі, ал соңында инвестициялар қысқарады, жиынтық шығындар төмендейді және инфляция басылады.

Сөйтіп соңында, ақша-несие саясатының қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді деген түрлерін бөліп көрсетуге болады. Олар өзінің нәтижелері бойынша ерекшеленеді. Қысқа мерзімде ақша-несие саясаты ұлттық өндіріс көлеміне үлкен дәрежеде әсер етеді және бағалар деңгейіне соншалықты әсер етпейді. Ұзақ мерзімде керісінше, ақша-несие саясаты бағалар деңгейіне айтарлықтай әсер етеді және ұлттық өндірістің көлеміне соншалықты әсер ете алмайды.

Қорытынды

1. Банк жүйесі қандай да бір елдің территориясында бір-бірімен өзара байланысқан түрде әрекет жасайтын банктік мекемелердің жиынтығынан тұрады. Банктік жүйе екі деңгейлі болып табылады, бірінші деңгейде әрқашанда Орталық банк (эмиссиялық) тұрады және екінші деңгейге коммерциялық банктер (депозиттік) мен арнайы мамандандырылған қаржы-несие мекемелері (инвестициялық, жинақтаушы, ипотекалық, сыртқы саудалық және т.б.) жайғасады.

2. Банк жүйесі экономикада уақытша бос ақша қаражаттарын шоғырландыру; бос ақша қаражаттарын уақытша пайдалану үшін ұсыну; несиелік ақшаларды жасау; несиелік реттеу; ақша эмисиялау; бағалы қағаздарды шығару сияқты қызметтерді атқарады.

3. Ақша-несие саясаты ақша айналымы мен несие жүйесі саласындағы мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асырумен байланысты бірқатар жалпы экономикалық міндеттерді орындауға бағытталған макроэкономикалық саясатты білдіреді. Ақша-несие саясатының мақсаттары соңғы және аралық мақсаттар болып бөлінеді.

Соңғы мақсаттар: 1) экономикалық өсу; 2) толық жұмысбастылық; 3) бағалардың тұрақтылығы; 4) тұрақты төлем балансы.

Аралық мақсаттар: 1) ақша массасы; 2) пайыздық қойылым; 3) айырбас бағамы.

Ақша-несие саясатының мақсаттарына тікелей және жанама деп бөлінетін нақты құралдар арқылы қол жеткізіледі.

Ақша-несие саясатының тікелей құралдары:

1) несиелеу лимиттері; 2) пайыз мөлшерлемесін тікелей реттеу.

Ақша-несие саясатының жанама құралдары:

1) міндетті резервтер нормасын өзгерту; 2) есептік мөлшерлемені өзгерту; 3) ашық нарықтағы операциялар.

4. Ақша-несие саясатының негізгі екі типі ажыратылады: ынталандырушы және шектеуші. Ынталандырушы ақша-несие саясаты (несиелік экспансия) – бұл ақша ұсынысын арттыру және ақшаның бағасын (пайыз мөлшерлемесін) төмендету жолымен елдегі экономикалық белсенділікті көтеру мақсатында жүргізілетін саясат. Шектеуші ақша-несие саясаты (несиелік рестрикция) – экономиканың инфляциялық өсуін тежеуге, ақша ұсынысының көлемін қысқартуға және ақшаның бағасын өсіруге бағытталған саясат.

Дәріске арналған әдістемелік кеңестер:

1. Тақырыпты оқу барысында студент мыналарға міндетті түрде назар аударуы керек:

  • банктік жүйенің құрылымына

  • ақша-несие саясатының мәніне және түрлеріне;

  • ақша-несие саясатының құралдарына.

2. Студентке мыналарды білу қажет:

  • ақша-несие саясатының тиімділігін анықтау;

  • Орталық банктің ақша-несиелік реттеудің құралдарын қолданудың салдарын анықтау.

3. Студент мынадай қабілеттіліктерге ие болуы қажет:

  • елдегі банктік жүйенің жағдайын талдау;

  • елдегі екінші деңгейлі банктердің қызметтеріне талдау;

  • қатаң және икемді монетарлық саясат шеңберінде жүргізілетін іс-шараларға баға беру.

4. Негізгі әдебиеттер тізіміндегі оқулықтарды зерттеу арқылы тақырыпты меңгеру және бекіту қажет.

8-тақырып. Жалпы шолу дәрісі