Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Стандарттау учебник.doc
Скачиваний:
551
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
3.04 Mб
Скачать

3.1 Сертификаттауды дамытудың жағдайы және негізгі даму бағыттары

Латын тілінен аударғанда «Сертификаттау» (Sertifico) сөзі растаймын, куәландырамын деген мағынаны білдіреді. Сертификаттау сөзінің төркінің кейбір авторлар certum – дұрыс және facere – жасалған деген латын сөз тіркесінен шыққан деп пайымдайды. Тарих ғалымдары сертификаттау рәсімінің тамыры тереңде жатқанын нақтылау үшін ғасырлар бойы бұйымдарды таңбалау мен сақтандыру рәсімдері оның күйін бағалауда қолданғанын алға тартады.

«Сертификаттау» ұғымына алғашқы рет анықтама берген Халықаралық стандарттау жөніндегі ұйымның Сертификаттау мәселесі жөніндегі комитеті (бұрынғы СЕРТИФИКО) еді. Бұл ұғым 1982 жылы ИСО/ХЭК 2 басшылығына енген болатын.

Сертификаттау – сәйкестікті растау жөніндегі орган өнімнің, көрсетілетін қызметтің белгіленген талаптарға сәйкестігін жазбаша куәландыратын рәсім.

«Сертификаттау» ұғымының біздің сөз қорымызға енуі соңғы он жылда өнімдердің қауіпсіздігі мәселесіне тікелей байланысты. Бүгінгі күні халықаралық саудадағы жаһандануға, бір өнімнің алуан әр түрлілігіне, өнім өндірушілер арасындағы күшті бәсекелестікке байланысты өнімді шығарушы елге, фирмаға, сапаны басқару жүйесіне тәуелсіз тұтынушы үшін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігі ретінде сертификаттау ұсынылып отыр.

Сертификаттау объектілеріне өнім, қызмет, бұйым, процесс (жұмыс), сапа жүйесі, қызметкерлер, жұмыс орындары және т.б. (әрі қарай - өнім) жатады.

Өнімді сертификаттауға үш жағы бар:

Бірінші тарап - өнім өндіруші, бұйым жасаушы, қызмет көрсетуші, өнімді сатушы, екінші тарап - өнімді сатушы, сатып алушы, тұтынушы, үшінші тарап – техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитет және оның аумақтық басқармалары, сәйкестікті растау жөніндегі органдар мен сынау зертханалары.

Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сәйкестігін растау міндетті немесе ерікті сипатта болады.

Сәйкестікті растау – нәтижесі объектінің техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілерде, стандарттарда немесе шарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін құжаттамалық куәландыру (сәйкестік туралы декларация немесе сәйкестік сертификаты түрінде) болып табылатын рәсім.

ҚР «Техникалық реттеу туралы» заңына сәйкес, сәйкестігі міндетті расталуға жататын өнім техникалық реттеу саласындағы нормативтік–құқықтық актілер бойынша айқындалады. Бірақ аталмыш заңның бұл талабы практикада жүзеге асқанша, сәйкестігі міндетті расталуы тиіс өнімдердің тізілімін бұрынғысынша жыл сайын ҚР Үкіметі өз қаулысымен бекітіп отырады.

Ф.А.Брокгауз бен И.А.Эфронның 1900 жылы жарық көрген энциклопедиялық сөздігінде «сертификат» сөзіне бірнеше анықтама берілген. Оның бірінде: сертификат – куәлік. Бүгінгі күні сертификат тек техникалқ реттеу саласына ғана тән сөз емес. Сетрификат сөзі қаржы саласында бір жағдайда белгілі сомаға ақшалай куәлік ретінде, бір жағдайда арнайы мемлекеттік займ ретінде қолданылады.

Ежелден өнім өндірушілер өз өнімдеріне жазбаша кепілдеме берген. Бұл қазіргі заманғы терминология бойынша «сәйкестік туралы декларация» болып табылады. Ол декларацияның ауқымы өте кең болған және олар өнер туындыларын да қамтыған. Қайта өрлеу (XV ғ) дәуірінің суретшілері өз туындылары 300 жыл бойы сақталатындығына жазбаша кепілдік берген. Ең қызығы – ол суреттердің бір бөлігі осы күнге дейін халыққа қызмет етуде [1,3].

Қазақстанда сертификаттау ҚР «Стандарттау және сертификат- тау туралы» заңына сәйкес 1993 жылдан бастап жүргізіліп келеді.

КСРО-ның экспортталатын өнімді сертификаттау жүйесі Қазақстанға мұра болып қалды. Бірақ КСРО – ның сертификаттау жүйесінің кемшіл тұстары көп болатын. 1984 жылға дейін КСРО- ның отандық өнімдері шетелдік орталықтарда, сол елдің заңнамасына сәйкес сертификатталды. Тек сол жылдың күзінде КСРО Үкіметі экспортталатын өнімді сертификаттау жөнінде қаулы қабылдады.

Сәйкестік сертификатын КСРО Мемстандартты рәсімдейтін еді. Бұл сертификаттау саласындағы халықаралық талаптарға қайшы келетін.

1991 жылы КСРО-да не бары 14 сынау орталығы жұмыс істеген еді.

Неліктен КСРО-да сертификаттау жүйесі нашар дамыды? Оның үш себебі болатын. Біріншіден, Кеңес өкіметі жоспарлы саясатты ұстанып, халық санына сәйкес өнім шығаратын. Экспорттың үлесі мардымсыз болатын. Халықта өнімнің әр түрлілігін таңдау, талғамына сай өнім сатып алу мүмкіндігі болған жоқ. Екіншіден, КСРО-ның сертификаттау жүйесіндегі Мемстандарт рәсімдеген сәйестік сертификатты бақа елдер мойындамайтын. Үшіншіден, кеңес заманында бәсекелестіктің болмауына байланысты өнім өндіруші өнімнің сапасына үлкен ден қоймайтын еді.

Бұл орайда бұрынғы КСРО-да өндірілген өнімдер мен жасалған бұйымдардың барлығы қауіпті қаупті ой туғызбаса керек. Ол кезеңде сол заманға сай өнімнің сәйкестігін бағалайтын басқа тетіктер болған.

Олар: өнімді сапа санаты бойынша аттестаттау (жоғары, бірінші, екінші санаттағы өнімдер деп оларды сапа белгілерімен таңбалаған);

мемлекеттік сынау; мемлекеттік қабылдау (сол кездегі барлық өнімнің 30%-нің сәйкестігі осы әдіспен бағаланған); стандарттардың талаптарының орындалуын қадағалау; өнімді әзірлеу және оны өндіріске енгізу жүйесі.

Кәсіпорындарда шикізат пен дайын өнімнің сапасын тексеретін техникалық бақылау бөлімшелері жұмыс істеген және олар тікелей салалық министрлікке бағынған. Техникалық бақылау бөлімшелерінің іс-әрекетінде өнім өндіру барысындағы технологиялық процестер ескерусіз қалып, тек шикізат пен дайын өнімнің нормативті құжаттардың талаптарына сәйкестігі ғана қадағаланып отырылған. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң сапа санаты бойынша аттестаттау, мемлекеттік сынау, мемлекеттік қабылдау сияқты өнімнің сәйкестігін бағалайтын әдістерден ресми түрде бас тартты.

КСРО-дан сертификаттау саласында қалған мұра ішінара егеменді Қазақстанның сертификаттау жүйесін дамытуға және жетілдіруге қолданылды. Бастапқы кезеңде, КСРО ыдыраған алғашқы жылдары ТМД-ның басқа да елдері осы жолмен өздерінің ұлттық сетификаттау жүйелерін дамытуға талпынды. Бірақ уақыт өте сертификаттау жүйесінің «Кеңестік моделінің» болашағы жоқ екендігі барлығына аян болды. Бұл қабырғасын су шайған үйдің шатырын үздіксіз жөндеумен пара-пар еді.

Қазақстанда 1999 жылдың шілдесінің 16-жұлдызында «Сертификаттау туралы» жеке заң қабылданды.

Аталмыш заң Қазақстандағы өнімдерді, сапа жүйелері мен өндірістерді, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді сертификаттаудың құқық негіздерін белгілеп, сертификаттау саласындағы қатынастарды реттеп, сертификаттауға қатысушылардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілеген болатын.

Неліктен алты жылдан соң сертификаттау саласын реттейтін жаңа заң қажет болды? Себебі 1993 жылғы заңның жобасы Кеңес деуірінде талқыланып, келістірілген еді. Негізінен ол заң одақ құрамындағы республикаға арналып, онда нарықтық, халықаралық қатынастар реттейтін баптар болмаған еді.

Уақыт 1999 жылы қабылданған ҚР «Сертификаттау туралы» заңы да өтпелі заңдардың бірі екендігін көрсетеді. Ол өзіне артқан функциясын толық атқарып, тарихта қала берді.

Елімізде 2004-жылдың қарашасының 9-жұлдызшасында «Техникалық реттеу туралы» заң қабылданып, алты айдан соң, яғни 2005 жылдың мамырының 3 жұлдызшасында өзінің заңды күшіне енді.

«Техникалық реттеу туралы» заң Қазақстан Республикасында өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құқықтық негіздерін белгілейді.

Аталмыш заң бұрынғы мемлекеттік стандарттау және мемлекеттік сертификаттау жүйелерін біріктіріп, ҚР МТРЖ-нің тұтастығын қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезде Қазақстанда өнімнің қауіпсіздігін реттеу жүйесі әлемдік Қоғамдық ұйымдардың ғылыми-техникалық және инженерлік қоғамдар мен басқа бірлестіктердің стандарттары- ның (ҚҰСТ) практикасына сай дамып келеді. Сонымен қатар, сертификаттаудың әдістері, тәсілдері мен оны ұйымдастыру жолдары отандық экономиканың ерекшеліктеріне икемделіп, онымен ұштастырылып отырылады.

Өткен ғасырдың 90-жылдары тағам өнімдерінің көптеген түрлерінің сапасы күрт төмендей бастады. Бұған кәсіпорындарда қалыптасқан моральдық-психологиялық жағдай, технологиялық тәртіптің бұзылуына және сапаның жақсаруын қамтамасыз ететін қызмет әлуметінің төмендеуі себеп болды. Әсіресе, шағын кәсіпорындарда бұл проблема өрши түсті. Себебі шағын кәсіпорындардың көбінде бекітілген технологиялық және нормативті құжаттар болмай, шикізатты тексеру жұмыстары мен өнімді сынау, талдау көлемі ескерусіз, назардан тыс қалып отырады.

Экономикалық құлдырау және сыртқы саудадағы либералдық ұстаным Қазахстан нарқындағы шетелдік жеткізушілер ар-ожданнан жұрдай, кәсіби деңгейлері күмән тудыратын қазақстандық делдалдарды өз мақсаттарына пайдаланып, батыстық тұтынушылар сатып алудан бас тартқан өнімдерді еліміздің нарқына экспорттап отырған кездері де жиі кездескен. Бұған көлеңкелі экономика мен қылмыстық кәсіпкерлік қосылып, еліміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің жағымсыз факторларын толықтыра түсті.

Қылмыстық кәсіпкерлік тәң мысал ретінде алкогольды ішімдік нарқын келтіруге болады. Жасанды сертификатпен сатылған, сапасы төмен алкагольды ішімдіктер легі халықтың денсаулығына орасан зор нұқсан келтірді.

Жоғарыда жазылған барлық кемшіліктерге қарамастан кейінгі кезде сертификаттау нарықтық экономиканы реттеуде тиімді құрал ретінде біртіндеп қалыптаса бастады.

Экономиканы басқарудың әкімшілік-әміршілік жүйесінен нарыққа көшу, кәсіпкерліктің даму кезеңінде сертификаттау сауда айналымына сапасыз, қауіпті өнімдердің шығуына тосқауыл болды.

Қазақстан ДСҰ-ға мүшелікке үміткер ел болып саналады. 2007 жылы Қазақстан ол ұйымға толық мүше болып кірмекші. Сондықтан да, ҚР МТРЖ-дегі сәйкестікті растау саласында бірқатар құқықтық мәселелерді дереу шешу, ДСҰ-ға мүше елдердің кейбір талаптарымен үйлестіру уақыт күттірмес шаралар.

Міндетті сертификаттаудың шектеулі мүмкіншіліктерін, сертификаттауға жататын өнімнің көп түрлілігі мен көлемін, сертификаттау жүйесіндегі рәсімдерді Еуропалық Одақтың іспеттес рәсімдерімен үйлестіруді, ДСҰ-ға ену үшін қажетті шарттарды орындауды ескере отырып, міндетті сертификаттаудан сәйкестікті міндетті растауға көшу қажеттілігі туындап отыр

Қазақстанда қалыптасқан сетификаттау жүйесі сын көтермейді. Ол ұзын саны шексіз рәсімдерден, ережелерден және тәртіптерден тұрады. Ең бастысы, экономикалық тұрғыдан алғанда, өнімді сертификаттау кезінде өнімнің әлеуетті қаупінің деңгейі мен сертификаттауға кеткен шығындар арасындағы қатынас айқындалмайды [1].

Міндетті сертификаттаудан арылып, өнімнің сәйкестігін декларациялау арқылы растау – қиын, әрі ұзақ жол. «Техникалық реттеу туралы» заңының қабылдануы – Қазақстанның бұл жолға түскенінің нақты айғағы.

Қазіргі заманда озық стандарттардың талаптарын бұлжытпай орындау жеткіліксіз – тағам өнімдерін өндіру жағдайын қауіпсіздік (НАССР) немесе сапа (СМЖ) сертификатымен нақтылай түсу керек. Әсіресе, тапсырыс берушілер мен тұтынушылар арасында сапа менеджменті жүйесінің сертификаты айтарлықтай сенімге ие. Ол сертификат өнімінің сапасының тұрақтылығына, сапа көрсеткіштерінің дәлдігіне сенім қалыптастырып, өнім өндіру процесінің жоғары мәдениеті жайында хабар береді.

Сәйкестікті растау саласының мақсаттары мен қағидалары

Сәйкестікті растау саласының мақсаттары:

- өнімнің, көрсетілетін қызметтің, процестердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, соның ішінде жануарлар мен өсімдіктер әлемі үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

-өнімнің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын іс-әрекеттердің алдын алу;

- саудадағы техникалық кедергілерді жою;

- өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

Сәйкестікті растау саласының қағидалары:

- Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің бірлігі мен тұтастығы (жүйенің тұтастығы қағидасы);

- Бірыңғай терминологияны, өнімге қойылатын талаптарды белгілеу ережелерін қолдану (жүйесінің заңнамалық негізгі қағидасы)

- Техникалық реттеу мақсаттарының орынды және қолжетімді болуы, техникалық реттеу процестеріне қатысу үшін тең мүмкіндіктерді, мемлекет пен басқа да тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету (техникалық реттеу жүйесінен шеттетпеу қағидасы);

- Отандық және импортталатын өнімге және оның белгіленген талаптарға сәйкестігін растау рәсімдеріне қойылатын талаптардың бірдей болуы (жүйеге қатысушы тараптарға бірдей талап қағидасы);

- Техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен стандарттарды әзірлеу кезінде ғылым мен техника жетістіктерін, халықаралық және өңірлік ұйымдардың стандарттарын басым пайдалану (ғылыми-техникалық жетістік- термен озық стандарттарға басымдылық қағидасы);

- Техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарының мемлекет экономикасының дамуы, оның материалдық техникалық базасы деңгейіне және ғылыми- техникалық даму деңгейіне сәйкестігі (орынды заң/стандарт қағидасы);

- Мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің, стандарттардың және олар туралы, оларды әзірлеу, бекіту, жариялау тәртібі туралы ақпараттың қолжетімділігі (жүйенің құпиялылығы және ашықтығы қағидасы);

- Стандарттарды қолдану мақсатында оларды ерікті түрде талдау (стандарт деңгейін ерікті таңдау қағидасы);

- Сәйкестікті растаудың бірыңғай жүйесі мен ережелері (сәйкестікті растау саласының бірізділігі қағидасы);

- Бір органның аккредиттеу және сәйкестікті растау жөніндегі өкілеттіктерді қоса атқаруын болдырмау (сәйкестікті растау саласының дара өкілеттілік қағидасы);

- Бір мемлекеттік органда мемлекеттік бақылау мен қадағалау және сәйкестікті растау функцияларының үйлеспеушілігі (сәйкестікті растау саласында орындау мен қадағалауды бір қолда болдырмау қағидасы);

- Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың дайындаушылардан (орындаушылардан), сатушылардан және сатып алушылардан тәуелсіздігі (сәйкестікті растау саласының бірінші және екінші тараптардан тәуелсіз болу қағидасы);

- Сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарда бәсекелестіктің шектелуін болдырмау (сәйкестікті растау саласында нарықтық қатынас қағидасы).

Сертификаттаудың әлеуметтік-экономикалық, саяси функциялары және тиімділігі

Өнім өндірушінің өнімнің сапасын жақсартып, оның қауіпсіздігіне кепілдеме беруі тұтынушы үшін күрестегі басты шарт.

Өнімнің қауіпсіздігі – қауіпті факторлардың іске асу ықтималдылығы мен оның зардаптарының ауырлық деңгейінің үйлесімін ескере отырып, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиян келтірілуіне байланысты жол берілмейтін қауіп-қатердің болмауы.

Өнім өндіруші сапалы, әрі қауіпсіз өнім шығаруға мүдделі. Өйткені бұл оған нарықтағы ауқымын кеңейтіп, қосымша табысқа жол ашады. Шаруашылықты жүргізудің нарықтық жағдайына көшу жөніндегі қазақстандық тәжірибе таза либералдық-экономикалық концепцияның өміршендігіне күмән келтіреді. Аталмыш коцепцияның жақтаушыларының пікірінше, «өнім өндіруші ментұтынушы арасындағы және сатушы менсатып алушы арасындағы қатынастар мемлекеттің қатысуынсыз, өздігінен реттеледі» екен. Шын мәнінде, нарықтық экономиканың «Батыстық моделінде» мемлекеттік реттеудің масштабы ұлғайып, оның формалары өсіп келеді. Мемлекет сертифкаттау саласында кәсіпкерлік іс-әрекетті ұйымдастырып, үйлестіретін және сатушы мен тұтынушының арасындағы қатынастар реттейтін күш ретінде қызмет атқарады. Бұған қоса, жыл өткен сайын үлкен көлемде өнімдерді сатып алу үшін мемлекет нарыққа сатып алушы ретінде де шығып жүр. Мемлекет соңғы онжылдықта өнім мен технологиялық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеуді күшейтіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды басқаруда көш басшысының рөлін атқарып келеді [1,4].

Тұтынушылар үшін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік реттеу базасы – сертификаттау. Сертификаттаудың негізгі мақсаттары:

  • адамдардың өмірі мен денсаулығына, азаматтардың мүлкіне және қоршаған ортаға өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

  • өнімнің сапасы жөнінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау;

  • саудадағы техникалық кедергілерді жою, өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету;

  • Қазақстанның сауда нарығында заңды және жеке тұлғалардың іс-әрекеті үшін және оларға халықаралық, экономикалық, ғылыми-техникалық қарым-қатынас пен халықаралық саудада қажетті жағдай жасау.

Жаман пиғылды шетелдік бәсекелестерден ұлттық нарықты қорғау – сертификаттаудың маңызды функцияларының бірі. Сонымен қоса, сертификаттау халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың нығайуына, әрі оның кеңейуіне ықпал жасайды.

Әлем елдерінің арасында ондаған жылдар ішінде ұлттық стандарттар мен сертификаттау жүргізудің рәсімдері арасындағы алшақтық қалыптасып, халықаралық саудада техникалық кедергілер пайда болды. Бұл алшақтықтар өндіріс пен сауданы ұйымдастырудағы ұлттық дәстүрге байланысты немесе шетелдік бәсекелестіктерінің мысын басу мақсатында пайда болған шаралардың нәтижесі.

Бірқатар ұйымдар халықаралық саудадағы кедергілерді жоюда айтарлықтай рөл атқарады, олар: ИСО; ДСҰ.

Өнімді сертификаттаудың әлеуметтік-экономикалық сипаттағы пәрменділігі бар. Әлеуметтік салада, бұған дейін жазылғандай, сертификаттау халықтың денсаулығы мен өмірін қорғайды, қоршаған ортаны қорғау жүйесінің негізгі элементі болып табылады.

Сертификаттаудың экономикалық тиімділігі. Сертификат- тау өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін реттеу арқылы қарапайым тұтынушының қажеттігін толық өтейді, өнімге жұмсалатын шығынды төмендетеді, өнімнің өтуін арттырады, нәтижесінде өнім өндірушінің табысы ұлғайып, сатып алушының қаржысын үнемдейді.

Жалпы қоғамдық денгейде алсақ, өнімді сертификаттаудан жиналатын салық пен кедендік салымдар мемлекеттік бюджетке келіп түседі. Сертификатталған өнімнен адам денсаулығына қауіп-қатер төнбейді, сондықтан да еңбекке жарамсыз болуына байланысты төленетін өтемақы, медициналық мекемелерді қаржыландыруға бөлінетін қаражат, яғни мемлекеттік бюджеттен денсаулық саласына бөлінетін қаржы үнемделеді.

Сертификаттаудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін дәлелдейтін бір мысал. Бельгиядан әкелінген қауіпті 100 тонна сиыр етіне ресейлік сертификаттау жөніндегі орган сәйкестік сертификатын беруден бас тартып, оның нарыққа шығу жолын бөгеп, жүздеген адамдарда асқазан-ішек жолдарының улануынан сақтап қалды. Дер кезінде тиісті органдар шара қолданбағанда федералды бюджет уланған адамдарды емдеу үшін 600 млн. рубльге, ал олардың жұмыс орындарында болмағандығы үшін қосымша 100 млн.рубльге шығындалар еді.

Сәйкестікті растау жөніндегі органдар мен сынау зертханаларының қызметін өтінім беруші өзі қаржыландырады да, алғашқы екеуі табыстарынан мемлекеттік бюджетке салық төлейді. Ол салықтан түскен ақшаның бір бөлігі техникалық реттеу жүйесін қаржыландыруға жұмсалады.

Сәйкестікті растау саласындағы мемлекеттік реттеу және

басқару

ҚР МТРЖ-дегі сәйкестікті растау саласының ұйымдық құрылымы. Мемстандарттың техникалық реттеу саласындағы функциялары. Мемстандарттың сәйкестікті растау және аккредиттеу саласындағы функциялары. Сәйкестікті растау саласының мақсаттары мен қағидалары. Сәйкестікті растау саласының нормативтік-әдістемелік базасы.

ҚР Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесіндегі сәйкестікті растау саласының ұйымдық құрылымы. ҚР МТРЖ-дегі сәйкестікті растау саласының ұйымдық құрылымын келесі мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар құрайды:

  1. ҚР Үкіметі;

  2. ҚР Индустрия және сауда министрлігі «Техникалық реттеу және метролоргия жөніндегі комитет» (ары қарай – Мемстандарт) және оған қарасты кәсіпорындар:

  • “Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты” РМК;

  • “Қазақстан метрология институты” РМК;

  • “Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы” ЖШС;

  • “Ұлттық аккредиттеу орталығы” ЖШС;

  1. Өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдар (министрліктер, ведомостволар, агенттіктер мен комитеттер);

  2. Мемлекеттік органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер;

Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталық;

Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;

Аккридеттелген сәйкестікті растау жөніндегі органдар;

Аккредиттелген сынау зертханалары;

Стандарттау, сәйкестікті растау және аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар;

Техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен стандарттардың мемлекеттік қоры;

Техникалық реттеу – санитарлық және фитосанитарлық шараларды қоспағанда, сәйкестікті растау, аккредиттеу және белгіленген талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі қызметті қоса алғанда, өнімге, көрсетілетін қызметке, процестерге қойылатын міндетті және ерікті талаптарды анықтауға, белгілеуге, қолдануға және орындауға байланысты қатынастарды құқықтық және нормативтік реттеу.

ҚР МТРЖ-нің ұйымдық құрылымына кіретін мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар туралы пәннің “Cтандарттау” бөлімінде жан-жақты, тарқатыла баяндалған еді. Сондықтан да, бұл дәрісте тек Мемстандарт; аккредиттелген сәйкестікті растау жөніндегі органдар мен сынау зертханалары; сәйкестікті растау және аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар жайында, олардың атқарар функциялар мен міндеттері жөнінде баяндалады.

Мемстандарттың техникалық реттеу саласын функциялары:

  • Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесін құруға қатысу;

  • Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

  • Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың қызметтерін салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;

  • Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік техникалық реттеу жүйесін дамыту бағдарламасын әзірлеу және олардың орындалуын үйлестіру;

  • Техникалық реттеу саласындағы жобалардың және нормативтік-құқықтық актілердің техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатқа және ҚР “Техникалық реттеу туралы” заңы 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкестігіне талдауды және сараптама жүргізуді ұйымдастыру;

  • Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттермен, жеке және заңды тұлғалармен техникалық реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

  • Стандарттау, сәйкестікті растау және аккредиттеу жөніндегі халықаралық, өңірлік ұйымдарда Қазақстан атынан өкілдік ету, халықаралық және өңірлік стандарттау, сәйкестікті растау нәтижелерін өзара тану жөніндегі жұмыстарға қатысу;

  • Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің тізілімін жүргізуді ұйымдастыру [2].

Сәйкестікті растау және аккредиттеу салаларына тікелей қатысты

  • Техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен стандарттардың мемлекеттік қорының жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру;

  • Саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі ақпарат орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

  • Сәйкестікті растау, стандарттау, аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау тәртібін және оны ұйымдастыру, сондай-ақ, техникалық реттеу саласындағы кадрларды кәсіби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру;

  • Техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру;

  • ҚР Заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттеу аттестатын беру, оның қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру, өткізу сатысында өнімге қатысты техникалық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарды бұзған жеке және заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту.

Мемстандарттың сәйкестікті растау және аккредиттеу саласындағы функциялары

Мемлекеттік органдардың, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің және сәйкестікті растау жөніндегі органдардың қатысуымен атқарылатын жұмыстарды жүргізудің ережелерін белгілеу;

  1. Заңды тұлғаларды аккредиттеуді жүзеге асыру;

  2. Сәйкестік сертификатының, сәйкестік туралы декларацияның және аккредиттеу аттестатының формаларын белгілеу;

  3. Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің ережелерін әзірлеу;

  4. Шағымдарды қарау үшін апелляциялық комиссия құру;

  5. Егер басқа ұйымдар шығарған сәйкестікті растау жөніндегі құжаттар мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің талаптарына қайшы келсе, онда олардың күшін жою туралы ұсыныстар дайындау;

  6. Зертханааралық салыстыру сынаулары бойынша жұмыстарды ұйымдастыру.