Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
semeynoe_pravo.doc
Скачиваний:
75
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.24 Mб
Скачать

Әдебиеттер

  1. Антокольская М.В. Семейное право. М.,1997г.

  2. Антокольская М.В. Курс лекций по семейному праву. М.,1996.

  3. Акбергенова М.Н. Обзор судебной практики рассмотрения семейных споров актюбинским городским судом / Гражданское законодательство Республики Казахстан: статьи, комментарии и практика, Алматы, 1999г.

  4. Васильева Е.А. Гражданское и торговое право капиталистических государств. М., 1993г.

  5. Гражданское право/ Под.ред. Ю.К. Толстого, А.П. Сергеева. Т.3. М., 1998г

  6. Ермакова Л.Н., Утешева К.Ш. Судебная практика по рассмотрению споров, связанных с рождением детей/ Гражданское законодательство РК. В.10-А.,2001.

  7. Нечаева А.М. Семейное право: курс лекций. М.: Юрист, 2000г.

  8. Романова Л.М. О судебной практике по применению законодательства об усыновлении (удочерении) / Гражданское законодательство РК. В.10-А., 2001г.

  9. Сосипатрова Н.Е. Брачный договор: правовая природа, содержание, прекращение/ Государство и право № 3, 1999г.

  10. Шакенова Б. Проблема усыновленных детей/ Юридическая газета № 16, 12.04.2000г.

  11. Ынтымаков С.А. Семейное право. Практикум. Алматы, 2004

  12. Муканова М.Ж. Брачный договор по законодательству РК, Караганды, 2005

  13. Усеров Н.Н. Қазақстардың дәстүрлі отбасы және неке құқығы. З.ғ.к. диссертациясының авторефераты, Алматы, 200518. Акбергенова М.Н. Обзор судебной практики рассмотрения семейных споров актюбинским городским судом / Гражданское законодательство РК: статьи, коммент и практика, Алматы, 1999 В.9.

  14. Ермакова Л.Н., Утешева К.Ш. Судебная практика по рассмотрению споров, связанных с рождением детей / Гражданское законодательство РК. В.10-А., 2001.

«Қр отбасы құқығы» пәнінен дәрістер жинағы

ТАҚЫРЫП 1. ОТБАСЫ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ҚАҒИДАЛАРЫ

    1. Неке және отбасының тарихи нысандары

Қазақтардың отбасы және неке құқықтарын оқып-үйрену егеменді, тәуелсіз Қазақстанның идеологиялық жұмысы үшін де, тарихы үшін де, әсіресе отбасы тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында берері өте көп. Ата-баба зандарына негізделген отбасы әрқашанда мығым, былайша айтқанда «шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік» болады. Бұрын-соңды зерттеушілеріміз ата-бабаларымыздың дәстүрлі отбасы мен неке құқықтарын зерттеп, әділ бағаларын бермегендіктен, қазіргі қазақ халқының отбасы сүреңсізденіп, тұрақсызданып барады. Тектік, діндік тұрақсыздық күйзеліске душар етіп, отбасы ыдырау, күйреу сипаттарына ие бола бастады. Мұның алдын тез алмаса, асқынған «дертке» айналып кешіксек, бой алдырмай кетуі мүмкін.

Бүкіл дүние жүзі халықтары секілді қазақ халқының да өзіне тән отбасылық тарихы бар. Әзірге қалыптасқан пікір бойынша, алғашқы қауымдық құрылыстағы ең алғашқы отбасы түрі - топты некеге негізделген. Былайша айтқанда адамзат баласы жақын туыс, бауырлас бола тұра, некелескен. Ислам тарихында да бұл жайт айқын айтылады. Адам ата мен Һауа анадан туылған Әбіл мен Қабыл, бауырлас қарындастарына таласып, өлтіргені сөз болады. Сөйтіп: «Алғашқы заманда, қарындастары ағасының әйелі болған, мұнын өзі әдепсіздікке жатпайтын еді», - деген К. Маркстің сөзінің жаны бар. Мұндай жайттен біздің бабаларымыз да қалыс қалмаған сияқты. Сондықтан да, кейіннен жеті атаға дейін жақын туыстарға өзара үйленуге тыйым салынған. Сөйтіп, бабаларымыз тағылық, топтық некеден біртіндеп арылып, жұптық неке дүниеге келсе керек. Өндіргіш күштердің дамып, еңбек бөлісінің пайда болуы нәтижесінде ортақ меншік орнына жеке меншік келіп шықгы. Бұл моногаммалық отбасына жол ашып берді. Қалай десек те, біздің бабаларымыз үлкен патриархаттық отбасынан ада болмаған. Үлкен патриархаттық отбасы көне дәуірлерден басталып, тіпті кейінгі замандарға дейін созылған. Үлкен патриархаттық отбасының көптеген сипаттары ұзақ сақталған. Бұл жайлы өзара керағар пікірлер де болғанымен, біздің дәуірдің зерттеушілері үлкен патриархаттық отбасы жайлы келелі пікірлер айтады. Әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесінде үлкен патриархаттық отбасы орнына шағын отбасы келіп шықгы. Ал, В.Батраков, П. Погорельский секілді ғалымдар үлкен патриархаттық отбасы тек егіншілікпен айналысқан отырықшы елдерге ғана тән, экономикалық тұрғыдан қарағанда көшпелілер үшін оның қажеті жоқ, сондықтан қазақ, қырғыз сияқты халықгар өз дамуына үлкен патриархаттық отбасына соқпай, рулық құрылыстан шағын отбасына бірден өтті деген пікірлері талас тудырары хақ. Рас, көшпелілер шағын отбасына «енші беру» дәстүрі енуі нәтижесінде бет бұрған. Енші беру дәстүрі аңыз әңгімелерге қарағанда Алаша ханға тиісті. Алаша хан Ғ. Мұсабаев секілді қазақ ғалымдарының пікірінше мұнан 2500 жыл бұрын өткен. Сол Алаша хан ұлдарына енші беріп, бір үлесін келген қонақтар үшін қалдырған көрінеді. Сондықтан да қонақтың ішер асы, жататын төсегі, көлігіне жем тегін болған. Бертінге дейін келген қонақка тиесілі сыбағасы берілмесе, кез келген қонақ биге шағымданса, үй иесі айып төлеген. Әліге дейін қазақтарда қонаққа деген пейілдері тарылмағанын айта кеткеніміз орынды. Дегенмен, шағын отбасы пайда болғанымен, «қара шаңырақ» үлкен патриархаттық отбасы сипаттарын сақтап, құқықтарына ие болған. Бірте-бірте үлкен патриархаттық отбасының ыдырауына көптеген себеп-салдарлардың әсері болған. Ең алдымен, қоғамдағы таптық жіктелудің күшеюі, патриархаттық-феодалдық тәртіптің әлсіреуі болса керек. Феодалдық қарым-қатынас өз дегенін істегенімен қазақ қауымы рулық-патриархаттық құрылысты жан-тәнімен сақтауға тырысты. Көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыспен күнелткен бабаларымыздың үлкен патриархаттық отбасын ұстап тұруына мал мен мүлік теңсіздігі, қалыңмал төлеу, экзогамиялық табу (яғни, 7 атаға дейін қыз алыспау) әсерінен, келіндер арасында туыстық нышандар болмауы қатты кедергі жасады. Мұны тежеу жолында «көп әйел алу» дәстүрі де әлсіздік етті. Әр әйелден туған бала, керісінше сол үлкен патриархаттық отбасының күйреуіне жол ашты. Сол үшін де халық: «Екі қатынның баласы екі ру ел», - деп текке айтпаған. Міне, осыдан келіп, сыйыспаған ұлдарына енші бөліп беру дәстүрі амалсыз пайда болғаны хақ. Қазақтардың халық болып құралмай тұрған сонау ежелгі ғұн, сақ дәуірлерінен-ақ неке мен отбасына табиғи сұрыптау, тек пәктілігін сақтау, отбасы — ошақ қасы жетекші қызмет атқарған. Болса да, әр дәуірде отбасылық және неке қатынастары құрылымдық жағынан экономикалық, әлеуметтік, рухани өзгерістер әсерінен дамып, өзгеріп отырғаны хақ. Дегенмен, біртұтас құйылып, бітім алған әдет-ғұрып заңдарындағы неке мен отбасы «синкретикалық» өмір кешуі нәтижесінде көп өзгерістерге ұшырай қойған жоқ. Соғымға айналған сонау дәуірлерде-ақ ата-бабаларымыз өзара жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алысуға тыйым салған. Бұл текті, қанды таза сақтау принципінен туындаған жәйттерге қоса туысқандық сезімді жоғалтпауға қарастырылған шаралар. Өйткені, мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымызға бірігіп, жәрдемдесе отырып қатар өмір сүрудің қажеттілігі ерте сезілді. Отбасы мықты болмай, туысқандық қарым-қатынас әлсірейтінін түсінген ата-бабаларымыз отбасы және неке құқықтарына ерекше мән берді. Оны нығайтуға арналған қағида-ережелерді қалыптастырды. Қыздарын кәмелетке келгенде (яғни, 16 жаста) қияға ұшырып, ұлдарын ұяға (15 жас) қондыруға талпынған ата-ана некенің пәкте нық болуын қадағалады. Кәмелетке келмегендерге, есі дұрыс еместерге, ауру-сырқауларға, жақын туыстарға, діндес еместерге және қосылатын екі жұптың өзара келісімінсіз неке қиюға рұқсат етілмеді. Екі жұптың қосылуын ата-бабаларымыз екі рулы елдің туыстасуы деп ұғып, сол жалғанған желіні ешуақытта үзбеуге тырысқан. Осының салдарынан «әмеңгерлік» институты пайда болды. Қалыңмал әуелі де құдаласудың сый-сыйпатына арналып, мерекелік тұрпатқа ие болса, кейін дербес мәнге ие болып, некелесу процесінің құрамдас бөлігіне айналды. Сөйтіп, бұрын қалыңмал отбасына қыз өсіргені үшін көрсетілген құрмет (қызды кәмелетке келгенше асырап-бақты, киіндірді), некелесу актісіне ресми мән беру, қызға берілетін жасауға көмектесу ретінде сипатқа ие болса, кейін (әсіресе, Ресей боданы болған тұста) қалыңмал әлеуметтік теңсіздікті көрсететін әрі дүние алу мәніне ие болды. Бұрын қалыңмал төлеу қазақ қоғамында бүкіл ру, тіпті нағашы-жиен жағы болып араласатын шаруа болса, кейін (тағы да Ресей боданы кезі) жекеменшіктің күшею тақсіретінен туысқандық қатынас әлсіреп, тек жақын туыстары жәрдемдесетін болды. Сайып келгенде, үйлену соңғы кезде бақуаттылығын көрсететін дәрежеге ұласты.

Рас, қазақ халқының ежелгі ата-бабалар дүние жүзінің басқа халықтарындай сан алуан қоғамдық-экономикалық формацияларында отбасы және некенің барлық түрін, алғашқы қауымдық құрылыстағы топты некеден осы кездегі жұптық, дара отбасылық некеге дейін басынан кешірген.

Неке құрудың ең көне түрлеріне "әмеңгерлік" пен "балдыз алу" жатады. Мұндай неке түрлері тіпті ежелден келе жатқан дәстүрлер. "Әмеңгерлік" - "аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра" деген нақыл сөзге байланысты, жақын туыстары мұрагерлік есебіңде жесіріне үйленуі. Мұның басты мәні - өз туысының отын өшірмеу, артында қалған жас балаларын жетім, жат етпей, қамқоршы болу жауапкершілігін алуда жатыр. Ал, "балдыз алу" - ұрпақ жалғастыру, апасынан қалған ұл-қыздарын жетімсіретпеу себебінен туындаған.

Отбасын құру негізінен құда түсіп, айттыру жолымен шешілген. Айттырудың "бесікте айттыру", сүйек жаңғырту", "құда түсіп айттыру", "қарсы құда" түрлері бар. Сол секілді "қыз алып қашу", "әмеңгерлік" жолдарымен де отбасы құрылған. Ежелгі дәуірлерде "күңіне аяқ салу" әдетімен күңіне де үйленетін.

Некелесудің басты көп таралған түрі қалыңмал төлеп, құда болу. Құдалық дегеннің мәні болашақ күйеу атынан ағайын-туыс, жақын-жекжат сөйлесіп келісуді білдіреді. Құда болудың, яғни келісімнің түрі әр алуан болуы мүмкін. Кейде кездесіп, тағдыры ұштасып, достасқан екі адамның әйелдері екі қабат болса, олар босанбай тұрып, кімде ұл, кімде қыз боларын білмей тұрып-ақ, келісіп құда бола береді. Мұны "бел құда" дейді. Мұндай құдалықтың шарты - болашақ екі жасты қалыңсыз үйлендіру. Егер, екеуі де бір жыныс болса, онда екеуін дос етіп, достықты әрі жалғастыратын болған.

Құда болудың тағы бір түрі - "бесік құда", яғни бесікте жатқан екі нәрестені атастырып қою. Кейде "атастырылған құда" деп те айтылады. Бұл құдалық түрінің мақсаты - ұл-қыздары ержеткенше екі тарап өзара сыйластықтарын арттыру, қалыңмалын біртіндеп төлеуде жатса керек.

Некелесудің тағы бір түрі "қарсы құдалық". Келісетін екі жақ бір-біріне қыздарын беріп, ұлдарын үйлендіруді - "қарсы құда" дейді.

Енді бір түрі - қызды алып қашып үйлену. Қызды алып қашып үйленудің мәні әртүрлі. Бірі — күйеу балаға көңілі толмай, басқа адаммен құда болу. Енді бірі - қызым әлі жас деп, қалыңмалы төленгеніне қарамай соза беру. Тағы бірі - қыз күйеуін ұнатпаса, басқа біреумен қашып некелесу. Бұлардың бәрі де қазақ әдет-ғұрып заң нормаларымен қаралып, жазаланады. Сол секілді, ешкімге әлі айттырылмаған, басы бос қызды алып қашып үйлену, көбінесе бірін-бірі ұнатқан екі жастың арасында кездеседі. Бұрын шапқыншылық жағдайда қолға түскен тұтқын қыз, келіншектерге үйлену салты жиі болған. Үйленуші оны сауғаға алған. "Күшік күйеу", "кірме күйеу" деген некелесудегі атаулар әлеуметтік теңсіздіктен пайда болған некелесу түрлері.

    1. Отбасы құқығының түсінігі, пәні, жүйесі

Отбасы құқығы деп некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты қатынастарды реттейтін құқық саласын айтамыз.

Отбасы құқығының реттеу пәні болып некеден, туыстықтан, бала асырап алудан, баланы отбасына тәрбиеге алудан, отбасы қатынастарын дамыту және бейімдеуден туындайтын жеке және мүліктік қатынастар табылады, яғни некеге тұрған адамдардың арасында пайда болатын жеке және солардан туындайтын мүліктік қатынастар табылады.

Азаматтық құқықтың нормалары да субъектілердің арасындағы жеке мүліктік емес және мүліктік қатынастарды реттейді. Екеуінің ұқсастығы осында.

Азаматтық құқықтың нормалары ең алдымен меншік құқығын қорғауға кәсіпкерлік қызметтен туындайтын қатынастарды реттеуге бағытталған. Отбасы құқығының нормалары адамның өзін дамытуымен, оның тәрбиесімен, материалдық жағдайымен байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған. Отбасы құқығындағы субъектілердің арасындағы қатынастар заңды фактілерден туындайды: некеге тұру немесе некені тоқтатудың фактісі, бала туу, асырап алу және отбасына орналастыру фактісі, ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларға қорғаншылық және қамқоршылықты белгілеу фактісі және азаматты әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану фактісі және т.б.

    1. Отбасы құқығының әдістері

Кез келген құқық саласында өзінің пәнінің болуымен қатар қатынастарды реттеудің өзіндік әдісінің болуы оның дербестігінің екінші қажетті белгісі болып табылады. Неке-отбасылық қатынастарды реттеуші бұрынғы заңдарда дәстүрлі түрде құқықтық реттеудің әдісіне императивтік әдіс жатқызылған. Алайда, отбасы құқығында императивтік нормалардың басым болуы нақты өмірдің қажеттіліктеріне қарама-қайшы болды. Отбасы қатынастарының қатысушыларына өз қатынастарының мазмұнын анықтауда үлкен еріктілік беру қажет болады. Отбасы құқығы саласындағы императивтік реттеу отбасылық құқықтық-қатынастардың қатысушыларының құқықтары мен міндеттерінің мазмұнының заңмен анықталуына және сол адамдардың келісімімен өзгертілмейтіндігіне әкеледі. Барлық жағдайда заңшығарушымен императивті орнатылған бір ғана үлгі қолданылғандықтан, отбасылық қатынастарды реттеудің мұндай үлгісі оның қатысушыларының еркін қыспақтайды, құқықтық реттеуді икемділігінен айырады.

ҚР «Неке және отбасы туралы» заңын дайындау барысында диспозитивтік реттеу бойынша саналы шешім қабылданды, ол отбасылық қатынастардың қатысушыларына оның мазмұнын өздеріне анықтау құқығын береді. Диспозитивтік реттеу ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі режимін анықтауында, еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерін соның ішінде балаларды да асырау бойынша алименттік қатынастарда байқалады. Аталған қатынастарды реттеуші құқық нормалары қатынасқа түсуші субъектілер оларға берілген ерікті келісім және сол қатынастардың мазмұнын өз бетінше анықтау құқықтарын пайдаланбаған жағдайда және олардың қатынастары жарамсыз деп танылған жағдайларда қолданылады. Императивтік әдісті диспозитивтікпен алмастырудың нәтижесінде, отбасылық-құқықтық салада мемлекет пен жеке азаматтың арасында жаңа қарым-қатынастар пайда болады. Мемлекет саналы түрде отбасы мүшелеріне өз еркін міндеттеуден ұстамдық танытып, отбасы құқықтық қатынастарының қандай үлгісі қолайлы екендігін өздеріне шешуге жол береді.

Отбасы құқығының нормаларының өзгеруіне және императивтік пен диспозитивтік қарым-қатынасына қарамастан «Неке және отбасы туралы» заң тек қана диспозитивтік нормалардан тұрады деп ойлау қателесушілік болады. Құқықтық реттеудің әдісі қандай норма басым екендігіне байланысты анықталады. Тиісінше, отбасы құқығындағы императивтік және диспозитивтік нормалардың қатынасы туралы ғана сөз қозғалуы мүмкін.

Отбасы қатынастарының қатысушылары заңдық нысанды түрде тең құқылы, ал іс жүзінде олар барлық уақытта тең емес. Тіпті отбасы қатынастарының қатысушылары толығымен әрекетке қабілетті, еңбекке жарамды және материалдық қамтамасыз етілген болғандарымен, шын өмірде олардың арасында жеке қарым-қатынастарына, сезімдеріне және бір-біріне деген тартымдылыққа негізделген тәуелділік жиі орын алады. Бұл оларды заңдық актілер жасауға итермелейді және олардың біреуін қолайсыз жағдайға қояды. Отбасылық заңнамада ортақ шекара орнататын, яғни отбасы құқығының субъектілері өз қатынастарын келісімнің көмегімен реттей алатын императивтік нормалар болуы тиіс. Мысалы, алименттік келісімдерде заңда көрсетілген жастан төмен кәмелетке толмаған балаларға алимент мөлшерін белгілеуге тыйым салынады.

Отбасы құқығының бірқатар институттары императивтік нормалардың көмегімен реттелгенді қажет етеді. Бұл ең алдымен отбасы-құқықтық жауапкершілікті және қорғауды қолдану шараларын анықтайтын институттар. Ата-ана құқығынан айыру, бала асырап алудың күшін жою, некені жарамсыз деп тану нормалары императивті болып қалуы тиіс.

Отбасы-құқықтық әдіс жай императивтік ғана емес, императивті-рұқсат етуші болып табылады. Рұқсат етуші сипаты, отбасы қатынастарының қатысушыларына белгілі бір құқық беретін отбасы құқығында құқық беруші нормалардың басымдығынан көрінеді. Мысалы, тараптар ерікті түрде неке тұрады немесе оның тоқтатылуын талап етеді, бірақ сол әрекеттердің тәртібі императивті анықталған.

Сонымен, отбасы құқығының әдісі жалпы диспозитивті ретінде сипатталады. Алайда оның ерекшелігі едәуір дәрежеде императивтік бастаманы сақтауында.

    1. Отбасы құқығының қағидалары

Қағида – белгілі бір теорияның, ілімнің, ғылымның және басқалардың негізгі бастапқы ережелері. Отбасы құқығының қағидалары деп отбасылық қатынастарды реттеуде қолданылатын бастапқы ережелерді айтамыз. Мұндай ережелер қатары ҚР «Неке және отбасы туралы» заңының 2-бабының 2-тармақшасында көрсетілген. Осы бапқа сәйкес отбасы құқығының қағидаларына төмендегі қағидалар жатады:

- еркек пен әйелдің некелі одағының теңдігі;

- ерлі-зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;

- отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;

- отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;

- балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп жетілуі мен әл-ауқаты болуына қамқорлық жасау;

- отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беру;

- отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері;

- отбасының барлық мүшелерінің салауатты өмір салтына ынталандыру.

Мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында тіркелген неке ғана заңды болып табылады. Некеге тұру кезінде және отбасылық қатынастарда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық тіл және діни белгілері бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады.

1.5. Қазақстан Республикасы отбасы құқығының қайнар көздері

Отбасы құқығының қайнар көздері дегеніміз отбасылық қатынастарды реттейтін реттейтін жалпы және деректі ережелер, нормативтік – құқықтық актілер.

Отбасы құқығының қайнар көздері болып келесі нормативтік-құқықтық актілер табылады:

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995 жылы қабылданған, атап айтқанда, ата заңымыздың 27-бабында былай делінген: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қарауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті».

2. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңы 17 желтоқсан 1998 жылы қабылданған. Аталған заң 7 бөлімнен, 29 тараудан, 213 баптан тұрады. 1-бөлімде 2 тарау қамтылған. Бұл бөлімде заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар, отбасы құқығының қағидалары, отбасылық құқықтың қатынастары, отбасылылқ құқықтарды жүзеге асыру мен отбасылық құқықтарды қорғау мәселелері айтылған болса, некеге тұру шарттары, некеге тұру тәртібі, некені тоқтату, некенің жарамсыздығы, ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері, неке шарты, оны жасау тәртібі мен оны жарамсыз деп тану негіздері 2- бөлімінде қарастырылған. Отбасы құқығының реттеу қатынастарының негізгі бағыттарының бірі болып табылатын баланың туу тегін белгілеу, баланың құқықтары, ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, ата-аналар құқықтарынан айыру және шектеу, бала асырап алу институттарын құқықтық реттеу мәселелері 3-бөлімінде көрініс тапқан. 4-бөлімде ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды орналастырудың нысандары ретіндегі қамқоршылық пен қорғаншылық, оларды белгілеу тәртібі, патронат сұрақтары қарастырылса, 5-бөлімде отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары: ата-аналар мен балалардың, ерлі-зайыптылардың және бұрынғы ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері, алимент төлеу туралы келісім, алиментті сот тәртібімен төлеттіру және өндіртіп алу мәселелері жазылған. Заңның 6-бөлімі азаматтық хал актілері жазбаларына арналса, 7-бөлімінде неке-отбасы заңдары нормаларының шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылу нормалары көрсетілген.

3. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (жалпы бөлімі) 1994 жылы 27 желтоқсанда қабылданған.

223-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі:

1) Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі, егер бұл мүлік ерлі зайыптылардың үлесті меншігі болатын не олардың әрқайсына тиесілі немесе меншік құқығында тиісті бөлшектерде ерлі-зайыптылардың әрқаисына тиісті екенін олардың бірлескен меншігі болып табылады.

2) Ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанға дейін тиесілі болған, сондай-ақ олардың некеге тұрған кезеңде сыйға тартылған немесе мұрагерлік тәртіппен алған мүлік олардың әрқайсысының меншігі болып табылады

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (ерекше бөлімі) 1999 жылы 1 шілдеде қабылданған. Шартты өзгерту және бұзу негіздері

1070-бап. Мұра алу кезіндегі ерлі-зайыптылардың құқықтары.

4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 1999 ж 16 шілдеде қабылданған.

140-бап. Еңбекке жарамсыз жұбайын асыраудан әдейі жалтару.

Еңбекке жарамды адамның еңбекке жарамсыз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын асырау үшін сот шешімі бойынша төлем төлеуден үш айдан астам әдейі жалтарған жағдайда айлық есептік көрсеткіштің 200-500 дейінгі мөлшерінде немесе 2 айдан 5 айға дейінгі кезеңдегі тапқан өзге де табысының мөлшерінде айыппұл алуға не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не алты айға дейінгі мерзімге қамауға жазаланады.

5. Нотариат туралы (1997 ж 14 шілде) ортақ бірлескен мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беру мүлікті игіліктен алуға тыйым салу және оны алып тастау.

73-бап Ортақ бірлескен меншік үлеске меншік құқық туралы куәлік беру

74-бап Жұбайының өтінішімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беру.

  1. Ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған жағдайда, нотариус мұра алынған жер де көзі тірі жұбайының жазбаша өтініші мұраны қабылдаған мұрагерлерді хабардар ете отырып, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беру.

  2. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік көзі тірі жұбайына олардың некеде тұрған кезенде жинаған ортақ мүлкінің жартысына, егер неке келісім-шартында өзгеше белгіленбесе берілуі мүмкін

  3. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі өлген жұбайының үлескен меншік құқықтары туралы куәлік өлген жұбайдың мұрагерлер олардың өтініші бойынша берілуі мүмкін.

1.6. Отбасылық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді отбасылық қатынастарды реттеуде қолдану

Қазақ халқында құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған әдет-ғұрыптар саны қаншама. Дегенмен, нақты неке-отбасылық қатынастарды реттейтін әдет-ғұрыптар өте көп кездеседі. Төменде келтірілген әдет-ғұрыптар соның дәлелі болмақ.

Басқа халықтарға қарағанда қазақ халқы жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алысуға тыйым салуды тым ежелден бастағанына дау болмаса керек. Ежелден-ақ қалыптасқан эхзогалиялық тәртіпті сақтаған қазақ халқы үлкен патриархаттық отбасын ұзақ мерзім сақтай алмауына әсер етті. Әсіресе, қалыңмал төлеп қыз алу, ұзатылған қызға жасау беру міндеттері туысқандар арасында мал мен мүлік теңсіздігін тудырды. Келіндер арасындағы өзара туыстық нышандарының болмауы үлкен отбасының сақталуына қатты кедергі болды. Қазақ «абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деп текке айтпаған. Рас, көп әйел алу дәстүрі бір қарағанда үлкен отбасын еске салады. Бірақ, бұл көріністі біз негізінен мал шаруашылығымен айналысқан, көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымызға жұмыс қолының көп қажет етілуінен деп ұғуымыз керек. Мал басы көп байлар малайлар жұмсағаннан гөрі көп әйел алып, балаларын көбейтіп, мал бақтырғаны әлдеқайда тиімді еді. Қайта, бұл әдет үлкен патриархаттық отбасының күйреуіне жол ашты. «Екі қатынның баласы екі рулы ел» деп халық сол үшін айтқан. Екі қатынның балалары өзара сыйыспаған соң, оларға енші беріп бөлек отырғызған. Енші беру дәстүрі тым ежелден қалыптасқан. Аңыз бойынша Алаша хан үш ұлына енші беріп, бөлек отырғызғанда бір үлесін келетін қонақтар үшін қалдырған екен. Осы балалардан үш жүз тараған делінген бұл аңыз жай шықпаса керек

Енші алған балалары ұзап кетпей, «қара шаңыраққа» жақын отырған. «Қара шаңырақ» қатты қадірленіп, оған ең кенже бала ие болған. «Қара шаңырақта» қалған әке құқығы шексіз еді. Әке өлген соң орнына үлкен ұлын құрметтеу заңға айналды. Шаруашылығын бөлек ұстағанмен енші алған ұлдары әкесімен (не ағасымен) ақылдасып, шаруашылықтарын бірлесіп жүргізген. Кенже бала әке мұрагері саналып, «қара шаңырақ» иесіне айналып, мал-мүлікке ие болған.

Әке шаңырағы «қара шаңырақ», «үлкен үй» аталып, ол үй әкеден таралған ұрпақ үшін, тіпті ұзатылған қыз, құда-жекжаттар үшін де қасиетті саналды. Олар бұл үйге бірінші бас сұғып, әртүрлі сыйлықтар, сыбағаларды алдымен әкелетін. «Қара шаңырақты» қадірлеу, ата-баба аруағын кадірлеу деп түсінген.

Енші бөлгенде әке үнемі «қара шаңыраққа» артық бір үлес қалдырып отырған. Бұл үлес әке өлгенде жұмсалатын шығындарды есте тұтқандықтан қалдырылған. Енші беріп, бөлек шығару - ұлы үйленген соң, бірер жыл өткенде, яғни жаңа түскен келін ата-енесі тәрбиесіне қанығып, үй шаруашылығына дағдыланып қаныққаннан соң жүзеге асырылған. Ер жетіп, үйленген ұлдарына, осылайша келіңдерін сыннан өткізіп алған ата-ана еншісін береді. Енші берудің саяси-шаруашылық мәні зор болғандықтан, оған жақын туысқандары да қатысып, өз үлестерін берген. Бөлек отау құру, ауыл санын көбейтеді, жаңа қоныстарға ие болуда да үлесі болады. Жаңа отау тіккенге үлкендер бата береді. Еншіге берілетін енші мөлшері нақты белгіленбейді, тек ата-анасының байлығына байланысты беріледі. Еншіге киіз үй, дүние-мүлік берілген. Қазақ халқының әдет-ғұрып зандарының нормаларында ұлдарына енші бөлуге ерекше мән беріледі. Ал, қыздарына берілетін сыбаға «жасау», оған қосымша «төркіндеп келгенде» берілетін сыбаға. Алайда, «үлкен үйге» құрметпен қарап, оған балалары нұқсан келтірмеген. Сондықтан талан-таражға жол берілмеген. Енші алған ұлдары әкесімен қатар көшіп-қонып, «ата-баласы» деп аталатын отбасылық-туыстық құрамды құраған.

Әке артында қалатын мұраны өсиетке қалдырған. Көбіне өсиет айту куәлер алдында айтылған. Өсиетте айтылған талап-міңдеттер сөзсіз орындалған. Мұрагерлер болып ұлы-қызы, әйелі, аға-інілері, жақын туыстары, олар болмаған кезде, аталас туыстары саналған. Әдет-ғұрып заңы өсиет айтушыға мал-мүлкін тікелей мұрагерлерінен өзге, басқа ру адамына қалдыруға рұқсат етпейді. Өсиет айтылған күннің өзіңде билер, әлгі өсиет айтылған адамға жолын ғана беріп, мал-мүлкін мұрагерлеріне қалдырады. Рас, көзімдей көріп жүрсін деп мінген атын, ұстаған затын басқа біреуге өсиеттен беру дәстүрі бар. Көбіне өсиетті өлгелі жатқан адам ұл-қыздары әлі жас болса айтқан. Ал, енші алып кеткен ұлдары мұраға таласа алмаған.

Әйелдердің мұра бөлісуде өзіндік ерекшеліктері бар. Егер, күйеуі өліп, жас қалған ана, «әмеңгерлік» жолымен күйеуінің жақынына тұрмысқа шықса, өзіне тиісті үлесімен кеткен. Мұра бөлісуіне араластырылмаған жесір күйеуге шықпай, қалған баласымен отыра беремін десе, еркі өзінде қалдырылып, мұра бөліске түспейді. Егер, басқа руға кетсе, не болмаса, төркініне кетсе, онда өзінің киім-кешек, төсек-орны мен мініс көлігінен басқа ештеңе берілмеген. Өзімен әкелген «жасауы» болса, оған ешкім таласпайды. Қолында кәмелетке жетпеген ұл-қыздары әке туыстарында қалады.

Әке-шешесі бірдей өлген әрі артында кәмелетке жетпеген ұл-қыздар қалса, жақын туыстарының бірі қамқоршы болып, барлық мал-мүлік, қалған ұл-қыздардың тәрбиесі соған өтеді. Біз қазақ халқында мұра үшін айтыс-тартыс болмайтынын ескертеміз. Оның басты себебі, дер кезінде ұлдарына енші беріп, бөлек отау еткендіктен, қалған мұра кенже балаға, яғни «қара шаңыраққа» тиісті болғандықтан деп ұғамыз. Ал, басқа халықтарда мұра бөлу қиынның қиыны екені бәріне аян.

Қазақ халқы ер баласы болмаған жағдайда жақын туысының баласын бала етіп алған. Мұндай бала «заңды бала» есептеліп, барлық құқықтарға ие болған. Асыранды бала басқа рудан болса, өгей әке «асыранды балаға» өсиет айтып, мұрагер етеді. Олай етпегенде, туыстары «асыранды балаға» қалған мал-мүлікгі билетпеуге құқылы. Өлген адамның аталас немере, шөберелері болмаса, аталас ағайындары мұраға иелік етеді. Бүл деген сөз рулық құрылыстың қызғыштай қорғалған құқықтық сипаттары.

Мал-мүлік мұраға бөлінгенде қоғам ішінде озбырлық, дүниеқорлық секілді оспадар қылықгар мүлдем кездеспейді. Бұл әрине, әдет-ғұрып нормаларының екшелгенін көрсетеді.

Руластары тікелей мұрагерлері болмаған жағдайларда, басқаға иелендірмеуін біз тек рулық құрылыстың мықтылығы деп ұқпай, мұнда үлкен-үлкен адамгершіліктен туындаған қатынастар жатыр деп ұғамыз. Бұл адамгершілік, өзара жәрдем көрсету қыз ұзатып, келін түсіргенде туысқандар арасында ерекше көрінеді. Сол үшін туысқан бір өлі, бір тірі де керек. Осындай жағдайларда «жылу», «немеурін», «үме», «жұртшылық» деп, қуаныш пен азада, қиындыққа тап болғанда «көп түкірсе көл» дегендей жәрдем көрсеткен туысқандар, мұрагерлері болмаған жағдайда өлген марқұмның мал-мүлкін иеленулері де азайды. Осындай әдемі дәстүрлер кейін, бірте-бірте орыс патшалығы қарамағына ену салдарынан тап теңсіздігі шығып, мәні өзгерткені тіпті өкінішті. Сөйтіп, «бай — байға құяды, сай сайға құяды», «алмақтың да салмағы бар» деген қағидалар шықты. Тіпті, ежелден келе жатқан рулық қатынасқа сына қағылып, туыстар бірге көшіп-қонбайтын айла-шарғылар жасалынып, ол заңмен бекітілді. Енде ру түгіл, жақын туысқандардың ара жігі ашылып, аралары суый бастады.

Патшалық Ресейдің отарлау саясаты империялық заңдарың күштеп жүргізумен бірге алып барылды. Империялық заң Қазақстан аумағын әкімшілік бөлікгерге бөліп, бір ауылдың аумағынан екінші ауыл аумағына көшіп-қонуға тыйым салып, мал шаруашылығымен айналысқан халыққа обал жасаумен бірге қазақтардың аталастық бірлестіктерін күйретті.

Қазақтардың туысқандық қарым-қатынасының желістері өте көп болып, "Қарға тамырлы қазақ" аталғаны тегін емес. Ондай туысқандық тек ерлер тарапынан ғана емес, қыздар ұрпағы - жиендер мен нағашы арасындағы, құда-жекжаттар арасындағы қатынастардан тұрған. Жиен нағашысына 3 ретке дейін берсе қолынан, бермесе жолынан алуға, яғни ұрлап алуға құқықты болған. Ол үшін жиен айыпты саналмаған.

Күйеудің үш жұрты бар деп текке айтпайды. Ол: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Әсіресе, күйеуді қайын жұрты қадірлеп, алдына төс қояды. "Пайғамбар күйеу баласын сыйлаған" деп күйеулерді еркелетеді.

Күйеуге әйелі өлсе, балдызын береді. Балдызы жоқ болса, екі жақ арадағы желіні үзбей, "сүйек жаңғыртады", қыз беріп, қызды қайта алысады. Сол үшін " күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық", құданы құдай қосады" деген қағидаларды бетке ұстайды.

Әр елге ұзатылған қыздан туылған балалардың бәрі бір-біріне бөле болып саналып, ол бірнеше ұрпакқа созылады. (Немере бөле, шөбере бөле). Мұндай туысқандық қарым-қатынастар әртүрлі әдет-ғұрып заң нормаларына сай міндеттері мен жауапкершіліктерді сақтайды.

Ежелден, әсіресе, жаугершілік жиі болып тұрған замандарда тамыр, дос болу дәстүрлері қалыптасып, бұлардың арасы туысқандардай болған. Жау шапқанда бір-біріне жәрдемдескен.

Жалпы айтқанда қазақтар қандай жолмен болмасын, өзара тату-тәтті сыйластықпен тұруға ұмтылған. Оның бір көрінісі ретінде келіндердің келген жұртының ерлерінің тіпті әйелдерінің атын атамады, олардың ізеттілігі мен тапқырлығының көрінісі.

Осылардан келіп туындайтын қазақ халқының маңызды қасиеттердің бірі қонақ күту. Әркім иісі қазақ "бөлінбеген еншісін" талап ете алған әрі құқықтық жолмен қорғанған. Қазақ "қырықтың бірі-қыдыр" деп, қонақты қуана қарсы алған. "Қонақтың өз несібесі өзімен" деп, олармен бірге құт келеді деген. Туасы, томаға-тұйық оқшау отырған адамдар сырттан келген адамнан басқа жердің хабарын есітуді аңсап, құрмет көрсетсе керек деп ойлаймыз. Қазақ әдет-ғұрып заң нормаларында қыз бен күйеудің жас шамасына мән берілмейді. Әсіресе, әмеңгерлік институтында бұл өте жиі ұшырасады.

ТАҚЫРЫП 2. ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР

2.1 Отбасылық құқықтық қатынастар түсінігі, объектілері және субъектілері

Отбасы құқықтық қатынастары деп заңды деректің нәтижесінде пайда болған және отбасы құқығының нормаларымен реттелетін қатынастарды айтамыз. ҚР «Неке және отбасы туралы» заңы осы заңмен реттелетін қатынастар қатарын көрсеткен:

  • некеге тұрудың, некені тоқтатудың және оны жарамсыз деп танудың шарты мен тәртібін белгілейді;

  • отбасы мүшелерінің: ерлі-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың (асырап алушылар мен асырап алынғандардың) арасындағы, ал неке-отбасы заңдарында көзделген жағдайларда және шекетрде басқа туыстар мен өзге де адамдардың арасындағы азаматтық құқықтар мен міндеттерді, мүліктік емес және мүліктік жеке қатынастарды реттейді;

  • ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру нысандары мен тәртібін анықтайды;

  • азаматтық хал актілерін тіркеу және заңдарда белгіленген тәртіппен ақылы қызмет көрсету тәртібін реттейді.

Отбасы құқықтық қатынастар ең алдымен, мүліктік және жеке мүліктік емес болып бөлінеді. Жеке мүліктік емес қатынастарға баланы тәрбиелеу, оған білім берумен байланысты қатынастар жатады. Мүліктік қатынастарға балаларды және отбасының басқа да мүшелерін асыраумен, ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі құқығымен байланысты қатынастар жатады.

Құқықтық реттеу әдісіне байланысты отбасы құқықтық қатынастарын үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа тек императивтік нормалармен реттелетін қатынастарды жатқызамыз. Оларға некеге тұру және оны бұзу, баланың тегін және ұлтын анықтау, ата-ана құқығынан айыру, бала асырап алу сияқты қатынастарды жатқызуға болады. Екінші топқа диспозитивтік әдіспен реттелетін қатынастар жатқызылады, алайда өздері анықтаған қатынастары бойынша субъектілердің құқықтары мен міндеттерінің шегі императивті анықталады. Мысал ретінде ерлі-зайыпталырдың мүліктерінің шарттық режимін, бала асырау бойынша алименттік келісімдерді айтуға болады. Құқықтық қатынастардың үшінші тобына таза диспозитивті әдіспен реттелетін қатынастар жатады. Бұған тараптардың еркімен пайда болатын қатынастарды айтуға болады, мысалы, отбасы мүшелерін асырауға алимент өндіріп алу.

Отбасы құқығының нормаларымен некеден, ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік қатынастарынан, ата-аналар мен балалардың арасындағы қатынастарынан, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баларды орналастыру бойынша қатынастар, алименттік қатынастар, азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша, сондай-ақ шетел элементінің қатысуымен болатын отбасылық қатынастардан туындайтын барлық қатынастар реттеледі.

Отбасы құқықтық қатынасының субъектілеріне некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе баланы тәрбиеге алудың өзге де нысандары арқылы бір-бірімен өзара байланысты болатын адамдар тобын жатқызамыз. Отбасы құқықтық қатынасының субъектілері мыналар: ерлі-зайыптылар, балалар, ата-аналар, асырап алушылар және асырап алынғандар, ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, ата, әже және немерелер, суррогат аналар, сонымен қатар қамқоршы және қорғаншы органдар, қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер, АХАЖ органдары және оларға теңестірілген органдар.

Ерлі-зайыптылар – АХАЖ органдарында, отбасын құру мақсатында, екеуінің келісмімен өзара некеге тұрған адамдар. Неке құқықтық қатынастарының субъектілері болып әрекетке қабілетті және неке жасына жеткен адамдар бола алады. Заңда некеге тұрушылар үшін жоғарғы шекті жас анықталмаған. Неке ерлі-зайыптылардың арасында жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттерді тудырады.

Ата-аналардың баласы ретінде, некеде туылған, сонымен қатар неке бұзылған немесе жарамсыз деп танылғаннан кейін екі жүз жетпіс күн ішінде туылған балалар танылады. Егер баланың ата-анасы тіркелген некеде тұрмаса, баланың анасы жағынан тегін медициналық құжаттардың негізінде АХАЖ органдары белгілейді, ал әкелікті – баланың әкесі мен анасының бірлескен арызының негізінде анықтайды.

Ата-аналар балаларына қамқорлық көрсетуге, оларға тәрбие және білім берумен айналысуға, еңбекке жарамсыз балаларды асырауға міндетті.

Бала асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың арызы бойынша сот жүргізеді. Асырап алынған балалар асырап алушыларға қатысты туған балалардыкімен бірдей құқықтар мен міндеттерге ие болады. Асырап алынған балалар жеке мүліктік емес құқықтарынан айырылады және өздерінің ата-аналары мен туыстарына деген міндетттемелерінен босатылады. Асырап алушылар асырап алынған балаларға туған балаларына сияқты қамқорлық көрсетуге міндетті.

Ағалы-інілер және апалы сіңілілер толыққанды, толыққансыз және біріккен болуы мүмкін. Толыққанды ағалы-інілер және апалы-сіңлілердің әкелері мен шешелері ортақ болады. Толыққансыз ағалы-інілер және апалы-сіңлілердің тек бір ортақ ата-аналары, яғни әкесі немесе шешесі ғана ортақ болады. Біріккендер бір отбасында тұратын, бірақ ортақ ата-аналары жоқ. Ағалы-інілер мен апалы-сіңлілердің бір-біріне мүліктік құқықтары болады.

Ата және әже деп баланың ата-анасының немесе асырап алушыларының ата-аналарын айтамыз. Әжелер және аталар немерелеріне қатысты мүліктік құқықтарға және міндеттемелерге ие болады, дәл солай немерелері де аталары мен әжелеріне қатысты мүліктік құқықтар мен міндеттемелерге ие.

Суррогат ана – балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бітірудің жасанды әдісін немесе эмбрион имплатанциясын қолдануға келісім беріп, шартқа отырған әйел.

Қорғаншы және қамқоршы органдар – сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдардың немесе кәмелетке толмағандардың мүдделерін және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдар.

Қорғаншы (қамқоршы) ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларға және әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі адамдарға сотпен тағайындалады. Қорғаншы (қамқоршы) баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына қамқорлық жасауға міндетті.

Патронат тәрбиешілер – қорғаншылық немесе қамқоршылық органымен ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларды тәрбиеге беру туралы шарт жасасқан адам.

АХАЖ органы – азаматтық хал актілерін тіркеумен айналысатын мемлекеттік орган.

2.2 Отбасылық құқықтағы құқық қабілеттілік және әрекет қабілеттілік

Отбасылық құқықтық қатынас субъектілері құқық қабілеттілік және әрекет қабілеттілікпен ерекшелінеді. Бұл категориялардың анықтамалары обасы құқығының теориясында айтылмаған, отбасылық заңнамада бұлардың түсінігі берілмеген. Отбасылық құқық қабілеттілік бұл азаматтың қандай да бір отбасылық құқықтар мен міндеттерге (некеге тұру құқығы, баласынан бөлек тұратын ата-ананың онымен араласу құқығы, ата-ананың баланы асырап-бағу құқықтары мен міндеттері т.б.) ие болуының құқықтық мүмкіндігі (қабілеті). Отбасылық құқық қабілеттілік азаматтық құқық қабілеттілік сияқты туғаннан бастап беріледі, бірақ оның мазмұны адам жасына байланысты болады. Қандай да бір жасқа жеткен сайын отбасылық құқық қабілеттілік кеңи түседі. Мысалы, некеге тұру қабілеті неке жасына жеткен кезде ғана пайда болады. Дегенмен, құқық қабілеттілік абстракті нысанда болады, отбасылық құқық қабілеттілік адам туғаннан бастап пайда болады (отбасында тәрбиелену құқығына ие болу, ата-анасынан асырау қаражатын алу құқығы).

Отбасылық әрекет қабілеттілік бұл азаматтың өз бетінше, өзінің әрекеттерімен отбасылық құқықтарға ие болу және жүзеге асыру, отбасылық міндеттерді туындатып оларды орындай алуының құқықтық қабілеттілігі (мүмкіндігі). Отбасылық құқықта толық әрекет қабілеттілік 18 жастан бастап пайда болады. Жекелеген жағдайларда отбасылық әрекет қабілеттілік кәмелет жасқа толмағандарда пайда болады, бұл неке жасын белгілі бір себептерге байланысты қаысқартқандарға қатысты.

2.3 Отбасылық құқықтағы заңды деректер

Отбасы құқықтық қатынастар реттейтін қоғамдық қатынастарға отбасы-құқықтық нормаларының әсер етуі нәтижесінеде отбасы құқықтық қатынастары пайда болады. Басқа құқықтық қатынастар тәрізді отбасы құқықтық қатынастары да заңды дерек нәтижесінде туындайды. Отбасы құқығындағы заңды дерек деп отбасы құқығының нормаларын, қарастырылған заңдық салдарлардың болуымен байланыстыратын, нақты өмірлік жағдайлар түсініледі. Отбасы қатынастарының барлығы құқықтық қатынас бола бермейді және заңды салдарлары болмайды. Мысалы, егер неке қатынастары некені тіркеу тәрізді тиісті құқықтық нысанда әшкереленбесе, ешқандай құқықтық салдар туғызбайды. Некені тіркеу фактісі басқа да заңды деректер сияқты, белгілі бір құқықтық салдарлар тудырады (ерлі-зайыптылардың, балалардың құқықтары мен міндеттері, сотта қорғалу құқығы және т. б.).

Отбасы құқығындағы заңды деректер құқықтық қатынастардың туындауына, өзгеруіне және тоқталуына негіз болады. Заңды деректер әрқашан құқықтық қатынас бола бермейтін, басқа заңды деректердің пайда болуына және жоғалуына әкелуі мүмкін.

Отбасы құқығында заңды деректер құқықтық салдарға сәйкес құқық тудырушы, құқық өзгертуші, құқықты қалпына келтіруші, құқықты кедергі келтіруші болып жіктеледі.

Заңды деректер еріктілік белгісіне сәйкес оқиға, әрекет және жағдай болып бөлінеді. Әрекет адамның еркіне байланысты жүзеге асырылады. Құқықтық нормалардың нұсқамасына сәйкес келетіндігі немесе оны бұзатындығына байланысты, әрекет құқыққа сай және құқыққа сай емес деп бөлінеді. Адаманың еркінен тыс пайда болатын оқиғалар – абсолюттік оқиғалар, ал олардың еркімен болса – салыстырмалы оқиғалар болады. Жағдай – үздіксіз немесе жүйелі түрде заңды салдарларды тудыратын, ұзақ уақыт бойы әрекет ететін заңды деректер.

2.4 Отбасылық құқықтарды жүзеге асыру және қорғау. Отбасылық міндеттерді орындау.

Азаматтар өздеріне тиесілі неке-отбасы қатынастарынан туындайтын құқықтарды, оның ішінде осы құқықтарды қорғауға арналған құқықты өз қалауы бойынша қолданады. Неке-отбасы құқықтарын жүзеге асыру және міндеттерді орындау отбасының басқа мүшелері ен құқықтың өзге субъектілерінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін бұзбауға тиіс. Неке-отбасы құқықтары заңмен қорғалады, бұған осы құқықтардың мақсатына қайшы келетін жағдайлар қосылмайды. Неке-отбасы құқықтарын қорғауды азаматтық сот ісін жүргізу ережелері бойынша сот, және басқа жағдайларда мемлекеттік органдар немесе қорғаншы және қамқоршы органдары отбасылық заңнаманың тиісті баптарында көрсетілген тәртіпте жүзеге асырады.

Неке-отбасылық қатынастарға талап арыздың ескіру мерзімін қолдану мәселесі жайлы отбасылық заңнамада айтылған. Осы заңнамаға сәйкес, талап арыздың ескіруі неке-отбасы қатынастарынан туындайтын талаптарға қолданылмайды, бұған бұзылған құқықты қорғауға арналған кейбір жағдайлар қосылмайды (мысалы, некесі бұзылған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы ерлі-зайыптылар талабына талап-арыз мерзімі өтуінің үш жылдық мерзімі қолданылады).

ТАҚЫРЫП 3. Қазақстан Республикасының заңнамасындағы неке институты

3.1 Қазақстан Республикасы отбасы құқығы бойынша неке түсінігі

3.1.1 Неке түсінігі және некеге тұру шарттары

Неке деп ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес қатынастарды туғызатын, отбасы құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың еркі және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы жасалған тең құқықты одақты айтамыз.

Неке теориясы неке шарты тәріздес өз бастауын Ежелгі Римнен алады. Рим құқығының классикалық кезеңінде некеге тұрудың барлық негізгі нысандарында қарапайым азаматтық шарттың белгілері болады. Некеге деген мұндай қатынастың болуы ең алдымен Римде неке қатынастарының белгілі бір бөлігі ғана құқықтық реттелгендігімен байланысты, олардың өркениеттік, адамгершілік және сакральді жақтары құқықтан тыс қалды. Кейін неке институтына оның рухани жағын көрсете отырып, тылсым құпиялылық сипаттама береді.

Қазақстан Республикасының заңдары бойынша тек тіркелген неке ғана заңдық мағынаға ие болады. Қандай да бір ұлттың діни ырымдарына немесе дәстүрлеріне сәйкес қиылған неке құқықтық мәнге ие болмайды.

Сонымен бірге, отбасылық заңнама жалған неке ұғымен береді. Жалған неке дегеніміз отбасы құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке. Жалған неке бойынша тараптарда негізгі себеп отбасы құру ниеті болмайды, олар тек белгілі бір құқықтарға ие болу үшін некеге тұрады (мысалы, бір елдің азаматтығын алу). Жалған некенің салдары осы некенің жарамсыздығына әкеліп соғады.

Сондай-ақ есеп бойынша неке деген ұғым бар. Бірақ заң бұған анықтама бермейді. Есеп бойынша неке мүліктік және басқа да пайданы көздей отырып құрылады, тараптар бұл некені заңды неке деп есептейді, өйткені олар өздерінің қасақана ойларымен бөліспейді. Бұл неке түрінің жалған некеден айырмашылығы осында және оның құқықтық салдары ол неке заңды болып табылады, өйткені мұнда отбасы құру ниеті бар.

Некеге тұру үшін некеге тұрушы еркек пен әйелдің өзара ерікті келісімдері болу керек және неке жасына жету қажет. Ерікті келісім болмаған не неке жасына жетпеген жағдайда неке қиюға жол берілмейді. Неке жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленеді. Дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдары неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін. Неке жасын төмендету туралы өтінішті некеге тұруға тілек білдірушілер немесе олардың ата-аналары, не қорғаншылары (қамқоршылары) белгіленген неке жасын төмендету қажеттігін туғызатын себептерді көрсете отырып қозғай алады. Неке жасын төмендетуге тек некеге тұрушылардың келісімімен ғана жол беріледі. Неке жасына толмаған адамдар арасындағы некеге ата-аналарының не қорғаншыларының келісімімен ғана рұқсат етіледі.

Некеге тұру үшін мынадай кедергілердің болмауы шартты:

1) біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған болса;

2) тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалардың, атасының әжесінің немесе немерелерінің), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек әкесі немес анасы ортақ ағалы-інілер мен апалы-сіңлілердің (аға-қарындастардың);

3) асырап алушылар мен асырап алынғандар;

4) біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында жол берілмейді.

3.1.2 Некеге тұру тәртібі, некені тіркеу

Некеге тұратын адамдардың тікелей қатысуымен неке мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылады.

Некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі азаматтық хал актілерін жазу органына келе алмайтын ерекше жағдайларда неке, мұндай адамның тұратын жері бойынша қиылуы мүмкін.

Неке қию кезінде өкіл жіберуге жол берілмейді.

Некені қию некеге тұруға тілек білдірушілер азаматтық хал актілерін жазу органына арыз берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі.

Дәлелді себептер болған жағдайда неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы бір ай өткенге дейін неке қиюға, сондай-ақ осы мерзімді ұзартуға, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуға рұқсат етуі мүмкін.

Ерекше мән-жайлар болған кезде (жүктілік, бала тууы, бір тараптың өміріне тікелей қауіп төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) неке өтініш берілген күні қиылуы мүмкін.

Некесін тіркегісі келетін адамдар арыз берушінің біреуі тұратын жердегі не өздерінің ата-аналары тұратын жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына арыз береді.

Некеге тұратын адамдар:

1) жеке басын куәландыратын құжаттарды;

2) белгіленген неке жасын кеміту қажет екенін растайтын құжаттарды;

3) бұрынғы некелері туралы мәліметтерді;

4) балалары туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті.

Некеге тұратын адамдармен келісе отырып, некені тіркеу мерзімі белгіленеді.

Некені тіркеу азаматтық хал актілерін жазу органдарында (бөлімдерінде), ал мұндай органдар жоқ жерлерде – жергілікті атқарушы органдарда жүргізіледі.

Жоғарыда аталған органдардың лауазымды адамы:

1) некеге тұру ниеті туралы берілген арыздарды жария етеді;

2) некелесушілерге болашақ жұбайлардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;

3) некеге тұруға келісетінін және жұбайлардың қалап алатын тектерін анықтайды.

Неке қиюға кедергі жоқ болған жағдайда азаматтық хал актілері жазылатын кітапқа неке туралы жазба жасалады, оған некеге тұратындар қол қояды және оны азаматтық хал актілерін жазу органының лауазымды адамы қол қойып бекітеді. Некені тіркеу салтанатты жағдайда - азаматтық хал актілерін жазу органдарының некені салтанатты түрде тіркеуге арнайы белгіленген үй-жайларында, сондай-ақ азаматтық хал актілерін жазу органдары мен некеге отыратын адамдардың келісуі бойынша өзге де жерлерде жүргізілуі мүмкін.

Неке туралы жазба жасалғанға дейін некені тіркеу үшін кедергілер бар екендігі туралы арыз түскен жағдайда лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және арыз берушіден белгіленген мерзімде тиісінше деректі айғақтар беруді талап етуге міндетті. Бұл мерзім бір айдан аспауы керек.

Некені тіркеу өткізілгеннен кейін ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік беріледі.

3.2 Некені жарамсыз деп тану

3.2.1 Некені жарамсыз деп тану негіздері

«Неке және отбасы туралы» Заңында белгіленген шарттар бұзылған кезде, сондай-ақ жалған неке жасалған жағдайда неке жарамсыз деп танылады. Мұндай шарттар неке жасына жетпеушілік, некеге тұруға тараптардың біреуінің еркінің болмауы, некеге тұру үшін көрсетілген кедергілердің біреуінің болуы.

Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Егер некеге тұрушы адамдардың біреуі екіншісінен құрылған отбасы мүшелеріне, жеке басының және қоғамның қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін ауруы бар екенін жасырса, соңғысы сотқа некені жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгінуге құқылы.

Некені жарамсыз деп тануды сот жүргізеді. Сот некені жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген бастап үш күн ішінде соттың осы шешімінен некеге тұру мемлекеттік тіркелген жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына көшірме жіберуге міндетті. Некенің жарамсыздығы оның қиылған күнінен бастап танылады.

Некені жарамсыз тануды талап етуге мына адамдардың құқығы бар:

  • егер неке жасына толмаған адаммен неке қиылса, кәмелетке толмаған жұбайы, оның ата-анасы немесе оларды ауыстыратын адамдар, қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор құқылы. Кәмелетке толған жұбай он сегіз жасқа толғаннан кейін некені жарамсыз деп тануды талап етуге тек оның өзі ғана құқылы;

  • егер некеге тұруға ерлі-зайыптылардыңның бірінің ерікті келісімі болмаған жағдайда: мәжбүр ету, алдау, қателесу немесе өзінің жай-күйінің салдарынан некеге тұруды мемлекеттік тіркеу кезінде өзінің әрекеттерінің маңызын түсінбей және өзін-өзі билей алмау себепті неке қиылған болса, некеге тұру арқылы құқығы бұзылған жұбай, сондай-ақ прокурор;

  • некені қиюға кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін білмеген жұбай, әрекетке қабілетсіз деп танылған жұбайдың қорғаншысы, оның алдындағы бұзылмаған неке бойынша жұбайы, басқа да кедергілерді бұза отырып қиылған неке арқылы құқықтары бұзылған басқа да адамдар, сондай-ақ қамқоршы және қорғаншы орган мен прокурор;

  • жалған неке тұру жағдайында прокурор, сондай-ақ некенің жалғандығы туралы білмеген жұбайы;

  • егер некеге тұрушы адамдардың біреуі екіншісінен құрылған отбасы мүшелеріне, жеке басының және қоғамның қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін ауруы бар екенін жасырса, құқығы бұзылған жұбай сотқа некені жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгінуге құқылы.

Некені жасына толмаған адаммен, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адаммен қиылған некені жарамсыз деп тану туралы істі қарау кезінде іске қатысуға қорғаншы және қамқоршы орган тартылады.

Егер некені жарамсыз деп тану туралы іс қаралатын сәтке заңға орай оның қиылуына кедергі жасаған мән-жайлар жойылса, некені жарамсыз деп тануға болмайды. Егер кәмелетке толмаған жұбайдың мүдделері талап етсе, сондай-ақ оның некені жарамсыз деп тануға келісімі болмаған жағдайда сот неке жасына толмаған адаммен қиылған некені жарамсыз деп тану туралы талап-арыздан бас тарта алады.

Егер мұндай некені тіркеткен адамдар істі сот қарағанға дейін іс жүзінде отбасын құрса, сот некені жалған деп тани алмайды.

Ерлі-зайыптылардың арасында тыйым салынған туыстық дәрежесі болған не некені тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың біреуі басқа бұзылмаған некеде тұрған жағдайларды қоспағанда, некені ол бұзылғаннан кейін жарамсыз деп тануға болмайды.

3.2.2 Некені жарамсыз деп тану салдары

Сот жарамсыз деп таныған неке ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайды.

Некені жарамсыз деп таныған адамдар бірлесіп сатып алған мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің үлестік меншік туралы ережелерімен реттеледі. Ерлі-зайыптылар жасасқан неке шарты жарамсыз деп танылады.

Некені жарамсыз деп тану мұндай некеде туған немесе неке жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз жетпіс күн ішінде туған балалардың құықығына нұқсан келтірмейді.

Некені жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған кезде сот некені жарамсыз деп тану үшін негізге алынған мән-жайлардан некеге тұру кезінде бейхабар болған жұбайдың екінші жұбайдан асырауға қаражат алу құқықын тануға құқылы, сондай-ақ неке шартын толық немесе ішінара жарамды деп тануға құқылы.

Адал ниетті жұбай азаматтық заңдарда көрсетілген ережелер бойынша өзіне келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.

Адал ниетті жұбай некені жарамсыз деп таныған кезде өзі неке қиюды мемлекеттік тіркеу кезінде таңдаған тегін сақтап қалуға құқылы.

ТАҚЫРЫП 4. Ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері

Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін жеке мүліктік емес және мүліктік деп бөлінеді. Жеке мүліктік емес құқықтарына тек таңдау, кәсіп түрін таңдау, тұрғылықты жерді таңдау құқықтары жатады, ал мүліктік емес жеке міндеттеріне балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру, олардың салауатты өмір салтын ұстана дені сау ұрпақ болып өсіп жетілуіне жағдай жасау жатады.

Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері азаматтық хал актілерін жазу органдарында некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.

Ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауға ерікті. Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі зайыптылар бірлесіп шешеді.

Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемедесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп жетілуіне және олардың әл-ауқатты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.

Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылар өз тілектері бойынша ортақ тек ретінде өздерінің біреуінің тегін таңдап алады не ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзінің некеге тұрғанға дейінгі тегін сақтап қалады, не өз тегіне екінші жұбайдың тегін қосады.

Ерлі-зайыптылардың біреуінің некеге тұрғанға дейінгі тегі қосарлас болса, тектерді қосуға жол берілмейді.

Ерлі-зайыптылардың біреуінің тегін өзгертуі екінші жұбайдың тегін өзгертуіне әкеп соқпайды.

Неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар ортақ текті сақтауға немесе өдерінің некеге тұрғанға дейінгі тегін өзгертуіне әкеп соқпайды.

4.2 Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері

4.2.1 Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі

Ерлі-зайыптылардың мүліктерінің заңды немесе шартты режимі болуы мүмкін.

Егер неке шартында өзгеше белгіленбесе, ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігінің режимі олардың мүлкінің заңды режимі болып табылады. Ерлі-зайыптылардың шаруа (фермерлік) қожалығы мүшелерінің бірлескен меншігі болып табылатын мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 224 және 225-баптарымен белгіленеді.

Ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкіне (ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне) ерлі-зайыптылардың әрқайсысының еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және санаткерлік қызмет нәтижелерінен тапқан табыстары, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен және ерлі-зайыптылардың әрқайсысының бөлек мүлкінен түскен кірістер, олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзгеде ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, мертігу не денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан еңбек қабілетін жоғалтуына және басқаларына байланысты залалды өтеуге төленген сомалар) жатады. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ кірістерінің есебінен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, бағалы қағаздар, жарналар, салымдар, несие мекемелеріне немесе өзге коммерциялық ұйымдарға салынған капиталдағы үлестер және ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезеңде тапқан басқа да кез-келген мүлік ол ерлі-зайыптылардың қайсысының атына сатып алынғанына не ақша қаражаттарына ерлі-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып табылады.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке құқығы некеде тұрған кезеңде үй шаруашылығын жүргізуді, балаларды бағып күтуді жүзеге асырған немесе басқа да дәлелді себептермен жеке кірісі болмаған жұбайға да тиесілі.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады.

Ерлі-зайыптылардың біреуі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне билік ету жөнінде жасасқан мәмілесін сот басқа жұбайдың келісімі болмауын дәлел етіп, тек оның талап етуімен ғана және басқа тараптың мәміле жөнінде білгендігі немесе осы мәмілені жасауға басқа жұбайдың күні бұрын білуі тиіс екендігі дәлелденген жағдайларда ғана жарамсыз деп тануы мүмкін.

Ерлі-зайыптылардың біреуі жылжымайтын мүлікке билік ету жөнінде мәміле мен нотариаттық куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді талап ететін мәміле жасауы үшін басқа жұбайдың нотариат куәландырған келісімін алыу қажет. Аталаған мәміле жасауға нотариат куәландырған келісімі алынбаған жұбай осы мәміленің жасалғандығы туралы өзі білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл ішінде мәмілені сот тәртбімен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

Мыналар ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі болып табылады:

1) некеге тұрғанға дейін ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі болған мүлік;

2) ерлі-зайыптылардың некеге тұрған кезеңінде сыйлыққа, мұрагерлік тәртібімен, немесе өзге де мәміле жасау бойынша тегін алған мүлкі;

3) қымбат затттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты есебінен сатып алынса да, жеке пайдалану заттары (киім-кешек, аяқ киім және басқалар)

Некенің іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезде ерлі-зайыптылардың әрқайсысы тапқан мүлікті сот оларды әрқайсысының меншігі деп тануы мүмкін.

Егер некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі немесе басқа жұбайдың мүлкі не ерлі-зайыптылардың кез-келгенінің еңбегі сесбінен осы мүліктің құнын едәуір арттыратын салыным жүргізілгені (күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және с.с) анықталса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі деп танылуы мүмкін.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу ерлі-зайыптылардың кез-келгенінің талап етуі бойынша неке кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейін де, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі ерлі-зайыптылардың біреуінің үлесінен өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы кредит берушінің талабын мәлімдеуі жағдайында да жүргізулуі мүмкін. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылар арасында олардың келісімі бойынша бөлінуі мүмкін. Ерлі-зайыптылардың қалауы бойынша олардың ортақ мүлікті бөлу туралы келісімі нотариат арқылы куәландырылуы мүмкін.

Дау туған жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың сол мүліктегі үлестерін анықтау сот тәртібімен жүргізіледі.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде сот ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша ерлі-зайыптылардың әрқайсысына қандай мүлік берілуге тиіс екендігін анықтайды. Егер ерлі-зайыптылардың біреуіне құны оған тиесілі үлестен асатын мүлік берілсе, басқа жұбайға тиісінше ақшалай немесе өзге де өтемақы берілуі мүмкін.

Кәмелетке толмаған балалардың ғана қажеттерін қанағаттандыру үшін сатып алынған заттар (киім-кешек, аяқ киім, мектеп және спорт жабдықтары, музыкалық аспаптар, балалар кітапханасы және басқалары) бөлінуге жатпайды және бала бірге тұратын жұбайға өтемақысыз беріледі.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің есебінен ерлі-зайыптылар өздерінің кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына салым салымдары сот балаларға тиесілі болып есептеледі және ерлі-зайыптыладың ортақ мүлкін бөлген кезде есепке алынбайды.

Ерлі-зайыптылардың неке кезеңіндегі ортақ мүлкін бөлген жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің бөлінбеген бөлігі, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың одан кейінгі неке кезеңінде тапқан мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігін құрайды.

Некесі бұзылған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы ерлі-зайыптылар талабына талап-арыз мерзімі өтуінің үш жылдық мерзімі қолданылады.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу және және осы мүліктегі үлестерін айқындау кезінде, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлі-зайыптылардың әрқаайсысының үлесі тең деп танылады.

Сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін негізге ала отырып және (немесе) ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін негізге ала отырып, егер жұбайлардың бірі дәлелсіз себептермен табыс таппаса немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін отбасының мүдделеріне залал келтіріп жұмсаса, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлестерінің теңдігі негізін ескермеуге құқылы.

Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде ерлі-зайыптылардың ортақ борыштары, олардың арасында өздеріне берілген үлеске қарай бөлінеді.

4.2 Ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режимі

Некеге тұрушы адамдардың келісімі немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісімі неке шарты деп танылады. Неке шартының мақсаты ерлі-зайыптылардың мүлкінің заңды режимін өзгертіп, осы режимді олардың қажеттіліктеріне максималды түрде қалыптастыру. Заңды режимді өзгерту кезінде ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін басқаша айқындайтын шарттық режим туындайды. Неке шартын жасаудың ең көп таралған себептеріне мыналарды жатқызуға болады: ең алдымен ерлі-зайыптылардың заңды режиміне қарағанда ыңғайлырақ басқаша режим таңдау; мүлікті қандай-да бір өндіріп алу шараларынан қорғау; некеге тұрушылардыың жастарындағы айырмашылық; некеге қайта тұрған жағдайларда т.б. Бірақ қандай себептер болмасын бұл себептердің ешқандай құқықтық мәні жоқ. Неке шартының пәні болып ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерінің заңды режиміне бағынатын мүліктік құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ басқа да мүліктік құқықтары мен міндеттері. Мәмілелердің топтамасы бойынша отандық заңнамаға сай неке шартын консенсуалды, екіжақты, ақылы, мерзімсіз шарттардың түріне жатқызамыз. Шарттардың жасау сәтіне сәйкес неке шартын консенсуалды деп есептейміз, яғни шарт тараптардың арасында белгілі бір келісімге қол жеткізген сәттен бастап жасалды деп есептелінеді. Екіжақты шарт деп әр тарап өзіне белгілі бір құқықтар мен міндеттерге ие болатын шарттарды айтамыз. Ақылы шартқа жатқызатын себебіміз қандай да бір тарап төлем, пайда алады. Неке шарты ерлі-зайыптылардың мүлкінің заңды режимін өзгерткендіктен, онда мүліктік пайда қарастырылады. Ерлі-зайыптылардың біреуінің мүліктік міндеттемелерін өзгерту оған қосымша құқықтар береді. Осының нәтижесінде неке шарты ақылы болып табылады. Неке шартының мерзіміне байланысты бұл шарт азаматтық құқықтық шарттар сияқты мерзімсіз уақытқа жасалады. Неке шартының мерзімі көрсетілмесе ол неке тоқтаған жағдайда неке шарты да тоқтайды, егер неке тоқтатылғаннан кейінгі кезеңге арналып жасалған міндеттерді қоспағанда. Бірақ неке шартын белгілі мерзімге арнап та жасауға болады. Мысалы, ерлі-зайыптылар некеге тұрғаннан кейінгі алғашқы үш жылдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындауға болады.

Кейбір авторлар неке шартын азаматтық құқықтық шарттардың аралас түріне жатқызады. Аралас шарт дегеніміз заңмен қарастырылған негізде азаматтық шарттардың бірнеше түрінің элементтері бар шарттар (сыйға тарту, мұраға қалдыру, жалдау т.б.). Әрине неке шарты осындай элементтерден тұруы мүмкін, бірақ мұра қалдыру үшін, сыйға тарту үшін неке шартын жасау міндетті емес, сондықтан неке шартын аралас шартқа жатқыза алмаймыз.

Неке шартының субъективтік құрамы заңмен реттелген, оларға ерлі-зайыптылар және некеге тұрушылар жатады.

Ерлі-зайыптылар неке шартымен заңда белгіленген бірлескен ортақ меншік режимін өзгертуге, ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне, оның жекелеген түрлеріне немесе ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкіне бірлескен, үлестік немесе бөлектелген меншік режимін белгілеуге құқылы.

Неке шарты ерлі-зайыптылардың қолда бар мүлкі жөнінде де, болашақтағы мүлкі жөнінде де жасалуы мүмкін.

Неке шартында ерлі-зайыптылар өзара күтіп-бағу жөніндегі өз құқықтары мен міндеттерін, бір-бірінің кірістеріне қатысу әдістерін, олардың әрқайсысының отбасылық шығындар жасау тәртібін айқындауға, неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына берілетін мүлікті белгілеуге, сондай-ақ неке шартына ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелерді енгізуге құқылы.

Неке шартында көзделген құқықтар мен міндеттер белгілі бір мерзімдер мен шектелуі не белгілі бір жағдайлардың туындауына немесе туындамауына қарай қойылуы мүмкін.

Неке шарты ерлі-зайыптылардың құқық қабілетін немесе әрекет қабілеттілігін, олардың өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын шектей алмайды; ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік емес жеке қатынастарды, ерлі-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен міндеттерін реттей алмайды; еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайдың асырау қаражатын алуға құқығын шектейтін жағдайды көздей алмайды; ерлі-зайыптылардың біреуін өте қолайсыз жағдайға қалдыратын немесе неке-отбасы заңдарының негізігі бастауларына қайшы келетін басқа да жағдайларды қамти алмайды.

4.3 Неке шартының мазмұны, неке шартын өзгерту және бұзу негіздері

Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша кез-келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келісім неке шартының өзі сияқты нысанда жасалады.

Неке шартын орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.

Ерлі-зайыптылардың біреуінің талап етуі бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде неке шартын өзгерту және бұзу үшін белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша соттың шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.

Неке шартында, неке тоқтатылғаннан кейінгі кезеңге арналып көзделген міндеттерді қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.

Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде мәмілелердің жарамсыздығы үшін көзделген негіздер бойынша толық немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін. Егер шарттың талаптары ерлі-зайыптылардың бірін өте қолайсыз жағдайда қалдыратын болса, олардың бірінің талап етуі бойынша да сот неке шартын толық немес ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін. Ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша өндіріп алу тек сол жұбайының мүлкіне ғана жаслауы мүмкін. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда кредит беруші өзіне өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде борышкер жұбайға тиесілі болатын борышкер жұбайдың үлесін бөліп беруді талап етуге құқылы. Өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ міндеттемелері бойынша, сондай-ақ сот ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша алынғандардың бәрі отбасының қажеттеріне пайдаланғандарын анықтаса, ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойыншада ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен жасалады.Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда ерлі-зайыптылар аталған міндеттемелер бойынша өздерінің әрқайсысының мүлкімен бірлесе отырып жауапты болады.

Егер соттың үкімімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылардың біреуі қылмыстық жолмен алған қаражат есебінен сатып алынғаны немесе көбейтілгені анықталса, өндіріп алу тиісінше ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен немесе оның бір мүлкінен жасалуы мүмкін.

4.4 Неке шартын жасау тәртібі

Тараптар келісімге қол жеткізу үшін және соған сәйкес шарт жасасу үшін осы тараптардың біреуі шарт жасау туралы ұсыныс жасау керек те, екіншісі осы ұсынысты қабылдау керек. Шарт жасау процесі екі кезеңнен өтеді (бірінші кезең – оферта, екінші кезең - акцепт). Оферент акцептанттан акцепт алған кезде шарт жасалды деп есептелінеді. Неке шартын жасаудың негізгі шарты болып осы шарттың пәні туралы шарт табылады, өйткені тараптардың арасында қандай мүліктік құқықтық қатынас аталған шартпен реттелетіндігі туралы келісім болмаса неке шартын жасау мүмкін емес. Шарттың пәні бойынша келісімнің жоқтығы шарт жасаудың мүмкін еместігіне әкеп соғады.

Неке шарты некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін де, неке кезеңіндегі кез-келген уақытта да жасалуы мүмкін.

Некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін жасалған неке шарты некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

Қазіргі заңнама мәмілелердің нысанын екі түрге бөледі: ауызша және жазбаша. Жазбаша мәмілелер жай және нотариалды түрде жасалады. Жоғарыда көрсетілген шарттардың нысаны оның қандай да бір нысанының иерархиясын көрсетеді: ең жай нысанынан – ауызшадан ең күрделі – нотариалды түрде жасалған шарттар. Неке шарты мемлекеттік немесе жеке нотариалдық кеңседе жасаланып, нотариустың қолымен бекітіледі. Бұл жерде нотариус тек неке шартының заңға сәйкестігін ғана тексермей, оның мәні мен мағынасын, оны жасаудың құқықтық салдарын түсіндіру керек. Ерлі-зайыптылар бұрын неке шартын жасады ма, жоқ па осындай сәттерді де анықтап алған жөн, өйткені кейіннен қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін. Бұл алимент төлеу туралы келісімге қатысты. Шарттың мәтіні қатесіз, анық, еш түзетусіз таза жазылуы керек, әсіресе тараптардың аты-жөні толық көрсетілгені дұрыс. Неке шарты оны жасаушылардың қолымен расталады. Егер тараптардың біреуі сауатсыздыққа байланысты, денсаулығына байланысты, ауырған жағдайда бұл шартқа басқа адам оның сұрауымен қоюға болады, мұндай жағдайда соңғысының қолы нотариуспен немесе осындай іс әрекеттерді жүзеге асыруға құқықғы бар тұлғалармен расталады.

Егер неке шарты нақты бір жылжымайтын мүлікке қатысты болса, онда бұл шарт мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Қандай да тіркеу негізі шарт мазмұнына байланысты.

ТАҚЫРЫП 5. АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

5.1 Баланың туған тегін белгілеу

5.1.1 Әкелікті ерікті түрде белгілеу

Баланың анасы жағынан тегін (анасы болуын) ананың медициналық мекемеде бала туғанын растайтын құжаттар негізінде, ал бала медициналық мекемеден тыс жерде туған жағдайда - медициналық құжаттардың, куәлардың көрсетулерінің немесе өзге де айғақтардың негізінде азаматтық хал актілерін жазу органы белгілейді.        Бір-бірімен некеде тұратын адамдармен туған баланың туу тегі ата- анасының неке туралы жазбасымен куәландырылады.        Бала неке бұзылған, оны жарамсыз деп таныған кезден бастап немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз жетпіс күн ішінде туған жағдайда, егер өзгеше дәлелденбесе, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып танылады.        Егер баланың анасы баланың әкесі өзінің жұбайы (бұрынғы жұбайы) емес деп мәлімдесе, баланың әкесі заңда көзделген ережелер бойынша белгіленеді.

Баланың анасымен некеде тұрмайтын адамның әке болуы баланың әкесі мен анасының азаматтық хал актілерін жазу органына бірлесіп арыз беруі жолымен; анасы қайтыс болған, ол әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасының тұратын жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларды немесе ол ата-ана құқығынан айырылған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келісімімен бала әкесінің арызы бойынша, мұндай келісім болмаған жағдайда - сот шешімімен белгіленеді.        Әкелікті ерікті түрде анықтау баланың шешесімен некеде тұрмаған жағдайдағы бала мен оның арасындағы ата-аналық құқық қатынастың пайда болуына бағытталған баланың әкесінің құқықтық актісі болып табылады. Мұндай акт біржақты мәміле болып табылады, сондықтан ол заңға қайшы келген жағдайда жарамсыз болып табылуы мүмкін. Мысалы, әрекет қабілетсіз еркек өзін ерікті түрде баланың әкелігін ерікті түрде мойындай алмайды. Мұндай шектеулер әрекет қабілетсіз тұлғаларға таратылмайды. Яғни, 18 жасқа толмаған адам әкелігін ерікті түрде мойындауға құқығы бар.

Әке болуды анықтау туралы бірлесіп арыз беру бала туғаннан кейін мүмкін емес немесе қиын деп ұйғаруға негіз беретін мән-жайлар болған кезде болашақ баланың бір-бірімен некеде тұрмайтын ата-анасы анасы жүкті болған кезде азаматтық хал актілерін жазу органына сондай арыз беруге құқылы. Баланың ата-анасы туралы жазба бала туғаннан кейін жасалады.

Егер анасының күйеуі емес еркектің әке екендігі анық болып шықса, анасы босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі кезеңдердің ішінде өзін асырау жөніндегі шығындарға одан тиісті ақша қаражатын сот тәртібімен талап етуге құқылы. Ақша қаражатының мөлшерін тараптардың материалдық, отбасылық және назар аударуға тұрарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, ақша қаражатын төлеу кезінде қолданылып жүрген есептік көрсеткіштің еселенген арақатынасымен сот белгілейді.        Он сегіз жасқа (кәмелетке) толған адам жөнінде әке болуды белгілеуге оның келісімімен ғана, ал егер ол әрекетке қабілетсіз деп танылған болса - оның қорғаншысының немесе қорғаншы және қамқоршы органның келісімімен ғана жол беріледі. 

5.1.2 Әкелікті сот тәртібімен белгілеу

Некеден тыс туылған балалардың әкелері өз еріктерімен әкелікті тіркеу туралы арыз беруден бас тартатын жағдайлар да кездеседі. Мұндай жағдайда балалардың мүдделерін қорғау мақсатымен әкелікті сот тәртібімен белгілеуге болады. ҚР «Неке және отбасы туралы» заңның 47-бабына сәйкес әкелікті белгілеу туралы талап арызбен ата-ананың біреуі жолдана алады. Мұны көп жағдайда баланың анасы береді, бірақ қандай да бір жағдайларда талапты баланың әкесі де бере алады, мысалы әкелікті белгілеу туралы бірігіп арыз беруге анасы бөгет болған жағдайда. Әкелікті сот тәртібінде белгілеуге арызды баланың қамқоршысы немесе қорғаншысы, баланы асырап отырған адам, сондай-ақ кәмелетке толғаннан кейін баланың өзі де бере алады.

Әкелікті белгілеу туралы талап арыз берген сәтте бала мен ықтимал әкенің арасында ешқандай құқықтық қатынас жоқ, сондықтан талап арыз беру үшін баланың субъективтік құқықтары емес, оның заңмен қорғалатын мүддесі негіз болып табылады. Әкелікті ерікті түрде немесе сот тәртібінде белгілеуде кәмелетке толмаған баланың келісімі қажет емес екендігіне назар аударған жөн.

Бұл іс бойынша жауапкер болып баланың мүмкін әкесі табылады. Әкелікті белгілеу туралы талап арыз кәмелет жасқа толмағандарға да, әрекет қабілетсіздерге де қойыла береді. Әрекет қабілетсіз жауапкердің мүддесін оның қорғаншысы қорғайды. Ал кәмелет жасқа толмаған әке өзінің әкелігін ерікті түрде мойындаған жағдайда бұл әрекеттерді өз бетінше жасай алатынын ескере отырып, кәмелетке толмаған әке сот тәртібімен әкелікті белгілеу кезінде талапқа өз бетінше жауап бере алатындығын да айтуға болады, дегенмен бұл оны өзінің қорғаншысының көмегін алу құқығынан айырмайды. Әкелікті сот тәртібімен анықтау кезінде сот баланың нақты адамнан туу тегін анық растайтын айғақтарды ескереді.

5.1.3 Әкелікті даулау

Бір-бірімен некеде тұратын әке мен ана туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің арызы бойынша баланың ата-анасы болып жазылған жағдайда және де ата-ана бір-бірімен некеде тұрмаса, баланың анасы туралы жазба анасының арыз бойынша, ал баланың әкесі туралы жазба баланың әкесі мен анасының бірлескен арызы бойынша немесе бала әкесінің арызы бойынша жүргізілсе немесе әкесі соттың шешіміне сәйкес жазылса, баланың әкесі немесе анасы ретінде жазылған адамның, іс жүзінде баланың әкесі немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толғаннан кейін оның өзінің, бала қорғаншысының (қамқоршысының), сот әрекетке қабілетсіз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуі бойынша тек сот тәртібімен ғана даулануы мүмкін. Егер ата-ана бір-бірімен некеде тұрмаса, баланың анасы туралы жазба анасының арыз бойынша, ал баланың әкесі туралы жазба баланың әкесі мен анасының бірлескен арызы бойынша немесе бала әкесінің арызы бойынша жүргізілсе баланың әкесі болып жазылған адамның әке болуына дау туғызу туралы талабы, егер жазу кезінде бұл адамға оның іс жүзінде баланың әкесі емес екендігі айқын болса, қанағаттандырылмайды. Заңда белгіленген тәртіппен бойға бала бітірудің жасанды әдісін немесе эмбрион имплантациясын қолдануға жазбаша түрде келісім берген жұбайдың әке болуды даулау кезінде осы мән-жайларға сілтеме жасауға құқығы жоқ.  Басқа әйелге эмбрион имплантациясына келісім берген ерлі-зайыптылардың, сондай-ақ суррогат ананың туу туралы жазбалар кітабына ата-аналар жазылғаннан кейін ана және әке болуды даулау кезінде осы мән-жайларға сілтеме жасауға құқығы жоқ.

5.2 Баланың құқықтары

5.2.1 Баланың жеке құқықтары

Баланың құқықтары БҰҰ-ның «Баланың құқықтары туралы» Конвенциясында және отбасылық заңнамада көрініс тапқан. Әр бала осы Конвенцияға сәйкес өзінің даралығын сақтауға құқығы бар. Оның даралығының негізі болып баланың аты, тегі, әкесінің атын алу, отбасылық қатынас жасауы табылады. Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы бар. Балаға ат ата-анасының (немесе олардың орнындағы адамдардың) келісімі бойынша қойылады, аты-жөні әкесінің аты бойынша не ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып беріледі. Әкесі атын өзгерткен жағдайда оның кәмелетке толмаған балаларының әкесінің аты-жөні өзгереді, ал кәмелетке толған балалардың әкесінің аты- жөні бұл туралы өздері арыз берген жағдайда өзгертіледі. Баланың тегі ата-анасының тегімен айқындалады. Ата-анасының тегі әртүрлі болған жағдайда балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-анасының тілегі бойынша балалардың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, әкесінің немесе атасының атынан шығарылуы мүмкін. Баланың атына және (немесе) тегіне қатысты ата-ананың арасында туындаған келіспеушілік сот тәртібімен шешіледі. Егер әкесі белгіленбесе, баланың аты анасының көрсетуі бойынша қойылады, әкесінің аты-жөні баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі - анасының тегі бойынша беріледі. Егер ата-анасының екеуі де белгісіз болса, баланың тегін, атын, аты-жөнін қорғаншы және қамқоршы орган қояды. Ата-анасының екеуі де тегін өзгерткен жағдайда кәмелетке толмаған балалардың тегі өзгереді.

Бала он алты жасқа толғанға дейін ата-анасының бірлескен өтініші бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы баланың мүдделерін негізге ала отырып, баланың атын, сондай-ақ оған берілген текті басқа ата-ананың тегіне өзгертуге рұқсат беруге құқылы. Неке тоқтатылған немесе неке жарамсыз деп танылған жағдайда балалар өздеріне туған кезде берілген тектерін сақтап қалады. Егер ата-анасы бөлек тұрса және бала бірге тұратын ата-анасының біреуі оған өзінің тегін бергісі келсе, азаматтық хал актілерін жазу органы бұл мәселені баланың мүдделеріне қарай және ата-ананың екіншісінің пікірін ескере отырып шешеді. Ата-ананың тұратын жерін анықтау мүмкін болмаған, ол ата-ана құқығынан айырылған, әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайда, сондай-ақ ата-ана баланы асырап-бағу мен тәрбиелеуден дәлелді себептерсіз жалтарған ретте оның пікірін ескеру міндетті емес. Егер бала бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардан туған болса және әкесі заңды тәртіппен белгіленбесе, азаматтық хал актілерін жазу органы, баланың мүдделерін негізге ала отырып, оның тегін анасының осындай өтініш жасаған кездегі соның тегіне өзгертуге рұқсат етуге құқылы. Он жасқа толған баланың атын және (немесе) тегін оның келісімімен ғана өзгертуге болады. 

Бала отбасында өз мүддесін қозғайтын кез келген мәселені шешу кезінде өзінің пікірін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік іс қарау барысында тыңдалуға құқылы. Он жасқа толған бала пікірі, егер бұл пікір оның мүдделеріне қайшы келмейтін болса, ескерілуге міндетті. Қорғаншы және қамқоршы органдар немесе сот он жасқа толған баланың келісімімен ғана шешім қабылдай алады. 

Әрбір баланың мүмкін болғанынша отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге, өзінің ата-анасын білуге, олардың қамқорлығына, өзінің мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, олармен бірге тұруға құқығы бар.

Баланың өз ата-анасы тәрбиеленуіне, оның мүдделерін қамтамасыз етуіне, жан-жақты өсіп-жетілуіне, оның адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар. 

Ата-анасы болмаған жағдайда, оларды ата-ана құқығынан айырған жағдайда және ата-ана қамқорлығынан айырылудың басқа да жағдайларында баланың отбасында тәрбиелену құқығын қорғаншы және қамқоршы орган қамтамасыз етеді. 

Баланың ата-анасының екеуімен де, аталарымен, әжелерімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы некесінің бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиіс. Ата-анасы бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен қарым- қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы әртүрлі мемлекеттерде тұрған жағдайда да баланың өз ата-анасымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Қысыл-таяң жағдайға (ұсталу, тұтқындалу, қамауға алыну, емдеу мекемесінде болу және т.с.с) ұшыраған баланың заңда белгіленген тәртіппен өзінің ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар.

5.2.2 Баланың мүліктік құқықтары

Бала өзінің ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерінен асырау қаражатын алуға құқығы бар. Балаға алименттер, зейнетақылар, жәрдемақылар ретінде тиесілі сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билік етуіне келіп түседі және оны олар баланы асырап-бағуға, оған білім беруге және оны тәрбиелеуге жұмсайды. Баланың өзі сыйға немесе мұрагерлік тәртібімен алған кірістерді, мүлікті, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлікті меншіктенуге құқығы бар.

Өз еңбегінен кіріс алған бала, егер ол ата-анасымен бірге тұрса, отбасын асырау жөніндегі шығыстарға қатысуға құқылы. Баланың өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікке билік ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 22 және 23- баптарымен белгіленеді. Баланың ата-ана мүлкіне меншік құқығы болмайды, ата-ананың баланың мүлкіне меншік құқығы болмайды. Бірге тұратын балалар мен ата-аналар бір- бірінің мүлкін өзара келісім бойынша иеленіп, пайдалана алады. Ата-аналар мен балалардың ортақ меншік құқығы пайда болған жағдайда олардың ортақ мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы азаматтық заңдарда белгіленеді.

5.2.3 Баланың құқықтарын қорғау

Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-анасы (олардың орнындағы адамдар), ал осы заңда көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады.        Кәмелетке толғанға дейін заңға сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылған кәмелетке толмаған адамның өз құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқығы бар. Баланың ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) тарапынан жасалған қиянаттан қорғалуға құқығы бар.

Баланың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде, оның ішінде ата- анасының (олардың біреуінің немесе олардың орнындағы адамдардың) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу, оған білім беру жөніндегі міндеттерін орындамауы кезінде немесе тиісті дәрежеде орындамауы кезінде не ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) құқығын теріс пайдалану кезінде бала қорғаншы және қамқоршы органға, ал он төрт жасқа толғанда - сотқа өзінің құқықтарын қорғау үшін өз бетінше өтініш жасауға құқылы.

Баланың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгендігі туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған ұйымдардың лауазымды адамдары мен өзге де азаматтар ол жөнінде баланың іс жүзінде тұратын жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті. Мұндай мәліметтерді алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетті. 

5.3 Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері

5.3.1 Ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің жалпы түсініктері

«Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері» түсінігі ата-аналық құқықтық қатынастардың субъектісі ретіндегі ата-аналарға тиісті мүліктік және мүліктік емес құқықтар мен міндеттердің бүтіндей тобын құрайды. Осы құқықтар мен міндеттердің көбісі ата-аналар мен балаларды байланыстырады. Бұл байланыс екі жақты сипатта болады. Құқықтық қатынастар бала мен әр ата-ана арасында туындайды.

Ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің өзіндік ерекшеліктері бар.Біріншіден, олар мерзімді сипатта болады, өйткені олардың құқықтары мен міндеттері балалары кәмелеттік жасқа толғанда немесе кәмелеттік жасқа толмаған баласы толық әрекет қабілеттілік алған кезде тоқтайды. Егер кәмелет жасқа толған баласы әрекет қабілетсіз болса және оның ата-анасы оның қорғаншысының қызметін атқарса, бұл оның ата-аналық құқықтық қатынастардың жалғасқанын білдірмейді, өйткені ата-аналық құқықтық қатынастар мен қорғаншылық құқықтық қатынастардың ара қатынастарында айырмашылықтар бар. Екіншіден, бұл құқықтық қатынастарда ата-аналар мен балалардың мүдделері сәйкес келеді. Ата-аналық құқықтық қатынастардың тағы бір ерекшелігі, бұл қатынастарға мемлекет кірісе алмайды, баланы қалай тәрбиелеу керек екендігін үйрете алмайды, бірақ, бұл құқықтарды теріс пайдалану мен оны орындамаған жағдайда жауапкершілік тағайындай алады. Ата-аналық құқықтың тағы бір белгісі болып ол құқықтардың екі ата-анаға да тиесілілігі табылады. Отбасылық заңға сәйкес, баланы тәрбиелеуде ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты бірдей құқықтар пайдаланады, міндеттерді бірдей жүзеге асырады делінген. Бұл құқықтардың көлемі ата-аналар некеде тұра ма, жоқ па, әкелікті ерікті түрде мойындады ма жоқ сот тәртібінде тағайындады ма, оған байланысты емес. Бала тәрбиелеуде, ата-аналық құқықтарды жүзеге асыру кезінде ата-аналар өзара келісіп отырып мәселелерді шешеді делінген, егер олар белгілі бір келісімге келе алмаса, онда қамқоршы және қорғаншы органдарына немесе сот органдарына жүгінуге құқылы. Бұл органдар кәмелетке толмаған баланың пікірін ескере отырып қандай да бір шешім шығарады. Енді «Неке және отбасы туралы» заңда көрсетілген ата-аналардың құқықтары мен міндеттеріне тоқталсақ. Ата-аналар өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті. Ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеуге құқығы бар және оған міндетті. Ата-аналардың басқа да барлық адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар. Бала тәрбиелеуші ата-аналар өздерінің қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде, оның дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершілікте болады.  Ата-аналар балалардың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. Ата-аналардың балалардың пікірін ескере отырып, орта білім алғанға дейін білім беру мекемесі мен балаларды оқыту нысанын таңдауға құқығы бар. Балалардың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып, өзара келісімі бойынша ата-аналар шешеді. Ата-аналардың арасында келіспеушілік болған жағдайда олар (олардың біреуі) бұл келіспеушіліктерді шешу үшін қорғаншы және қамқоршы органға немесе сотқа жүгінуге құқылы (62-бап).

Ата-аналар өз балаларының заңды өкілі болып табылады және кез келген жеке және заңды тұлғаларға қатысты, оның ішінде соттарда арнаулы өкілеттіксіз олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Егер қорғаншы және қамқоршы орган ата-аналар мен балалар мүдделерінің арасында қайшылық барын анықтаса, ата-аналардың өз балаларының мүдделерін білдіруге құқығы жоқ. Ата-аналар мен балалардың арасында келіспеушілік болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін өкіл тағайындауға міндетті. (63-бап)     Ата-ана құқықтарын балалардың мүдделеріне қарама-қайшы жүзеге асыруға болмайды. Балалардың мүдделерін қамтамасыз ету олардың ата-аналары қамқорлығының негізгі мәні болуға тиіс.

Ата-ана құқықтарын жүзеге асыру кезінде ата-аналар балалардың дене және психикалық денсаулығына, олардың адамгершілік жағынан дамуына зиян келтіруге құқығы жоқ. Балаларды тәрбиелеу әдістерінде адамның қадір-қасиетін кемсітетін немқұрайлылық, қатыгездік, дөрекілік, балаларды қорлау немесе қанау болмауға тиіс.

Ата-ана құқықтарын балалардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіре отырып жүзеге асыратын ата-аналар заңда белгіленген тәртіппен жауап береді.

Аталған заңда кәмелеттік жасқа толмаған ата-аналардың ата-аналық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру мәселелері қарастырылған. Кәмелетке толмаған ата-аналардың баласымен бірге тұруға және оны тәрбиелеуге қатысуға құқығы бар.  Некеге тұрмаған, кәмелетке толмаған ата-аналар олар бала туған жағдайда және олардың ана және (немесе) әке болуы анықталған жағдайда өздері он алты жасқа толғанда ата-ана құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Кәмелетке толмаған ата-аналар он алты жасқа толғанға дейін қорғаншы және қамқоршы орган балаға қорғаншы тағайындайды, ол баланың кәмелетке толмаған ата-аналарымен бірге оны тәрбиелеуді жүзеге асырады. Баланың қорғаншысы мен кәмелетке толмаған ата-ананың арасында туындаған келіспеушілікті қорғаншы және қамқоршы орган шешеді. Кәмелетке толмаған ата-аналардың жалпы негіздерде өздерінің әке және ана болуын мойындауға және оған дау айтуға құқығы бар, сондай-ақ олардың он төрт жасқа толғаннан кейін сот тәртібімен өз балаларына қатысты әке болуын анықтауды талап етуге құқығы бар. 

5.3.2 Баласынан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыруы

Егер ата-аналар бөлек тұратын болса, онда бала кіммен тұратынын олар келісіп алады, ондай келісім болмаған жағдайда ата-аналардың қайсысы балаға жақсы жағдай жасай алатынын және егер ол он жасқа толған болса, баланың пікірін ескере отырып сот анықтайды. Бұл мәселені шешу кезінде көптеген қиындықтар туындайды, өйткені бұл жерде ата-аналардың тек материалдық жағдайы ғана емес, ата-аналар мен балалардың сезімдері де есепке алынады. Бұл орайда сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-інілері мен апа- сіңлілеріне (қарындастарына) үйірлігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттерін, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасында орын алған қатынастарды, олардың дамыту және тәрбиелеу үшін балаға жағдай жасау мүмкіндігін (ата-аналар қызметінің түрі, жұмыс режимі, материалдық және отбасылық жағдайы және т.с.с) ескереді.

Ата-аналардың жеке және адамгершілік қасиеттеріне де көңіл бөлінеді. Жеке қасиеттері ретінде ата-ананың тәрбиеші ретіндегі: білімі, денсаулығы, психикалық жағдайы танылады. Ал адамгершілік қасиеттері сот шешім шығарарда көп әсерін тигізеді, оларға: алкогольдік ішімдіктермен немесе нашақорлықпен айналысу, тыйым салынған іс-әрекеттермен айналысу (жезөкшелік т.б.), ата-ананың соттық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тағы басқа қасиеттерді жатқызуға болады.

Баланың жасы маңызды рөл атқарады десе де болады. Ана қамқорын қажет ететін сәби балаларды анасымен қалдырса, жасөспірімдерге қатысты олардың пікіріне көңіл бөлінеді. Тек кей жағдайларда ғана, сот нақты негіздер болған жағдайда, жасөспірімнің еркіне қарамастан бұл баланы ата-ананың біреуіне беруі мүмкін.

Әр ата-ананың баланың өсуі мен тәрбиеленуіне жасай алатынын қандай жағдайлар да есепке алынады. Ата-аналардың табысының көлемі негізгі болып табылмайды, өйткені баланың екінші ата-анадан асырау қаражатын алу құқығы бар. Ата-ананың мамандығымен, жұмыс орнымен режимімен байланысты балаға бөлетін уақыт мөлшері маңыздырақ десе де болады. Сондықтан сот қандай шешім шығарса да, баласынан бөлек тұратын ата-ананың құқықтары мен міндеттері сол қалпында қалады. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен қарым-қатынас жасауға, оны тәрбиелеуге және баланың білім алуы мәселелерін шешуге қатысуға құқығы бар. Бала бірге тұратын ата-ана, егер мұндай қарым-қатынас жасау баланың дене және психикалық денсаулығына, оның адамгершілік дамуына зиян келтірмесе, баланың екінші ата-анасымен қарым-қатынас жасауына кедергі болмауға тиіс. Ата-аналары бөлек тұрып жатқан жағдайда балалардың тұратын жері ата-аналарының келісімімен белгіленеді. Келісім болмаған жағдайда ата-аналардың арасындағы дауды балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып сот шешеді. 

Ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқығын жүзеге асыру тәртібі туралы жазбаша түрде келісім жасасуға құқылы.  Егер ата-аналар келісімге келе алмаса, ата-аналардың (олардың біреуінің) талап етуі бойынша дауды қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен сот шешеді. Соттың шешімі орындалмаған жағдайда кінәлі ата-анаға заңдарда көзделген шаралар қолданылады. Сот шешімі қасақана орындалмаған жағдайда баладан бөлек тұратын ата- ананың талап етуі бойынша сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, баланы соған беру туралы шешім шығара алады. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың өз баласы туралы тәрбие, емдеу мекемелері мен басқа да мекемелерден ақпарат алуға құқығы бар. Ақпарат беруден ата-ана тарапынан баланың өмірі мен денсаулығына қатер болған жағдайларда ғана бас тартылуы мүмкін. Ақпарат беруден бас тартуға сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.

5.3.3 Ата-ана құқықтарынан айыру

Ата-аналарға қолданатын ең тиімді шаралардың бір түрі болып ата-ана құқығынан айыру есептеледі. Ата-ана құқығынан айырудың негіздері болып «Неке және отбасы туралы» заңның 67-бабында көрсетілген құқық бұзушылықтардың құрамы табылады. Бұл құқық бұзушылықтың объективтік жағы ата-аналардың құқыққа қарсы әрекеті немесе әрекетсіздігі.

Ата-ана құқығынан айырудың негіздері:

1) ата-ана міндеттерін орындаудан, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтару;

2) өз баласын перзентханадан (бөлімшесінен) не өзге де балаларды тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемелерден алудан дәлелді себептерсіз бас тарту;

3) өздерінің ата-ана құқықтарын пайдаланып қиянат жасау;

4) балаларға қатыгездік көрсету, оның ішінде олардың денесіне немесе психикасына зорлық-зомбылық жасау, олардың жыныстық пәктігіне қастандық жасау;

5) маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыру.

Өз балаларының не жұбайының өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған жағдайда ата-аналар (олардың біреуі) ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. 

Ата-ана құқығынан айыру тек балалардың мүддесін қорғау үшін ғана емес, ата-аналарға қатысты жазалау функциясын орындайтын жауапкершілік шарасы. Сондықтан бұл шара тек қана ата-ана кінәлі болған жағдайда ғана қолданылады. Ата-ана құқығынан айыруға негіз болатын отбасылық құқық бұзушылықтың екінші негізі болып кінә табылады. Ата-аналар өздерінің ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарғаны үшін ата-ана құқығынан айырылады. Мұндай жалтару әрекетсіздік нысанында жүзеге асады. Бұл жағдайда ата-ана заң бойынша атқару керек міндеттерін жүзеге асырмайды. Мұндай әрекетсіздікке мысал ретінде ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі, оларға қамқорлық көрсетпейді. Қараусыз қалған балалар қауіп-қатерлерге жолығып, бақытсыз оқиғалардың құрбаны болып жатады. Мұндай жалтаруға мысал ретінде ата-аналардың өз балаларын асыраудан жалтаруынан, әсіресе, алимент төлеуден қасақана жалтаруын айтуға болады. Мысалы, ата-ана баламен бірге тұрып оған қаражат бөлмейді, сонымен бірге оған тиесілі алимент немесе жәрдемақыны жұмсайды. Мұндай жағдайда жалтару ата-аналық құқықтарды асыра пайдаланумен қосылып кетеді. Ата-аналық құқықтан айыру үшін алиментті жүйелі түрде еш себепсіз төлемеудің өзі жеткілікті болып табылады.

Ата-аналық міндеттерді орындаудан жалтару болып ата-ананың дәлелді себептерсіз баламен бірге тұрудан бас тарту да табылады. Кей жағдайларда мұндай бас тартуата-ананың өз баласын туу үйінен, емдеу немесе тәрбиелеу мекемелерінен алудан бас тартумен сипатталады.

Ата-ана құқығынан айыру тәртібіне келетін болсақ, ол сот тәртібімен жүргізіледі. Ата-ана құқығынан айыру туралы талап арызды ата-аналардың біреуі (олардың орнындағы адамдар), кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттер жүктелген органдар немесе ұйымдар (қорғаншы және қамқоршы органдардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелер және басқалары), сондай-ақ прокурор қоя алады. Ата-ана құқығынан айыру туралы істерді прокурор мен қорғаншы және қамқоршы органның міндетті қатысуымен қарайды. Ата-ана құқығынан айыру туралы істі қарау кезінде сот ата-ана құқығынан айырылған ата-аналардан (олардың біреуінен) алимент өндіріп алу туралы мәселені шешеді.Сот ата-ана құқығынан айыру туралы істі қарау кезінде ата- аналардың (олардың біреуінің) іс-әрекетінен қылмыстық жазаланатын әрекетті байқаса, мұны жеке қаулымен прокурор назарына жеткізуге міндетті. Сот ата-ана құқығынан айыру туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күннің ішінде бұл шешімнің көшірмесін баланың тууын мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы мен қорғаншы және қамқоршы органға жолдауға міндетті.

Ата-ана құқықтарынан айыру балалармен туыстық фактісіне негізделген барлық құқықтардан, оның ішінде одан асырауға қаражат алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқықтарынан айырылуға әкеп соғады. Ата-ана құқығынан айыру ата-аналарды өз баласын асырау міндетінен босатпайды, ол баланы асырап алу арқылы тоқтатылады. Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрі бірге тұруы туралы мәселе сот тәртібімен шешіледі. Ата-анасы (олардың біреуі) ата-ана құқықтарынан айырылған бала ата- анасымен және басқа да туыстарымен туыстық фактісіне, оның ішінде мұра алу құқығына негізделген тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ мүліктік құқықтарын сақтап қалады. Баланы басқа ата-анаға беру мүмкін болмаған кезде немесе ата- анасының екеуі де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқорлығына беріледі. Ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарының (олардың біреуінің) өтініші бойынша қорғаншы және қамқоршы орган, егер бұл балаға зиянды ықпал етпесе, баламен жолығуға рұқсат ете алады. Ата-анасы (олардың біреуі) ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда баланы асырап алуға ата-ананы (олардың біреуін) ата-ана құқықтарынан айыру туралы сот шешім шығарған күннен бастап кемінде алты ай өткенде жол беріледі.

Егер ата-аналар (олардың біреуі), мінез-құлқын, тұрмыс салтын және баланы тәрбиелеуге көзқарасын өзгертсе, олардың ата-ана құқықтары қалпына келтірілуі мүмкін. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы істер қорғаншы және қамқоршы органдардың, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру баланың мүдделеріне қайшы келсе, сот баланың пікірін ескере отырып, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы ата-ананың (олардың біреуінің) талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы. Он жасқа толған бала жөніндегі ата-ана құқықтарын қалпына келтіру баланың келісімімен ғана жасалуы мүмкін.        Егер бала асырап алынған болса және баланы асырап алудың күші жойылмаса, ата-ана құқықтарын қалпына келтіруге жол берілмейді.

5.3.4 Ата-ана құқықтарын шектеу

Ата-аналық құқықтан айырудан басқа баланың мүддесін қорғау үшін ата-ана құқығын шекетеу шарасы да қолданылады. Ата-ана құқығын шектеу дегеніміз ата-ана құқығынан айырмай олардан баланы алып қою. Ата-ана құқығын шекету негіздері:

1) Ата-аналарға (олардың біреуіне) байланысты емес мән-жайлар: психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауру, ауыр мән-жайлардың салдары бойынша бала үшін қауіпті болса;        2) ата-аналардың мінез-құлқының салдары бала үшін қауіпті болса, алайда ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру үшін жеткілікті негіздер анықталмаған болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі. Ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертпесе, қорғаншы және қамқоршы орган ата-ана құқықтарын шектеу туралы сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюға міндетті. Баланың мүдделеріне сәйкес қорғаншы және қамқоршы орган осы мерзім аяқталғанға дейін ата-аналарды (олардың біреуін) ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюға құқылы. 

Ата-ана құқықтарын шектеу туралы талапты баланың жақын туысқандары, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау міндеті заңмен жүктелген органдар мен мекемелер, мектепке дейінгі ұйымдар, орта білім беретін ұйымдар және басқа да мекемелер, сондай-ақ прокурор қоя алады. Ата-ана құқықтарын шектеу туралы істер прокурор мен қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қаралады. Ата-ана құқықтарын шектеу туралы істер қаралған кезде сот ата- аналардан (олардың біреуінен) балаға алимент өндіріп алу туралы мәселені шешуге құқылы.

Ата-ана құқықтарын сот шектеген ата-аталар баланы жеке өзі тәрбиелеу құқығынан айырылады, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқығынан да айрылады. Ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы асырау жөніндегі міндеттерден босатпайды. Өзіне қатысты ата-аналарының (олардың біреуінің) ата-ана құқықтары шектелген бала тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтап қалады, сондай-ақ ата-аналары және басқа да туысқандарымен туыстық фактісіне негізделген мүліктік құқығын, соның ішінде мұра алу құқығын сақтап қалады. Ата-анасының екеуінің де ата-ана құқықтары шектелген жағдайда бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына беріледі. Ата-ана құқықтарын сот шектеген ата-аналарға, егер олар балаға зиянды әсерін тигізбесе, баламен қатысуға рұқсат етілуі мүмкін. Ата- аналардың баламен қатысуына қорғаншы немесе қамқоршы органның не қорғаншысының (қамқоршысының), баланың патронат тәрбиелеушілерінің немесе бала тұратын мекеме әкімшілігінің келісімімен жол беріледі.

Егер ата-аналардың ата-ана құқықтары шектелген негіздер жойылса, сот ата-аналардың (олардың біреуінің) талап-арызы бойынша баланы ата-анасына (олардың біреуіне) қайтарып беру туралы және шектеулердің күшін жою туралы шешім шығара алады. Егер ата-анасына (олардың біреуіне) баланы қайтарып беру оның мүдделеріне қайшы келетін болса, сот баланың пікірін ескере отырып, талапты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.

Баланың өміріне немесе оның денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланы ата-аналардан (олардың біреуінен) немесе оны қамқоршылыққа алған басқа да адамдардан дереу айырып алуға құқылы. Баланы дереу айырып алуды республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының тиісті актісі негізінде қорғаншы және қамқоршы орган жүргізеді. Баланы айырып алу кезінде қорғаншы және қамқоршы орган прокурорға дереу хабарлауға, баланы уақытша орналастыруды қамтамасыз етуге және баланы айырып алу туралы республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының актісі шыққаннан кейін жеті күн ішінде сотқа ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе олардың ата-ана құқықтарын шектеу туралы талап қоюға міндетті.

Баланы ата-анасынан айырып алуға және оны басқа адамға (адамдарға) беруге байланысты шешімді мәжбүрлеп орындау қорғаншы және қамқоршы органның және баланы алатын адамның (адамдардың) міндетті түрде қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда ішкі істер органдары өкілінің қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда ішкі істер органдары өкілінің қатысуымен жүргізілуге тиіс. Баланы беру туралы сот шешімін оның мүдделеріне нұқсан келтірмей орындау мүмкін болмаған жағдайда бала соттың ұйғарымымен тәрбие, емдеу мекемесіне немесе басқа мекемеге уақытша орналастырылуы мүмкін.

ТАҚЫРЫП 6. Ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды орналастыру нысаны

6.1 Бала асырап алу түсінігі

6.1.1 Бала асырап алу түсінігі, шарттары. Ата-ананың келісімінсіз бала асырап алу

Ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды орналастырудың бір нысаны болып бала асырап алу табылады.

Бала (ұл немесе қыз) асырап алу – асырап алушы мен асырап алынушы арасында, ата-ана мен бала арасында пайда болатын қатынас сияқты құқықтық қатынасты (жеке және мүліктік) көздейтін заңды акт. Бала асырап алудың пайда болуының құқықтық негізі болып бұны жүргізуге мүдделі мемлекеттік органның заңды актісі - соттың шешімі табылады. Бала асырап алудың бір шарты - болып бала асырап алушының еркі. Бала асырап алу туралы шешімді сот шығарады. Ал бала асырап алудың құқықтық салдары осы шешім заңды күшіне енген соң ғана пайда болады. Сондықтан, бала асырап алудың негізі болып заңды деректердің құрамы табылады: асырап алушының бала асырап алуға еркін білдіруі және бала асырап алу туралы соттың шешімі.

Бала асырап алу институты бала асырап алу кезінде баланың мүдделерін қорғау қағидасына негізделеді. Бала асырап алу қатынастарының субъектілері болып асырап алушы мен асырап алынушы табылады. «Неке және отбасы туралы» Заңның 76-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаарға қатысты және солардың мүдделеріне сәйкес қана ұл немесе қыз асырап алуға жол беріледі. Яғни, асырап алынушы болып кәмелетке толмаған ұл немесе қыз балалар табылады.

Асырап алушыларға заңда біршама талаптар қойылады. Ең алдымен олар кәмелетттік жасқа толған және әрекет қабілетті болуы керек. Асырап алушы асырап алынушыдан 16 жас үлкен болуы керек. Заңда көзделген ерекше жағдайларда бұл жас айырмашылығы қысқартылуы мүмкін. Мұндай жағдайларға мысал ретінде өгей әкесі немесе өгей шешесімен бала асырап алуды айтуға олады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 80-бабында бала асырап ала алмайтын адамдар қатары көрсетілген. Ондай адамдарға мыналарды жатқызамыз:

1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;

2) сот біреуін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған ерлі-зайыптыларды;

3) сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;

4) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды; 

5) егер өз кінәлары бойынша сот шешімімен бала асырап алудың күші жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдарды; 

6) денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, қай жыныстан болса да кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар бола алады. Баланы асырап алуға, оны қорғаншылығына (қамқоршылығына) алуға, патронатқа алуға болмайтын адамның бойындағы ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Адамдардың бала асырап алуына, оны қамқоршылыққа (қорғаншылықа), патронатқа алуына болмайтын аурулардың тізбесі:

1)Адамның иммундық топшылығын жұқтырудан синдромы және адамның иммуна топшылығы вирусымен ауруы (вич)

2)Психикалық аурулар

3)Маскүнемдік,нашақорлық, уытқұмарлық

4)Алапес және т.б.

Бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардың белгілі бір баланы бірлесіп асырап алуына болмайды.

Бала асырап алудың шарттары – заңмен қарастырылған тәртіпте осы қатынас қатысушыларының және басқа да тұлғалардың: баланың, оның ата-анасының немесе оны ауыстыратын тұлғалардың, егер баланы ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана асырап алса, асырап алушының зайыбының т.б. келісімі.

Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет. Баланың асырап алынуға келісімін сот белгілейді. Егер бала асырап алу туралы арыз берілгенге дейін бала асырап алушының үйінде тұрып, оны өзінің ата-анасы деп есептейтін болса, асырап алуға баланың келісімі бар деп ұйғарылады.

Баланы асырап алу үшін оның ата-аналарының келісімі қажет. Жасы он алтыға жетпеген, кәмелетке толмаған ата-аналардың баласын асырап алғанда, сондай-ақ олардың ата-аналарының немесе қорғаншыларының (қамқоршыларының), патронат тәрбиешілерінің келісімі, ал ата-аналары немесе қорғаншылары (қамқоршылары) болмаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келісімі қажет.  Бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылғанға дейін ата-аналар бала асырап алуға өздері берген келісімінің күшін жоюға құқылы. Ата-аналар нақты адамдарға не нақты адамды көрсетпей-ақ баланы асырап алуына келісім беруі мүмкін. Қорғаншы және қамқоршы органдар сотқа баланы асырап алудың бала мүдделеріне сай келетіні туралы қорытынды береді. Мұндай қорытынды баланы оның өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған кезде талап етілмейді. Қорғаншылықта (қамқоршылықта) тұрған балаларды асырап алу үшін олардың қорғаншыларының (қамқоршыларының) жазбаша түрдегі келісімі қажет. Патронат туралы шарт бойынша тәрбиеленіп жатқан балаларды асырап алу үшін патронат тәрбиешілерінің жазбаша түрдегі келісімі қажет. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және тәрбие, емдеу мекемелері мен басқа да мекемелердегі балаларды асырап алу үшін осы мекемелер басшыларының жазбаша түрдегі келісімі қажет. Егер сот асырап алынушы баланың ата-аналарын белгісіз немесе өлген, хабар-ошарсыз кеткен деп таныса, сотпен әрекетке қабілетсіз деп таныса, ата-ана құқықтарынан айырса (мұндай жағдайда ата-ана құқығынан айыру кезінде заңда көрсетілген мерзім сақталса), баламен бірге тұрмайтын және сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен асыраудан жалтарып жүрсе, олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.

Егер баланы ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей асырап алмаса, баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде бала асырап алуға ерлі- зайыптылардың екіншісінің жазбаша келісімі талап етіледі. Егер ерлі-зайыптылар отбасылық қатынастарды іс жүзінде тоқтатып, бір жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса және екінші жұбайының тұрғылықты жері белгісіз болса, бала асырап алу үшін екінші жұбайдың келісімі талап етілмейді. Бір адамның ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) болып табылатын немесе өзара туыстық қатынасы жоқ бірнеше баланы асырап алуына болады.       Өзара туыстық қатынасы жоқ асырап алынған балалардың арасында ағалы-інілі және апалы-сіңлілі (қарындасты) сияқты құқықтар мен міндеттер пайда болады. Асырап алу балалардың мүдделеріне сай келетін жағдайларды қоспағанда, ағалы-інілер мен апалы-сіңлілерді (қарындастарын) әртүрлі адамдардың асырап алуына жол берілмейді.

6.1.2 Бала асырап алу тәртібі

Баланы асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) арызы бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.

Балаларды асырап алу туралы істерді сот қорғаншы және қамқоршы органдардың қатысуымен қарайды. Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері баланы асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды. 

Сот баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің көшірмесін шешім шығарған орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органға жіберуге міндетті.

Бала асырап алу азаматтық хал актілерінің мемлекеттік тіркеуі үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.

Бала асырап алуға ата-аналардың келісімі нотариат куәландырған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын мекеменің басшысы растаған не бала асырап алу жүргізілген орындағы немесе ата-ананың тұрғылықты жеріндегі қорғаншы және қамқоршы орган бекіткен арызда көрсетілуге тиіс, сондай-ақ бала асырап алу ісін жүргізу кезінде сотта тікелей білдірілуі мүмкін.

Сот баланың мүдделерін көздей отырып, оны асырап алу туралы ата-анасының, қамқоршысының, қорғаншысының, патронат тәрбиешісінің келісімінсіз шешім шығаруға құқылы.

Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады.

Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті. Бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркіне қарамай жария еткен адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

Бала асырап алудың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін бала асырап алушының өтініші бойынша асырап алынған баланың туған күні, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жері өзгертілуі мүмкін. Асырап алынған баланың туған күнін өзгертуге үш жасқа дейінгі бала асырап алынған кезде ғана жол беріледі. Асырап алынған баланың туған күнінің және (немесе) туған жерінің өзгертілуі жөнінде бала асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.

Асырап алынған баланың өз аты, әкесінің аты және тегі сақталады. Бала асырап алушының өтініші бойынша, егер бұл баланың мүдделеріне қайшы келмейтін болса, асырап алынған балаға бала асырап алушының тегі, сондай-ақ ол ұсынған ат беріледі. Асырап алынған баланың әкесінің аты болып, егер бала асырап алушы еркек болса, асырап алушының аты, ал егер асырап алушы әйел болса, асырап алынған баланың әкесі ретінде сол әйел ұсынған адамның аты танылады. Егер бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың тектері әртүрлі болса, бала асырап алушы ерлі-зайыптылардың келісімдері бойынша, асырап алынған балаға олардың біреуінің тегі беріледі. Баланы некеде тұрмайтын адам асырап алған жағдайда, оның өтініші бойынша туу туралы кітапқа асырап алынған бала шешесінің (әкесінің) тегі, аты мен әкесінің аты осы адамның (бала асырап алушының) көрсетуі бойынша жазылады. Бала асырап алудың құпиялылығы талап еткен жағдайларды қоспағанда, он жасқа жеткен асырап алынған баланың тегі, аты мен әкесінің аты тек сол баланың келісімімен ғана өзгертілуі мүмкін. Асырап алынған баланың тегі, аты және әкесінің аты өзгертілгені туралы оны асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.

Бала асырап алушылардың өтініші бойынша сот туу туралы жазбалар кітабына бала асырап алушыларды өздері асырап алған баланың ата-анасы ретінде жазу туралы шешім қабылдай алады. Он жасқа толған асырап алынған балаға қатысты мұндай жазба жасау үшін оның келісімі қажет. Мұндай жазба жүргізу қажеттілігі жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі.

Асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер жағынан тегі бір туыстарға теңестіріледі. 

Асырап алынған балалар өздерінің ата-аналарына (өздерінің туыстарына) қатысы бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарынан айрылады және олар жөніндегі міндеттерден босатылады. 

Баланы бір адам асырап алған жағдайда, егер бала асырап алушы еркек болса, шешесінің тілегі бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесінің тілегі бойынша жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттердің сақталуы мүмкін.

Асырап алынған баланың меншігіндегі мүліктің сақталуы үшін бала асырап алушы жауапты болады. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда бұл мүлікті қайтару жөніндегі міндет те бала асырап алушыға жүктеледі.

Асырап алынған баланың ата-анасының біреуімен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастары сақталуы жөнінде баланы асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі. 

Асырап алынар кезінде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзіне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.

6.1.3 Шетел азаматтарымен бала асырап алу

Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана шетелдіктерге асырап алуға, не балалардың туыстарына осы туыстарының азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан асырап алуға берілуі мүмкін. Балалар Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, балалардың туысы емес шетелдіктерге аталған балалар ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар ретінде орталықтандырылған есепке қойылған күннен үш ай өткеннен соң асырап алуға берілуі мүмкін. Бала асырап алғысы келетін шетелдіктер баланы жеке өзі таңдап алуға, онымен кемінде екі апта бойы тікелей жақын араласуға, қорғаншы және қамқоршы органға баланы асырап алғысы келетіні туралы жазбаша арыз, сондай-ақ мемлекеттік лицензиялар негізінде осындай қызметті жүзеге асыратын агенттіктер беретін ықтимал ата-аналардың қаржы жағынан әл-ауқаты, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы, жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтама беруге міндетті.

Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алуы, соның ішінде бала асырап алудың күшін жою қазақстандық азаматтармен бала асырап алу сияқты оларға қойылған талаптарды сақтай отырып сот тәртібінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдік болып табылатын баланы асырап алған жағдайда баланың заңды өкілінің және бала азаматы болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының келісімін, сондай-ақ егер аталған мемлекеттің заңдарына сәйкес талап етілетін болса, асырап алуға баланың да келісімін алу қажет. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын баланы асырап алуды бала асырап алушы азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті орган жүргізген ретте Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге кеткенге дейін баланың тұратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органынан немесе оның ата-анасынан (олардың біреуінен) бала асырап алуға алдын-ала рұқсат алынған жағдайда Қазақстан Республикасында заңды деп танылады. Егер бала асырап алудың нәтижесінде баланың Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген құқықтары бұзылса, бала асырап алудың күші сот тәртібімен жойылуға тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды шетелдіктерге асырап алуға берудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Шетелдіктерге асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерi жүзеге асырады.

6.2.1 Бала асырап алуды жарамсыз деп тану

Бала асырап алу асырап алу туралы шешім жалған құжаттар негізінде қабылданған болса, заң бойынша міндетті болса да бала асырап алу ата-аналардың келісімінсіз жасалған болса, некеде тұрған адам жұбайының келісімінсіз бала асырап алған болса, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар, сот біреуін әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған ерлі-зайыптылар, сот арқылы ата-ана құқықтарынан айырылған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдар, өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдар, егер өз кінәлары бойынша сот шешімімен бала асырап алудың күші жойылса, бұрынғы бала асырап алушы адамдар, денсаулық жағдайы бойынша ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдар бала асырап алған жағдайларда жарамсыз деп танылады.

Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртібімен жүргізіледі.

Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы істі сот қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қарайды.

Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алынушының ата-аналары, асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншы және қамқоршы орган қоюға құқылы.

Бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, асырап алынған баланың және асырап алушылардың (бала асырап алушылар туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер мұны баланың мүдделері қажет етсе, баланың және оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі. Ата-ананың талап етуі бойынша балаға бұрынғы аты, әкесінің аты және тегі беріледі. Сот бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.

6.2.2 Бала асырап алудың күшін жою

Бала асырап алушылар өздеріне жүктелген міндеттерін орындаудан жалтарған, ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған, асырап алынған балаға қатал қараған, соның ішінде оған күш қолданып немесе психикалық зорлық- зомбылық етіп, жыныстық пәктігіне қастық жасаған, маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған жағдайларда, баланы асырап алудың күші жойылуы мүмкін.

Бала асырап алудың күшін жою сот тәртібімен жүргізіледі. Бала асырап алудың күшін жою туралы іс қорғаншы және қамқоршы органның, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады. Бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады. Сот бала асырап алудың күшін жою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің үзіндісін бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жіберуге міндетті.

Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге оның ата-аналарының, бала асырап алушылардың, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншы немесе қамқоршы органның, сондай-ақ баланың мүдделеріне сай прокурордың құқығы бар.

Сот бала асырап алудың күшін жойған кезде, асырап алынған баланың және баланы асырап алғандардың, бала асырап алушылар туыстарының өзара құқықтары мен міндеттері тоқтатылады және егер баланың мүдделері талап етсе, бала мен оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен міндеттері қалпына келтіріледі. Бала асырап алудың күші жойылған кезде бала сот шешімі бойынша ата- анасына беріледі. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-анасына беру оның мүдделеріне қайшы келсе, бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына беріледі. Сот баланың асырап алынуына байланысты оған берілген аты, әкесінің аты және тегі сақталу-сақталмау мәселесін де шешеді. Он жасқа толған баланың атын, әкесінің атын немесе тегін тек оның келісімімен ғана өзгерту мүмкін болады. Сот баланың мүдделерін негізге ала отырып, заңда белгіленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы асырауға қаражат төлеп тұруға міндеттеуге құқылы.

Егер бала асырап алудың күшін жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, баланы асырап алудың күшін жоюға жол берілмейді, бұған мұндай күшін жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың өзара келісімі, сондай-ақ асырап алынған баланың ата-анасының, егер олары тірі болса, сот ата-ана құқықтарынан айырмаған немесе әрекетке қабілетсіз деп танымаған болса, олардың да келісімі болған жағдайлар қосылмайды.

6.3 Ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және орналастыру

Ата-анасының қайтыс болуы, олардың ата-ана құқықтарынан айырылуы, олардың ата-ана құқықтарының шектелуі, ата-анасының әрекетке қабілетсіз деп танылуы, ата-анасының сырқаттылығы, ата-аналарының ұзақ уақыт болмауы, ата-аналардың балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруы, соның ішінде ата-аналардың тәрбиелеу, емдеу және басқа да осыған ұқсас мекемелерден өз балаларын алудан бас тартуы, сондай-ақ ата-аналардың қамқорлығы болмаған өзге де жағдайларда, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледі. Қорғаншы және қамқоршы органдар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтайды, осындай балалардың есебін алуды жүргізеді және ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негізге ала отырып, балаларды орналастырудың нысандарын таңдайды (бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық, патронат), сондай-ақ оларды асырау тәрбиелеу және білім беру жағдайларына одан әрі бақылау жасауды жүзеге асырады. Қорғаншы және қамқоршы органдардан басқа, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру жөніндегі заңды және жеке тұлғалардың қызметіне жол берілмейді.

Ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар туралы мәліметтер бар мекемелердің (мектепке дейінгі ұйымдар, орта білім беретін ұйымдар, емдеу және басқа да мекемелердің) лауазымды адамдары және өзге де азаматтар олар туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға балалардың нақты тұрған жерін хабарлауға міндетті. 

Қорғаншы және қамқоршы орган осындай мәліметтер алған күннен бастап үш күн ішінде баланың тұрмыс жағдайына зерттеу жүргізуге және ата-аналарының немесе оның туыстарының қамқорлығы жоқ екендігі фактісі анықталған кезде баланы орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті. 

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар тұратын тәрбие, емдеу және басқа да мекемелердің басшылары, баланы отбасы тәрбиесіне беру мүмкін екендігі белгілі болған күннен бастап жеті күн мерзім ішінде бұл туралы осы мекеменің тұрған жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті.

Қорғаншы және қамқоршы орган ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар туралы мәліметтер түскен күннен бастап бір ай ішінде баланы орналастыруды қамтамасыз етеді және баланы отбасына тәрбиелеуге беру мүмкіндігі болмаған кезде орталықтандырылған есепке алу үшін және кейіннен баланы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматының отбасына тәрбиелеуге орналастыруға жәрдем көрсету үшін осындай бала туралы мәліметті тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің білім беру басқармасының органына жібереді. Балаларды орталықтандырылған есепке алуды ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар асырап алынып, отбасына тәрбиеленуге, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) немесе патронат шарты бойынша, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде, жетім балаларға немесе ата- аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі (тәрбие, емдеу және басқа да) мекемелерге берілуге тиіс. 

Баланың мүддесіне сай оны орналастыру кезінде оның этникалық шығу тегі, белгілі бір дінге және мәдениетке жататындығы, ана тілі, тәрбие мен білім берудегі сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін. 

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, аталған отбасына немесе мекемеге тәрбиелеуге орналастырылғанға дейін балаларға қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерін атқару қорғаншы және қамқоршы органдарға уақытша жүктеледі.

Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын:       - кәмелетке толмағандарға қатысты білім беру мен денсаулық сақтаудың жергілікті уәкілетті органдары арқылы;       - кәмелетке толғандарға қатысты халықты әлеуметтік қорғаудың жергілікті уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырады.

Қорғаншы және қамқоршы органдар баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларына зерттеу жүргізуге және зерттеу актісін сотқа табыс етуге міндетті.

Қорғаншы және қамқоршы органдар өздерінің міндеттерін осы органдар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ереже негізінде жүзеге асырады

6.4 Қорғаншылық тағайындау негіздері. Қорғаншының құқықтары мен міндеттері

Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ психикалық аурудың салдарынан немесе ақыл-есінің кемдігінен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға белгіленеді. Қорғаншылық қайтыс болған немесе соттың шешімімен өлді немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның мүлкіне тағайындалады.

Егер қорғаншылық және қамқоршылық белгіленген адамның басқа жерде мүлкі болса, онда осы мүлікті басқару үшін қорғаншы және қамқоршы органдар мүліктің тұрған жерінде қорғаншы тағайындай алады.

Қорғаншылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру мақсатында, сондай-ақ олардың мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленеді. Қорғаншылық әрекетке қабілетсіз адамдардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін де белгіленеді.

Қорғаншы және қамқоршы органдар қорғаншылық қажет ететін адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық белгілейді. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық қорғаншының (қамқоршының) тұрғылықты жері бойынша белгіленуі мүмкін.

Адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш күн ішінде сот бұл туралы оған қорғаншылық белгілеу үшін сол адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті. Адамға қорғаншылықты белгілеу қажеттігі туралы тиісті органдарға белгілі болған кезден бастап бір ай ішінде қорғаншылық белгіленеді.

Мына адамдар қорғаншы бола алмайды:

1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар;

2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдар;

3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдар; 

4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушылар; 

5) денсаулығының жай-күйіне байланысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдар. Қорғаншы тек қорғаншылыққа алушының келісімімен ғана тағайындалуы мүмкін. Егер бұл қорғаншылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншыны тағайындауда жұбайының, ата-анасының, туыстарының немесе қорғаншылыққа алынушыға жақын басқа да адамдардың басым құқығы болады. Әрекетке қабілетті және ата-ана құқықтарынан айырылмаған, бірақ балаларының тәрбиесін жүзеге асыра алмайтын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы тағайындалатын кезде, қорғаншылар ата-аналардың тілегін ескеріле отырып тағайындалады. Балаға қорғаншы тағайындау кезінде қорғаншының адамгершілік және өзге де жеке қасиеттері, оның қорғаншылық міндеттерді орындау қабілеті, қорғаншы мен баланың арасындағы қатынастар, қорғаншы отбасы мүшелерінің балаға деген көзқарасы, сондай-ақ, егер бұл мүмкін болса, баланың өз тілегі ескеріледі. Егер кәмелетке толмаған балаға қорғаншы етіп тағайындалатын адам некеде тұрса, оның жұбайының келісімі талап етіледі.        Қорғаншылар мен қамқоршылар өз қамқорындағылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды кез келген адамдарға қатысты, соның ішінде сотта арнайы өкілеттіксіз қорғай алады.

Қорғаншылар заң жүзінде қамқоршылыққа алынғандардың өкілдері болып табылады және барлық қажетті мәмілелерді олардың атынан және олардың мүдделерін көздеп жасайды. 

Қорғаншылық жөніндегі міндеттер тегін атқарылады.

Қорғаншы қамқоршылығына алынғандарды өз есебінен асырап бағуға міндетті емес. Қорғаншылар өздерінің қамқорлығына алынғандарды асырап-бағуға, оларды бағып-күту мен емдеуді қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қамқорлық жасауға міндетті. Аталған міндеттер сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған кәмелетке толған адамдардың қамқоршылығына жүктелмейді. 

Спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан әрекетке қабілетсіз і деп танылған адам жөніндегі негіздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану туралы және одан қорғаншылық пен қамқоршылықты алып тастау туралы сотқа өтініш беруге міндетті.

Баланың қорғаншысы қорғаншылығындағы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына қамқорлық жасауға құқылы және міндетті. 

Қорғаншы баланың пікірі мен қорғаншы және қамқоршы органның ұсыныстарын ескере отырып, қорғаншылығындағы баланы тәрбиелеудің әдістерін дербес белгілеуге құқылы. Қорғаншы баланың пікірін ескере отырып, ол орта білім алғанға дейін балаға білім беру мекемесі мен оқытудың нысанын таңдауға құқылы және баланың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. Қорғаншы қорғаншылығындағы баланы өздерінде заңды негіздерсіз ұстап отырған кез келген адамнан, соның ішінде баланың жақын туыстарынан қайтарып беруді сот арқылы талап етуге құқылы. Баланың өз ата-аналарымен және басқа жақын туыстарымен қарым- қатынас жасауына, мұндай қарым-қатынас баланың мүдделеріне сай келмеген жағдайларды қоспағанда, бөгет болуға қорғаншының құқығы жоқ. Қорғаншылар тұрғылықты жерінің өзгеруі туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға хабарлап отыруға міндетті. Қорғаншы кемінде жылына бір рет қорғаншы және қамқоршы органға қамқоршылыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөніндегі, сондай-ақ оның мүлкін басқару жөніндегі жұмыс туралы есеп беріп отыруға міндетті.

6.5 Қамқоршылық тағайындау негіздері. Қамқоршының құқықтары мен міндеттері

Қамқоршылық он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға белгіленеді. Денсаулығының жай-күйіне байланысты өзінің құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын және міндеттерді орындай алмайтын кәмелетке толған әрекет қабілеттілігі адамдардың арызы бойынша оларға қамқоршылық белгіленуі мүмкін.

Денсаулық жағдайы бойынша өз құқығын жүзеге асырып, қорғай алмайтын және міндеттерін орындай алмайтын кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамның өтініші бойынша оған қамқоршылық белгіленуі мүмкін. Кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамның қамқоршысын қорғаншы және қамқоршы орган сол адамның келісімі бойынша ғана тағайындауы мүмкін. Кәмелетке толған әрекетке қабілетті қамқоршылыққа алынушыға тиесілі мүлікке билік етуді қамқоршылыққа алынушымен жасалған тапсыру шарты немесе мүлікті сенімді басқару негізінде қамқоршы жүзеге асырады. Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмілелерді жасауды қамқорлыққа алынушының келісімімен қамқоршы жүзеге асырады. Кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамды қамқорлыққа алу осы адамның талабы бойынша тоқтатылуы мүмкін.        Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Заңның 115-бабында көзделген жағдайларда өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан босатылады.

Мына адамдар қамқоршы бола алмайды:

1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар;

2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдар;

3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдар; 

4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушылар; 

5) денсаулығының жай-күйіне байланысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдар. Қорғаншы тек қорғаншылыққа алушының келісімімен ғана тағайындалуы мүмкін.

Қамқоршы қамқоршылығына алынғандарды өз есебінен асырап бағуға міндетті емес. Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағу қамқоршылыққа алынушының алатын жалақысы, алименті, зейнетақысы және басқа да әлеуметтік төлемдері есебінен, сондай-ақ оған тиесілі мүліктер есебінен жүзеге асырылады.

Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға жеткілікті қаражат болмаған кезде, қорғаншы және қамқоршы органдар оны асырап-бағуға жәрдемақы тағайындайды. Қамқоршылар өздерінің қамқорлығына алынғандарды асырап-бағуға, оларды бағып-күту мен емдеуді қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қамқорлық жасауға міндетті. Аталған міндеттер сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған кәмелетке толған адамдардың қамқоршылығына жүктелмейді. Спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адам жөніндегі негіздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану туралы және одан қорғаншылық пен қамқоршылықты алып тастау туралы сотқа өтініш беруге міндетті.

Баланың қамқоршысы қамқоршылығындағы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына қамқорлық жасауға құқылы және міндетті.

Қамқоршы баланың пікірі мен қорғаншы және қамқоршы органның ұсыныстарын ескере отырып, қамқоршылығындағы баланы тәрбиелеудің әдістерін дербес белгілеуге құқылы. 

Қамқоршы қамқоршылығындағы баланы өздерінде заңды негіздерсіз ұстап отырған кез келген адамнан, соның ішінде баланың жақын туыстарынан қайтарып беруді сот арқылы талап етуге құқылы. 

Қамқорлыққа алынушылар, балалар немесе емдеу мекемелерінде тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары мен қамқоршылары өздері қамқорлыққа алғандармен бірге тұруға міндетті. Қамқоршының он алты жасқа толған қамқоршылыққа алынушыдан бөлек тұруына, бұл қамқоршылыққа алынушының тәрбиесіне және оның құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолайсыздық туғызбайтын жағдайда, қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен жол беріледі. 

Қамқоршылар тұрғылықты жерінің өзгеруі туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға хабарлап отыруға міндетті.

Қамқоршылыққа алынушы адамның кірістерін, соның ішінде оның мүлкін басқарудан түсетін кірістерін, қамқоршылыққа алынушының өзі дербес билік етуге құқығы бар кірістерін қоспағанда, тек қана қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне сай және қорғаншы мен қамқоршы органның алдын ала рұқсатымен қамқоршы жұмсайды. 

Қорғаншы және қамқоршы органның алдын ала берген рұқсатынсыз, қамқоршылыққа алынушының оның кірісі ретіндегі тиесілі сомасы есебінен қорғаншы мен қамқоршы қамқоршылыққа алынушыны асырау үшін қажетті азын-аулақ шығыстар жасауға құқылы. Қорғаншы және қамқоршы органның алдын ала берген рұқсатынсыз қорғаншының иеліктен алу жөніндегі мәмілелер жасауға, ал қамқоршының мәміле жасауға келісім беруге, соның ішінде қамқоршылыққа алынушының мүлкін айырбастауға немесе сыйға тартуға немесе оның атынан кепіл болу шартын жасасуға, оны жалға (жалдауға), тегін пайдалануға немесе кепілге беруге, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартқызуға әкеп соғатын мәмілелер жасауға, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлес бөлуге, сондай-ақ қамқоршылыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын басқа да кез келген мәмілелер жасауға құқығы жоқ. Аталған мәмілелер нәтижесінде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиіс екенін қорғаншы және қамқоршы орган белгілейді. 

Қамқоршылыққа алынушының мүлкін басқару тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді. Мүлікті қамқоршылығына алушыға сый ретінде немесе тегін түрде пайдалануға беруді қоспағанда, қорғаншының (қамқоршының), олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқоршылыққа алынушымен мәмілелер жасауға, сондай-ақ мәмілелер жасау кезінде немесе қамқоршылыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында жүргізілген сот ісінде қамқоршылыққа алынушының атынан өкілдік білдіруге құқығы жоқ. Қамқоршы болып тағайындалмастан бұрын туындаған қамқоршылыққа алынушының қамқоршысына, оның жұбайына немесе туыстарына қарыздары қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен төленеді.

Қорғаншы және қамқоршы орган кәмелетке толмаған қамқоршылыққа алынушы өз ата-анасына қайтып оралған немесе ол асырап алушыға қайтарылған жағдайларда, қамқоршыны өз міндеттерін атқарудан босатады.  Қамқоршылыққа алынушыны тәрбие, емдеу мекемесіне, халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне немесе басқа да мекемеге орналастыру кезінде, егер бұл қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншы және қамқоршы орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны олардың өз міндеттерін атқарудан босатады. Дәлелді себептер болған кезде (сырқаттану, мүліктік жағдайдың өзгеруі, қамқорлыққа алынушымен өзара түсініспеушілік және т.с.с) қорғаншы немесе қамқоршы оның өтініші бойынша өз міндеттерін атқарудан босатылуы мүмкін. Қорғаншы немесе қамқоршы өзінің тиісті міндеттерін тиісінше атқармаған жағдайда, соның ішінде өзінің қорғаншылығын немесе қамқоршылығын жеке басының пайдасы мақсатында пайдаланған кезде немесе қамқоршылыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдырған жағдайда, қорғаншы және қамқоршы орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттеуі және кінәлі адамды заңмен белгіленген жауапқа тарту үшін қажетті шаралар қолдануы мүмкін.

Қамқоршылыққа алынушыны әрекетке қабілетті деп тану немесе қорғаншының, қамқоршының немесе қорғаншы және қамқоршы органның арызы бойынша оның әрекет қабілеттілігі шектеулілігінің күшін жою туралы сот шешім шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық және қамқоршылық тоқтатылады. Жасөспірім қамқоршылыққа алынушы он төрт жасқа жеткен соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық міндетін жүзеге асыратын адам бұл туралы қосымша шешімсіз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады. Кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық он сегіз жасқа жеткен кезде арнайы рұқсатсыз, сондай-ақ ол некеге отырған кезде және кәмелетке толғанға дейін ол әрекетке толық қабілетті болған басқа да жағдайларда қамқоршылық тоқтатылады.

6.6 Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынғандардың құқықтары

Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған адамдардың:

1) өздерінің адамдық қадір-қасиеттерінің құрметтелуіне;

2) қорғаншы (қамқоршы) тарапынан қамқорлық көруге;

3) қамқорлыққа алынушылар, балалар немесе емдеу мекемелерінде тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары мен қамқоршылары өздері қамқорлыққа алғандармен бірге тұруға міндетті. Қамқоршының он алты жасқа толған қамқоршылыққа алынушыдан бөлек тұруына, бұл қамқоршылыққа алынушының тәрбиесіне және оның құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолайсыздық туғызбайтын жағдайда, қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен жол беріледі.

4) өздеріне тиесілі алименттерін, зейнетақыларын, жәрдемақыларын және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға;

5) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтауға;

6) қорғаншы (қамқоршы) тарапынан қиянат етушіліктен қорғануға құқығы бар. Сонымен бірге олардың қорғаншының (қамқоршының) отбасында тәрбиеленуге, оларды асырап-бағу, тәрбиелеу, білім беру және жан-жақты дамытуы үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуіне, тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оны алу құқықтарына да, отбасында өмір сүру және тәрбиеленуге, баланың ата-анасымен және басқа да  туыстарымен қарым-қатынас жасауға, өз пікірін білдіруге және қорғалуға құқығы бар.

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тәрбие, емдеу және басқа да мекемелеріндегі балалардың:

1) асырап-бағылуға, тәрбиеленуге, білім алуға, жан-жақты дамуға, өздерінің адамгершілік қадір-қасиеттерінің құрметтелуіне, өз мүдделерінің қамтамасыз етілуіне; 

2) өздеріне тиесілі алименттерді, зейнетақыларды, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға; 

3) тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтауға, ал тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй-заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алу құқығына ие болуға; 

4) аталған мекемелерде тұруы аяқталған соң Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмысқа орналасу кезіндегі жеңілдіктерге ие болуға құқығы бар. 

Қорғаншы және қамқоршы органдар жоғарыда мекемелерде тұрып жатқан балаларды асырау, тәрбиелеу, оларға білім беру жағдайларын бақылауды жүзеге асырады. Осы мекемелер түлектерінің құқықтарын қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледі. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және емдеу мекемелерінде тұратын балалар білім беру және жан-жақты дамытуы үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуіне, тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оны алу құқықтарына да, отбасында өмір сүру және тәрбиеленуге, баланың ата-анасымен және басқа да  туыстарымен қарым-қатынас жасауға, өз пікірін білдіруге және қорғалуға құқығы бар.

6.7 Патронат түсінігі, патронат шарты

Қорғаншылық және қамқоршылық нысанындағы патронат ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрізді басқа да мекемелердегі кәмелетке толмаған балаларға белгіленеді. Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдіруші адам (патронат тәрбиеші) мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындау негізі болып табылады. Патронат туралы Ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. . Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешінің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешіге қатысты қорғаншы және қамқоршы органдардың міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуі тиіс.        Бала патронат тәрбиешіге аталған шартпен белгіленген мерзімге тәрбиелеуге беріледі. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу және тәрбиелеуге алынған балалар санына қарай берілетін жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт:

1) дәлелді себептері (сырқаттану, отбасылық немесе материалдық жағдайдың өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешілердің бастамасы бойынша;

2) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беруде қолайсыз жағдайлар туған кезде қорғаншы және қамқоршы органның бастамасы бойынша; 

3) бала ата-анасына қайтарып берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін. 

Патронат тәрбиешілер тәрбиеге алынған балаға (балаларға) қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтар мен міндеттерге ие болады. Патронат тәрбиешілерді іріктеп алуды қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады. Мына адамдар патронат тәрбиеші бола алмайды:

1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар;

2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдар;

3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдар; 

4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушылар; 

5) денсаулығының жай-күйіне байланысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдар.

Шарт бойынша оны патронат тәрбиешілерге беру үшін баланы (балаларды) алдын ала таңдауды қорғаншы және қамқоршы органмен келісім бойынша баланы (балаларды) отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.

Ағалы-інілерді, апалы-сіңлілерді (қарындастарын) ажыратуға жол берілмейді, бұған олардың мүдделеріне сай келетін жағдайлар қосылмайды. Баланы (балаларды) патронат тәрбиешілерге беру оның пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала (балалар) оның келісімімен ғана берілуі мүмкін. 

Патронат тәрбиешілерге берілген бала (балалар) өзіне тиесілі алименттерге, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған кезде, тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берілуіне құқығы бар. Патронат тәрбиешілерге берілген бала (балалар) .білім беру және жан-жақты дамытуы үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуіне, тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оны алу құқықтарына да, отбасында өмір сүру және тәрбиеленуге, баланың ата-анасымен және басқа да  туыстарымен қарым-қатынас жасауға, өз пікірін білдіруге және қорғалуға құқығы бар.

Әрбір баланы асырап-бағуға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленеді. Қорғаншы және қамқоршы орган патронат тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың (балалардың) өмірі мен тәрбиесіне қалыпты жағдай туғызуға жәрдемдесуге міндетті, сондай-ақ патронат тәрбиешілерге жүктелген баланы (балаларды) асырап-бағу, тәрбиелеу және оған білім беру міндеттерін орындауға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]